Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов қаладағы жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласында егде жастағы әйелге шабуыл жасау дерегіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода бастапқыда әйел адамның балдақ таянған зейнеткермен ұрсысып, артынша оның бетінен әлдебір затпен ұрғаны көрсетілген. Сол сәтте мас күйде болуы мүмкін делінген ер адам зейнеткердің артқы жағынан келіп, балдағымен ұра бастайды. Бейнекамераға түсіп қалған видео желіде тарап кетті.
«2022 жылдың 1 мамырында тексеру жұмыстарын бастағанымызды хабарлаймын. Алатау ауданы бойынша ІІБ қызметкерлеріне құқық бұзушылардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін қажетті дәлелдемелерді жедел жинап, есепке алуды қамтамасыз ету тапсырылды», - деді Рустам Әбдірахманов.
Ол Алматы қалалық полиция департаментінің тексеру барысы мен нәтижелерін бақылауға алғанын атап өтті.