Алматыдағы Жетісу аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратында 34 жастағы азамат өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Алайда, марқұм Бақыт Мұстафаевтың жақындары, полицияның бұл жауабына күмәнмен қарайды. Себебі, "марқұмның өз-өзін буындырып өлтіру үшін, өзімен бірге полиция бөлімшесіне артық шалбар алып кіргеніне сенбейміз. Оның үстіне, қайтыс болған азаматтың денесінде көгерген іздер бар" дейді.
Алматы облысына қарасты, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылында тұратын Мұстафаевтар отбасының шаңырағынан жоқтаудың үні естіледі. Қаралы отбасы - өткен аптаның басында ғана өздерінің амандығын біліп, хабарласқан ұлдары - Бақытты ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның жақындарының айтуынша, жалақы алған күні үйіне оралмаған азаматтың қайтыс болғаны туралы хабарды полиция қызметкерлері жеткізген. Бірақ Бақыттың әпкесі, бауырының полиция ғимаратында өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болғанына сенбейді.
МӨЛДІР МҰСТАФА, Марқұм Б.Мұстафаевтың әпкесі:
Белдерінің бәрі көкпеңбек болып жатыр. Сырылған, ұрылған белгілері бар. Сонықтан біз сенбейміз. +Сол жерде постовой қайда болды? Өзін асқандағы суреттер қайда? Ішкі істер органының ішіне түсіп тұрғанда, милиция түсіріп алу керек еді. Өлгендегі сурет жоқ.
"Үнемі көңілді жүретін, өмірді ерекше жақсы көретін бауырымның бұлай қайтыс болуына күмәнмен қарауыма себеп көп", - дейді Мөлдір Мұстафа. Тіпті, полиция бөлімшесіне бұзақылық бабымен түскен адамның бәтіңкесінің бауына дейін шешіп алатын полиция қызметкерлерінің, бауырымның өзімен бірге артық киім алып кіруіне неге рұқсат бергені де түсініксіз дейді. Өйткені, полиция қызметкерлері "Бақыттың өзімен бірге алып кірген шалбарға буынып, қайтыс болғанын" айтқан.
МӨЛДІР МҰСТАФА, Марқұм Б.Мұстафаевтың әпкесі:
- Джинсыйды алып кірді дейді. Үстіндегі джинсыдан бөлек. Сонда екінші джинсыйдың кесілгені түп-түзу болып тұр. Оны қолмен жыртатын ештеңе жоқ мен камераға кіріп тұрып, көрдім.
Марқұмның жақындарының айтуынша, Бақыт Мұстафаев полиция бөлімшесіне бұзақылық бабымен сәуірдің 18 күні кешкісін түскен. Таңғы сағат бестің кезінде денесі қалалық мәйітханаға жеткізіліпті. Ал, туыстарына хабар келесі күні кешкі 18.50-де бірақ жеткізілген. Бұл іске қатысты Алматы қалалық ішкі істер департаменті, қандай да бір пікір беруден бас тартып отыр. Өйткені, тергеу әлі жүргізіліп жатыр дейді. Оның үстіне, дәл осы оқиға болған күні аудандық ІІБ кезекшілікте болған Алмалы аудынының прокуратурасы да дәл осы істі жіті зерттеп жатқан көрінеді.
Ал, қайтыс болған күннен кейін екі күннен соң жер қойнына тапсырылған Бақыт Мұстафаевтың жақындары күні кеше ғана ұлдарының жетісін таратты. Қаралы отбасы істің анық-қанығын білу үшін, сот орындарына да жүгінеміз деп отыр.
Ирина Советжанқызы, Ринат Абулхайыров
Алматыдағы Жетісу аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратында 34 жастағы азамат өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған
Последние статьи автора