Алматы полицейлері заңсыз, яғни ешқандай ресми тіркеусіз жұмыс істеп келген мешіттерді анықтады. Қала әкімінің тапсырмасымен 1 қыркүйектен бастап құқық қорғау органдары тұрғын үйлерді тексеру акциясын өткізген болатын. Сонымен бірге 133 мешіт пен храмға тексеріс жүргізіліп, Әділет министрлігіне тіркелмеген бес мешіт белгілі болды.
Алматы қаласы ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Серік Қазыбаевтың айтуынша, осы тұрғын үйлерді тексеру барысында көптеген қылмыстың беті ашылған. Әлгі шара барысында іздеу салынған 48 адам ұсталса, 7 қыркүйек күні тыйым салынған діни ақпараттарды таратумен айналысқан Өзбекстан азаматы құрықталыпты. Келесі күні қару-жарақ қоймасы да табылыпты. Қару-жарақ қоймасының иесі қылмысын әшкерелейтін нақты айғақтарды балконнан лақтыру үстінде қолға түскен көрінеді. Қару ұстауға құқығы бар азаматтардың үйлері де қатаң тексерілген. Осындай шараның аясында лицензия уақыты өтіп кеткен 153 қаруды құқық қорғау органдары тәркілеп, иелерін қару ұстау құқығынан айырған.
Серік ҚАЗЫБАЕВ, Алматы қаласы ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:
– Бұған дейін Алматы қаласында тіркеуде жоқ екі мешіттің бар екендігі бізге белгілі болатын. Бұл тіркелмеген қос мешіттің бірі Бостандық ауданында орын тепсе, келесі заңсыз мешіт Алатау ауданына қарасты жерден табылды. Алатау ауданындағы мешіт меңгерушісінің не діни білімі, не арнайы рұқсаты да жоқ болып шықты. Енді тағы да тіркеуде жоқ үш мешіт анықталып отыр. Діни насихат жұмысымен айналысуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсаты болмағанына қарамастан, әлгі мешіттер адамдарды қабылдап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келген.
Алматыда тіркеуде жоқ мешіттер анықталды
Последние статьи автора