Алматының тау бөктерінде салынып жатқан таунхаус сот шешімімен сүріліп жатыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Нұрлытау шағынауданында салынып жатқан көпқабатты үй бүгін сот орындаушыларының көзінше бұзылды.
Биыл наурызда қала құрылысын бақылау басқармасы жүргізген жоспардан тыс тексеру нысанның заңсыз салынып жатқанын анықтады.
Заңбұзушылықты жою жөнінде ұйғарым шығарылып, нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Нысанның мақсаты - бау-бақша болатын. Меншік иесі сәулет-жоспарлау тапсырмасын алып, жобасын келісіп, одан кейін бау-бақша үйін салу керек еді, ал ол құрылыс жобасын бекітпей екі қабатты нысан салып жатыр. Егер меншік иесі тұрғын үй кешенін салғысы келсе, онда ол нысаналы мақсатын өзгертуі тиіс еді. Содан кейін бұл учаскенің қауіпсіздігі мен сәйкестігі тексерілуі керек», - дейді Алатау және Бостандық аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Әлібек Тұлбасиев.
Айтуынша, нұсқама мерзімінің өтуіне байланысты заңбұзушылықтар жойылмай, осыған байланысты материалдар заңсыз тұрғызылған нысанды бұзу үшін Бостандық аудандық сотына жолданды.
Аудандық сот нысанды бұзу туралы оң шешім шығарғанымен, нысан иесі оған кері шағымданды.
«Сот отырысының қорытындысы бойынша Алматы қалалық соты Бостандық аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады»,- деді ол.
Бұған дейін, Алматы әкімдігі заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің тізімін жариялаған еді.
Еске салайық, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің құжаты бар-жоғын қала құрылысын бақылау басқармасының сенім телефоны 8 (727) 229-81-36 арқылы білуге болады.