Кеше Алматыдағы орталық мешіттің жанынан Әбу Ханифа атындағы республикалық медресе ашылды. Оның салтанатты ашылу рәсіміне Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, белгілі ғалым, сенатор Ғарифолла Есім, басқа да қоғам қайраткерлерімен қатар аймақтағы мешіттердің бас имамдары қатысты. Бас мүфтидің айтуынша, бұл елімізде жоғары білімді имамдарды дайындайтын жетінші медресе.
Бір айта кетерлігі, осыған дейін салынған медреселердің барлығы аймақтарда орналасқан. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің сөзіне қарағанда, жаңа салынған медресе республика көлемін қамтитын жалғыз оқу орны. Оқу ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен басталады. Арнаулы орта білім беретін медресеге биылғы жылы 50-ден астам талапкер құжат тапсырған. Алайда талапқа сәйкес, олардың тек 25-і ғана оқуға қабылданады. Медреседегі оқытылатын діни пәндер барлық пәндердің 60 пайызын қамтиды, оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстаздары сабақ береді, ал қалған тарих, ағылшын, орыс тілі сынды танымдық сабақтардан ЖОО-ның мұғалімдері дәріс оқиды. Бұл ҚР Білім және ғылым министрлігінің талабына сай орындалып отыр. Оқудың мерзімі екі жыл сегіз айға созылады.
«Қазақстандағы мешіттерге сапалы, жоғары білімді имамдар жетіспейді. Сондықтан біз осы медресені ашып отырмыз. Әзірге осы медресе жеткілікті, жақын арада жаңа оқу ошағын салу жоспарымызда жоқ», – деді Бас Мүфти. Қазіргі күні елімізде шамамен 2300 мешіт бар. Осыдан бірнеше уақыт бұрын 68 ғана мешіт болатын. Бас мүфтидің пікірінше, біз Пәкстан, Иран сынды өзге елдерге білім алу үшін азаматтарымызды жіберуді тоқтатуымыз керек. Оларға өз еліміз де сапалы білім бере алады. Бұл – ең алдымен, қауіпсіздігіміз бен бірлігімізді сақтау үшін маңызды.