Алматы тұрғындары қала аумағынан алып құсты байқады. Кейін бұл құстың Қызыл кітапқа енген күшіген жыртқышының сирек кездесетін түрі екені белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Адамдар біздің қорға қоңырау шалып, қарғалардың бір құсты қақпайлап жүргенін айтты. Мен келіп қарасам, ол күшіген екен. Біз түрлі қызметтерді шақырдық. Ветеринарлардың айтуынша, егер ол қонақтап алып, ұшпай отырса, демек жарақаттанғаны. Оның бұл жерге қалай келгенін білмейміз. Олар қалалық жерде емес, таулы аудандарда ұшады. Кеше қараңғы түсіп кеткендіктен оны аулай алмадық, ол басқа көшеге қарай ұшып кетті, біз оны таңертеңнен бері таппай жүрміз", - дейді "Белый Бим" жануарлар панасының қызметкері Наталия Сульжик.
Құсты аулауға 50-ден астам адам жұмылды, олардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің, өртке қарсы қызметтің мамандары, еріктілер мен альпинистер де бар. Егер күшіген ұсталса, ол Есік қаласындағы жеке хайуанаттар бағына жіберіледі.
Айта кетейік, Алматының зообағында күшігендер жоғалмаған. Сондықтан қала аумағынан байқалған құстың қайдан келгені белгісіз болып отыр. "Адамдардың құсты өз бетімен ауламағаны абзал. Оның тұмсығы мықты, сүйекті сындыра алады. Сондықтан бізге хабар беру керек, біздің топқа хат жазуға болады", - дейді Сульжик.