Алматыда күн суыта түседі
Алматыда күздің жылы күндері аяқталды. Мамандар қараша айының алғашқы онкүндігінде өңірде күннің одан әрі суытатынын хабарлады.
«Қазгидромет» РМК мамандарының мәліметінше, атмосфералық таралымдардың әсерінен қазанның соңғы күндері республиканың көп бөлігінде жауын-шашын болып, жел күшейеді. Жекелеген аудандарда тұман түседі. Ал Қазақстанның оңтүстігі, шығысы мен орталығында күн ашық болады. Алматыда түнде сынап бағанасы 0-5 градус аязды, күндіз 5-13 градус жылыны көрсетеді. Астанада түнгі ауа температурасы 0-2 градус аяз, күндізгі температура 8-10 градус жылы аралығында болып, 9-14 м/с жел соғады. Алматыда қазанның 28-іне қараған түні алғашқы қар жауып, күн суытты. Мамандар қараша айының алғашқы онкүндігінде оңтүстік астана аумағында түнгі ауа температурасының 12-17 градус аязға дейін, күндіз 2-3 градус аязға дейін төмендейтінін болжайды. Бұл күндері өңірде тұман болып, жел күшейеді, бірақ жауын-шашын аз болады. Қараша айының алғашқы онкүндігінде республика бойынша ауаның ең төменгі температурасы – түнде 20 градустық аяз еліміздің батысында байқалады. Биыл Қазақстанның солтүстік және орталық бөлігіне салқын күндер айдың алғашқы онкүндігінен соң келеді. Еске салайық, мұның алдында синоптиктер қараша айында жауын-шашынның айлық мөлшерден жоғары болатынын хабарлаған еді. Жауын-шашын, негізінен, солтүстік және шығыс облыстар аумағында мол түседі.