Алматы теміржолдарында тағы да төтенше оқиға. «Алматы-1» теміржол бекетінде электровоз Алматы – Қарағанды бағытындағы жолаушылар пойызымен соқтықты. Сегіз адам түрлі деңгейде жарақат алды.
Жетісу көлік прокуратурасы таратқан мәліметке қарағанда, тамыздың 6-сы күні сағат 15.45-те электровоз жолаушыларды отырғызып жатқан пойызбен соқтығысқан. Жолаушылар пойызындағы сегіз адам жараланды, оның төртеуі жабық түрдегі бас-ми жарақатын алған. Ішінде біреуі қала ауруханаларының бірінің нейрохирургиялық бөліміне жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше оқиғаға электровоз жүргізушісінің тежегіштерді дұрыс іске қоспауы себеп болуы мүмкін. Оқиғаның кесірінен Қарағандыға жүргелі тұрған пойыз кестесінен бір сағатқа кешікті. Жетісу көлік прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің «Жол қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережесінің бұзылуы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Еліміздің теміржол бекеттерінде осымен үшінші рет пойыздар түйісіп тұр. Шілденің 28-і күні «Алматы-2» теміржол бекетінде стансы кезекшісінің қатесінен Алматы – Петропавл бағытына пайдаланылатын бос жолаушылар пойызының маневрлік тепловозы Алматы – Новосібір бағытындағы жолаушылар пойызымен соқтыққан болатын. 50 адам жарақат алып, бесеуі ауруханаға түсті. Жүргелі тұрған пойыздың жеті вагоны зақымданып, қатынас бірнеше сағатқа тоқтады. Бұл оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Ал шілденің 26-сы күні Астана стансысының айналма жолында маневрлік тепловоз қиыршық тас тиелген төрт жүк вагонына түйіскен. Соның салдарынан теміржолдың екі жұмысшысы жарақат алып, ауруханаға түсті. Бұл дерек бойынша Ақмола көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғаған еді.
Алматы теміржол бекеттерінде тағы да пойыздар түйісті
Последние статьи автора