«Алматы – Талдықорған – Аягөз – Ақжар бағытары бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Бірлігі мықты ел озады» атты шеру-марафон өтеді. Бұл туралы бүгін «Ұлы дала қырандары» қозғалысының Астана қаласында өткен баспасөз мәслихаты кезінде қозғалыстың төрағасы Сәдібек Түгел мәлімдеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша мамыр айының 3-7 аралығында өтетін шеру аясында, ту ұстап ел қорғаған Ер Дәулетбай батырға Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар селосында ескерткіш тұрғызылады.
«Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында өткелі отырған шеру арқылы қазақтың бай тарихын насихаттауды, оны жастарға жеткізуді көздеп отырмыз. Соның ішінде қолына ту ұстап, ел қорғаған Ер Дәулетбайдың ерлігін елге жеткізіп, рухына арнап ескерткіш орнатпақпыз. Ескерткіш қазір Алматы қаласында тұр. 7 мамыр күні ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімін өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», - деді С.Түгел.
«Ұлы дала қырандары» қозғалысының ұйымдастырған бұл шараның өтуіне «Ел бірлігі» одағы, «Ту ұстап, ел қорғаған Ер-Дәулетбай» қайырымдылық қоры және ШҚО әкімдігі қолдау көрсетпек.