Алматы облысы Кеген ауданы Ақай Нүсіпбеков ауылында дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Жалпы алаңы 320 шаршы метрді құрайтын ғимараттың құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Амбулаторияда 2 дәрігер және 5 орта буын қызметкері жұмыс жасайды.
Жаңа ғимарат стоматологиялық құрылғымен, зертханалық, физиотерапиялық және ЭКГ аппараттарымен жабдықталған. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаеваның айтуынша, емдеу орнында амбулаториялық қызметтен бөлек жарақат таңу пунктін, шұғыл медициналық көмек көрсету кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.
- Кеген ауданында соңғы үш жылда аудандық аурухана ғимараты, Жалаңаш дәрігерлік амбулаториясы, Тоғызбулак дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткен болатын. Биылғы жылы Тасашы дәрігерлік амбулаториясына жөндеу жүргізілді. Алғабас дәрігерлік амбулаториясы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, - деді Лейла Пернебайқызы.
Сонымен қатар Бөлексаз, Тұйық, Шыбышы, Жалаулы ауылдарында блокты модульді кешендер салынып, қолданысқа берілген болатын.
2023 жылға мемлекет басшысының жарлығы бойынша модернизациялау негізінде Жылысай, Жайдақбұлақ, Қарабұлақ, Күрметі, Талды, Жаңаталап сынды елді мекендерге жаңа ғимараттар салыну жоспарланған.
Айта кету керек, Алматы облысында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы аясында 2023 және 2024 жылдары 38 нысан салынады. Атап айтқанда, облыстың 6 ауданында 13 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт салу жоспарланып отыр.
Бұл жобаны іске асыру шалғайдағы елді мекендерде алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ орталық аудандық ауруханаларды медициналық жабдықтармен толық жарақтандыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Алматы облысында жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді
Последние статьи автора