Тергеу іс-қимылдарын жүргізу барысында сотталғаннан 2 ұялы телефон және 41 сим-карта тәркіленді.
Алматы облысының прокуратурасы №12 түзеу мекемесінде жазасын өтеушінің интернет арқылы алаяқтық жасаумен айналысқандығын анықтады. Бұл туралы ҚазАқпарат аталған органның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол 2020 жылдың маусым айынан 2023 жылдың қаңтар айына дейін түзеу мекемесі жағдайында ұялы телефондар мен ұялы операторлардың түрлі сим-карталарын пайдалану арқылы 25 млн теңгеден астам сомаға 200-ге жуық алаяқтық іс-қимыл жасаған.
Мамандандырылған прокуратура бұл деректі 2 наурызда ҚР ҚК 4-тармағының 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша көзделген құқық бұзушылық құрамы белгілері бойынша тіркеп, Қонаев қаласы ПБ тергеу бөлімшесіне берді.
Тергеу іс-қимылдарын жүргізу барысында сотталғаннан 2 ұялы телефон және 41 сим-карта тәркіленді. Ол осы арқылы ватсаппен қоңырау шалып, хат жазып отырған.
Қазіргі уақытта сотталғандар жасаған басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау үшін облыста және өзге өңірлеріне қатысты деректер базасына мониторинг жүргізіліп жатыр.
Түзеу мекемесі қызметкерлерінің әрекетсіздік фактілері ҚР ҚК 370-бабының 2-бөлігі («Қызмет бойынша әрекетсіздік») бойынша тіркеліп, Алматы облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне жолданды.