Алманың отаны Қазақстан екенін әлем мойындады
Оксфорд университетінің биологы Бэрри Джунипер «Жер бетіндегі ең алғашқы алма Қазақстанның Қытаймен шекаралас таулы аймақтарында өсірілген» деген қорытындыға келді. Ғалымның айтуынша, ежелгі дәуірлерде бұл өңір «Жұмақ бағы» деп аталған екен.
Бэрри Джунипер – көпшілікке белгілі «Алманың тарихы» еңбегінің авторы. Оның жаңа зерттеуінің нәтижесі The Telegraph газетінде жарияланып отыр. Мұнда биолог алманың ең алғаш пайда болған өлкесін жеміс ДНК-сына жоғары технологияның көмегімен жүргізілген сараптама арқылы анықтағанын айтады. Алма ағаштары қазіргі қазақ жерінің Қытаймен шектесетін аймағында 2000 метр биіктікте өскен екен. Ғалымның мәліметінше, Тянь-Шаньның жабайы бақтарында «Жұмақ бағы» алмасының тұқымы әлі сақталған. Джунипер жария еткен тағы бір күтпеген дерек – гибрид жеміс саналатын «Грэнни Смит», «Кокс орандж пиппинс», «Бромли» сияқты алманың британиялық сұрыптары ертеде Қазақстан аумағынан жеткен көрінеді. Биологтың дәлелдеуінше, қола дәуірінде аюлардың әрекетінен алма тұқымы Батысқа қарай таралған.