Алкоголь ұлттық генофондымызға қауіп төндіріп тұр
Жалпы, біздің түсінігімізде күнде арақ ішіп, көшеде құлап жататын немесе күнделікті ішімдікке сылқия тойып алып, отбасында ойран салатындар – маскүнемдер. Ал, мамандардың түсінігінде, маскүнем – спирттік ішімдік ішуден бас тарта алмайтын адам. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегіне жүгінер болсақ, елімізде 2011 жылдың бірінші тоқсанында 232 883 адам наркологиялық тіркеуде тұрған. Ал соңғы бейресми дерек бойынша, маскүнем ретінде наркологтердің тізіміне 300 мың адам іліккен. Ішімдікті шектен тыс пайдаланып, ішкі істер органында тізімде тұрғандар саны да аз емес. Мамандардың айтуынша, спирттік ішімдікке тәуелді адамдар саны ресми деректегіден бірнеше есе көп. Олардың мәліметінше, әрбір бесінші қазақстандықта маскүнемдік белгілері бар көрінеді.
Мамандардың пайымдауынша, шөл басу үшін күнделікті бір шөлмек сыра ішу – маскүнемдіктің алғашқы белгісі. Өйткені екі-үш рет сыра ішкен соң адам ағзасы оған тез үйреніп, оны қажет ете бастайды. Яғни адамда психологиялық тәуелділік синдромы пайда болады. Соның нәтижесінде адам «шөл басу үшін ішіп отырмын» деп, психологиялық тұрғыдан соған өз-өзін сендіреді. Ал, шындығында, адамда алкогольдік ішімдікке деген тәуелділік пайда бола бастайды. Одан әрі адам физикалық тәуелділікке бой алдырады. Яғни адам ағзасы енді сыраны қанағат тұтпай, араққа көшеді. Ал одан әрі адамның сырадан араққа өтіп, ертең-ақ маскүнемге айналмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Яғни алкогольдік ішімдік ішіп бастау мен маскүнемдіктің арасы бір-ақ қадам.
Олег ЗАХАРОВИЧ, нарколог-дәрігер:
– Бізде күнде арақ ішіп, мас болып құлап жататын адамдарды ғана маскүнем деп ойлайтын түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде олай емес. Кез келген алкогольдік ішімдік ішетін адам – потенциалды маскүнем. Яғни кез келген ішімдік ішетін адам психологиялық күйзелістің әсерінен маскүнемдікке бой алдыруы мүмкін. Кей жағдайда «мен мықтымын» дейтін азаматтардың да маскүнемдікке бой алдырғанын өз тәжірибемде көріп жүрмін. Баз біреулер «мен шамамды біліп ішемін» деп жатады. Ол – жаңсақ пікір. Алкогольдік ішімдіктің мөлшері де, шамасы да жоқ. «Шамамды білемін» деген адам – өзінің маскүнемдікке бой алдыра бастағанын сезіп, онымен іштей күресетін адам. Шамасы келген адам ішімдік ішпейді. Ішімдік ішті ме, демек, шамасы келмейді, яғни ішімдіктен өз еркімен бас тарта алмайды. Сондықтан адам алкогольге деген тәуелділіктің алғашқы белгілерін сезінген сәтте дәрігердің көмегіне жүгінгені дұрыс. Маскүнемдік те аурудың бір түрі. Ал ауруды тек дәрігердің көмегімен ғана емдеп жазуға болады.
Жалпы, ішімдіктің қоғамға келтірер зияны орасан зор. Сала мамандарының айтуларына қарағанда, ішімдік салдарынан отбасылық жанжал кезінде қайғылы оқиғалар жиі орын алатын көрінеді.
Ірі жол-көлік апаттарының орын алуында да ішімдіктің үлесі мол. Тұрғын үй секторындағы өрттің де бір себебі ішімдік ішумен байланысты көрінеді.
Ең бастысы, ішімдік тектіліктің тамырына балта шабады. Яғни халықтың генофондын деградацияға ұшыратады. Өйткені ішімдікке әуес адамның балаларында да ішімдікке деген әуестік болады. Яғни бүгінгі маскүнемнің үш баласы болса, ертең-ақ маскүнемдер саны үш есеге артуы ықтимал.
Айғаным БАҚБЕРГЕНОВА, психолог:
– Жалпы, ішімдікке әуестену психологиялық тәуелділіктен басталады. Мысалы, жасөспірім ішімдік ішу арқылы өзін ересек сезінгісі келеді. Ал кейбір азаматтар жасықтығын ішімдік ішу арқылы жасыруға талпынады. Баз біреулер тұрмыс жағдайындағы келеңсіздікті ұмыту үшін ішімдік ішеді. Мұның бәрі – психологиялық тәуелділік. Алкогольдің көмегімен мәселені шешкісі келеді. Бірақ ішімдік ішкеннен жасөспірім есейіп кетпейді, жасық батыр болмайды, шиеленіскен жағдай шешілмейді. Тек осындай жағдайлардың соңы маскүнемдікке ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан отбасында, мектеп қабырғасында балаларды психологиялық тұрғыдан ұстамды болуға үйрету қажет. Балаға ішпейтін адамның жеткен жетістігін айтып, сондай болуға талпынуды насихаттап, маскүнемдіктен жиренуге баулу керек. Маскүнемдіктің зияны жайлы әлеуметтік жарнамалар да көп болуы тиіс. Маскүнемдік – жеке азамат үшін ғана емес, ұлт үшін де үлкен қауіп. Өйткені маскүнемдік салдарынан шыққан тегін, салт-дәстүрін, тілін, дінін жоғалтып, ұлт ретінде жойылып бара жатқан Сібір халықтарының жайын бүгін көзіміз көріп отыр. Сондықтан маскүнемдікке бір отбасының мәселесі деп қарауға болмайды. Ол – қоғамның қасіреті. Оған ұлт қауіпсіздігі тұрғысынан қарау керек.
Осыны ескерген көрші Ресей елі маскүнемдікпен күрес туралы арнайы бағдарлама да қабылдаған көрінеді. Өйткені ол елде маскүнемдік династияға айналған. Ата-әжесі, әке-шешесі, ұл-қызы түгелдей маскүнемдікке салынған отбасылар саны артқан.
Бүгін бізге ондай бағдарлама қабылдау қажеттілігі жоқ шығар. Алайда қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалмау үшін бүгін тиісті шараларды қолға алуымыз қажет. Әйтпесе ертең-ақ бізге де ондай қажеттілік тууы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, маскүнемдіктің қасіреті жайлы әлеуметтік жарнамалар өте аз да, есесіне сыраны алкогольсіз деп, арақты сусын деп теледидарда, көшедегі билбордтарда мен мұндалап тұрған жарнамалар жеткілікті.
Дәйек
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормативі бойынша жан басына шаққанда алкогольдік ішімдіктерді 8 литрден көп пайдаланатын елдің генофонды деградацияға ұшырайды. Ал Қазақстанда жан басына шаққанда алкогольдік ішімдікті пайдалану көрсеткіші 12 литрді құрап отыр. Бұл көрсеткіш орыс ұлтының тағдырына алаңдап отырған Ресей еліндегіден 1,5 литрге артық екен. Дүниежүзілік сауда ұйымының тізімінде Ресей 22 -орында тұрса, Қазақстан бұл тізімнің алғашқы ондығына еніп, 8-орыннан көрініп отыр. Ал бірінші орын африкалық Уганда мемлекетінің еншісінде екен.
Дерек
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметінше, қазақстандықтардың 45,4 пайызы айына бір-екі рет алкогольдік ішімдік пайдаланады. Оның ішінде 64,4 пайызы 20-29 жас аралығындағы жастар болса, 37 пайызы 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер екен. Бір ғана Алматы қаласында наркологиялық орталық есебінде тұрған әйелдер саны 5317 болса, оның 413-і – жеткіншек қыз балалар. Соңғы үш жыл көлемінде ішімдікке әуестенген жастар саны екі есеге артса, жасөспірімдер саны 10 есеге көбейген. Сыра пайдалану көрсеткіші де соңғы 10 жылда жедел өскен. 2008 жылы жан басына шаққанда әрбір қазақстандыққа 31 литр сыра тиесілі болған екен. Бүгінгі таңда шамамен жарты миллионнан астам қазақстандық алкогольге тәуелді екен.