Әлиханнан қалған белгі – жүз жылдық тал ғана...
Желтаудың сай-саласы, жалама жартасы, таз қойтасы таңбаға толы. Ай мүйізді арқарлар, аң қуған салт аттылар, ұрысқа ұрандай енген сарбаздар, біз көрмеген алып жануарлар... Тарихтың тасқа ауысқан келбеті тұтас ұлттың тағдыр-жазуы секілді. ХІХ ғасырда осы таудың бөктерін Арқадағы төре тұқымына еншілеп беріпті ел. Желтау бөктеріндегі Қасым қыстауында 1866 жылдың ерте көктемінде Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханов дүниеге келген.
Қабылсаят ӘБІШЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы, заң ғылымының докторы, әлихантанушы:
– Әлихан Бөкейхановтың өз қолымен жазған өмірбаянында осы Желтау бөктеріндегі Қасым қыстағында туғаны туралы анық жазылған. Туған жылы туралы кейінгі зерттеушілер шатыстырып алды. Дегенмен барлығы орнына келтіріледі. Қазір Қасым қыстағында жан жоқ. Кеңес үкіметі қыстақтан жоғарырақ үш шақырым жерге басқа қыстақ салды. Ал Әлекеңнің туған жерінде қыстауының орны, бала кезінде өзі отырып кітап оқыған жалпақ тасы әлі күнге жатыр. Кезінде ауылдың ақсақалдары апарып көрсетіп еді. Әлекеңнің туған жерінде еш белгі тұрмағандығы қынжылтады. Ерекше қорғауға алынып, белгі қойылып, жұрт көріп, тарихын танитын орын болса деген арман бар. Оны тұтас ел, барша Алаш болып жүзеге асыруымыз керек...
Теңіз деңгейінен 1016 метр биік жатқан Желтау тауының бір бөктерінде Әлихан Бөкейхановтың аталары жерленген Талдыбейіт орналасса, бір бөктерінде Алаш көсемі дүниеге келген қара қыстаудың орны бар. Осынау ел қастерлеген таңбаларды Әлкей Марғұлан, Алан Медоевтар тарих ғылымының айналымына енгізіп кеткен болатын. Тас, қола дәуірі, түркі заманы, бертінгі Темір дәуірі жәдігерлеріне жататын петроглифтер арада 4-5 мың жылдай уақыт өтсе де, күн қақтаған қара жартастардан көшпей, бірге жасасып келеді. Тау басындағы Аспансудың тұмасынан атқылап жататын қасиетті бұлағы соңғы жылдары тартылып, жанарын балдыр басыпты. Ал тау жартасындағы таңбаларды санамалағандардың айтуынша, мұнда үлкенді-кішілі жүзден астам таңба бар. Петроглифтердің ерекшеліктері мен тасқа қашалу уақыты жайлы тарихшылар аз жазбағаны анық. Солтүстік Балқаш өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына шартты топтастырылатын осынау жәдігерлер әр дәуірдегі көшпелі тайпалардың танымы мен өмір сүру әдісінен мол хабар береді.
Ғылыми ортадағы «Ұлы көш пен ұлы аңшылық қана ұлы өнерді дүниеге әкеледі» деген қағидатқа сүйенсек, Желтау бөктерінде үлкен тарихи-мәдени оқиғалар болғанына көз жеткіземіз. Мұндағы алып жануарлардың бейнелері осы өңірде мамонт немесе жүндес мүйізтұмсық тәрізді аң ауланғанының, арқарлар мен иттердің, найза білеген салт аттылардың суреттері үлкен аңшылық қарсаңында осы тау бөктерінде үлкен ырым-жоралары жасалғанын байқататындай. Доңғалақты күймелер мен салт аттылар легінен өңірдің ұлы көш бекетінің бірі болғанын да аңдаймыз.
Желтаудың тасындағы таңбасы мен бөктеріндегі тарихи орындар тарихи қорыққа, ашық аспан астындағы мұражайға өзі-ақ сұранып тұр. Соны баянды ете алсақ, қазақ мемлекеттік идеясының басында тұрған Алаш қозғалысының көшбасшысы, Алаш автономиясының негізін қалаушы, аса көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туған жері ретінде, ескі тарихи жәдігерлерді сақтауға қосар үлкен үлесіміз болар еді.
Ал қазір Желтауды, тау бөктерлей ағатын Жіңішке өзенінің сағасындағы Талдыбейітті арнайы іздеп келген тарихсүйгіш азаматтар болмаса, қалың ел жадынан шығарып бара жатқандай.
Бөкейхановтар әулетінен оннан астам адам жерленген Талдыбейіт басында Әлихан Бөкейханов Бразилиядан алдырып отырғызған көпжылдық ағаш әлі жайқалып өсіп тұр. Жүз жылдан астам уақыт бұтағы дарақтанып, діңі қалыңдап өскен ағаштың семіп, қураған бұтақтары да бір жанашыр қолдан күтім тілеп тұрғаны анық. Бұрнағы жылдары ақтоғайлық шенеуніктер аудан аумағындағы бұлақ-бастаулардың көзін ашып, маңын тазалап, сенбілік өткізетін жақсы бастама көтерген еді. Сондай бір сенбілік осы қорым маңына да қажет-ақ.
Арқаның қатал табиғат жағдайы да қос ғасырдай уақыт бұрын салынған ескі молалардың шикі кірпішін мүжіп, жыл алмасқан сайын еңсесі төмен тартып барады. Енді бірер жылда орны ғана қалатын сыңайлы. Көне таңбаларды ғасырлар бойы көтеріп тұрған жартастар да жел жеміріп, күн қақтап, сөгітілген таспен топыраққа сіңіп кетсе, сақтай алмай қалатынымыз анық. Ал ежелгі тарих ескерткіші мен Алаш көсемінің туған топырағын ерек қамқорлықта аялай күтсек, сырт ел үшін туристік таңғажайыпқа, өзіміз үшін аруақ разы болар, ұрпақ сүйінер абыройлы шаруа оңдар едік-ау...
Қарағанды облысы
Тұңғышбай Мұқанов, Ақтоғай аудандық рхеологиялық-этнографиялық мұражайының директоры:
– Аудандық мұражайлардың арасында «археологиялық» деген атақ иеленгені ел көлемінде некен-саяқ. Бегазы тауының бөктеріндегі үлкен қорымдарды өткен ғасыр ортасынан бастап зерттеген Әлкей Хақанұлының өзі ашып, атағын алып беріп кеткен біздің мұражайда көптеген тарихи жәдігерлер сақтаулы. Аудан аумағы ежелден ел мекендегендіктен көне тарихи орындарға толы. Бегазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштерінен қол ұсыным жерде Әлихан Бөкейханов дүниеге келген, аталары жерленген қасиетті орындар жатыр. Желтаудың көшпелі әлем тарихында алатын орыны тіпті ерек. Еуразия даласында кездесетін күллі тарихи жазбаларымыз да осы таудың жартастарында қашалған. Соған сайғанда, бір үлкен ұлыстың орталығы һәм Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов дүниеге келген орын ретінде тарихи қорыққа, ұлттық деңгейде ерекше қамқорлыққа алынатын аймақ ретінде танылса, құба-құп болар еді...
Ердос Әбдірахманов, Әлиханның жиен ұрпағы:
– Алаш идеясының бір бастауы Ақтоғай өңірінде жатыр. Әлихан да, тұңғыш заңгер Жақып Ақбаев та, тұңғыш математик Әлімхан Ермеков те осы өңірде дүниеге келген. Қазақтан шыққан аса көрнекті ғалым, ботаник, экономист, тарихшы, энциклопедист ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың дүниеге келген жері, табан ізі тиген әр орны біз үшін аса қастерлі. Желтаудың бір бөктерінде дүниеге келсе, бір бөктерінде аталары жерленген. Ел ішінде кезінде «Төретам» аталып кеткен осы бейітке Әлекең өзі әкеп мыңжылдық ағаш отырғызған. Содан «Талдыбейіт» атанып кеткен. Талдыбейіт те, Әлихан атамыз дүниеге келген қыстау орны да ерекше қамқорлыққа алынса керемет болар еді. Тарихи қорық, мұражай тәрізді ерекше мәртебе берілсе екен...
Дерек пен дәйек
Осы уақытқа дейін Ақтоғай ауданы территориясында 414-тен астам тарихи-мәдени орын анықталды. Олардың 320-сы – археологиялық ескерткіш. Оның ішінде қола дәуіріне жататыны – 147, темір дәуірі ескерткіштері – 47, сақ дәуірі ескерткіштері – 9, түркі дәуірі жәдігерлері – 21, ғұн-қыпшақ дәуірі ескерткіштері – 4, орта ғасырлық ескерткіштер –10.
Жеке адамға арналған архитектуралық құрылыстар (кесенелер) саны – 82.
Ежелгі адам тұрақтары – 6. Мұның екеуі тарихи монументальді ерекше ескерткіш боп танылады. Әр жерлерде сынтастар, тастағы таңбалар көптеп кездеседі.