Әлемде әділетті тәртіп болмай, жаңа экономика құру мүмкін емес

Әлемде әділетті тәртіп болмай, жаңа экономика құру мүмкін емес

Дағдарыстың дауылы басылмай тұрған шақта әлем жұртшылығы Еуразия кіндігіндегі Астанаға көз тікті. Жаһандық құбылыспен жеке-дара емес, жұмыла күресуге үндеген Астана экономикалық форумының бұл жолғы ерекшелігі оның ауқымының кеңіп, мазмұнының маңызы арта түскендігінде болып отыр. Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында VI Астана экономикалық форумы мен Дағда­рыс­қа қарсы дүниежүзілік конференция салтанатты түр­де ашылды. Әлемнің көшбасшы тұлғалары, бе­де­лі зор сәуегей саясаткерлері, қаржы һәм эконо­ми­ка саласының сақа сарапшылары, мемлекет қай­рат­керлері, халықаралық ұйымдар мен қауым­дас­тықтардың басшылары Қазақ елінің астанасында тағы да бас қосып, жаһан үшін жайлы жолды іздестіру мақсатында пікір таластыруға жиналды.

Әлбетте, сонау дағдарыс басталмай тұр­ған жылдары сауын айтылған  Астана эко­но­микалық форумының бүгінгі келбеті салмақты әрі жыл сайын маңызы мен ауқымы да кеңейіп келеді. Салмақты болатын себебі делегаттар­дың саны 10 мыңға тартып, ірі-ірі ғалымдар мен аузы дуалы сарапшылардан бастап, әлем­ге мәшһүр бола бастаған теоретик-тәжі­ри­бешілерді біріктіреді. Биылғы бас­қосуға 131 мемлекеттен 3 мыңнан ас­там шетел­дік келіпті. Маңызы  мен ауқымы­ның кең­дігіне келсек, Астана форумы аясын­да 70-ке тарта іс-ша­ралар жоспарға ен­ген. Ал осындай күллі әлем көз тігетін жаһандық құбылыстың мақсаты – бүгін­гі қатерлерге жауап табу, үн қату. Бұл ғана емес, 6 жыл бұрын Мемлекет бас­шысы Нұр­сұлтан Назарбаевпен бастама жасалған фо­рум мыңжылдық қауіп-қатер­лерімен жұмыс істеу үшін әлем мойын­даған ғылым қайра­т­кер­леріне жа­­һан­дық платформа ұсынуымен де ерек­­шеленеді. G-global алаңы да жаһан­ның жағымды жаңалы­ғына айналып отыр­ғаны шындық. Сөйтіп, кешегі бас­қосуға БҰҰ Бас Ассамблеясы 67-інші сес­сиясы­ның төрағасы Вук Еремич, БҰҰ Эко­номика және әлеуметтік кеңесінің төр­ағасы Нес­тор Осорио, Фиджи арал­дары рес­публи­ка­сының сыртқы істер және халықаралық ынты­мақтастық ми­нистрі, Қытай және 77 тобы­ның төрағасы Р.Кубуабола, БҰҰ Бас хатшысының экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орын­ба­сары У.Хунбо, БҰҰ ЮНКТАД сауда және даму жөніндегі кон­ференциясының бас хат­шы­сы С.Панитчпакди, БҰҰ Бас хатшы­сының орынба­­сары – Еуропа экономика ко­мис­сия­­сы­ның атқарушы хатшысы С.Алкалай және БҰҰ Азия және Тынық мұхитына арналған эко­­номика және әлеу­меттік комиссия­сының бас эко­номисі және директоры Н.Кумар қа­тысты.

Нобельшілер, атап айтқанда экономика бойынша 1994 жылғы лауреат Д.Нэш, 1996 жылғы лауреат Д.Мирлис, 1999 жыл­ғы лауреат Р.Манделл, 2004 жылғы лауреаттар Э.Прескотт және Ф.Кидланд, 2005 жылғы лауреат Р.Ауманн, 2010 жылғы лауреат К.Писсаридес, физика бо­йын­ша 2006 жылғы лауреат Д.Смут, физиология мен медицина бойынша 1991 жылғы лауреат Э.Неер конференция маңызын асқақтата түсті.
Жаһандық дағдарыс жергілікті қаржы жүйесінің жарылысына ұшырататын жаңа сатыға ауысып келеді
Астана форумы мен дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның салтанатты ашылу барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев, ең алдымен, алқалы жиын­ға қолдау білдіргені үшін БҰҰ жетек­шілеріне ризашылығын білдірді. Сосын Елбасы 5 жыл бойы тұрақты өтіп келе жат­қан сұхбаттастық алаңының ерекшелігіне де тоқталып өтті. G-GLOBAL-дың интер­неттегі коммуника­тивті алаңының қызметі Астана форумын үздіксіз он-лайн талқы­лаудың орталығына айналдырды. Оған ғаламдық желінің 120 мыңнан астам тұрақты тұтынушысы қатысуда. Астана  форумы­ның әлеуеті арта түскеніне басқа да айғақтар арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, бір жыл бұрын мен осы мінберден G-GLOBAL атты  ХХІ ғасырдың жаңа әлемдік құрылымы идеясын ұсынған едім. Бүгінгі таңда тек Google ақпарат іздеу жүйесінің өзі осы терминге қатысты мил­лиардқа жуық сілтеме жасайды. Мен Аста­на эконо­микалық форумы мен Дүние­жүзілік дағда­рысқа қарсы күрес кон­ферен­циясы аясындағы пікірталастар­дың  қорытындысына аймақтық және жаһандық деңгейдегі сұраныстың арта түсеріне сенімдімін», – деді Н.Назарбаев. Сосын Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың талқысына шығарылып отырған өзекті мәсе­ле­лерге қатысты өз ойын ортаға салды. Оның ішін­де, ең алды­мен, Елбасы дағдарысқа қарсы концептуал­ды қадамдардың маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте Президент әлемнің соңғы жыл­дардағы дағдарыс құбылыстарынан сабақ алуы керектігін алға тартты. «Былтырғы жылдың соңына таман ғана әлем жұрт­шылығының басым бөлігі дерлік ХХ ғасыр­дағы жалпыәлемдік жаһан­дық экономи­калық дағдарысты «тарихтың жабыл­ған парағы» деп есептеген болатын. Көптеген қаржы инсти­тут­тары да бұған бізді нық сендірмек болды. Алай­да эйфория орын алмады. Кипрдегі қаржы жүйесінің құр­дым­ға кетуі экономикалық тұрақты­лық дәуі­рінің жақындап қалғаны туралы әңгі­меге сенімсіздік тудырды», – деді Н.Назар­­баев.  Бұл ретте Президент «Кипр инцидентін» жаһандық дағдарыс­пен байланыстыруды жоққа шығаратын қайсыбір бағалаулармен де таныс екенін, алайда фактінің өзі бәрін айқындап тұр­ғанын атап өтті.  Елбасының пайымын­ша, тіпті эконо­микада «ысылмаған» қара­пайым сарап­шы­лардың өзі Кипр банктерінің проблемасы мен бұдан бес жыл бұрынғы америкалық ипотека агенттіктерінің құлдырауы арасындағы ұқсасты­қ­тарды атап бере алады. «Бұл, ең алдымен, қаржы көпіршіктерін қолдан үлкейту, «жеңіл ақшаға» деген ашкөздік, ұлттық қаржы институттарында тиісті жауапкер­шіліктің болмауы, жаһандық қар­жы құрылым­дарының әлсіздігі. Негізі, жаһандық дағдарыстың осы және басқа да іргелі себептері әлі де жойыл­ған емес», – деді Н.Назарбаев. Яғни жаһандық дағда­рыс­ты аяқталды деуге еш келмейді деген сөз. Керісінше, Президенттің пайымынша, бұл бірқатар жергілікті қаржы жүйесінің ауыр жары­лыстарымен ілесе жүретін жаңа сатыға ауы­сып келе жатқан тәрізді. Сондықтан Н.Назарбаев мұны дағдарысқа қарсы жаһандық жоспар әзірлеу бары­сын­да қаперде ұстанатын бірінші сабақ ретінде атап өтті.
Аз қамтылғандардың басым бөлігі «G-20»-да
Бұдан бөлек, Елбасы жаһандық рецес­сия па­радокс­алды болғанына қарамастан, дағдарыс­қа қарсы іс-шаралар ұлттық деңгейде ғана жүргізіліп отырғанына назар аударып өтті. «Әлбетте, әрбір әрекет әрекетсіз отырғаннан жақсы. Қазақстан осы дағдарысқа қарсы бағдарламаны сәтті жүзеге асырды. Нәтижесінде жұмыс орындары, экономика қарқыны сақталды. Дегенмен дағдарысқа қарсы «G-20» тобының ұсыныстары толық іске асқан жоқ. Көптеген мемлекеттер әлі де протекциялық шараларды жүзеге асыруда. Бұл дегеніміз әлемдік сауданың бәсеңдеуіне, жаһандық және өңірлік деңгейдегі бағаның төмен­деуіне алып келді. Сонымен қатар транс­шекаралық несиелеу мен инвестициялау көлемі төмендеп, олар қазіргі күні дағдарысқа дейінгі кезеңнің 60 пайызын құрап отыр», – деді Н.Назарбаев. Ал одан да маңыздысы – адамдар­дың әлеуметтік жай-күйінің күрт төмендеуінде болып отыр. Оған қоса, жаһандық жұмыссыздық та өсіп жатыр. Мәселен, Дүниежүзілік еңбек ұйы­мының болжамды мәліметтеріне қара­ғанда, ағымдағы жылдың өзінде әлемде жұмыссыздар саны 200 млн адамды құрайды. Ал жыл басында-ақ Еуропада 26 млн жұмыссыз тіркелген болатын. Бұл осыдан 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыс­тырғанда 1,5 есеге көп. Осындай мәліметтерді алға тартқан Елбасы көптеген мемлекеттерде білім беруге, денсаулық сақтау мен адами әлеуетті дамытуға бағыт­талған шығыстар қысқарып жатқанын айтып, мұның барлығы жаһандық әлеу­меттік дағдарыстың көрінісі екеніне тоқтал­ды. «Осының өзін  адамның, жал­пыла­ма дамыған қоғамның өмір сүруіне төніп тұрған қатер деуге болады. Оксфорд сарапшы­ларының бағалауы бойынша, Жер шарындағы аз қамтылған адамдар­дың басым бөлігі «G-20» тобы мемле­кеттерінде өмір сүріп жатыр. 250 млн-ға тарта адам жайлы өмір іздеп, әлеуметтік проблемалардан бас сауғалап көшіп-қонуда. Сонымен бірге басым мемлекет­тердегі орын алған әлеуметтік әділетсіздік қаржы-экономи­ка­лық тиімсіздіктің, дағдарыстың көрінісі болып табылады», – деді Мемлекет басшысы.
ХХІ ғасырға жаңа экономикалық үлгі керек
Қазақстан Президенті алға тартқан дағдарыстың келесі сабағы жаһандық валюта мәселесіне тікелей қатысты. Дәл осы мәселені Елбасы дүркін-дүркін көтергені есте. «Осыдан төрт жыл бұрынғы «Дағдарыстың кілті» атты мақаламда мен әлемдік валюта жүйесінің кемістігін ағымдағы экономикалық дауылдың басты себебі деп атаған едім. Еске сала кетейін, мен эмиссия тәртібі мен әлемдік валюта айналысын өзгертуге табанды түрде шақырған болатынмын. Өйткені бұлар заңдылық, демократиялық, тиімді басқарушылық және жауапкершілік секілді маңызды өлшемдерге еш жауап бермейді. Алайда бізде әлі күнге дейін жаһандық дағдарыстың тиімді тетіктері де, сенімді әлемдік валюта резерві де, не болмаса өңірлік валюталық топтар да жоқ, Түбегейлі шешімдер қабылдау үшін жеткілікті түрде ерік те, жауапкершілік те көрініс таппады», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Бұдан соң, Елбасы Жаһандық дағда­рысқа қарсы жоспар әзірлеуде маңызды мәселе  ретінде сенім дефицитін еңсеруді атады. Мемлекет басшысы: «Мен жаһан­дық дағдарыс шынымен де сенім дағ­да­рысының болуынан деген пікірмен толық келісемін. Өйткені жаһан­дық қаржы институт­тары мен ұлттық мемлекет­тер арасында, қаржы секторы мен шынайы экономика субъектілері арасында шынайы сенім жоқ. Ортақ сенім болмаса, дағда­рыс­қа қарсы жоспарлардың барлығы да «кезекті қуысты жамауға» ұрындыра береді», – деді Н.Назарбаев. Сондықтан да Президент ХХІ ғасырда жаңа эконо­ми­калық үлгі қажет деп санйды. Мұндай  үлгі әділ, шынайы әлемдік қаржы жүйесіне негіз­делуі қажет әрі онда арбап-алдау, жауапсыздық сынды мәселелерге орын болмауы тиіс.
Жаһандық «экономикалық өртті» саяси тұрақсыздықтың суымен  тасқындатып сөндіру мүмкін емес
Дағдарыстан алар және бір сабақ – шаманы сезіну. «Біріншіден, жаһандық, ұлттық деңгейде болсын қаржы секторы шынайы өндірістен бөлек дами алмайды. Дағдарыс алдындағы жағдайға көз жүгіртсек, дериваттар айналымы жер шары­ның ЖІӨ-нен 8 есеге асып түсті. Бұның өзі жаһан­дық экономика үшін өзін-өзі құрбандыққа шалу­мен тең еді. Сондықтан да жаһандық қаржылық дамуды басқаруды реформалауда құнды қағаз­дар нарығын  реттеу моделін жасауға көбірек көңіл бөлу керек. Екіншіден, оффшорларға жаһандық тұрғыдан бақылау жүргізуге көбірек ден қою керек», – деді Президент. Өйткені, Ел­басы­ның сөзіне қарағанда, ұлттық экономикалар­дан оффшорлық аймақтарға алып кетілген қаражат ауқымы 30 трлн долларға дейін жетеді екен. Яғни қауіп бар – бұлар кез келген уақытта жарылуы ықтимал, баяу іске қосылатын минамен тең. «Жалпы, қазірі жаһандық дағдарысты көп өлшемді деп айтуға болады. Мен оны жаһандас­тырылған жалпылама әлемнің тұңғыш дағдарысы деп бекер атап отырған жоқпын. Жаһандық дағдарыс барысы мен қарқыны тек экономикалық себептермен ғана анық­талмайды. Сонымен қатар саяси, гумани­тар­лық және моральдық себептермен де нақтыланады», – деді Президент Н.Назар­баев. Бұл ретте Елбасы халықаралық көмектің созылмалы реципиенттеріне айналған мемлекеттердің саны көбейіп отырғанын, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы ішкі қақтығыстар да әлемдік экономикаға ауыр жүк болып отырғанын алға тартты. «Солтүстік Афри­када болған жайттар осы әлемдік экономикаға донор болған мемлекеттердің өздері реци­пиентке айналғанын байқауға болады. Дегенмен мұндай «әлемдік экономикалық өртті» саяси тұрақсыздықтың суымен тасқын­датып сөндіру мүмкін емес. Жаңа әділетті әлемдік тәртіп құрылмай, жаһандық жаңа экономика құру туралы ойлау ақылға сыйымсыз», – деп түйіндеді өз сөзін Мем­лекет басшысы.
Келешекке үреймен қарасақ, келешек те бізге үрейленіп қарайды
Президент кез келген дағдарысты, ең алдымен, түбегейлі өзгерістер мүмкіндігі деп қа­рауға шақырады. Ал ондай өзгеріс­тер көпшіліктен туатын пікірден келеді. Бұл ретте Елбасы осыдан дәл бір жыл бұрын айтылған G-GLOBAL идеясының іске асырылуына тоқталды. Жалпы, G-GLOBAL алаңының өзі басты бес қағидатқа негіз­делгені белгілі. Бұлар: саясаттағы револю­циядан бас тарту және эволюция; әділеттілік, теңдік және консенсус; жаһан­дық толеранттық және сенім;  жаһандық транспоренттілік; сындар­лы көпполярлық. Президент дәл осы бес қа­ғидатқа негізделе отырып, ХХІ ғасырда кез кел­ген жаһандық проблема бойынша ортақ сұх­баттас­тық  құруға, барлық қатынасушы­лар арасында тиімді шешім табуға бола­тынына сенімді. «Сондықтан да мен G-Global жолын қуатындар саны алдағы уақытта да арта түседі деген үміттемін. Бұл идеяның бұдан ары қарай дамуы үшін Рим және Мадрид клубтары үлгісі бойынша G-Global қамқоршылық кеңесін құруды ұсынамын. Оның аясында идеяның іргелі аспектілерін зерттеу қаржыландырылуы қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа саяси бағытты айқындаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы туралы айтып, ондағы басты басым­дықтарға да тоқталып өтті. Президент 4 жылдан кейін Астанада «ЕХРО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетініне тоқталып, әлемнің барлық бұрышынан іскерлік топтарды осынау көрменің дайындық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста