Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақстан халқы әдебиеті және ұлттық сәйкестік» тақырыбы аясында конференция өтіп, онда Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне орай жарыққа шығып әлі сиясы кеуіп үлгермеген 10 жаңа кітаптың тұсауы кесілген болатын. Осы жиында құттықтау сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев әлемде 5 тілде өнер көрсететін театр ұжымдары бар елдер өте аз екендігін мәлімдеді, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
- Әдебиет – тек, қана бір ұлттың әдебиеті болып қалмауы керек, сол мемлекетте тұрып жатқан барлық халықтардың әдебиеті болуы керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы біздің мемлекетімізде тұрып жатқан ұлттар әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің, білімдерінің дамуына үлкен жағдайлар жасауда. Әрбір облыстарда ұлттық мәдени орталықтардың, достық үйлерінің бар екендігін білесіздер. Әлемде Қазақстан сияқты 5 тілде өнер көрсететін театр ұжымдары мен 15 тілде шығатын газеттері бар елдер көп емес шығар, - деді Бердібек Мәшбекұлы.
Айта кетейік, конференция барысында таныстырылған кітаптар ғалым, жазушы Уәлихан Қалижанның жетекшілік етуімен құрастырылған. Олардың қатарында «Қазіргі әдебиеттегі жалпы адами құндылықтар», «Қазақстандағы қазіргі заман фольклоры», «Заманауи кезеңдегі Қазақстан халқы әдебиеті», «Қазақстан халқының музыкалық өнері», «Қазақстан халқы әдебиеті», «Қазақстан халқының сахна өнері», «Мәдени полилог: Қазақстан халқының бейнелеу өнері» сынды бірінші ұжымдық монографиялар бар.