Әлем суға зәру болып отырғанда, елдегі суға ие таба алмай отырғанымыз қалай?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Жер шарының үштен бір бөлігі судан тұрады. Алайда жалпы су қорының 97,5%-ы тұзды су деседі. Тұщы су көлемі 35 млн текше шақырым аумақты алып жатса да, ауызсу тапшы. Мамандардың айтуынша, әлемдегі орасан зор су қорының тек 1 пайы­зы ғана ішуге жарамды. Халықаралық сарапшылар болашақта су тапшылығы елдер арасында қарулы қақтығыстарға әкеліп соғуы мүмкін деседі. Ал 2025 жылға қарай су әлемдегі ең қымбат ресурсқа айналып, Жер шары тұрғындарының үштен екісі су тапшылығынан зардап шекпек. Халықаралық экономистер мен саясатшылар болашақта тек мұнай мен газ ғана емес, ауызсудың әлемдік рынокта басты тауарға айналатынын болжап отыр. Мамандар Жер шарының әр тұрғынына қазір 750 текше метрден келетін су 2050 жылға қарай 450 текше метрге дейін азаятынын айтады.
Ресми деректер қазірдің өзінде дүниежүзінде 1 мил­лиардқа жуық адам ішуге жарамды суға зәру екендігін айғақтап отыр. Тағы 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың салдарынан пайда болатын дерттерден зардап шегеді екен.
Бұл жағдай қазір әлемдік деңгейде үлкен мәселе ретінде көтеріліп отыр. Біріккен ұлттар ұйымы ХХІ ғасырды тұщы су дәуірі деп жариялады. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның: «Әлем тұщы су үшін соғыс жағдайына жақындады» деп алаң­дау­шылық білдіруі тегін емес. Сарапшылардың айтуынша, су тапшылығы, ең алдымен, Африка, Қы­тай елдерінде қатты білінеді екен.
Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елде де үлкен проблема деңгейіне көтерілді. Қазақстан – су қорына қатысты ТМД елдері арасында ең соңғы орында. Республика тұрғындарының үштен бір бөлігі ауызсуға зар болып отыр. Сапалы ауызсу жетіспейді. Кей өңірлерде су тапшылығының сал­дарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру көлемі қысқартылып, суармалы жерлер аңғары да тарыла түскені жасырын емес.
Орталық Азия өңіріндегі су мәселесі ең өткір мәселе болып отырған Қазақстандағы су жағдайы туралы «Қазақстан-2050» стратегиясында да айтылды. Елбасы Н.Назарбаев әлем елдері ал­дындағы су тапшылығының қатерін ерекше атап өтті: «Су — барынша шектеулі ресурс және оның көз­дерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына ай­налып отыр. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауызсу жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зар­дабын қатты тартуда. Бұл проблеманың гео­саяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз транс­шекаралық өзендердің су ресурстарын пайда­лануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамас­тан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіс­піз».
Қазақстанға келетін су қорының 55 пайыздан астамы шетелдерден бастау алатын өзендерден келеді. Олар әуелі су көздерін өз қажеттеріне жа­ратып, бізге тек «сарқындысын» жібереді.
                                           Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұр­лан Қаппаровтың «келешекте ауызсу проб­лемасы ұлттық қауіпсіздік деңгейіне дейін көтеріледі» дейтіні сондықтан. Сол себепті суды үнемдеуді әркім өз ауласы­нан, өз ауылынан бастауға тиіс.
Наталья КАШИРИНА, «Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменті» мемлекеттік мекемесі жетекшісінің орынбасары:  
— Елдің минералды-шикізат кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға ар­налған бағдарламасы міндеттерінің бірі – тұрғындарды жерасты көздерінен алы­натын сапалы ауызсумен қамтама­сыз ету.

Жерүсті сулары, өкінішке қарай, бір­келкі орналаспаған және көп жағдайда лас­танған, осыған байланысты жерасты сулары елді сумен қамтамасыз етудің шешуші ресурсына жатады.
«Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарлама­сы ауылдық елді мекендерді сумен қам­та­масыз етуге бағытталған. Бағдарла­маны жүзеге асыруға министрліктер мен ведомстволар, облыс және аудан әкім­діктері қатысады.
Аталмыш бағдарламаны жүзеге асы­ру үшін республикалық бюджет қар­жы­сымен Батыс Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық де­партаменті Ақтөбе, Атырау, Маңғыс­тау және Батыс Қазақстан облыстары кіре­тін Батыс аумағы бойынша жерасты сулары кен орындарын анықтау үшін іздестіру-барлау жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы, Батыс Қазақстан бойынша мемлекеттік баланста шаруашылық-ауызсумен және өндірістік-техникалық сумен қамтамасыз ету үшін 200-ден аса жерасты кен орындары есепте тұр, ол­ар­дың тең жартысы қолданыста, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында бар­ланған қордың –25%, Ақтөбе облы­сын­да – 49%, Атырау облысында – 43%, Маңғыстау облысында-83% пай­дала­нылады.
Көп жағдайда елді мекеннен алшақ орналасуына байланысты кен орындары қажетсіз болып қалған. Бұдан басқа, жерасты сулары кен орындарының ба­сым бөлігі өткен ғасырда, 50 жылдан астам бұрын барланған. Сондықтан қа­зіргі кезде облыс және аудан орталық­тарын сумен қамтамасыз ететін қолда­ныс­тағы жерасты сулары кен орындары­ның кейбірі бойынша қорды қайта баға­лау және су сапасын нақтылау жұмыста­рын жүргізу қажет, бұл тұрғындардың тіршілік қарекетін жақсартуда өте ма­ңызды. Аталмыш кен орындарына Ақтө­бе қаласы үшін – Елек, Тамды, Құндақ­ты­қыр; Ақтөбе облысының Шалқар, Темір, Қандыағаш, Ембі қалалары үшін – Үлкен Борсық, Темір, Қандыағаш, Ембі; Батыс Қазақстан облысы үшін – Искра және Орда; Маңғыстау облысы үшін – Кетік; Атырау облысы үшін Миялы және Тайсойған жатады.
2004-2011 жылдарда іздестіру-бар­лау жұмыстары Батыс Қазақстанның 180 елді мекенінде жүргізілген. Нә­ти­жесінде сумен қамтамасыз ету мәселесі Ақтөбе облысының 50 елді мекені үшін, Атырау облысының 32 елді мекені үшін, Батыс Қазақстан облысының 77 елді мекені үшін және Маңғыстау облысының 20 елді мекені үшін табысты шешілген. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Атырау облысының Қарасу ауылында, Маңғыстау облысының Бостан, Құланды және Бекі ауылдарында ауызсу үшін сапалы жерасты сулары табылмапты. Ақтөбе облысының Вели­ховка аулының жерасты сулары құра­мында ауызсу мақсаттары үшін рұқсат еті­летін көрсеткіштен артатын шамада нит­раттар анықталған. «Жалпы алғанда, Аты­рау және Маңғыстау облыстары сенімді су көздері жетіспейтін, су балансы шектелген аймақтарға жатады. Сондықтан көп жағ­дайда барланып бекітілген жерасты су­ла­ры қорларын тұщыту қондырғыларын пай­даланып қолдану ұсынылады. Биыл Батыс өңірдің — 75, оның ішінде Ақтөбе облысының 24, Атырау мен Маңғыстау облыстарының 12, Батыс Қазақстан облы­сының 27 елді мекені үшін жерасты сула­рын іздестіру, сонымен қатар Ақтөбе об­лы­сының Елек, Тамды, Құндақтықыр, Ал­ға, Үлкен Борсық, Темір, Қандыағаш, Ем­бі; Батыс Қазақстан облысында Искра жә­не Орда; Маңғыстау облысындағы Кетікте жерасты суларының пайдаланы­латын қорын қайта бағалау жұмыстары аяқта­лады», — дейді Н. Каширина.
Бүгінде еліміз бойынша 1552 жерасты су көздері барланған. Ақтөбе облысы тәу­лі­гіне 1,9 миллион текше метр сумен қам­тамасыз етілген. Деректерге қарағанда, су тапшылығынан елімізде шөбі мол жердің 15 пайызы пайдаланылмай отыр. Үкімет 2013 жылдан бастап, 2020 жылдар ішінде 8 мил­лион гектардан астам жайылым­дықта 4 мың құдық қазып, малды сонымен суа­руды көздеп отыр. Құдық дегенде, жай құ­дық емес, сақина таспен шегенделіп, су тар­татын тартпа мен мотор орнатылып, астау қойылған құдықтар. Арасында 40 құлаш немесе кісі бойы қол созым құдық­тар болады. Мұндай құдықтарға қыруар қаржы қажет.
Құзырлы министрліктің деректеріне қа­рағанда, 2020 жылға дейін инвести­циялық субсидия үшін 22 миллиард теңге бюджет қаржысы қажет. Бұған қоса, шал­ғайдағы қосалқы шаруашылықтарды ын­та­ландыру үшін мемлекет есебінен барлық керек-жарағымен құдық қазу көзделіп отыр. Үкімет өз кезегінде мұндай құдықтар үшін мал иелерінен төлем алатын болады.
Кезінде Су шаруашылығы министрлігі болды, ол суға қатысты барлық мәселеге жауап беретін еді — өзен, көл, бөгет, тоған, құдық, жайылымды суландыру, су құбыр­ла­ры және оны елді мекендерге тарту, күту мен жөндеу мәселелерін реттеп отыратын. Министрлік таратылып, су мәселесін рет­теу жұмыстары басқа министрліктерге бе­ріл­гесін, оның облыстық және аудандық құрылымдары да су түбіне кетті. Қазір бө­гет, құдық, су құбырының әрқайсысының өз қожайыны бар.
Аманкелді БАҚТЫБАЕВ, Ырғыз ауданы әкімдігінің су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры:
— Су құбырларын коммуналдық мен­шік­ке беру дұрыс емес. Себебі мұнда маман жоқ. Маман болмағасын, ол сор­ғының, құбырдың не екенін білмейді. Мә­селен, ондаған шақырым жерден, Үкі­меттің миллиондаған теңгесі жұмса­лып, су құбыры тартылған соң, оның ен­дігі қожайыны коммуналдық меншік иесіне тапсырылды делік. Бір ай өтпей, құбырдан су тамбай қалады. Көпшілік болса, «ақшаны жеп, тайып тұрды» деп құрылысшыларға айып тағады. Ал бұл арада құбыр тартушылардың кінәсі жоқ. Су құбыры – күрделі құрылыс. Жүйе үне­мі бақылауда болуға тиіс. Ал оның жаңа иесінің бұл саладан мүлде хабары бол­маса, оның ешқандай техникасы мен мамандары болмаса, ол қалай жұмыс жасайды?

P.S.
Мамандардың айтуынша, елді мекендерге су құбырын тарту секілді жұмыстарды жүргізу, жөндеу жұмыстарын жасау әкімдікке қарасты кәсіпорынның мойнында болғанымен, оның бәріне Үкімет тарапынан қаржы бөлу мәселесі заңда қарастырыл­маған. Ақша табу үшін су төлемін көтеру ұсынылады. Ал тарифті көтеру арқылы су мекемесін ұстап тұру тағы мүмкін емес. Еліміздің барлық өңіріндегі жағдай осындай. Су шаруашылығы таратыл­ғасын жағдай тым күрделеніп кетті деседі мамандар. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар. Бір ғана су құбырының сапасы үшін Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің қайсысы жауаптырақ деген сұраққа жауап табу қиын. Сондықтан дүниежүзілік мәселеге көтеріліп отырған ауызсу тапшы­лығын реттейтін «су аяғы құр­дым­ға кеткен» Су шаруашы­лығы министрлігін қайта «дүниеге әкелу» қажет болар...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста