Демалыс күндері көптеген өңірде күн салқындайды, деп хабарлайды Қазгидромет.
"Солтүстік облыстарда атмосфералық фронттармен бірге Орал ауданынан салқын және ылғалды ауа түсе бастайды. Атмосфералық фронттар оңтүстік-шығыс бағытқа баяу жылжиды. Кей жерде жауын-шашын, найзағай, дауыл, бұршақ болуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Бірақ республиканың оңтүстік облыстарында әлі де ыстық сақталады. Ауа температурасы 38...45 градус шамасында болады.
Айта кетейік, 17-19 шілдеде Қазгидромет Түркістан және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Шымкентте дабылды ескерту жариялаған болатын.
Түркістан облысының басым аумағында күн 43 градусқа, кей жерлерде 45 градусқа дейін ысыды. Ал Шымкентте +40-42 градус аптап ыстық болды.
Соңғы үш күнде Қызылорда облысында да 40-45 градус ыстық болды.