Семей қалалық мәдениет сарайында «Тәуелсіздік таңы» атты облыстық жас ақындар айтысы болып өтті. Шығыс Қазақстан облысының Абай, Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандарының және Семейдің атынан бақ сынаған өнер жүйріктерінің қайсысы болса да сөз сайысында өз ерекшеліктерін танытуға барын салды. Олардың арасынан бүгінде жоғары оқу орындарында оқып, аймаққа аты жайыла бастағандары да, енді ғана оң-солын танып, «шикі өкпеліктен» шын жүйріктің деңгейіне ұмтылғандар да шықты.
Жалпы жиыны 6 жұптан 12 ақын қатысқан айтыс үш сағаттан астам уақытқа созылса да, көрермен қауымның қошаметі де, көре түссем деген қызығы да таусылған жоқ. Әдемі әзілдер, тапқыр жауаптардың молынан табылғандығына қарап, қаламыздағы Халықтық ақындар орталығынан қанаттана бастаған таланттардың қатары көбейе бастағандығын көруге болады.
Дәмеш ОМАРБАЕВА, Семейдегі Халықтық ақындар орталығының жетекшісі:
– Бүгінгі айтысымызға Тәуелсіздік тақырыбын арқау етуіміздің өзіндік мәні бар. Өйткені сөз сайысында бақ сынап отырған кейінгі толқын – Тәуелсіздігімізді алған жылдарда дүниеге келген ұрпақ буыны. Яғни олардың бүгінгі күнге көзқарасы, өз елін сүйіп-құрметтеуге ынтасы өзгеше деуге болады. Сол себептен айтыс атын «Тәуелсіздік таңы» деп атағанды жөн көрдік.
Үш сағаттан астам уақытқа созылған айтыстың ақтық айналымы жеткенде барып жеңімпаздар есімі айқындалды. Еліміздің егемендік алу жолындағы күрескерлік рухын паш еткен айтыста үржарлық Нұрлан Бектібаев, зайсандық Ардабек Ақбаба және көкпектілік Жасұлан Мақаев 3-орындарды бөліссе, Серік Қуантқан мен Назгүл Ибраева екінші орын иегері атанды. Семейлік Манарбек Сатыбалдин 1-орынға көтерілсе, айтыстың бас жүлдесі Баян Өлгийден келіп Семейде оқып жүрген қандасымыз Ерлан Дәулетке бұйырды.
Айтыс арқауы – Тәуелсіздік
Последние статьи автора