Бұл туралы депутат Серік Шайдаров бүгін Сенатта өтіп жатқан Парламенттік тыңдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуынша, қабылданған Мемлекеттік бағдарламалар халықты ауыз сумен толық қамтуға қол жеткізу жөніндегі негізгі міндетті шешпегенін мойындауымыз қажет.
"Бүгінгі таңда тіпті қала халқы да осы негізгі қажеттілікпен толық қамтамасыз етілмеген. Еліміздегі қала халқының 98%-дан астамы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізгеніне қарамастан, 9 өңірде бұл көрсеткіш орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Бұл: Жамбыл, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай, Астана және Шымкент қалалары. Бұл ретте, қамтамасыз ету деңгейі 100% жететін өңірлерде де ауыз судың сапасы мен жетіспеушілігі проблемалары бар. Мысалы, Ақтау және Жезқазған сияқты қалаларда", - деп атап өтті сенатор.
Сонымен қатар ол ауылдарда да ауызсу мәселесі көңіл көншітерліктей еместігін алға тартты.
"Ауылдық жерлерде сумен жабдықтау одан да нашар. Себебі 10 облыстың: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Жетісу және Абай облыстардың ауылдарында ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші ел бойынша орташа деңгейден төмен. Талдау көрсеткендей, сумен жабдықтау және су бұру проблемаларын елді мекендерді ауыз сумен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің Заңдардағы ведомстволық «елді мекенде» және «елді мекеннен тыс жерлерде» нормаларына бөлуінуі мәселені шешпейді. Өйткені бұл өзара байланысты су объектілері мен гидротехникалық құрылыстар кешені. Сондықтан бұл нормаларды қайта қарап басқа механизмдер қарастыру қажет деп есептейміз", - деді Серік Шайдаров.