Аймақтық ынтымақтастық – өзара ықпалдастықтың басты факторы

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фотолар)

Кеше Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының IX форумы аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, индустриялық-инновациялық және өңіраралық даму, отын-энергетикалық кешені саласындағы тиімді өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды.
– Бүгін біз тағы екі елдің сауда-эко­но­микалық қарым-қатынастарын ны­ғай­тудың және дамытудың тиімді ала­ңы болып табылатын дәстүрлі өңір­­аралық ынтымақтастық форумын өт­кізіп отырмыз. Бұл күндері Пав­ло­дарда 600-ден астам компания қа­тысқан үлкен көрме жұмыс істеуде, – де­ді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ өңіраралық форум өзге елдер үшін сауда-экономикалық ынты­мақ­тас­тықтың жақсы үлгісі болып табы­ла­ты­нын айтты. Өз сөзінде Нұрсұлтан На­зар­­баев Қазақстан-Ресей бай­­ла­­ныс­­тарын да­мытудың маңызды ор­та­лық­тарының бірі болып та­бы­ла­тын бұл фо­рум­ның қалада өткізілуінің сим­­волдық мәні бар екенін атап өтті.
– Биыл біздің елдеріміз Достық, ын­тымақтастық және өзара көмек ту­ралы шарттың 20 жылдығын атап өту­де. Бүгінде Қазақстан мен Ресей ұлттық экономика мен инновациялық дамуды жаңғыртуда ұқсас міндеттерді шешуде. Бұл ретте осы форумның та­қы­рыбы – инновациялық ынты­мақ­тастық – ерек­ше өзекті және өте маңызды, – деді Мем­лекет басшысы.
Қа­зақстан Президенті соңғы уа­қыт­та инновация мен жоғары техно­ло­­­гияны дамыту саласында көп іс ат­қарылғанына тоқталды. Мысалы, тек өткен жылдар ішінде Қазақстанда со­масы 12 миллиард долларды құ­рай­тын 440-тан астам жаңа өндіріс оры іске қосылды. Жалпы құны 77 мил­лиард доллар болатын 700-ден аса ин­­дустриялық-инновациялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Биылғы фо­румның қорытындысы бойынша бір­лес­кен жобалардың портфелі сомасы 2 миллиард долларды құрайтын тағы 27 келісіммен толыға түспек. Мемлекет басшысы сондай-ақ біздің елдеріміз арасындағы индустриялық ынты­мақ­тастық саласындағы серіктестік жаңа дең­­гейге шыққанын атап өтті. Өнер­кә­сіп кооперациясын тереңдету қа­жет­тігі ма­ңызды мәселе ретінде қа­рас­ты­рыл­ды.
– Бірыңғай экономикалық ке­ңіс­тік­ке біріге отырып, біз кәсіпорындар үшін кедергілерді алып тастадық. Енді тиім­ді өңіраралық индустриялық клас­тер­ді орнықтыру керек. Оған табысты мы­салдың бірі – Шығыс Қазақстан об­лысында автомобиль өндірісінің құ­рылуы. Бұл ауқымды жобаға салынған ин­вестиция көлемі – 400 миллион дол­­лар, жобалық қуаты – 5,7 мил­лиард доллар, – деді Қазақстан Пре­зиденті. 
Елбасы өз сөзінде «жасыл» эко­но­мика принциптеріне көшу туралы айт­ты. Қазақстан  экологиялық таза өнер­кә­сіпті дамытудың нақты ме­ханизмі бо­лып табылатын «Жасыл кө­пір» бас­та­масын табанды түрде ұсы­нып келеді. Бү­гінде озық технологиялар да­мыған ел­дердің инновациялық дамуының ір­ге­тасын қалап отыр. На­зарбаев  екі ел­дің «жасыл» эко­но­ми­ка­сының тех­но­логиялық ин­фра­құ­рылымын құру үшін бірлесіп жұмыс істеу керектігін ұсынды.
Инновациялар мен жоғарғы тех­но­ло­гия­­ларды дамыту саласында әлі көптеген шаруалар атқару керектігіне тоқталған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ ке­ле­шекте ғарыш саласын дамытуда ын­ты­мақ­тастық қажет екенін атап көрсетті. «Бо­­лашақ сала­лар­ды дамытудағы ынты­мақ­­­тастық – мұн­да ғарыш саласы басым­дықты бағыт бо­лып табылады. Байқоңыр ха­лықаралық ин­новациялық бренд, біз­дің екіжақты қа­тынастарымызды дамы­ту­дың сапалы жаңа ке­зеңінің символы болуы тиіс. Ғарышты бей­біт зерттеу мақсатында біз «Байқоңыр» – инновациялық форумы» ғы­лыми-тех­ни­калық ынтымақтастығының жаңа бірегей ала­ңын құра алар едік. Қазақстан сондай-ақ Астанада тиісті зерт­ха­налар құруға мүд­делі. Ағымдағы жыл­дың мау­сым айында біз­дің Ресей Прези­ден­­тімен бір­ге қа­был­даған біріккен мә­­­­­лім­­демеге сәй­кес екі елдің тиімділігі үшін ғарыш са­ласындағы екі­жақты ынты­мақ­­­­тастықты, «Бай­қоңыр» ға­рыш алаңын бірігіп қол­данудың ұзақ мер­зімді бағдар­ла­масын жасау қажет. Бұл бағдарламаға қаланы жаңғырту, тиісті инфрақұрылымын құру мәселелерін енгізу өте маңызды», –  деді Н.Назарбаев.  
Біріккен қазақстандық-ресейлік комис­сия­­лардың ғылыми-техникалық ынты­мақ­тастық саласындағы жұмысын жан­дан­ды­руға шақырған Елбасы: «XXI ғасырда се­­ріктестігіміздің магистральдық бағыты бо­­лып білім үшбұрышының барлық үш эле­менті: білім, зерттеу және инновациялар бо­луы керек. Бізде ынтымақтастықтың оң мы­салдары – «Қазына капитал менед­ж­мент» пен «Роснано» арасындағы нанотех­ноло­гиялардың біріккен қоры – ЕурАзЭҚ жа­нындағы Жоғары технологиялар ор­та­лы­ғы бар. Жаңа шараларды ұсынамыз: ғы­лыми-техникалық ынтымақтастық сала­сын­дағы жұмысты жандандыру керек, бұл са­ладағы көптеген келісімдер түбегейлі жа­ңартуды талап етуде. Біріккен ғылыми жо­баларды белсенділігін арттыру қажет, қазіргі кезде осын­дай 130 жобаның тізімі қалып­тас­ты­рылды. Оларды қабылдап, жұмысқа кірісу керек», – деді
Инновациялық кластерлерді дамыту қа­жеттігін атап өте отырып, Мемлекет бас­шысы Ресей компанияларын Алматыдағы инновациялық технологиялар паркінің жұ­мысына атсалысуға, аграрлық инно­ва­ция­лық орталықты қалыптастыруға, Курчатов ғы­­лыми қалашығын құруға шақырды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Сколково инновациялық орталығы мен Астанадағы жаңа Халықаралық университет арасында се­­ріктестік байланыстарды орнатуды ұсынды.

 – Еуропа елдерінің үлгісі бойынша тех­но­логиялық платформаларды дамыту – жо­ғары оқу орындарының, ғылыми-зерт­теу орталықтары мен бизнестің қа­­­­ты­­суымен бірыңғай зерттеу жүйесін құ­ру пайдалы. Ғылыми әзірлемелерді тиімді ком­­­мерциялау – өнеркәсіп өндірісінің бәсе­кеге қабілетінің негізі. Қазақстан мен Ре­сей­дің бірлескен күш жұмсауымен бо­ла­шақта толыққанды технологиялық және өндірістік альянс құратынымызға сенемін, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан мен Ресей қарым-қатынасының си­па­тын ас­панмен таласқан әсем зәулім үй­ге теңеді. «Менің білетінім, Ресей үшін Қазақстаннан, Қазақстан үшін Ресейден жа­қын ел жоқ. Бұл уақытпен дәлелденді, оған балама жоқ. Бізге тату көршілік одақ­тастықтың XXI ғасырға арналған жа­ңа тұжырымдамасы керек және біз оны жа­саймыз. Біздің екі­жақ­ты қарым-қаты­нас­тарымызды да­мы­туда­ғы сапалы жаңа дең­гейді қалып­тас­тыруды зәулім үйдің құ­рылысы процесімен са­лыстыруға бо­лады. Әрбір кездесуіміз, олар­дың ая­сында қол қойған келісім­де­ріміз бізге жоғары технологиялық бұл үй­дің жаңа қабаттарын салуға мүмкіндік бе­руде. Біздің КО және БЭК бойынша ық­пал­дастық шешімдеріміздің болашақта екі ха­лық пен екі мемлекеттің мүддесі мен пай­дасы үшін тату көршілік ықпалдас­тық­тың мысалы болатынына сенімдімін. Біз­дің ынтымақтастығымыз басқа елдер үшін бағдар болуда және оған ешқандай дағ­дарыстар мен күйзелістер қор­қы­нышты емес, өйткені оның іргетасында біз­­дің екі туысқан халықтарымыздың дос­ты­ғының, өзара көмегінің сан ғасыр­лық дәс­түрлері жатыр», – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Ресей Президенті Владимир Путин өтіп жатқан форум тақырыбының өзекті екенін атап өтіп, бүгінде Қазақстан мен Ресей алдында экономикалық өсім көздерін әртараптандыру жөнінде ұқсас міндеттер тұрғанын айтты.
 – Бүгінде Ресей Федерациясында мұн­дай бес шекаралас форум өтті. Осындай ша­раның іс жүзіндегі қайтарымы әр жыл са­йын артып келе жатқанын атап өту қажет. Біз инновациялық жұмысқа тек ірі компа­ния­­лар ғана емес, сонымен бірге шағын жә­не орта бизнес өкілдері де қосылады деп есептеп отырмыз. Мамандардың ба­ға­лауы бо­йынша әлемдік экономиканың да­муында шағын және орта бизнес кәсіп­орын­дары барлық инновациялық өнімдер мен қызмет көрсетуде 30-35 пайызды құ­райды, – деді Владимир Путин.
Ресей Президенті экономикалық да­му­дың жоғары қарқынын қамтамасыз ету екі мемлекет үшін басты міндет болып та­бы­латынын және ғылыми-техникалық мүм­кін­діктерді, сондай-ақ екі елдің инвес­ти­­циялық әлеуетін арттыру  қажеттілігін атап өтті.
 – Өңіраралық жоғары технологиялық ын­тымақтастықты дамыту үшін жақсы база құ­рылды. Ресей Федерациясының 76 субъек­тісі қазақстандық серіктестіктермен іскерлік байланыс орнатты. Мәскеу қа­ла­сы, Мәскеу, Новосибирск, Орынбор, Қор­ған, Челябі облыстары, Алтай және Крас­нояр өлкесі, Татарстан, Башқұртстан және Ха­касия тәрізді өңірлер анағұрлым бел­сен­ді жұмыс жүргізуде, – деді Ресей Пре­зи­денті.
 Владимир Путин сондай-ақ машина жа­сау саласына ғылыми технологияны ен­гізу басымдық болып табылатынына тоқталды.
 – Біз таяу жылдарда Қазақстанда то­лық циклді автомобиль зауытын ашуды жос­парлап отырмыз. Сонымен қатар біз К-226 Т азаматтық тікұшақтарды құрас­ты­ру жөнінде бірлескен кәсіпорындарды ұйым­дастыруға мүдделіміз. Бүгін Ресей-Қа­зақстан нанотехнологиялар қоры жұмыс жа­сайды. Бұл маңызды жоба және оны іске асыру біздің ел арасындағы өнеркәсіп кооперациясының ауқымын және сапасын арттыруға көмектеседі, – деді Владимир Путин.
Сонымен қатар Мемлекет басшылары арасында су ресурстарын тиімді пайдалану және трансшекаралық өзендерді қорғау, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасылды.  
Қазақстан Республикасы мен Ресей Фе­дерациясы аймақаралық ынтымақ­тас­ты­ғы­ның ІХ форумының аясында екі ел ми­нистр­лері арасында бірқатар бірлескен құ­жаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, екіжақты құжаттарға қол қою рәсімінде ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі Сергей Донской ҚР  ауыл шаруашылығы министрлігі мен РФ Табиғи ресурстар және экология министрлігі арасындағы киік­тер­дің Жайық-Еділдегі топтамасын қорғау, өсіру және қолдау келісіміне қол қойды.
ҚР мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев пен РФ энергетика министрі Александр Новак ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы ҚР-на мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттамасына қол қойды.
Республика Үкіметі мен Ресей Феде­ра­циясы Үкіметі арасында өнеркәсіптік апаттардың, зілзаланың, табиғи апаттар­дың  алдын алу және олардың салдарын жою туралы 1994 жылғы 28 наурыздағы ке­лісімге-хаттамаға қол қойылды. Апат­тық-құт­қару қызметтері мен құрылым­да­ры­ның мемлекеттік шекаралардан өтуін оңай­лату тәртібі туралы осы хаттамаға Қа­зақстан Республикасының төтенше жағ­дайлар министрі Владимир Божко мен Ре­сей Фе­де­рациясының азаматтық қор­ғаныс, тө­тенше жағдайлар және табиғи апат­тар сал­дарын жою жөніндегі министрі Вла­димир Пучков қол қойды.
***
Екі елдің аймақаралық форумы қар­са­ңында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапарының барысында облыс ор­та­лығында бой көтерген «Баянтау» әм­бебеп спорт сарайында болды. Мем­ле­кет басшысы биылғы Лондон Олим­пиа­да­сына қатысқан павлодарлық спорт­шы­лармен жүздесіп, өңірдің спорт са­ласындағы жаңа жобаларымен танысты. 
– Баршаңызды жаңа спорт сарайының ашы­луымен құттықтаймын. Жергілікті спорт­шылар құрама қоржынын медаль­дар­мен толтырып, келесі Олимпиада ойын­дарында ел намысын лайықты қор­ғайды деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Өңір спортшыларының атынан 1998 жылы Наганода өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Людмила Прокашева Елбасына отандық спортқа жасап жатқан шексіз қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Арслан Әбдіхалықов Мемлекет басшысына об­лыстың спорттық өмірі жайлы баяндап, ай­мағымызда қолға алынып жатқан Sport City – Pavlodar спорт қалашығының жо­ба­сы­мен таныстырды. Ұлт Көшбасшысы спорт сарайында өтіп жатқан Рафаэль Ва­хитов атындағы халықаралық турнирді та­ма­шалап, кешеннің спортзалдарын ара­ла­ды. Сондай-ақ Ақсу қаласындағы Иман­жүсіп Құтпанұлы атындағы спорт ке­шені мен Екібастұз қаласындағы му­зы­калық мектеп туралы дайындалған бейне-баянды тамашалады. Естеріңізге сала кетейік, қос ғимарат та Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған болатын.
«Баянтау» спорт сарайы ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына ар­наған биылғы Жолдауында бұқаралық спорт­ты дамытуға қатысты айтылған тап­сыр­маларының шеңберінде Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) бірлесіп қаржыландыруы арқылы салынды. Төрт қабатты кешенде он спорт залы бар. Мұнда гимнастшылар мен ауыр ат­леттер, балуандар мен шығыс жекпе-же­гінің шеберлері жаттығады. «Баянтау» бір уақытта 400-ге жуық спортшы мен бір мыңға тарта көрерменді қабылдай алады. Сарайда кәсіби жаттықтырушылардың басшылығымен түрлі секциялар жұмыс істейді деп жоспарлануда.
Спорт кешенінде өтіп жатқан халық­ара­лық бокс турниріне арнайы келген бокс­тан екі дүркін әлем чемпионы, Олим­пиада ойындарының жеңімпазы Серік Сә­пиев: «Елімізде дарынды былғары қолғап ше­берлері көптеп тәрбиеленуде. Әр өңір­де боксқа айрықша қамқорлық жасалуда. Пав­лодар қаласында алғаш рет болдым. Аң­ғарғаным, өңір жастарына бокспен ай­налысуға мүмкіндік зор екен. «Баянтау» спорт сарайының өзі талай таланттардың жолын ашарына сенімдімін», – деді. 
«Баянтау» спорт сарайы – респу­бли­ка­лық, халықаралық деңгейдегі жа­рыс­тарды өт­кізуге арналған бірегей кешен. «Баянтау» бұла таланттардың бастауы болмақ!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста