Премьер-министр Әлихан Смайылов әйелдердің зейнетке шығу жасын әр бала туған сайын 2 жылға қысқарту туралы депутаттардың ұсынысына жауап берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Halyq Uni.kz-ке сілтеме жасап.
Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанда базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы компоненттерін қамтитын 3 деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
«Оның мөлшері еңбек өтіліне байланысты айқындалады.Сондай-ақ әйелдер үшін олардың жұмыс ерекшеліктерін ескеріп, еңбек өтілін есептеуде жеңілдіктер қарастырылады. Мысалы, зейнетақы төлемін тағайындау барысында әйелдердің еңбек өтіліне бала күтіміне байланысты аналардың жұмыс істемеген уақыты да есепке алынады. Сонымен қатар, бала күтіміне байланысты демалыстағы жұмыс істейтін әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне үздіксіз қатысуын қамтамасыз ету үшін 2014 жылдан бері республикалық бюджеттен міндетті зейнетақы жарнасын субсидиялау жүргізіледі», - деп жазылған Әлихан Смайыловтың жауабында.
Ол президент тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап бала күтіміне берілетін жәрдемақы 1,5 жылға дейін ұзартылғанын атап өтті.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысы кезінде әйелдер үшін зейнетке шығу жасын әр бала үшін 2 жылға қысқарту оларды болашақта лайықты зейнетақы төлемімен қамтамасыз ете алмайды. Бұған қоса, мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасын арттыру 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде тоқтатылды. Жалпы зейнетақы жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр және ол өкілетті орган мен Үкіметтің тұрақты бақылауында, - деді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, бұған дейін бұл мәселеге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсінік берген еді.