Агроөнеркәсіп экономиканың күретамыры іспеттес. Адам баласы жермен ежелден етене байланыста. Егін егеді. Қара жерден қазына тереді. Дастарқан дән мен дәмге толады. Ықыласты ырзықтан кенде емес. Әрине, беріде барлығы ғылыми тұрғыда таразыға тартылды. Агрономия ғылымы пайда болды. Дән жинауға ден қойған дүйім жұрт осының арқасында өнімді мол жинауға қол жеткізді. Кезінде ауыл-ауылда агроном кәсібінің құлағын ұстаған адамның түкірігі жерге түспейтін. Агроном мамандығын алған жандар егіннің мол болуына қал-қадерінше үлес қосқан еді. Кезінде ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев әр гектардан 172 центнерден өнім алып, айдай әлемге атағы аспандады. Бұл орайда агроном кәсібін игерген кісілер сүбелі еңбек сіңірді. Өкінішке қарай, қазір егін де бұрынғыдай бітік шыға бермейді. Оны агрономия саласының мәні қашып тұрғанынан іздесек те болатындай.
Шынын айтайық, бүгінгі күні жастар агроөнеркәсіп саласына қызыға бермейді. Жалақы жөнінен көштің соңында болғандықтан, оған кейінгі буын өкілдерінің назар аударуға құлқы жоқ. Есесіне, күні ертең табысы мол кәсіптен іздеуді дұрыс көреді. Қазір нарық заманы. Ешкімнің құқына қол сұға алмайсың. Әркімнің өз еркі. Дегенмен бұлай жасауға болмайды. Осы күндері егіс басына бара қалсаңыз, агроном болып жүрген жасты кезіктірмейсіз. Барлығы дерлік 50-60 жастағы аға буын өкілдері болып отыр. Сонда агроөнеркәсіптің келешегі қандай болмақ?
Осылайша бүгінгі күнмен шектеліп, болашаққа негіз қалауға мән бермесек, ауыл шаруашылығы саласы қалай көркейеді? Өкініштісі, әзірге оған ешкім мән бере қойған жоқ. Елімізде қолға алынған «Дипломмен – ауылға!» жобасының да оған оншалықты пайдасы тиіп жатқан жоқ. Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, бұрынғыдай іргелі шаруашылық жоқтың қасы. Екіншіден, ұсақ құрылымдар агроном мамандығына сұраныс танытпайды. Өйткені оған төлей қоятын қаражаты жоқ. Үшіншіден, қазір көптеген жоғары оқу орнында агроөнеркәсіп саласына қажетті мамандық түрлерінің саны кеміп кеткен. Бар болғанның өзінде, оларға бөлінетін гранттар ауыз тұщытпайды. Ал қаншама қаржы төлеп, ауыл шаруашылығы мамандығын оқитын жастардың қарасы мүлдем аз. Ата-анасы да күні ертең қайырымы болар деген үмітпен баласына жалақысы жақсы мамандықты таңады, мәжбүрлейді. Айналып келгенде, осының салдарынан бүгінгі күні агроном, зоотехник, ветеринар секілді кәсіп түрлерінің қадірі қашып тұр. Қазір диплом алған жасты ауылға қолынан сүйреп алып барудың өзі қиын.
Абзал ЕРАЛИЕВ, Қазақстан күрішшілер одағының төрағасы:
– Қайсыбір кезеңде біздің елімізде ауыл шаруашылығы саласы мүлдем ұмыт қалғандай күй кешті. Елдегі кәсіпорындар ұсақталып, бірнешеге бөлініп кетті. Әркім өз шаруасын өзі күйттеп, басқасына бас ауыртқан жоқ. Кезінде жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға арнайы жолдама бойынша жіберілетін. Осының нәтижесінде қаншама адам аграрлық саланың ажарын ашып, талай рекордтық көрсеткішке жол ашылды. Қазір ондай жүйе жоқ. Соңғы кезеңде ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандықтарға мән берілмей кетті.
Ілгеріде жоғары оқу орнында мамандық түрлері сұраныс негізінде оқытылды. Бәрі де есеп-қисапқа алынды. Қандай мамандық иесіне көп сұраныс бар? Алдымен сол қаперде ұсталатын. Одан ешкім ұтылмайтын. Диплом иесі де екі қолға бір кәсіп табады. Тың идеямен жұмыс бастайды. Ауылдағы құрылым да білікті маманға қол жеткізеді. Бүгін ше? Кім көрінген агрономияға ат басын бұрып жүр. Жер-ана тоқпақты көтермейді. Ғылыми негізде жұмыс жасасаң, несібең мол болады. Оны қайталап айтып жатудың өзі артық.
Соңғы деректерге көз салсақ, Қазақстан бойынша мыңнан астам агроном жетіспейді екен. Бұл дегеніңіз, орасан зор күш қой. Сонда қазір агроөнеркәсіп саласы агроном дипломын алған адамдарға жұтаң тартып тұр емес пе? Оған неге бейжай қарап отырмыз.
Ашығын айтайық, бүгінгі таңда дақылдардың жаңа сорттарын шығару ісі де бұрынғыдай емес. Осы орайда, агрономия саласының алатын орны ерекше. Диқандар, негізінен, бұрын өндіріске енгізілген сорттарды пайдаланып келеді. Жаңасын енгізуге қол қысқа. Қаражатты былай қойғанның өзінде, оны дайындап шығаратын мамандық иелері жоқтың қасы. Мәселен, Сыр өңірінің несібесін тасытып, абыройын асқақ, беделін биік етіп жүрген күрішті алып қарайықшы. Жергілікті жердің төл тумасы саналған «Ақмаржан» сорты осыдан 30 жылға жуық уақыт бұрын өндіріске енгізілген. Содан бері ешқандай сорт мұндай «бақытқа» ие бола алмай келеді. Оның негізгі себебінің бірі ретінде мамандар тапшылығы мәселесін айтуға болады. Көршілес Ресейдің Краснодар өлкесінде жылына кем дегенде 10 сорт өндіріске жолдама алады екен. Ал бізде 30 жылда бір сортты жаңарта алмай отырмыз. Осының барлығы агрономия саласының жүгі жеңіл емес екенін аңғартады.
Нұрман ЖҮНДАБЕКОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Қай мемлекетте де агроөнеркәсіп саласына айрықша назар аударылады. Тіпті осы саланың өзінен қыруар табыс тауып жүргендер де бар. Өкінішке қарай, кезінде біз аграрлық жұмыстарда көптеген кемшілік жіберіп алдық. Сондықтан халықтың ауыл шаруашылығына деген көзқарасы өзгеріп кетті. Әсіресе агрономияда біраз қиындықтар кезікті.
Қазір ауыл дегенде ауыз толтырып айтарлық нәтиже көріне бермейді. Өйткені құтты қоныстың қан тамыры тек агроөнеркәсіп тіршілігімен қыз-қыз қайнайды емес пе? Тамырың әлсіз соқса, түрлі дерттер дендеп кетеді. Олай болса, ауыл тіршілігіне өз мәнінде көңіл бөлу қажет болып тұр.