Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың қаулысымен және қалалық мәслихаттың шешімімен елордада бірқатар көшелердің атаулары ауыстырылып, жаңа көшелерге жаңа атаулар берілді. Солардың ішінде Мирзоянның есімімен аталып келген көше енді Қаныш Сәтбаев аталатын болып өзгертілді, деп хабарлайды «Алаш айнасы» интернет порталы.
Сүйтіп, Астана қаласында Мирзоян көшесінің атауын ауыстыру жөнінде біраз жылдар бойы айтылып келген әңгімеге соңғы нүкте қойылды. Айта кетерлігі, көше атауын еліміздің біртуар азаматы, ұлтымыздың маңдайына біткен мақтанышы, қазақ ғалымының атына беру жөнінде ұсыныс бұған дейін де бірнеше дүркін айтылған. Дегенмен, кейбір әңгімелерге сүйенсек, бұған жергілікті армян диаспорасының өкілдері қарсылығын білдіріп келіпті. Әйтсе де, қалалық ономастикалық комиссия мәселенің ақырғы нүктесін қойып, атау ауыстырылсын деп шешім шығарып отыр.
Осы тұста айта кетерлігі, қазақ басына түскен зұлмат жылдарында ұлт зиялыларын қырып-жоюға Левон Мирзоянның да қатысы бар екенін тарихшыларымыз дәлелдеген болатын. Мирзоянның осындай әрекеттерін әшкерелейтін архивтік материалдар мен ҰҚК-нен тиісті дәлелді деректер де табылған. Ендеше, Астана қаласындағы көшеден Мирзоянның есімін алып тастап, Сәтбаевтың атымен атау - әділеттіліктің орнауымен теңдей.
Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланғанындай, қаулыға сәйкес, бұған дейін шартты түрде аталып келген бірқатар көшелердің атауы да өзгерген. Атап айтқанда, Астана қаласы Алматы ауданы бойынша шартты түрде "№142 көше" болып жүрген көше – Өзбекәлі Жәнібек көшесі аталды. Бұдан бөлек, Есіл ауданы бойынша: № 199 көше – Шыңғыс Айтматов көшесі; № Е-352 көше – Будапешт көшесі; № 209 көше – Ұзақ батыр көшесі; № 203 көше – Жәмеңке абыз көшесі; № 59 көше – Жантай батыр көшесі; № Е-487 көше – Зейін Шашкин көшесі; № Е-107 көше – Әмина Өмірзақова көшесі; № 200 көше – Ілияс Омаров көшесі болып аталды.
Ал Сарыарқа ауданы бойынша № 188 көшеге Шәймерден Қосшығұлұлының есімі берілді. Сонымен қатар, енді бұдан былай Дарабоз бен Асқар Тоқпанов көшелері біріктіріліп – Асқар Тоқпанов көшесі деп аталады. Бұдан басқа, Сарыарқа ауданы бойынша: Тұрар Рысқұлов көшесі – Бұқарбай батыр көшесі деп; Нұрғиса Тілендиев орамы – Аспандияр Кенжин көшесі деп; Жерұйық көшесі (3-4 пикет) – Рақымжан Дүйсенбаев көшесі деп қайта аталатын болды.