Соңғы кездері ел арасында «Қарағанды ескерткіштер қаласына айналып барады» деген сөз таралып-ақ тұр. Жақсы мағынасында сүйініштен туған лебіз бұл. Сенбесеңіз кеншілер шаһарына келіңіз! Жезқазған қаласы бағытынан кіреберіс күре жол бойында Қасым ақын ескерткіші қарсы алады, қала әкімдігінің қарсысында Бұқар жырау бабамыз, «Шалқыма» концерт залы жанында Абай ескерткіші, облыс әкімдігінің қарсысында Қаздауысты Қазыбек бидің мүсіні асқақтап тұр. Жақында теміржол вокзалы алаңында Қаныш Сәтбаевтың мүсіні қойылмақшы.
Сүйінбей көріңіз! Ел тарихына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаларымызды ұлықтау осындай-ақ болса керек. Облыс орталығында қолға алынған істер Қарағандыға қанаттас шағын шаһарларда да заңды жалғасын табуы керек-ақ еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұрған жайы бар. Әлбетте, қазақ атырабындағы ірі қалалардың біріндегі үлкен шаруаларды шағын кенттерден күту сорақылық болары анық. Десек те, өзге өңірлер мен қалалардың тұрғындары тамсанып отырған жайттар, Қарағанды маңындағы мекендерде еленбей қалмай ма деген алаң бар. Мәселен, биылғы жазда құрылғанына 50 жыл толған Абай қаласындағы жағдаяттарды мысалға алып көрелік. Біз Абай қаласындағы Абай ескерткішінің төңірегінде өрбіген даулы әңгіме туралы бұдан бұрын да жазған болатынбыз. Енді ретімен тараталық.
Осы жылғы жаз ортасында Абай атын алған шағын шаһардың орталық көшелерінің бірінде орналасқан ақын ескерткіші алынып тасталды. Алыну себебі: ақын ескерткіші көлік көп жүретін, күн райы бұзылған күндері лай-батпақ астында қалатын ыңғайсыз орында орналасқан екен. Бұл орынға жергілікті әкімдіктің ұйғарымымен үш ақ боз аттың мүсіні қойылды. Ал Абай атамыз қаладағы қазақ мектебінің ауласында бір айдай жамбастап жатты. Қош делік, кейін ескерткіш те сол мектеп ауласында тұғырына қондырылып, өз орнын тапсын. Қала мерейтойы қарсаңында Абайда тағы бір ескерткіш ашылды. Ол да – данышпан Абай Құнанбайұлының ескерткіші. Қала әкімдігі ғимаратының қарсысында, үлкен алаңға орналастырылды. Бір қызығы, ескі ескерткіші алынып тасталғанда, жол бойында тұрғандықтан, тазалық мәселесі сын көтермейді деген сылтау айтылған еді ғой. Ал жаңа ескерткіштің де тұрған жері тура жол жиегі. Үлкенді-кішілі көлік атаулы батпақ шашып, лай шашыратып, өтіп жатқан жол жиегі. Тағы да еріксіз ойға үш ақ боз орналасқан алаңның жайы оралады. Әу баста ақын ескерткіші тұрған кезінде лайықсыз саналған орын қазір ерекше абаттандырылған жайы бар.
Үш аттың алаңы да едәуір кеңейтілген, көлік жолы қысқартылған. «Осынау шаруалар ақын ескерткіші тұрғанда неге жасалмады?» Әлде, аттың қадірі атайы ақыннан артық па?» деген сауалдар еріксіз ойға оралады. Бұл аздай, ақынның жаңа қойылған ескерткішінің орындалу мәнері де данышпан Абай атына лайық емес екенін қарусыз көзбен-ақ аңғаруға болады. Бәкене бойлы, жарғақ киген аяғы денесінен ірі көрінетін тас мүсін Абайдан гөрі аулақта қой баққан шопанға келетіндей. Әлем таныған Абайды сіз танымай қалуыңыз мүмкін. Сырттан келген әлдекімдер «мақтап жүрген Абайларыңыз осы ма?» деуі де мүмкін. Оның сыртында ақынның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қанатты жолдарының қаріптері қирап, түсіп қалыпты. Сірә, жергілікті әкімдік тарапынан осынау ескерткішке жанашырлық жоқ тәрізді. Әйтпесе былтырдан бері Абай аудандық «Абай – ақиқат» газетінің мемлекеттік тілде жазылған әр әрпін санап, қазақша мәтіні мен материалдарының қысқаруына «демеу жасап отырған» аудан әкімі Е.Нашаров мырза қайда қарап отыр?! Абай атын алған қала мен аудан басшылары Абайды асқақтатпаса, сыйламаса, басқа тұрғындарынан не дәметеміз?! Абайды қорлау қашан тыйылар екен?
Ақан ТЕЛІБАЙҰЛЫ, мәдениет қызметкері:
– Ақын атамыздың ескерткішінің бұрынғы орналасқан жерінің алаңы тар деп айтылған уәжді ел біледі. Ал сол орынға үш ақ боз ат орналастырылған бетте әлгі алаң кеңейтіліп, көлік қозғалысының жолы да реттелді. Бұрын неге істелмеді? Ал ақынның жаңа ескерткіші қойылған жердің алаңы өте тар. Тура жол жиегінде. Бұл Абайды анық қорлау тәрізді боп елестейді маған. Жергілікті биліктің не ойы бары бізге беймәлім...
Абайдың асқақ тұлғасын аласартып жібергеніміз қалай?
Последние статьи автора