«Абай оқулары» байқауы басталды
Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Тіл комитеті Қазақстан халқы тілдерінің IX фестивалі аясында республикалық «Абай оқулары» байқауы өткізілетіні туралы жариялады.
Аталмыш шара Абай шығармашылығын, қазақ мәдениетін, мемлекеттік тілді насихаттауды көздеп, сондай-ақ өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Байқауға Қазақстанда тұратын 18 бен 30 жас аралығындағы кез келген ұлт өкілі қатыса алады. Екі бөлімнен тұратын байқаудың бірінші бөлімінде қатысушылар Абайдың көркем шығармаларын мәнерлеп оқуы тиіс. Ал екінші бөлімде қатысушылар ақынның әндерінің бірін орындайды. Байқау, негізінен, екі кезеңнен тұрады. Қыркүйек айында өтетін тілдер фестивалінде байқаудың екінші кезеңі басталады. Ал тамыздың 30-ына дейін байқаудың алғашқы кезеңі түрлі аймақтарда өтеді. Байқаудың аймақтық қорытындысы шыққаннан кейін жеңімпаздар республикалық байқауға қатысуға жолдама алады. «Абай оқулары» байқауында жеңімпаз атанғандар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бір ескеретін жайт, былтырғы жылы байқауда лауреат атанғандар биылғы байқауға қатыса алмайды. Байқау туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдер комитетінен білуге болады.