+43 градус ыстықта абай болыңыздар!
Ауа райын болжаушы мамандар алдағы демалыс күндеріне дейінгі аралықта Батыс Қазақстанда ауа температурасы +43-ке дейін көтеріледі деп отыр. Өрт қаупі аса жоғары болатындықтан, аса сақ болуды да ескертеді. Еліміздің өзге облыстарында қатты жел соғып, жауын-шашын күтілуде.
«Қазгидромет» кәсіпорнына сілтеме жасаған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның батыс аймақтарында 40 градустық ыстық болады. Маусымның 14-16 аралығында бұл өңірдің ауа температурасы +40-тан +43 градусқа дейін көтерілуі ықтимал. Нақтырақ айтсақ, Атырау облысында + 35-39 °С, 15-16 маусымда кей жерлерде +40-43 °С дейін қатты ыстық болады. Ал Маңғыстау облысында +35-39 °С, 15-16 маусымда +43 °С, Ақтөбе облысында + 35-38 °С ыстық ауа райы күтілуде. «Белсенді циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар Қазақстанның шығыс бөлігіне өз ықпалын сақтайды, осы жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел күшейіп, бұршақ болуы мүмкін» деп хабарлайды «Қазгидромет» қызметкерлері. Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл облыстарында, түнде Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ал Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының кей жерлерінде желдің жылдамдығы артып, 17-22 м/с болады деп күтілуде. Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман түсіп, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады. Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында, Ақтөбе облысының кей жерлерінде аптап ыстық болатынын мамандар қатаң ескертіп отыр.