300 млн теңге қарызы бар борышкердің шетелге шығуына шектеу қойылды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік сот орындаушысы (жауапкер) кассациялық шағыммен жүгінді. Бұған дейін соттар жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығуын белгілі бір деректердің болмауына байланысты уақытша шектеу жөніндегі қаулысының күшін жойған.
Қазіргі кезде талапкердің қарызы 300 млн теңгеге жуық, ай сайын 25 мың теңгеден төлейді. Талапкер қарызын төлеуден бас тартып отырған жоқ, бірақ оның берешегін өтейтін қандай да бір активтері жоқ. Борышкер медициналық тексеруден өту үшін еліміздің аумағынан шыққысы келеді. Бұл ретте талапкер еліміздің медициналық көмегіне жүгінбейді және оның диагнозын анықтағысы келетін науқасы ауыр санатқа жатпайды.
Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының тұжырымы мынадай:
1) Қарыздың көрсетілген мөлшері кезінде шығуды шектеу – заңға сәйкес мемлекеттік сот орындаушысының міндеті. Оған сот санкция берді.
2) Борышкердің құқықтары бұзылмаған, өйткені оған бұған дейін белгіленген тәртіппен емделу үшін шетелге шығу құқығы берілген.
3) Борышкердің шектеуді тоқтата тұру туралы соңғы өтініші қажетті құжаттармен расталмағандықтан, мемлекеттік сот орындаушысы оны қанағаттандырмаған. Борышкер оның шешіміне шағым келтірмеген.
4) Соттар даулы қаулыдағы кемшіліктерді дұрыс атап өтті, бірақ олар шығуға шектеу ережелерінің заңсыздығына әкеп соқпайтынын, яғни формальды болып табылатынын ескермеген.
5) ӘРПК-нің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, мәні бойынша дұрыс әкімшілік акт бір ғана формальды негіздер бойынша заңсыз деп таныла алмайды.
Кассация төменгі сатыдағы соттардың актілерінің күшін жойып, талапкер – жеке тұлғаның талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты.