Қазақстандық кәсіпкерлер елімізде аяқкиім бағасы 30%-ға қымбаттауы мүмкін екенін жеткізді. Оның себебі - 1 шілдеден бастап аяқкиімдердің барлығы арнайы таңбалаудан өтуден тиіс деген ереженің енгізілуі. Ал бұл кәсіпкерлер үшін қосымша шығын болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеп хабарлайды.
Гүлнар Сынбинова жеті жылдан бері Италиядан аяқкиім әкеліп сатумен айналысады. Ал енді ол келесі айдан бастап Қазақстанға тасымалданған әрбір қораптың сыртына арнайы екі өлшемді Data Matrix кодын жапсыруы тиіс. Оның айтуынша, әрине, бұл бастама дұрыс, өйткені осылайша сатып алушыларды сапасыз тауардан қорғауға болады. Десек те мұның арты аяқкиімнің қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін. Өйткені Қазақстан үшін арнайы таңбалауды жүзеге асыруға ешбір фабрика, ешбір транспорттық ұйымдар келіспей отырған көрінеді. Ал әрбір таңбаның құны 10-15 цент (шамамен 50-70 теңге) болмақ.
"Еуропада адам өз қолымен орындайтын жұмыс қымбат бағаланады. Ол жақтағылардың айтуынша, егер әрбір қорапқа таңба басатындар жалдайтын болса, қымбатқа түседі. Екіншіден, тасымалдау мерзімі ұзарып кетеді. Ал аяқкиімді әр маусым сайын әкеліп тұру қажет", - дейді аяқкиім дүкенінің иесі Гүлнар Сынбинова.
Кәсіпкерлердің сөздеріне сүйенсек, әрбір аяқкиімді базаға тіркеп, ол туралы барлық ақпаратты көрсетіп, оның төрт суретін енгізу өте қиын дүние. Бұған қоса, елімізде компьютерді дұрыс қолдана алмайтын саудагерлердің саны жетіп-артылады.
"Менің ойымша, базар саудагерлерінің 50-60%-ы қатты қиналады. Әрине, олар контрабандаға жол бермей, өз істеріне жауапкершілікпен қараса игі еді", - дейді Қазақстанның кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин.
Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері бұл бастама бірқатар аяқкиім өндірушілері мен тасымалдаушыларының қатысуымен өткен пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылғаннан кейін ензілгенін айтады. Қазір бұл жоба мемлекеттік органдардың талқылауында.
"Қазір кәсіпкерлердің өте көп жіберілген өтініштерін ескере отырып, міндетті таңбалауды енгізу барынша кейінге шегеру қарастырылуда", - деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бас маманы Эльмира Айбатырова.
"1 шілдеге дейін Қазақстанға әкелінген аяқкиім тауарлары таңбалаусыз сатыла береді. Алдағы уақытта кәсіпкер таңбалаңбаған тауарды бір жылдың ішінде сатып үлгермесе, оларды таңбалаудан өткізуі керек болады. Ал 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап таңбаланбаған аяқкиімдерді сатуға тыйым салынады", - деді ҚР тауарларды таңбалау бірыңғай операторының өкілі Мухамед Хайдар.
Тауарлардың таңбалануын бақылайтын Мемлекеттік кірістер комитеті әзірге түсініктеме бермепті. Комитеттегілер әлі ешқандай нормативтік құқықтық актілерді алмағанын алға тартады. Аяқкиім импорттаушыларының пікірінше, таңбалау бағаға әсер ететіні анық. Оны жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер бөлек қызметкер жалдап, әрбір аяқкиімге таңбаланған мөрлерді жапсыруға мәжбүр болады. Бұған қоса, көлік шығындары көбейеді. Соның салдарынан болжам бойынша аяқкиімнің бағасы 20-30 пайызға көтеріледі.