24 тамызда Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау өтеді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенат депутаттарын таңдаушылар - мәслихаттардың депутаттары болып табылатын республика азаматтары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды.
Парламент Сенатының депутаттарын сайлау таңдаушылардың бірлескен отырысында өткізіледі, отырыс сағат 11.00-де (елорда уақытымен) басталады.
Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда таңдаушыларды тіркеу сағат 10.00-де (елорда уақытымен) басталады.
Парламент Сенатындағы 6 мандатқа 12 кандидат үміткер болып отыр.
Барлық үш өңірдегі таңдаушылардың жалпы тізіміне 346 мәслихат депутаттары енгізілген.
Дауыс беру күні Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында төмендегі сілтемелер бойынша онлайн байқау сервистері жұмыс істейтін болады.