Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Scopus деректер базасының халықаралық рейтингтік басылымдарында жарияланған мақалалары үшін қаржылай сыйақымен марапатталды.
Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаевтың шешімімен арнайы сыйақыға Scopus мәліметтер базасының журналдарында мақала жариялаған 234 автор ие болды. Жалпы сомасы 74,8 млн теңгені құраған сыйақы мөлшері CiteScore рейтингтік журналдарының STR, квартиль және процентиль көрсеткіштеріне байланысты тағайындалды.
Бұл ҚазҰУ авторларын материалдық тұрғыдан ынталандыру және білім алушылар мен оқытушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартудың ең тиімді құралдарының бірі болып табылады. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың университеттердің әлемдік рейтингінде ілгерілеуіне айтарлықтай әсер етпек.
Қаржылай сыйақы алдағы уақытта да Scopus деректер базасына кіретін журналдарда жарияланған рейтингтік мақалалардың авторларына беріледі. Олардың арасында дәйексөзділігі жоғары рейтингтік мақалалар басымдыққа ие болады. Университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен ғылыми қызметкерлері, сонымен қатар білім алушыларының мақалалары үшін де берілетінін атап өткен жөн.
Scopus – ғылыми басылымдардың мақалаларынан дәйексөз алу деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін әлемдегі ең ірі рефераттық дерекқор. Әлемдік базаны университеттер де, ғылыми-зерттеу институттары да қызметкерлердің жарияланым стратегиясын анықтауға, ал рейтингтік агенттіктер жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтерін құру үшін пайдаланады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі