2030 жылға дейінгі инновациялық даму жоспары әзірленіп жатыр
Бүгінгі әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген мемлекеттің инновациялық әлеуеті жоғарылаған сайын елдің жалпы ішкі өнімі де көтеріледі. Ал шағын және орта бизнес сол инновациялық әлеуеттің негізгі қозғаушы күші болып саналады. Себебі кәсіпкерлер ел экономикасына озық технологияларды әкеліп, отандық өнірісті жан-жақты жаңартып тұрады. Қазақстан болса, ел экономикасының инновациялық әлеуетін индустриялық жоспармен ұштастырып, іргелі жобаларды арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында іске асыруда. Енді Үкімет 2030 жылға дейінгі елдің инновациялық даму жоспарын әзірлеп жатыр. Соған қарағанда, бұл жұмысқа әзірше жекеменшік сектор емес, мемлекеттің өзі жауапты болып қала бермек.
Кеше Астанада «Инновациялық Қазақстан – Тәуелсіз 20 жылдан кейінгі болашаққа көзқарас» тақырыбында инновациялық форум басталды. Форумның алғашқы отырысында соңғы 20 жылдағы еліміздің инновациялық даму деңгейі қаралды. Осыған орай әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік сарапшылар өз ойларын ортаға салса, Үкімет мүшелері осы жұмысты жалғастыруды көздейтін нақты жоспарларын жария етті. Ал Премьер-министр Кәрім Мәсімов инноватор азаматтарға өз алғысын білдіріп, оларға дұрыс көзқараспен қарауды үндеді.
«3D» да ескіре бастады
Негізі, Тәуелсіз 20 жылдың тең жартысын Қазақстан инновациялық саясатты дамыту жұмысына арнады. 2000 жылдан бері сан алуан іс-шаралар атқарылып, үш жылдан кейін 2003-2015 жылдарға арналған елдің индустриялық-инновациялық стратегиясы әзірленді. Үш кезеңді қамтитын бұл стратегияның соңғы мерзімі бүгінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына тиесілі болып отыр. Сондықтан осы құжаттың нәтижесі еліміздің нақты инновациялық даму деңгейін көрсетпек. Премьер-министрдің орынбасары-индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, қазірдің өзінде Қазақстанның осы салада қол жеткізген жетістіктері жоқ емес.
«Біріншіден, инновациялық бастамаларды қолдаудың мемлекеттік жүйесі қалыптасты. Екіншіден, осы салада бизнеске қаржылай көмек көрсетіледі. Үшіншіден, бүгінде ғалымдар ғана емес, өндірістік ошақтар, өнертапқыштар, студенттер, тіпті оқушылар да инновациялық идеямен айналыса бастады. Мәселен, биыл инновациялық бизес-жобалар байқауына түскен ғылыми жұмыстардың саны үш есе артты. Олардың ішінде экономикалық маңызы бар бастамалар баршылық», – дейді Ә.Исекешев.
Осыдан кейін министр Үкіметтің алға қойған жоспарларымен бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, кейбір технологиялар уақыт өте келе ескіретіндіктен, болашақта ұзақ мерзімді технологияларды дамыту жұмысына негізгі басымдық берілетін болады. «Мәселен, бүгінде арнайы көзілдірік арқылы көретін 3D үлгідегі теледидарлар халық арасында кеңінен таныла бастады. Біле-білсек, қазір ондай теледидарлар көзілдіріксіз шығарыла бастады. Демек, оның алдындағы технология айналдырған бір-екі жылдың ішінде-ақ ескіріп қалды. Сондықтан бұл жерде алдын ала жоспарлау жұмысының маңыздылығы зор. Ол жоғары технологиялық даму үдерісін болжай білуі тиіс», – деп атап көрсетті Ә.Исекешев. Алдағы уақытта Үкімет әрбір технология бойынша арнайы даму картасын әзірлеп, ол бойынша тиісті қолдау шараларын көрсетеді. Жалпы, Қазақстанның инновациялық саясаты ұлттық және аймақтық бағытта жүргізіледі. Осыған орай, Ұлттық технологиялық даму жөніндегі агенттік құрылып жатыр. Ол жергілікті жерлердегі инновациялық кәсіпорындардың жұмысын үйлестіріп, мемлекеттік қолдау шараларының негізгі операторы болмақ. Ал келесі жылы Үкімет Қазақстанның 2030 жылға дейінгі инновациялық даму жоспарын қоғам талқысына ұсынатын болады.
Инновациялық шығын 76 млрд теңгеге жетеді
Әрине, ел экономикасының инновациялық әлеуетін көтеру жұмысына, ең алдымен, ұлттық компаниялар жауапты. Сондықтан биыл «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы осы саладағы саясатты түбегейлі өзгертті. Енді ұлттық компаниялар отандық ғылымның жаңалықтарын өндіріске енгізетін болады. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» келесі жылы арнайы бағдарламаны қолға алуды жоспарлап отыр. Оған сәйкес, біріншіден, ұлттық компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттары арасында бекем байланыстар орнатылады. Екіншіден, барлық ұлттық компаниялардың жанынан ғылыми жаңалықтарды енгізудің сынақ алаңдары ашылады. Себебі бүгінде елімізде ғылыми жаңалық көп, бірақ оны өндіріске енгізуге қажетті инфрақұрылым жоқ. Үшіншіден, жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсету көзделген. Осы мақсаттарға қыруар қаржы қарастырылған екен. «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы әрі «Самұрық-Қазына» қоры төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, 2012 жылға дейін аталған бағдарлама аясындағы шығындардың жалпы көлемі 8 млрд теңгеден 42 миллиардқа дейін көтерілмек. Ал 2015 жылда «Самұрық-Қазынаға» қарасты ұлттық компаниялардың инновациялық жұмыстарға жұмсайтын қаражаты 76 млрд теңге болады деген болжам бар.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов болса ақшадан бұрын, ең алдымен, инноваторларға деген қоғамдық көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет деп санайды. «Өкінішке қарай, кез келген адам инноватор бола алмайды. Бұл – табиғи заңдылық. Ондай адамдардың ДНК-сы, жалпы, ойлау қабілеті өзгеше болып келеді. Басқа азаматтар тек адал жұмыскер ғана бола алады. Ал инноваторлардың жөні бөлек. Сол себепті біз ондай дарындыларды тауып, олардың табиғи қасиетін іске асыра білуіміз қажет. Оны біз арнайы қаулы шығарып, міндеттей алмаймыз. Ол үшін тек қолайлы жағдай ғана жасап беру керек. Әрине, біз тұрақты әрі бірқалыпты өмірге үйреніп қалыппыз. Ал біреу келіп, оның бәрін өзгерткен кезде, ұнатпай қаламыз. Бірақ ол болмаса, ел мен халық артта қалуы әбден мүмкін. Бұл күн – жаңа технологиялардың заманы. Осыны сезіне білген мемлекеттер ғана ХХІ ғасырға нық басып, алға шыға алады», – деп атап көрсетті Премьер-министр. Осы орайда ол Үкіметтің 2012 жылдағы алғашқы отырысын инновация мәселесіне арнауды ұсынды.
Хосе ПАЛАЦИН, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссияның инновациялық саясатты дамыту жөніндегі секцияның жетекшісі:
– Әрине, елдің инновациялық әлеуетін көтеру үшін біраз жұмыс жасау қажет. Ол үшін адам капиталын дамытып, нақты өндірістік ошақтармен тығыз байланыстар болуы қажет. Оған қоса, кәсіби-техникалық білім беруді барынша жақсарту міндет. Негізі, Германия мен Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекеттерде инновациялық әлеуеттің 70-80 пайызын шағын және орта бизнес қамтамасыз етеді. Мемлекет оларға тек қажетті жағдай жасап беріп отырады. Әлбетте, бизнес инновацияларға қаржы салуға мүдделі болуы шарт. Қазақстанда инновацияларды дамыту жұмысын мемлекет жүргізеді екен. Бәлкім, бұл шығыс халықтарына тән қасиет шығар.
Эмануэль САЛИНАС, Дүниежүзі банкінің Қазақстандағы үйлестірушісі:
– Негізі, бүгінде Қазақстан өзінің инновациялық әлеуетін толыққанды игермей отыр. Егер бұл әлеуеттің барлығын пайдаланатын болса, үлкен экономикалық нәтижеге қол жеткізуге болады. Меніңше, елдегі инновациялық бастамалардың басым бөлігі мемлекет тарапынан қолдау табуы тиіс. Қазақстан халықаралық ғылыми-зерттеу қауымдастығымен де тығыз байланыс орнатуы қажет. Себебі біздің мәліметімізге сәйкес, Қазақстандағы өндірістік ошақтардың тек 14 пайызы ғана әлемдік жаңалықтарды қолданып келеді.