Жүсіп Қыдыров: Мен таусыла сөйлесем кінәлама...

Жүсіп Қыдыров: Мен таусыла сөйлесем кінәлама...

* * *

Не десе жұрт, о десін, айқын маған:
Жердің сырын толықсып Ай тыңдаған:
Сен де, сәулем, тыңдашы, бір сырым бар
Бұрын-соңды өзіңе айтылмаған!

Өртенбесе бұл жүрек алқынбаған,
Сақылдаған ыстық қан салқындаған.
Ай қабағым, тыңдашы, бір сөзім бар
Бұрын-соңды өзіңе айтылмаған.

Түннен кейін көтерер күн еңсені,
Сол бір сөзде тірліктің құн-өлшемі.
Айтайын ба?
Айт десең – тыңда онда:
«Сүйем сені, сәулешім, сүйем сені!»

«Бір айтқанды мың айту ермек нендей!» –
Дедің күліп, шайқап жел тербеткендей.
«Сүйем» деген әр сөзім жаңа сөз ғой
Жылда келер жаңарып әр көктемдей. 

* * * 

Бірге саған берілген бесігіңмен
Сәуле-нұрдай айналдым есіміңнен.
Сенің атың аталса, қуаныштан
Есім ауып, біресе есім кірген.

Шайдай ашып көңілімді жабырқаған,
Жақсылықпен жанымды жарылқаған.
Есіміңе затың сай, айналайын,
Көрген адам сыныңа таңырқаған.

Саған арнап мен тердім әлем гүлін,
Махаббаттың айттым пәк, тереңдігін.
Не замандар өтсе де, сенем, күнім:
Осыншама толқытқан, жыр жазғызған
Сенің атыңды айтар ел менен бұрын.

* * * 

Арзан күлкі мен үшін қалды ескіріп,
Ол сүймесе – көңілім көрмес тынып.
Отқа ойланбай түсемін айтпасаң да,
Айналайын махаббат – жанкештілік.

Жеңіл ойын мен үшін қалды ескіріп,
Ол сүймесе – кетеді таң кешкіріп.
Суға ойланбай секірем айтпасаң да,
Айналайын махаббат – жанкештілік.

Сыпайылық мен үшін қалды ескіріп,
Сүйем деген бір сөзі мәңгі естіліп,
Қалың жауға шабамын жалғыз қара,
Айналайын махаббат – жанкештілік.

Соны айтса – өлеңді, әнді есті де,
Сүйе алмаса сөз сұрап барма ешкімге.
Отқа, суға риза боп қойып кетер
Шын махаббат болады жанкештіде!

* * * 

Келсе көктем базары
Қыздар жайнап кететін.
Біреуінің ажары
Біреуінен өтетін.

Қиғаш қасты, ай маңдай
Қарағанда бұрылып...
Дала гүлге толғандай
Маңай толы сұлулық.

Нәркес көздер, беу, қандай
Қалдың десей сыр ұғып?..
Дала нұрға толғандай
Маңай толы сұлулық.

Таңданушы ем мен күнде-ай,
Әр шамға бір ұрынып...
Дүние ғажап толқындай,
Дүние толы сұлулық.

Бәрін сүйіп әлекпін,
Бәріне де жанушы ем.
Бір-ақ сәтте жоқ еттің
Көркіңменен бәрін сен.

Сен екенсің аңсарым,
Найзағайы бұлттың.
Нөкерлерін ханшаның
Сұлулық деп жүріппін.

Аспанымда Күн жүзді
Байрағындай үміттің.
Жыпырлаған жұлдызды
Сұлулық деп жүріппін.

Ғайып болды ес мүлде,
Жыр тыңдаймын наз үннен.
Сенен басқа ешкімге
Қарамаймын қазір мен.

Көктем кеп жер түледі,
Көркем қыздар жоқ па елде?
Біреуінен біреуі
Ажарсыз боп кеткен бе?

Ажарсыз ба түз гүлі,
Бар кәкірі – сенде ме?
Мен қарайын,
жүзіңді
Сәл жасыршы кеудеме.

 

* * *

Ыстық сөзің дауа маған қашаннан,
Шаршаса да, сәтте көңілім жасарған.
Сенен хабар келген күні жалғанның
Тауқыметі келмес еді шашамнан.

Ерінбеші, жаза берші хат маған,
Сырыңды айтып жент, майдай сақтаған;
Ұмыттырып таңдарымды атпаған,
Ұзын сонар күндерімді батпаған.

Шарапатты сен жіберген кептерің
Алатаудың алып келді өкпегін,
Ризамын!.. Сағынышым өзіңе
Бұрынғыдан асып кетті-ау тек менің.

* * * 

Төгіп өтті ақ жауын.
Бұлт тарады.
Жер мұнтаздай,
Көрген көз сұқтанады.
Кемпірқосақ қиылып күншығыстан,
Сайын дала сүйсініп жұтты ауаны.

Рақаттаншы тірлікпен сен де бірге,
Кемпірқосақ. Көз тоймас шеңберіне.
Тойымызға кілемін тоқып жатқан
Анамыздың әлде ол өрмегі ме?!

Рақаттаншы менімен сен де бірге,
Кемпірқосақ. Көз тоймас шеңберіне.
Дүниенің қызыл-жасыл бояуындай
Айналар ма таңертең жер де гүлге.

Азан-қазан бауларда құс қаптаған,
Жап-жас дала;
Сәбидей тіс қақпаған...
Кемпірқосақ жүгірсем жеткізбейді
Сен секілді қусам да, ұстатпаған.

Құбылады тіршілік неше түрлі,
Сылаң қағып,
Құлпырып көрсе күнді.
Сен сұлусың шұғылалы табиғаттай,
Табиғат та қылықты-ау сен секілді.

  

* * *

Сүйсе мені сендей сүйсін бір адам,
Сендей таза болсын бәрі күнәдан.
«Алыс жолдан келгеніңде төсіңе
Қандай бақыт, – дейсің, – өксіп құлаған».

Сен биіксің, аспан деген жай биік,
Сен күлімдеп қабағыңмен ай қиық:
«Қандай бақыт, – дейсің, – мынау жалғанда
Берген саған өз қолыммен шай құйып!»

Қасқа лақтай ойнақтаған еркем ең,
Қайық болсам, сен қанатты желкен ең.
«Қандай бақыт, – дейсің, – сені қия алмай
Аттандырып тұрған күнде ертемен».

Лаулап жанған жүректегі от өше,
Тойынбайық көздің мынау еті өсе.
Сен бақытты болсаң дәйім менімен,
Мен бақытты болғаным ғой екі есе. 

* * *

Махаббат келер сұраусыз,
Қаласа сені көкейім:
Кісенсіз, құлыпсыз, бұғаусыз
Тұтқының болмай, нетейін,
Садағаң болып кетейін.

Махаббат сөнер жанусыз,
Қаласа сені көкейім:
Сауытсыз, атсыз, қарусыз
Батырың болмай нетейін,
Жауыңа жалғыз жетейін.

Алдымнан ұзақ жол шықты,
Тесілсе сен деп көкейім,
Өзіңнің сүйген меншікті
Ақының болмай нетейін,
Армансыз жырлап өтейін. 

 

* * *

Сен жоқ жерде – жол табар ақылым жоқ,
Шаршағанда тігетін шатырым жоқ.
Сенсең, мынау кең байтақ дүниеде
Сенен басқа жанашыр жақыным жоқ.

Сен жоқ жерде – гүлнәзік өлеңім жоқ,
Жұртты аузына қаратқан өнерім жоқ.
Мынау жалпақ фәниде сенен өзге
Сүйерім жоқ, серік деп сенерім жоқ.

Сен жоқ жерде – сымбатты кешқұрым жоқ,
Күн жоқ, түн жоқ, таң да жоқ, кешқұрым жоқ,
Көп ішінде жүремін жалғызсырап,
Сенен басқа, жаным-ау, ешкімім жоқ.

Сен жоқ жерде – мәні жоқ баһар, бақтың,
Бұл жырымды қай шыңға апармақпын?..
Мен таусыла сөйлесем кінәлама,
Әсері ғой таусылмас махаббаттың. 

* * *

Іздемесем шарқ ұрып, кез келмес те ең,
Тауып алғам мен сені көз көрместен.
Өзгерсе де дүние, жап-жас күйде
Махаббатым қалады өзгерместен.

Жан едім мен жаһанды кезген, кешкен,
Сені көріп, шығардым өзгені естен.
Өзгерсе де дүние, қызыл шоқтай
Қызғанышым қалады өзгерместен.

Көркіңе мен ғашықпын көзден көшкен,
Адам менен уақыт безбендескен,
Өзгерсе де дүние, жүзге келіп,
Тұрардайсың уылжып, өзгерместен.

***

Көктем келдi,
Өмiр келдi жерлерге жан баспаған,
Қанат бiттi қалықтар алғаш маған.
Күндiз-түнi тыңдаймын әндi аспаннан.
Көктедi қаулап көңiлiм,
Салтанатым, шеруiм. 

Көктем келдi,
Жасаумен безендiрiп Күн даланы,
Махаббаттай алаулап гүл жанады.
Ынтығым бәйшешектей ырғалады,
Сен боп дiнiм, сенiмiм –
Салтанатым, шеруiм. 

Көктем келдi,
Құлпырдым лебiзiңнен, әзiлiңнен,
Дүние жаралғандай нәзiк үннен.
Қара қас қарлығашым көзi күлген.
Таусылмас ұзақ өмiрiм,
Салтанатым, шеруiм. 

Көктем келдi –
Сен келдiң!
Сағынысқан шағаладай
Қанат жайып мен ұштым саған қарай,
Қанат жайып сен ұштың маған қарай,
Сыйлаған маған сенi кiм,
Салтанатым, шеруiм?!

 

* * * 

Тарқатшы бұрымыңды, тоты құсым,
Ұнайды маған солай отырысың. 

Айналдым мен керiлген қабағыңнан,
Жүректi көздеп атқан жанарыңнан. 

Тарқатшы маған айтып сен мұңыңды,
Аялап мәпелейiн мен гүлiмдi. 

Айналдым тал бойыңнан, тал шыбығым,
Көктемде сөнбейтiн боп жаншы, Күнiм. 

Тарқатшы буған-түйген ашуыңды,
Маған-ақ тасташы сол жасыныңды. 

Айналдым әзiлiңнен, әдебiңнен,
Ғашықтық, сен осындай әдемi ме ең?! 

Тарқатшы бұлтың болса көңiлiңде,
Мөп-мөлдiр көргiм келер сенi күнде. 

Айналдым күлуiңнен, қылығыңнан,
Айналдым тарқатылған бұрымыңнан. 

Тарқатшы, тарқат бәрiн, тоты құсым,
Керемет сенiң осы отырысың!

 

* * * 

Мен сенсiз қалай күн көрем,
Ойлаймын сенi күнде мен,
Ойлаймын сенi түнде мен,
Мұңымды айтам кiмге мен
Жан адам көрiп-бiлмеген?
Мен сенсiз қалай күн көргем?
Мен сенсiз қалай күн көрем?

 

Жоқ болсаң, жаным, қасымда:
Көктемге мынау сенбеймiн,
Жолдарды жасыл көрмеймiн.
Адыра қалған көлдеймiн.
Ағылып келiп, аңғардан
Соға алмай қалған желдеймiн,
Мен сенсiз қалай күн көрем?!

 

Жоқ болсаң, жаным, қасымда:
Ағарып таңым атпайды,
Бұлағым ойнап ақпайды,
Аспаным шақпақ жақпайды,
Тауларға бiткен сәмбi тал
Тамшыдан моншақ тақпайды.
Мен сенсiз қалай күн көрем?!

 

Жоқ болсаң, жаным, қасымда:
Жет бетi гүлiн ашпайды,
Жұпарын маған шашпайды,
Тарылып көңiл, таспайды.
Қиянға барар созылып
Қырлардан жолым аспайды.
Мен сенсiз қалай күн көрем?!

 

Мен сенсiз қалай күн көрем,
Жадымда жүрсiң күнде сен,
Жадымда жүрсiң түнде сен,
Күн болып мен де күлмес ем,
Су болып жерге сiңбес ем,
Құм болып, нуды бiлмес ем,
Тау болып, таққа мiнбес ем,
Мен сенсiз қалай күн кешем?!
Қасымда жүршi, ғашығым,
Жер басып маған жүр десең.

 

* * * 

Қос терек бар терезеңнiң алдында,
Соны екеуiмiз деп сен кейде қалдың ба?

 

Бiлем оны, бiлемiн сол көктемнен,
Күндерiмнен сенi iздеп көп келген.

 

Бiрi сендей – көз тояр ма көргенде-ей!
Екiншiсi – науша келген дәл мендей.

 

Сағыныштың судыратып қанатын,
Сыбырласып, сиқырлы әнге салатын.

 

Тыңдаушы едiм құлақ тосып әрдайым,
Желкенiмдi желпiп ойнап жел-уайым.

 

Содан берi мұңдас, сырлас менiмен,
Домбыраның iшегiндей керiлген.

 

Қазiр келiп бiр құдiрет: «Қос өмiр!
Адам болма, басқа боп ту!»– десе бiр,

 

Сағынышы мың жапырақ – желек боп,
Шығар едiк екi жасыл терек боп.

 

* * * 

Жел бесiктей әлдилейтiн менiң iңкәр жанымды,
Желпуiштей желпитұғын сенiң сұлу жаныңды –
Бiз қосылып айтатұғын әндердi бiз сағындық,
Бiз қосылып айтатұғын әндер бiздi сағынды.

 

Ағаш бiткен мөлдiр мұздан алқа-моншақ тағынды,
Көк жазира кешегi – ендi ақ көрпенi жамылды.
Бiз екеуiмiз қыдыратын бауларды бiз сағындық,
Бiз екеуiмiз қыдыратын баулар бiздi сағынды.

 

Сен де жалғыз қарсы аласың ерте оянған таңыңды,
Мен де жалғыз қарсы аламын ерте оянып таңымды.
Қол ұстасып жүретұғын жолдарды бiз сағындық,
Кiлем болып төселетiн жолдар бiздi сағынды.

 

Асқар таудан ағатұғын балбұлақтай ағынды,
Лебiнен жер балқыған жанартаудай жалынды.
Бiз екеуiмiз аймаласар сөздердi бiз сағындық,
Бiз екеуiмiз аймаласар сөздер бiздi сағынды.

 

* * * 

Неге кенет күрсiндiң?
(Сен күрсiнсең – қала ма ес!)
Ұшығы ма бiр сырдың,
Айтылмаған маған еш.

 

Мен бiле алмай әуремiн,
Үндемейсiң тiс жарып.
Мына ғұмыр – дәуренiм
Кеткендей ме қысқарып.

 

Неге өкiндiң уһiлеп,
Арман еттiң сен ненi?
Қырық қабырғам күтiрлеп,
Жан қысылып терледi.

 

Таусылды ғой амалым,
Таба алмадым себебiн.
Өзiм күйiп-жанамын,
Оны өзiмнен көремiн.

 

Махаббатсыз өлер ер,
Басқасына көнер ер.
Тiрлiк етiп не керек,
Мен күрсiнтсем сенi егер.

 

Неге оқыста күрсiндiң,
Толы едiм – ортамын.
Айтылмайтын бiр сырдың
Лебi ме деп қорқамын.

 

Мен отырмын жалғаннан
Аза бойым қаза боп.
Сыр айтпасаң сен маған,
Одан артық жаза жоқ.

 

* * * 

Арман емес сақал-шашың ағарған,
Арман емес алтын көмбе таба алған.
Сағыныштың жасын төгiп жанардан,
Арман емес ел, жер көрiп оралған.

 

Аппақ таңда соңғы iз кесiп сонардан,
Ақ түлкiге ғашық болу – сол арман!

 

Маңдайыңда сор болмаса бес елi,
Шын махаббат соқпай кетпес деседi.
Сонда сенiң ойың, бойың өседi,
Құлазыған жер құлпырып кешегi.

 

Аппақ таңда соны iз кесiп сонардан,
Күйiп-жанып ғашық болу – сол арман.

 

Ғашықтықтың шарапаты ғажайып,
Ей, ақындар, соны әдемi жазайық!
Ғашық болсаң түн түнегi азайып,
Шыға келер жаның кiрден тазарып.

 

Аппақ таңда соны iз кесiп сонардан,
Өлiп-өшiп ғашық болу – сол арман.

 

Ғашық болсаң тарқамайды базарың,
Көтересiң не бiр түрiн жазаның.
Риза болып аттанасың өмiрден,
Бүгiн келiп қалса дағы ажалың.

 

Сүйдiм сенi, сүйдiм сендей әлемдi,
Армансызбын,
Армансызбын мен ендi!

 

* * * 

От жанарың күндей болып ашылған,
Қара шашың ақ төсекте шашылған.
Мен отырмын тоймай қарап жүзіңе,
Осы дәурен өтпесе екен басымнан.

 

Жолаушы едім аңсап күткен жол таңын,
Сол таңым боп ұшырастың, шолпаным.
Құшағымнан отырмасам шығармай,
Сенен мәңгі айырылам деп қорқамын.

 

Сен бітпейтін нұры болдың көзімнің,
Сен бітпейтін көзі болдың сезімнің.
Айлар бойы, жылдар бойы өзіңді
Мен аймалап отыруға әзірмін.

 

От ерінің қызыл гүлдей ашылған,
Қара шашың ақ төсекке шашылған.
Мен отырмын тоймай қарап жүзіңе,
Осы дәурен кетпесе екен басымнан,
Осы дәурен өтпесе екен басымнан.

 

* * * 

Сұлулыққа құмартпайтын бар ма адам,
Оны көрсе, мылқау жүрек сарнаған.
Желөкпелер желіп өтіп қасыңнан,
Сүймесе де, саған өлең арнаған.

 

Сүймесе де, саған өлең арнаған,
Сүйемін деп сені, өзін алдаған.
Сендей өртті менше сүйер жасқанбай,
Айтшы өзің, бұл фәниде бар ма адам?

 

Айтшы өзің, бұл фәниде бар ма адам
Тапқанынша Сені – тыным алмаған:
Мен бе екенмін Сені іздеп құс қанатты,
Ат тұяғы жетпес жерге бармаған?!

 

Жырға қоспай тұра алады сені кім,
Ерлігі жоқ сабаздардың көбінің.
Бір көргенде өлең арнап жазғанмен,
Мына мендей арнай алмас өмірін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста