Жұматай Жақыпбаев: Өмірде, мүмкін, сүюден опа жоқ бізге?!

Жұматай Жақыпбаев:  Өмірде, мүмкін, сүюден опа жоқ бізге?!

АҚЫН ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВ        

 (30.01.1945-16.09.1990 жж)

 

Биыл қазақтың қайталанбас дара тұлғасы, классик ақыны, өмірден аққан жұлдыздай ерте озған ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВ 75 жасқа толды. 

 

ЛӘЙЛӘ 

«О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін,

Қайғырса, қанатсыз емес кім?!

Бірақ та жынданып кететін

Мен саған Мәжнүн емеспін!»

Бала күнгі өлеңнен

 

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ, 

Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап, 

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен, 

Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.

 

Қарадың солай, қарадың солай, обал не, 

Қарамадың ба, жоқ әлде?

 

Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай, содан көп... 

Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп, 

Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа, 

Батырлығым басыма пәле болар деп.

 

Ойладым солай, ойладым солай, обал не, 

Қате ойладым ба, жоқ әлде?

 

Қуаныштан күліп, ойым бар шалқып билемек,

Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.

Қара шашты бала ақын болып тұр екем,

Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.

 

Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім, обал не, 

Болмайын ба, жоқ әлде?

 

*** 

Тынып ем, тұнайын деп тыныппын ғой,

Сен мені көрмеген соң ұмыттың ғой.

Жанымда мұң бар еді мың бәлелі,  

Мен соған түсе-түсе құнықтым ғой.

 

Мен қазір көз салмаймын айналаға,

Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана.  

Елден ерек бұл не бұл?

Тәкаппар ұл

Көп ойлап, қиялиға айнала ма?  

Бұл мінез ұят болды.

Ұят болса,

Мен енді қашайын ба айдалаға?

 

Бозбала ақын қай жөнді ес білемін,  

Бір арман көкейімді тесті менің!

Көрінгеннен сұрадым &ndash көрінбедің,

Эфирлерден жыладым &ndash естімедің.

 

*** 

Ханшадай өзін ұстаған,

Қара алмас көзді, бал ерін,

Басынан құс та ұшпаған,

Бұла өскен асқақ жан едің.

 

Қара оқа құсап бұрымың,

Жалтылдап әрбір талы да,

Жарасып барлық қылығың,

Жараспай пенде жаныңа,

 

Көңілің балқып тәтті әнмен,

Кірпігің, қасың дірілдеп,

Өтуші ең жасыл бақтармен,

Өтуші ең шалқи күлімдеп.

 

Жадымда қалды жатталып,

Бек әсем қызыл көйлегің,

Күлуге сол сәт шақ қалып,

Қасыңды керіп сөйлеуің.

 

Жыр болсын басқан ізің де,

Аңыз боп атың әдемі.

Тәкаппар аппақ жүзіңде,

Тарыдай бір мең бар еді.

 

Жаныма бір мұң жетті де,

Жабығып өтті уақытым.

Тарыдай меңде кетті ме,

Таба алмай қойған бақытым?!

 

*** 

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған,

Көретін болдым өмірден енді түрлі сын.

Сүюден сені жоқ еді менде басқа арман,

Қылыққа сол бір қызығып, күліп жүрмісің?

 

Күле ғой, жаным, күрсініп шыққан өр үнге,

Гәнжәуи жазған жырдағы қызбен аттас та ең.

О, Ләйлә, егер болмасаң өзің өмірде,

Басқа мұратты бас қатырсам да таппас ем.

 

Арманшыл жанның бәрі де қиял мол шақта,

Жандарын өртеп, түсетін шығар отты ізге.

Махаббат даңқын шығарар біздер болсақ та,

Өмірде, мүмкін, сүюден опа жоқ бізге?!

 

Дегенмен, кейде телміртіп әрбір асылға,

Жаныңды жұлып, жадағай үміт тонайды-ақ.

Басымды сипап басқа бір қыздың қасында,

Далаға қарап отырам сосын сені ойлап.

 

*** 

Айыбым болса, кеше жүр,

Асқақтау жердің маралы.

Жырладым сені неше жыл,

Жындантып неше қаланы.

 

Траптан түссең алға аттап,

Тәкаппар, асқақ түрменен.

Қалың ел сені ардақтап,

Қарсы алса деп ем гүлменен.

 

Дүние діні, тілі көп,

Дүрліге жылда той қамдап.

Ләйләның туған күні деп,

Ләйлісе деп ем мейрамдап.

 

Жетпеспін сонау арманға,

Жеткенмен менде құдірет.

Ақынның тілін алған ба,

Ақымақ әлем бір рет?! 

 

*** 

Көк орман, орман айнала,

Тек алтын, алтын аңсары.

Талай күн қаңғып тайгада,

Талапты ер әбден шаршады.

 

Шықты алдан тайга бұлағы,

Жүк түсті зілдей арқадан.

Іздеуші келе құлады,

Оқ тиген жандай шалқадан.

 

Қызыл тас бақ та, бақыт та,

Сол тасты іздеп келеді.

Дем алып, шаршап жатып та,

Бұлаққа қарай береді.

 

Мөп-мөлдір &ndash үңіл, үңілме,

Бұлақ та жатыр жасырмай.

Төмпешік әні түбінде,

Тұп-тура қолдың басындай.

 

Тұнба мен батпақ бүркепті,

Алмады тастан жүзін бұл.

Бір сәтте судан жылт етті,

Жылт етті ғажап қызыл нұр.

 

Жанына сол бір нұры ұнап,

Лезде қозып сайтаны,

Батпақтан тасты жұлып ап,

Бар күшпен суға шайқады.

 

Жатыпты-ау мұның жолында,

Жарқ етті жүзін жасырмай.

Сары алтын тұрды қолында,

Тұп-тура бақтың басындай.

 

Сан ғасыр бұлақ аққанмен,

Көрінбей жұртқа алтын да.

Батпақта, суда жатқанмен,

Қалыпты қымбат қалпында.

 

Ешкімге сенен бұрылмай,

Мен сенің нәзік өңіңнен.

Алтынның құйттай нұрындай,

Ғажайып бір нәр көріп ем.

 

Жыр жазып саған шарқ ұрдым,

О, Ләйлә, сен де асыл ең,

Шайғандай жүзін алтынның,

Су емес көздің жасымен.

 

 *** 

 

Ғажайып сәт неге қысқа сонша, әттең,

Қарадық та қызығына тоймадық.  

Бір көргеннен &ndash жалт қарастық, сол сәттен

Қара көзбен сиқырлы ойын ойнадық.

 

Жаңа мінез &ndash жастық өбіп түнімен,

Жарық таңда жан боп туып үлгілі,

Шақырымнан қара көздің нұрымен

«Сенікімін» деп сөйледік бір күні.

 

Көңіл босап, аяулы боп түріміз,

Көрейінші деген оймен бір анық,

Қарыс жерден бірімізге біріміз

Жете алмайтын жандардай боп жыладық.

 

Жан толқытып тік керілген қас пенен

Ерініңнен үлбіретіп күлкіңді

Тұрғаныңда тіл жеткісіз асқақ ең,

Асқақ едің сұлулықпен бір түрлі.

 

Сол бір сәтті қаншама рет ойладым

Қаншама рет айттым оны отты үнмен?!

Қара көзбен сиқырлы ойын ойнадым,

Одан артық қызық көрген жоқпын мен. 

 

 

*** 

Екеуіміз екіұдай жолды өттік,

Өрлерге жетелеп от кеуде.

Көп жанға дарыған сергектік,

О, Ләйлә, емге де жоқ менде.

 

Сонда да сен үшін көнем де,

Бұл басқа қилы бір бақ қонса.

Мен жылап жазған бір өлеңге,

Күлді жұрт ішегі қатқанша.

 

Күлді жұрт. Қосыла күлдім мен,

Еріген секілді жеке мұң,

Сол жолы күлдім мен, білдім мен,

Қайғың да қуаныш екенін.

 

 

*** 

Кермиығым, мен сені кеш аңсадым,

Қаншама рет тоқтады десеңші әнім,

Ен дәулеттен айырылған сияқтанам,

Еске түссе ессіз күн, есер шағым.

 

Жұтқызбаған жұпарын жалғыз едің,

Жалбыз едің, жанымның жалғызы едің.

Кербез күшпен келдің де, билеп алдың

Келбетіңмен кеудемнің жанды жерін.

 

Бейнең сенің өңге бір, түсте бір кеп,

Диуаналық жолдарға түскемін көп.

Таусылған соң амалым, тұрам ылғи,

Тағы да бір қиғылық істегім кеп.

 

Іздегенім сен болсаң, таптым қайғы,

Ондай жанға байыздап бақ тұрмайды.

Қисық, қыңыр болса да мен жүрген жол,

Бақыт үшін күреске таптырмайды.

 

 

*** 

Көк аспан оқалы жіп төкті,

Құйылтып көгілдір бақтарға.

Алаңда билер де бітпепті,

Көп қызық сол күні жатты алда.

 

Тек сырлар кеудеге тұрды енбей,

Уақытша аулақтап іргеміз.

Ат барда жаяулап жүргендей,

Сөйлестік басқа бір тілде біз.

 

Қысылып тұрдым мен, оттар көп,

Жүзімді жандырды, лаулатты.

Жастықта бәйге деп, көкпар деп,

Еш бимен жұмысым болмапты.

 

...Көп өтті содан соң билеп күн,

Есейдім, жалынды күйге ендім.

Сен маған сүюді үйреттің,

Билеуді өзім-ақ үйрендім. 

 
 
 

*** 

Алдымнан менің жасыл тау, қызыл таң күлген,

Өспірім күнім, тәуелсіз тентек шағымда.

Қаратал жақта бетпе-бет келіп қалдым мен,

Биқасап киген бетінде мең бар сағымға.

 

Жанымда қалды жанары күндей сол өңі,

Ұмытқан жоқпын ернін де, екі-үш сөзін де.

Тектілік, шаттық, өрліктен басқа жоқ еді,

Меңі бар жүзі менмендеу қара көзінде.

 

Аспанға шықты-ау асқақтап бала көңіл де,

Арнап ол маған аузынан гүлдер төгісін!

Аспанға, Жерге, Ауаға, Баққа, Өмірге,

Ақындық күшпен жаудырдым алғыс сол үшін.

 

Алдияр, Өмір! Сағыныш күйін төгіп кіл,

Сарғайған кезім, саяқ та сартап шағымда.

Қайтадан бір сәт, бір сәтке ғана жолықтыр,

Ақ жүзді, меңді, атынан сұлу сағымға!

qalamger.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста