Жәркен Бөдешұлы: Қазақта – соңғы батыр Кенесары

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

СОҢҒЫ БАТЫР

Қазақта – соңғы батыр Кенесары,
Атанды қоңыр болмай, неге сары?
Көз еті тым сарғайып кетеді екен,
Жауының көрінбесе төбе, шаңы...

Жалына алмас қылыш жанығанда,
Сілкініпті ол мінген жануар да.
Еркіндік,
Бостандық деп тастапты ұран,
Бойында Алты Алаштың қаны барға...

Қазақтың суалғанда құт тұмасы,
Жанарына шер болып бұқты жасы...
Тауында Кекіліктің кесілді де,
Алтынға бағаланды түкті басы...

Қонды да шыққан жаны сары құсқа,
Таң қалды ел, қара бұлтты жарып ұшса...
Тізесі бүгілмеген майданда қап,
Рухы кетті айналып сағынышқа.

ҰЙҚЫ

Қуат берген бiр Алла,
Ұйықтап жатыр қарт бабам.
Қалғып отыр қыран да,
Қос қанатын қаттаған.

Ұйқыда тау,
Жас бала.
(Ой сергидi ондайда)
Тәнiң ұйықтап жатса да,
Санаң ояу болғай-да...

Қайғы берiп,
Ой алдым.
Ай бозаңқы,
Күн кiрбең.
Ұйқы менен ояудың,
Арасында жүрмiн мен.

Ұйықтаған жоқ жас ана,
Тал бесiктi тербеткен.
Ұйықтаған жоқ босаға,
Хабар күтiп жер-көктен.

Қойса да орап күпiге,
Байғыз көзiн iлмейдi.
Ұйықтаған жоқ үкi де,
Ұйықтауды ол бiлмейдi.

Ұйықтаған жоқ ақының,
Ұйықтаған жоқ қалам да.
Ұйықтаған жоқ ақылым,
Алаң болып заманға.

Не ойлайды осы жұрт,
Бiр-бiрiнiң жеп миын.
Ұйықтау оңай көсiлiп,
Ал ояну бек қиын.

Жарылқай гөр, ой, Алла-ай,
Шыңырауға батам көп.
Жатыр әлi оянбай,
Абылай хан мен Махамбет.

ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ҚҰДЫҒЫ

Кәлләмдағы қат-қабат қалың мидан,
Қазып алдым тарихты, бәрiн жиған...
Бұл құдыққа Шыңғыс хан қаһарланып,
Қарсыласқан жауының қанын құйған.

Ақ малтадай сыққанда ол бұла бұлтты,
Шеңгелiнен шелектеп су ағыпты.
Жорықтарға хан Шыңғыс аттанарда,
Шыңыраудан тұлпарын суарыпты.

Ыстық-суық сезiмге көп берiлдiм,
Бiреуге ерсi, бiреуге жек көрiндiм.
Қан көбiк боп езуi көпiршiген,
Бұл құдықтан су iшкен көкбөрiнiң.

Көргенiне куә дүр, мына, мекен,
Шыңыраудан қашанда жыра бөтен...
Сол құдыққа түскенде әппақ ай да,
Қызыл түске боялып шығады екен.

Ақ мәрмәрдан алынған қия шауып,
Құдық бейне ортаймас сия-сауыт.
Қалам ұшын матырып, хас шеберлер
Өлмес кiтап жазыпты, мият алып...

Ақындық та сұрапыл жорық тектi,
Сахараны шарлайды, шолып көктi,
Қаламымды мен-дағы матырып ем,
Жазған жырым қып-қызыл болып кеттi.

Жүрiп жатыр санамда қызу шаруа,
Кiрпiк iлмей жыр жаздым ұзын таңға.
Қара қаңбақ жел айдап түссе мұнда,
Шыға келер айналып қызыл шарға...

Көңiл күптi болса да жүзiм қаяу,
Ұлым да ояу, бұл күнде қызым да ояу.
Бұл құдықтың түбiнде тұнып жатыр –
Қызыл жалын –
Қызыл су –
Қызыл бояу.

Күресумен өткiздiм көп ғұмырды,
Көңiлiм жалған заманнан бек түңiлдi.
Бодауына берсең де таудай алтын,
Қызыл нiлге бояман көк туымды.

Ей, тарих,
Алжымай жөнiңе көш,
Көп құрыпты өлiм мен өмiр егес.
Әркiм барып еркiмен қан тапсырар,
Шыңғыс ханның құдығы донор емес.

ҚАНАТТЫ ҚАЗАҚ (поэма-эксперимент)

Қанатты қазақ
Ақын айтса:
Азат ел,
Азат жердің –
Шырқау көкке жолы түсіп.
Қанатты қазақ көрдім
Жүретін қонып, ұшып.

Ғарышкер айтса:
Ішімдегі жылт еткен жанып ұшқын,
Жастайымнан арманның балын іштім.
Бар қазақты кемеме отырғызып,
Отыз рет аспанға алып ұштым...
Отыз рет орнына қондырдым да –
Ел жұртыммен мұңдасып,
тоңдым қырда.

Зымыраннан түскен соң, атқа міндім,
Ат сүрініп қалар деп шаққа жүрдім.
Ту ғарыштан ап-анық көрінетін,
Қара жердің қыртысын жатқа білдім...

Жатқа білдім Абайдың жырларын да,
Пушкин жырын оқыдым ырғағында.
Махамбеттің мақамы тайдай тулап,
Өзен болып тасыған жүр қанымда...

Бөріні айтсам, ұлиды ішектерім,
Өзім құспын, келмейді құс ет жегім...
Сол бөрінің талайын соғып алдым,
Жолбарысты ол барда місе етпедім...

Бұл заманның дауылы, тасқыны көп,
Сүзеген бұқа сынды бас жібі жоқ.
Аңға шығып жүргенде арманым жоқ.
Туған жердің қойса да қасқыры жеп.

Асыл жүзін зар болып бір көруге,
Аспанымды сағынып жүргенімде.
Айналайын, қаракөз қарындастар,
Жарамадың жалғыз тал гүл беруге...

Бір шыққан соң ғарыштан түсіп бекер,
Пенде шіркін өсегін күшіктетер.
Қанаты бар жігітке сенім бар ма,
Ойлайды жұрт ... «бір күні ұшып кетер...»

Аққу сеніп қонғандай Алакөлге,
Ел салмағын салады саналы ерге.
Қазақ үшін ғарышқа ұшып едім,
Қазақ үшін оралдым қара жерге.

Беу, жүрегім, әлі де күшіңдесің,
Ұйыған өз ұлтыңның ішіндесің.
Қазақшалап сөйлеуге жарамаса,
Жалғыз тілім шикі етті мысық жесін...

Ақын айтса:
Ана тілім, өзің жайлы не деймін,
Ойым жетсе, қолым жетпес кедеймін.
Мен өзіңді қабірі жоқ ұлы ақын –
Жұмабаев Мағжанға теңеймін.
Теңеуімді әлдекімдер жақтырмас,
Шын ақынның таңдайына қақ тұрмас.

Ғарышкер айтса:
Қарсы жүріп сұрапыл күш-ағынға,
Мен анамның марқайдым құшағында.
«Қанатыңа сақ болғай» – деген еді,
Тұңғыш рет ғарышқа ұшарымда.

... Алаңдама, анашым, абай болам,
Тамырымда қазақтың қаны ойнаған.
Атқа мініп, түскендей батыр бабам
Қалай ұшсам, жерге де солай қонам...

Айдынында аспанның ұшқан аунап,
Бүркіт көрсем келеді құшақтағым.
Ін аузынан күн көрген тышқан аулап,
Күйкентайша келмейді ұсақталғым.

Болған соң тумысымнан жұртым ақын,
Жүрегім бар жыр десе бұлқынатын.
Қасымда жүрген кейбір пенделерден,
Аспанның маған бурыл бұлты жақын...

Жауыммен бірде тартысып,
Досыммен бірде шарпысып.
Аязданам ондайда,
Қабағыма қар түсіп.
Жазға айналған шағымда,
Нұр ойнайды қанымда.

Көрген көздің тұратын жауын алып,
Далам – байтақ, суым – бал, тауым – алып.
Аласарып ой-санам кетпесін деп,
Қарап қоям аспанға ауық-ауық...

Депутат боп кіргенімде бұл үйге,
Еңсесі биік, жарығы мол жылы үйге.
Жұлын-жүйкем шымырлады бір түрлі,
Көк желкемнен қадалғандай мың ине.
Иығыма түскендей боп зіл салмақ,
Көзім алды болып кетті күл, шаң, дақ.
Парламенттің ұшақ етіп осы үйін –
Аспан жаққа ұшқым келді бір самғап.

Құрыш тұғырым – Байқоңырым,
Ұшып-қонуға жайлы өңірім.
Күн жанарын күлімдетіп,
Таптың жесір Ай көңілін...
Меккесісің нұрлы даламның,
Назары сенде мұңлы заманның.
Жусаныңды иіскеп есін жинады.
Ғарышкерлері күллі ғаламның.

Ғарыш дегенің ол – ғайып мекен,
Батасын берген қол жайып көкем.
Тұғырым, саған қайта қонғанша,
Сағыныштан сарғайып кетем.

Сығалаған темір тор арасынан,
Қамаудағы қасқырдай аласұрам.
Қызғанатын пенде бар ұлы аспанда
Қанаты бар қазақтың баласынан...

Ақын айтса:
Жырға біткен қанатпын,
Қалайды көңілім биікті.
Ғарышты жырлау қазақтың
Еншісіне тиіпті.

Ғарышкер айтса:
Ойым – мұхит,
Көңілім – кеме.
Санам – садақ,
Өмірім – жебе.
Ұшып жүрем,
Қонып жүрем.
Өңім түгіл,
Түсімде де...

Өкпелемеші,
Досым, мерейім,
Медаль, орденге бола.
Аспанда не көп, жұлдыз көп қой,
Біреуін соның әкеп берейін.
Өкпелемеші,
Көзіңнің жасын төкпелемеші!

Дарияның тас батады тереңіне,
Өз ұлын құшырланып құшар далам.
Тауықты құсқа санап керегі не,
Қанаты бола тұра ұша алмаған.

Ақын айтса:
Ой деген теңіз-телегей,
Түбіне тартар бұл ғажап.
Айтысып отыр демегей,
Бір қазақ пен бір қазақ.

Қамшылып келем жыр атын,
Дарындар біздей көбейсін.
Бір ғарышкер, бір ақын
Мұңдасып отыр дегейсің.

Ғарышкер айтса:
Кілең марқасқа таныспен бірге,
Кекілбайұлы Әбішпен бірге.
Оңаша сарайда ойға батамын,
Арманымды ұшырып алыс күндерге.

Ант етем саған, алып мекенім,
Қыранға – кеңістік.
Халыққа – сенім.
Мерзімі біткен соң, әріптестерімді
Аспан еліне алып кетемін.

Тұлпардың тарасам деп алтын жалын,
Сәбиім, қандай жақсы талпынғаның.
Ғарыштың дариясына салдым қайық,
Тәуекел, бәлкім – сорым, бәлкім – бағым.

Бойыңа сіңіп, сіңбей ішкен асың,
Әкеңнің жолын сен де ұстанасың.
Дүниенің төбесінен қарасам да,
Көргем жоқ жер бетінен құс моласын...

Өмірдің күйбеңінен тағат тауып,
Көз жасын омырауыңмен қабат сауып.
Сен жерде отырасың бала емізіп,
Мен көкте жүргенімде қанат қағып.

Ғарыштың күмбезіне тиіп шекем,
Айбынды Алатаудай биіктесем.
Аспанның арулары – Ай мен Шолпан,
Сенен де адал екен, сүйікті екен...

Құбылған тоты құстай қыз ғаламға,
Ер жігіт «кет әрі» деп сызданар ма?
Олардан қызғанбайсың, сәулем, мені,
Хақы жоқ олардың да қызғанарға...

Тым-ақ қатал өмір деген,
Отқа салған, терге малып,
Көкке барсам жеңілденем,
Барлық күнәм жерде қалып.

Ажал күшті болғанымен,
Ғарыштан көр қаза алмайды.
Лас, қисық жолда жүрген,
Адам көңілі тазармайды.

Айласы осы дұшпанның,
Бүгінгі және кешегі.
Қанатын қырқып құстардың,
Адамның тілін кеседі.

Әуені күзгі құстың зарлы екен бек,
Қосылып сол құстарға әндетем кеп.
Қарайсың тырналардың тізбегіне,
Ішінде менің ұлым бар ма екен деп.

Қарайсың көк жүзіне қанбай қанша,
Ұшқаның жақсы дейсің... мал жайғанша.
Анашым, төрт көзі болып күттің мені,
Жинаған қаймақ, майың сарғайғанша.

Өзге емес, өз дініме сай намазым,
Дүмше молла емеспін, Ай бағамын.
Көк күмбезді мешітім – шуақты Күн,
Киелі аспан – жайылған Жайнамазым.

Тор құрып көрген жоқпын құс көңілге,
Тап қазір ұша аламын, «ұш» дедің бе.
Зымырап мен ғарышқа жөнелгенде,
Ашулы Құран жатар үстелімде.
Бір Құдайдың құлымын,
Бар қазақтың ұлымын.

Ақын айтса:
Кешқұрым, яки тал түсте,
Шырқау көктен қалбалаңдап Шар түссе,
Басындай боп бармақтың.
Қайсысы екен деп қалам
Ғарышкер Тоқтар, Талғаттың.

Ғарышкер айтса:
Ай былғанбас,
Күн кірлеп.
Медет қой шіркін, ол-дағы.
Кетеді кеудем күмбірлеп,
Домбыра көрсем болғаны.

Аспанға шықсам – азатпын,
Ән салам іштей ыңылдап.
Айт дейді жырын қазақтың,
Жұлдыздар маған жымыңдап.
Бұлданбай жырлап беремін,
Өзегімнен от өріп.
Жеріме қайтып келемін
Аспанның көңілін көтеріп.

Ақынның құласын да, бұласын да,
Құсни жырын жаным ұнатуда.
Самайым ағарғанша үміт үзбен,
Ұлықбек айналғанша ұлы ақынға...

Қанатың болса құспын де,
Қадалар көкке жанарың.
«Ұшқыш кілем» үстінде
Азырақ мызғып аламын.

Ай төсіне түстеніп,
Тыңдаймын жаһан хабарын.
Қас қағымда түс көріп,
Серпіліп, сергіп қаламын.

Көңілім ала бөтен алаңдауда,
Барады тастай батып заман жанға.
Айырылған екі ұлынан, Отанынан,
Саддамдай бағы қайтқан адам бар ма?!.

Ақын айтса:
Пенде мен тауықтың миын,
Алмастырды былай да.
Тәжірибеші қиналды қиын,
Асылық жасап Құдайға...
Қорғасын ми бұлтартпай,
Өлді тауық тіл тартпай.

Пенде сәл-сәл алқынды,
Бойына қаны тарап кең.
Ұшуға көкке талпынды,
Тауыққа біткен қанатпен.
Ұша алмады, опынды,
Тек қыт-қыттап отырды...

Ғарышкер айтты:
Тағдырдың болғанымен күйігі көп,
Қанаттылар аса алмас биігі жоқ.
Айтқан екен Абайдай дана кісі,
Тас қараңғы түнек қой адам іші.
Сол түнекті шырақтай жарқыратқан
Қолындағы қауырсын – қалам ұшы...

Кезімде түбіт сақал, жігіт балаң,
Бабаларды ойласам тынып қалам –
Қойнындағы жұбайын ұмытса да,
Қолындағы қамшысын ұмытпаған.

Тұяғымын мен де бір қара көктің,
Шаң қаптырып тобырға, талақ еттім.
Алмағайып сапарға аттанғанда,
Көк туымды ұмытпай ала кеттім.

«Лайка», сенің тілің жоқ, ақылың жоқ,
Еркелейсің ұшқышқа ақырын кеп.
Ол басыңнан сипайды, сүйек тастап,
«Әлемдегі ең тұңғыш батырым», – деп.

Қайдағы бір алданып сағым ойға,
Сұрамайсың атақ та, абырой да.
Өлсең көміп, өлмесең шынжырлайды,
Қожайынның қабағын бағып, ойна...

Өзектіге қашанда қаза дайын,
Құлақ түрші, назыма, ал, ағайын,
Айым аман тұрғанда, күнім аман,
Өз миымды қоқсықтан тазалайын.

Қасқыр қырып кетсе де бар малымды,
Жөн көремін тазартып алғанымды...
Қанша пайыз қалды екен жеңілденіп,
Таразылап көрейін салмағымды...

«Поехали!»
Командирдің даусы саңқ еткенде,
Осы бір сөз пара-пар ант еткенге.
«Кеттік» дедім орысты қазақшалап,
Дәтім бармай тілімді тәлкектеуге.

Шаң боратып қырандай сілкінісім,
«Кеттім» дедім, қазағым – жұртым үшін.
«Кеттім» дедім еркіндік, теңдік үшін,
Ашылғандай кенеттен бір тынысым.

«Кеттім» дедім сапарға «барсакелмес»,
«Кеттім» дедім тамұққа алса, бермес.
Аунап түсті жүрегім ұясынан,
Қанша батыр болса да, қанша дербес.

Шырқ үйіріліп кеменің қорабында,
«Кеттім» дедім аман-сау оралуға.
Қала берді бұлдырап кең сахарам,
Қала берді тауым да, бораным да.

Жақсы көрем мұнтаздай тұңғышымды,
Тұңғышымның «анасы» гүл мүсінді.
Олар маған ғарыштан оралғанда,
Тұңғыш рет – Ай, Жұлдыз, Күнді ұсынды...

Көрмегенім көп әлі, көрерім де,
Бір кісідей ынтықпын мен өмірге.
Жақсы көрем, жанымдай жақсы көрем,
Тұңғыш шыққан ақынның өлеңін де.

Сүйемін желтоқсанның тұңғыш желін,
Еркіндік деп пісілген жыр піспегін...
Сүйемін тұңғыш қазақ патшасын да,
Тұңғыш туды, тұңғыш заң, тұңғыш демін.

Зілдей мұң жанарымның жасын үзбек,
Қалады жасын көкте жасыл із боп.
Бұл жаққа құстай ұшып келіп едім,
Кенесары бабамның басын іздеп.

Айырылса қолбасшыдан оңа ма адам,
Оны айтқанда солдаттай болам алаң.
Іздегенім сол ғой деп қуанып ем,
Ай екен ғой... доптай боп домалаған.

Бір үйден томағалы бүркіт көрдім,
Сол үйге аттың басын іркіп келдім.
Сипадым сауырынан болар-болмас,
Амалы осы ғой деп үркітпеудің ...
Жануар саңқылдады дүр сілкініп,
Мұңайдым ішім жылып, сыртым суып...

Ақылым – егде, санам – жас,
Өзімдікі жер, суым.
Ешкім де тартып ала алмас,
Ай,
Жұлдыз –
Менің меншігім.

Бір қария әдейілеп бұрылған,
«Әкең кім?» деп сұрай қалды ұлымнан.
«– Ата, құстың баласымын байырғы,
Көтерілген Байқоңырдай тұғырдан.
Қанаттарым қатайғанда не етермін,
Мен де бір күн ғарышқа ұшып кетермін».

Аспаннан биік Тақ болмас,
Ұшқаннан артық Бақ болмас.

Ақын Жәркен Бөдешұлы:
Қақ төрінен азаткер елдің,
Көңілімді ғажапқа бөлдім.
Қос аяқты пенделер ішінен,
Қос қанатты қазақты көрдім.

Қазақты көрдім, өзімді көрдім,
Өз қаным, өз көзімді көрдім.
Жүрегімнен суырып алып,
Құйма алтындай сөзімді бердім.

Сөзімді бердім, қолымды бердім,
Құндыз жағалы тонымды бердім.
Байқоңырдан – ғарышқа дейінгі,
Жарқырап жатқан жолымды көрдім.
Сенбесем де құл-манапқа,
Бек сенемін бұл қазаққа.

Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров:
– Армысың, ақын ардағым,
Өнердің түсіп бағасы
Елеусіз болып қалғанын
Уайымдап жүрсіз шамасы...

Абайды оқып түледім,
Рухым менің жұтамай.
Өлеңсіз, жырсыз бұл өмір –
Қураған бір түп бұтадай.

Төгілген тер өтелер,
Сіңбейтін оның жері жоқ.
Сізді де ел көкке көтерер,
Өлеңнің ғарышкері деп.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста