АЛЛАҒА МАДАҚ
«Алладан басқа Тәңір жоқ,
Мұхаммед – оның елшісі».
Құлыңның иман, сабыр тек -
Өзіңнен күтер еншісі.
Құранды ілдім төріме,
Қорғаным қылып сүресін.
Сынақты сәттің бәрінде
Сақтаушым, Алла, бір Өзің!
Қамқор боп, мың сан пәледен,
Пендеңді талай қақтың да:
Жаратқан ием және мен
Бетпе-бет қалған шақ куә.
Қилы да қилы күндерді
Басымнан талай өткердім...
Адамдар сатты жүз мені,
Сен ғана сатып кетпедің!
Жалғызсың! Сенің жоқ теңің!
Серіксіз. Мұңсыз һәм Мықты!
Бағынған сонау көкте Күн -
Бар мақтау саған лайықты!
Жанда жоқ сендік мейірім –
Тіл жетпес ғажап Құдірет...
Түссінші бір рет пейілің,
Ағаттық етсем мың рет.
Қиын да қыстау кезімнің
Сенері – жалғыз сен ғана!
Махаббат деген сезімнің
Ең ғаламаты – Аллаға!
Тағдырға жалғыз Иесің –
Тамыры сендік Жазуда!
Сен менің жүрегімдесің,
Мен – Сенің Алақаныңда!
БАЯНДА ТОСАМ...
Баянда тосам – баяғы өзің ғашық ел,
Жаныңды сүйген қалқаның келіп қасына ер.
Баяны бөлек махаббатымызға куә боп,
Аспанға іңкәр Ақбеттің соқсын тасы мөр.
Шағала қанат шабытың асса мың қиыр,
Баянға асық – көгіне кербез бұлт үйір.
Ғашықтың жырын тұрады шертіп бұл жақта
Тамшысы көлдің, топырағы жердің бір түйір.
Арманым едің, аққуым болып жай қанат,
Мойнына түннің әшекей тақса Ай-қонақ.
Ғайыпқа ұшып кетерсің сосын қайтадан
Қауырсыныңа сағыныш сазын байлап ап.
Райыстың лебі тұрғанда есіп жұмақтан,
Білдірмей ізін жетсінші сырғып сынап таң.
Баянсыз сезім қоштасар бізбен тағы да
Баянда алғаш өзіңді көріп гүл атқан.
Жанарлардағы үміттің бар ма жауабы?
Біле алмай оны, толқындар лажсыз тарады.
Желаяқ күндер жеткізбей ертең еткенде
Сабынды бізді сағына білсе жарады...
Көкірегіңде асыр сап өтсе бұла мұң,
Жағалау жақтан іздерсің, мені, сірә, мың.
Өлеңім ғана айта алар сонда жүректің
Баянда қалған бағасы қымбат бәр әнін...
ӨЛЕҢ БОП ӨЗІҢДІ ІЗДЕСЕМ...
Жанымда жалғыздық билейді –
Тангоға шақырып бейуақ.
Менсіз-ақ неге өмір сүрмейді,
Тез неге кетпейді келіп ап?
Тән – биде, санамда – сіз ғана,
Ортаны жалғар ма бір Өлең?
Құшаққа қысып ап қызғана,
Биқұмар серігім жүр әрең.
Ал сіз ше? Сіздегі күй нешік,
Болдыңыз неліктен жатбауыр?
Ақмаңдай бұлттарға ілесіп,
Соқпайсыз Баянтау жаққа бір.
Сағыныш-қаламым хат теріп,
Ескірмес елесті түртеді.
Ғашықтар мекені – көк бөрік
Жасыбай жанарын сүртеді.
Айналып кетті ме ғайыпқа
Қоңыр үн, қосылған біз кеше.
Мендегі махаббат айып па,
Өзіңді өлең боп іздесе?
Мен емес, жазатын жатқа арнап,
Жырларың – жүректің тұмары.
Қайырып қанатты қайтқан бақ –
Жалғыздық жаныма құлады.
Тастамай мені әлі бір сәтке,
Достыққа тұрақты ол жынды.
Сіз деген... мәңгі арман жүрекке,
Бола алмай кеткенмен сол құрлы.
ЖЕТІНШІ ҚАБАТ
Анау ақ үйдің балконы бүгін қараңғы,
Арманым менің сол үйде қалып барады.
Кенет... Шам жанып, орташа бойлы келіншек
Айнаға барып қап-қара шашын тарады.
Жетінші қабат! Жеті күн қарап өтемін,
Жете ме тағат, жетімсіреп те кетемін.
Жетекке ермей, желкілдеп жүрген жүректі
Жер қылып кетед жетіншідегі бөтен үн.
Кешкісін, түсте, кешелі-бүгін таңертең
Көзіме тіпті көрінбедің сен, жан еркем.
Жақындасаңшы, қыраулы қырсық әйнектен
Көкірегіме күн болып түссін көлеңкең.
Жарылмай қойды кеудеме біткен сыз-жарам,
Жапырақ жаным ертелеу жеткен күзге алаң.
Ақ үйге қарсы аялдамада тұрып мен
Шашын тараған арудан сені қызғанам.
Жерініп бөтен терезедегі пердеден,
Зерігіп жүрген жан емес едім мен деген.
Байқаусыз сәтте қара шашты ару ұрлаған
Бақытсыз сол бір махаббатты іздеп келген ем.
Жетінші қабат азанда шамын жақпады,
Жеті еді сағат. Жел қақты тағы қақпаны.
Алайда бүгін орташа бойлы келіншек
Айнаға қарап алтын сырғасын тақпады.
Жел қақты тағы қақпаны.
МЕН. СЕН. ТЕЛЕФОН
Салты тағы суретіңді
Жүрегімнің қылқаламы.
Сағат соқты он екіні,
Телефоным мылқау әлі.
Ай қарады терезеден,
Саусағымен сағат нұсқап.
Боз нұрымен ере келген
Елес тұрды саған ұқсап.
Жүрегімнің дүрсілімен
Сағат тілі санаспайды.
Махаббаттың мұңы сіңген
Телефоным жақ ашпайды.
Арманымның керуені
Түннен пана таба алмады.
Түнгі жастар серуені
Терезеден табалады.
Ақ мамығы мұңға бөккен
Жастығымды жастанып ап.
Талай түнді құрбан еткем,
Түсімде де тастан құлап.
Өзіңді іздеп құлазыған
Дүниені ұмытқалы.
Ән айта алмай тоңазыған
Телефон да ұйықтады.
Түсімде де күліп, жылап,
Кешем көктем, күз өмірді.
Тауып алам, жоғалтып ап
Сенің берген жүзігіңді...
***
Көк түтін бөлме – ала бұлт,
Терезе арты – ақ жауын.
Махаббат болып жаралып,
Тозаң боп тұнып қалған мұң.
Іздеме мені: таппайсың,
Мелшиген сұп-сұр бөлмеден.
Амалсыз ғана қаттайсың
Қаңырап қалған төрге өлең.
Телефон сыршыл таныс па?
Оның да үні жат бірақ.
Ар жағындағы дауыс та
Күлкімнен менің қаттырақ.
Сағаттың тілі тоқтаған,
Қабырға меңіреу. Мылқаудай.
Отырсың сыр қып сақтаған
Суретімді де жырта алмай.
Сендегі сезім сарқулы,
Мендегі төзім көл-көсір.
Тағдырың берген тартуды
Парықтамасаң, сен кешір!
Жадыңда жансам жарық боп,
Сәулемді бірақ жат көрме!
Жазылып қалам әріп боп
Төс қалтаңдағы дәптерге.
СӘЙГҮЛІКТЕРДІҢ ПАТШАСЫ
Сәйгүлік мініп,
Салтанат құрып, қырға шық.
Жолыңды тосар
Көруге құштар бір ғашық.
Арғымақтарға
Арманыңды артып ғаламат,
Ардақтау саған –
Атадан жеткен аманат.
Жүректе – толқын,
Жүйрік ат – көркің, беу, жігіт!
Аламандарда
Арындау алға – сенде үміт.
Танытып тағы
Еліңнің ерен ерлігін,
Жұлдызың жанып,
Бәйгеден озып кел бүгін.
Барады самғап
Баласы Қамбар атаның,
Дүбірге бөлеп
Даласын, елін, Отанын.
Тулаған тұлпар –
Тұмарын текті қазақтың
Қастерлей білген
Алаштың ұлы, ғажапсың!
Қара алтын қазған
Қалада баптап қазанат,
Дәстүрін елдің
Дәріптеп жүрсің, азамат!
ЕКІБАСТҰЗДА – КӨШЕСІ МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ
Көк Туым бүгін толқыды ерек көшемде –
Бұл әлде менің тарихта кеткен есем бе?..
Хаттар да енді қазақша қағып есікті,
Ие екенім білініп тұрад осы елге!
Жұлдыз қып қадап бейнесін жүрек тұсыма,
Білмесем тілін, өте алмай төрге, қысыла.
Еңсемді езген қашықтап кетті күндер де,
Жалтақ мінезді Намыс пен Рухым ысыра!
Көкірегіне бауырластарын қысып мың,
Ақ сәулесімен дәл төбесінен құшып Күн.
Шахталы шаһар маңдайындағы сызықтай
Жарқырап жатыр көшесі Мәшһүр Жүсіптің!
Қойныңнан сенің тауып ед қара тасты кім,
Сол айбыныңды асқақтатпай ма Мәшһүрің?
Елдіктің атын ұлықтап тұрған төріңде
Жарайсың, менің аяулы Екібастұзым!
ШАМ-ШАҺАР
Тас тұғырда – қазақтың қара шалы,
Мынау – соның қалдырған қара ошағы.
Әлемге де үлгерген аты шығып,
Шам-шаһардың артады бағасы әлі.
Білген жанға бұл – алтын босаға нық,
Бақыт мені осында тосары анық.
Көкке қарай керуен көшіреді ол
Ақ бұлтты да қолымен жасап алып.
Екібастұз! Есімің жүрегімде!
Ерек шуақ жұртыңның жүр өңінде.
Сүйед сені көшеңді сыпыратын
Жұмысшыңның сыпырғыш, күрегі де.
Қара жерден тауып ап нәр-қорегін,
Кеудесіне қондырған бар керегін.
Астанадан несі кем бұл қаланың,
Дәл ортада тұрғанда «Бәйтерегім»?
Күнің көкте жайнаған лағыл құсап,
Ыстық маған сендегі дабырлы сәт.
Екібастұз, тұрасың жанарымда
Сол баяғы мен туған ауыл құсап...
САҒАН ҚАРАЙ...
Саған қарай... Кетіп қалғым келгені,
Жібермеді күйкі дүние өрмегі.
Саған қарай кетіп қалсам десем де,
Жолсерік боп сенім маған ермеді.
Асау сезім жұлқығанмен тізгінді,
Жібіте алмас бойымдағы жүз мұңды.
Елестердің етегіне жармасқан
Қайтсем екен жылуы жоқ мұз-күнді?
Қиял күнде өзің жаққа қашады,
Көкірек те көкке ұлып, аш әлі.
Төркініне тартып кеткен төзімім
Қайта оралып, маған тарту жасады!
Сенде де мұң... Мағынасы бөтендеу,
Сенде де бар маған қалай жетем деу.
Жалтаң-жалтаң жұрт көзіне қараймыз,
Біле білсең,бұл жасықтық бекерлеу.
Бере алмасын білсе де әділ бағаны,
Жүрек сорлы жұрт пікірін бағады.
Кете алмаумен, жете алмаумен осылай
Жастық дәурен жылап өтіп барады.
ҒАШЫҚ СЕРТІ
Серт берем, жаным, саған,
Жалындаған жүрегің жылатпауға,
Арманыңның асқарын құлатпауға.
Жауап болып сендегі сұрақтарға,
Бақыт құс боп бағыңда тұрақтауға.
Серт берем сүйіп тұрып:
Бар мен жоқты сендегі бөлісуге,
Ынтызар боп күн сайын көрісуге.
Қараңғы түн. Шөл дала. Сен үшін бе?
Бәріне де болады келісуге!
Серт берік. Сенім – серік,
Қызғаныштан сонда да күйіп жатып,
Жүрегіңнің соғысын қиындатып.
Уақыт өтпей қойғанда құйындатып,
Сүйгеніңді күту – бір биік бақыт.
ӨЛЕҢТІ
Әр тамшысы – дәру мың,
Басқа ізін құт қылып.
Көкірегі арудың
Арындайын тұп-тұнық.
Қадамы бар асығар
Ел дегенде елжіреп.
Толқып-толқып басылар
Лүпілдеген бір жүрек.
Аспан алыс десек те,
Күннің жақын құрбысы.
Қар лақтырған кесектеп,
Тілеулесі – қыс қысы.
Көзге оттай басылып,
Жағатұғын жыр-алау.
Кәусарының басы нық
Жәннат жақтан шығар-ау.
Көшірмесіз соғылған
Күміс тәжі өлкенің.
Ырыс ерген соңынан
Қасиеттім, көркемім!
Өлең егіп, жыр өрген,
Құт көмкеріп балағын.
Сызылтатын сырлы әуен
Сыбызғысы даланың.
Сағат сайын сәні артып,
Сазға бөлер тәтті шақ.
Өлеңті ағар амандық
Ала жеткен хат құсап.
Көпір қылған жырына
Мөлдір суын кіл ақын.
Сен аман бол, Өлеңті,
Ерейменнің жұртынан
Сәлем айтып тұратын...
САҒЫМБЕК ШАЛДЫҢ ҚҰДЫҒЫ
Білмеймін, қашан қазылды,
Тарихы кімнен басталған.
Тарихы суда жазулы,
Шырқайтын дәйім астауға ән.
Таситын едік тәшкемен,
Әжеміз шайға сұраса.
(Степан ағай – бөшкемен
Фермалар жаққа қыр аса).
...Шалшықта шулап құстары,
Ойнайтын қанат сабалап.
Жарысқа қайық қосқалы
Көп бала көлшік жағалап.
Қар басса, күреп, жол салған,
Жаздыкүн күтіп маңатын.
Сағымбек атты бір шалдан
Тамаша мирас болатын.
Тақия киген басына
Бәкене бойлы қарт еді.
Сый тартқан мына ғасырға
Атамыз неткен мәрт еді!
Қадірін білген қауымға
Құдық та тұнған бір кие.
Осындай біздің ауылда
Мұраға Мақсұт ұл ие.
Құбыры кеуіп, қуарып,
Кеңестік дәуір құлады.
Тұр елді жалғыз суарып
Сағымбек шалдың құдығы.
МЕНІҢ ӘКЕМ
Менің әкем...
Болмысы дара жан-тын:
Ет жүрегі ерігіш, балажан тым.
Бөтен үйдің танауы жылтыраған
Құшып-сүйсе ұлдарын, күлкі маған!..
Немереге кәмпитін тығып менен,
Қалтасынан ұрлап ап, түңілткен ем.
Үйіретін сан түрлі шаруаны:
Қызықтырып айтады ауыл әлі.
Еңбексүйгіш жанына қорек, тегі,
Көз алдымда тері илеп, тон еткені.
Қалақ, көсеу сомдаған көршісіне
Алғыс пенен адамдық елшісі ме?
...Кітап оның әуелгі досы, білем,
Әліппені танытты бесігімнен.
Қаза, тойда демеумен туыстарды,
Мысы басты кеудесі қуыстарды...
...Азаматтық айбыны есімде анық:
Жеңгесінің біреуі жесір қалып,
Ағасының жоқтығын сезбесін деп,
Он балаға қол созы, өрге сүйреп.
Отын шөбін жеткізіп елден бұрын,
Сосын ғана жанына берген тыным.
...Сөз қозғасақ өткеннен сыр қосқалы,
Достыққа адал жан дейді құрдастары.
Көзкөргендер жас алып жанарына,
Қуанады гүл бітсе қадамыма.
Кейде әкеме ұқсатса болмысымды,
Бастырардай көремін оңға ісімді.
Тіршілікте жүзбейтін жүзінде мұң,
Өнегелі ісі жүр ізінде мың.
Әкем жайлы айтылса ізгі лебіз,
Ол ендеше мәнді өмір сүрді деңіз...
БІЗДІҢ КӨШЕ
Іркес-тіркес төбелер іргесі еді:
«Горный» дейді бұрыннан бұл көшені.
Кемпірқосақ асылып иығына,
Мұнда алтын балалық жүр кешегі.
Шықтым тағы төбенің биігіне:
Әкеміздің ақшаңқан үйі міне.
Ошағында қып-қызыл оты маздап,
Қорасына шөмеле үйілуде.
Көк темір көп: көлік пе, трактор ма,
Шығып барад бұзаулар шұбап қырға.
«Ие болам әкемнің үйіне» деп,
Көшіп келген қаладан Суат мұнда.
Бааланың да бар шығар бір керегі:
Тастамайды қасынан Нұртөрені.
Ертең мынау қырқадан мен сияқты
Нұрай бала жауқазын гүл тереді.
Қаңқылдаған қаздары ауласынан,
Көрші жаққа көз салдым тау басынан.
Омар ұста баласы Берік ағай
Отыр екен от шашып балғасынан.
Немересі Әлимаш апатайдың
Әбен басын қылтитты арбасынан.
Құран ұстап табынған Тәңіріге,
Тайшық атам молда еді мәлім елге.
«Оразгүлім, Алашым» деп айналып,
Биғайша әже түсетін әбігерге.
Аллаберген (Алашы) азамат боп,
Тірек бүгін шаңырақ – жәдігерге.
Бұл көшеде талайлар тұрған еді:
Бауы – орман, қоршауы қорған еді.
Қабиболла мұғалім «сарайына»
Кіріп-шығу баршаға арман еді...
Білімдіңіз сол еді, ұқыптыңыз,
Үйренсеңіз есебін ұғып дұрыс.
Орнында оның шынтақтап Ерлан солда
Жатып енді пермеден күтіп қымыз.
Әбди ата сүйенген балдағына,
Бір аяқты соғысқа арнады ма...
Жаңылдығы ұл болып ұл орнына,
Ардагерді жеткізді арманына.
Немересі Рүстем молда қазір
Абыройлы ауылы, аймағына.
Ұмытпайды Отаны есіл ерді,
Сыңғыр қағып көп медаль төсіндегі
Қабылтайдың, майданнан ақсап қайтқан,
Жексенбай ұл шырағын өшірмеді...
Жанат ерің әр іске епті ме екен,
Көк темірді көп ақша етті ме екен?
Серікбай қарт аулада көрінбейді,
Қыдырыстап жол жүріп кетті ме екен...
Аталардың ардагер сарқыты еді,
Қарттық жеңіп, ол-дағы шөкті ме екен?
Алты қанат ақ орда – ауыл сәні,
Баласының қолында – бауырсағы.
Жасырынбақ ойнайтын доп қуалап
Гүл дәуреннің ол ең бір тәуір шағы.
Ауласына сараңдық жасамайтын,
Ол үй маңын бар бала тасалайтын.
Совет әке бізбенен ойын да ойнап,
Күлән ана шаруадан босамайтын.
(Біз, балалар, бір әсем шуақтанбыз,
Жалғыздарды құдайдан сұратқанбыз.
Ұлу жылы Қуаныш екеуміз де
Үйімізді іңгәлап қуантқанбыз!).
Қызғалдақтар құлпыртқан бағын дара,
Зиялы жан, мінезі момын ғана
Бекен ұстаз үйінде Бағлан тұрад –
Баспанаға айналған шағын ғана.
Қаланікі боп кеткен Асыл тәте,
Әбуғали көшесін сағына ма?!
Дәукен аға жұмыстан бас ала ма,
Қабаған ит мүлгиді босағада.
Зәуреш жеңгей қойыпты дүкен ашып,
Бәтима апа құрт жайған шошалада.
Көшіп кеткен қалаға Тоқыш әкей
Күн жылына оралад осы араға.
Молдалардың төресі емес пе еді,
Қабиден шал көзіме елестеді.
Қаза қылмай намазын, демалатын
Тасқа шығып бір ауық дөңестегі.
Топыраққа кетпенін сүйгізіп мың,
Жер-Ананың емшегін идіріп шын.
Қоныс қылды бұл үйді тыным таппас
Пысық жігіт – Нұрболы Игіліктің.
Өзгеше еді әкесі, шешесі де,
Сары қымыз сапырып кесесіне.
Момын ана Қаратай мінезімен
Шуақ шашып кеткендей көшесіне.
Құрбылардың ақ ниет, көңілшегі
Сандуғаш дос тек маған еруші еді.
Ұқсатыпты «таскемпір» Бибіжамалдың
Үй-қорасын Ерештің келіншегі.
Құдығынан Мақсұттың суын тасып,
Моншасында Серіктің шуылдасып.
«Ерғанатжан, құбырсу қашан болад?»
Деп сұрайтын әкімнен шуылдасып.
Көше екен көз тіккен тау басына,
Босқа мінбей уақыттың арбасына.
Көп молдаға бұл қотан болып мекен,
Талайларды түсірген тәубасына.
Иесіз үй, қора жоқ қорқынышты,
Жер-Анамен келісім, серті күшті.
Еңбекпенен таңы атып, күні батқан
Бұл көшенің адамы кең тынысты.
Қарсы алатын қақаған қысын күліп,
Өзіне тән бар мұнда пішін, қылық.
«Горный» көше тұрғандай бар ауылға
Қара шаңырақ қадірін түсіндіріп...