Жанарбек ӘШІМЖАН: Тағамызды қағып бердi тал түсте, "АНА" дейтiн үш-ақ әрiп бiздердiң
ӨМІРДЕРЕК
Жанарбек Садыханұлы ӘШІМЖАН
1976 жылы 1 сәуiрде Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Кеген ауданы) Жалаңаш ауылында туған.
1993 жылы Жалаңаш қазақ орта мектебін бітірген.
1995-1999 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде білім алды.
Тырнақалды туындылары аудандық «Хантәңірі» (бұрынғы «Коммунизм нұры»), облыстық «Жетісу» басылымдарында жарық көрген.
1996-1999 жылдары - қалалық «Алматы ақшамы» газетiнде тiлшi,
2000 жылы - республикалық қоғамдық-саяси «Қазақстан» журналында бөлiм редакторы, 2000-2005 жылдары - республикалық «Жас Алаш» газетiнде әдебиет және саясат бөлiмдерiнiң меңгерушiсi, 2005-2008 жылдары республикалық «Жас қазақ» ұлттық апталығында бас редактордың орынбасары қызметтерiн атқарған.
2008 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болып қызмет етеді.
2003 жылы - Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң «Гран-при» иегерi.
2006 жылы - Түркiстан қаласында өткен Өмiрбай Сәуiрбаевқа арналған республикалық жыр мүшәйрасының І жүлдегерi.
2007 жылғы «БТА» банкі ұйымдастырған жазба ақындардың республикалық жыр бәйгесінің бас жүлдегері.
2008 жылы - «Бір өлең – бір әлем» атты халықаралық жазба ақындар жыр мүшәйрасының бас жүлдегері.
2009 жылы ҚР Үкіметінің арнайы жарлығымен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» медалімен, сондай-ақ «Қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Өлеңдері мен эсселері республикалық басылымдарда жарық көрген. Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Жас қаламгерлер» кеңесiнiң төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарады.
2012 жылғы Қаламгерлер құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.
АНА
Аяздарда жабырқап, жасымаған,
Аптаптардан ап өткен көшін аман,
Тар кезеңде тағдырдан шошымаған.
Бар кезеңде арнадан тасымаған.
Шаңырағын басына тік көтеріп,
Суарылған семсердей сертке берік,
Аяңдай басып келеді, асыл АНАМ!
Асыл анам, жайнаған жасыл бағым,
Қасарысқан тағдырға бас ұрмадың,
Орта жолда опат боп асыл жарың,
Бізге мәлім қамығып, ашынғаның,
Он баланың жалауын тіктеймін деп,
Ошағыңның жылуын қашырмадың.
Шыр айналған шиеттей бала-шаға,
Ұрындырмай қаңтар мен қарашаға,
Мойын бұрмай думанға, тамашаға,
Формуласын шешті анам тағдырының,
Ауық-ауық жылап ап оңашада.
Намысымды таптатпай жат біреуге,
Өміріміз бұл күнде сап түзеуде.
Аналарға дейтұғын ұлы сезім,
Сағат сайын кеудемді тепкілеуде.
Жол
Есей ЖЕҢIСҰЛЫНА
Бақи менен фәни жалған арасы,
Жанарымнан ағып тұр ма, қарашы?
Жан сырымды саған айтқым келедi,
Көлбастаудың көл тауысар баласы.
Жалаңаштан неге кеттiк екенбiз?
Алматыға неге бiздер бөтенбiз?
Құлындарын шығарып сап тұрғанда ел,
Беттi сипап жүрiп кеттiк екеумiз.
Әкемiздiң басқан жерi тақ бiлем,
Басымыздан неше айналды бақ күрең.
Екеумiздi жолға салып жiбердi,
Қара шалды орап кеткен ақ кiлем.
Қарайлаймыз өткенге де, кеткенге,
Не жетедi әке иiсiн өпкенге?
Жетi жаста жiгiт болдық екеумiз,
Әкемiздi беткейге алып кеткенде.
Сапар шектiк бейбағыттау түзге ендi,
Қалдырып сән бал-балалық iздердi.
Алматыға лақтырып кеп жiбердi,
Жүргiзушi әкесi жоқ бiздердi.
Көктем едi, қапелiмде күз келдi,
Жан анамыз Жалаңаштан жүз келдi.
Тағамызды қағып бердi тал түсте,
«АНА» дейтiн үш-ақ әрiп бiздердiң.
Шалымыз жоқ, жоқ және де таяғы,
Бұл сапардың қалай болады аяғы?
Екеумiзге жалғыз ғана медетшi,
Паспорттағы жалғыз сурет баяғы.
Туған өлке қалды сонау қыратта.
Сүрiндiк те, алдық неше құлап та.
«Әкесiз» деп мүсiркедi неше адам,
«Жетесiз» деп айтқызбадық бiрақ та.
Жалған тағдыр жаралады жанымды,
Қайқы өмiр сiмiредi қанымды.
Жылап-сықтап барамыз бiз дөң жаққа,
Ал Құлпытас жаза ала ма тәнiмдi.
Жүрегiмдi өртеп жатыр мұң-күйiк,
Сол күйiктен жүрем кейде сыр түйiп.
Әкесi жоқ адамдардың тағдыры,
Әкесi бар адамдардан тым биiк.
Қара қазан
Артыма бір қарасам қайырылып,
Кездер көп әр күні аңыз, тайы – күлік.
Күншуақта қап кеткен шүберектей,
Сол күндер қалды-ау дар-дар айырылып.
Таулы өлкеде, қиялдың ұшағында,
Қонарын да жел біліп, ұшарын да.
Біздің ауыл күтетін Қызыр шалды,
Қып-қызыл ұрандардың құшағында.
Айналып бүкіл ауыл бір қауымға,
Көшені толтыратын жыр-дауылға.
Саясаттың кимей-ақ сал шекпенін,
Торқалы той болатын күн де ауылда.
Немерені жетектеп апаларым,
Көрші үйдегі көжеге апаратын.
Әйбәт киімін киіп ап аталарым,
Ала таңнан беретін баталарын.
Қара торғай көп еді сол жылдары,
Қарлығаш құс болатын елдің бағы.
Наурыз шешек жіпсітіп жіберетін,
Қыстан қалған қырдағы тоңнын бәрін.
Атқан кезде рауандап таң қылаңы,
Біздің үй де жасанып, жаңғырады.
Жеті түрлі дәм қосып тоғыз жанның,
Жан анамыз мейірін қандырады.
Разы боп қалса аға пейілі ірі,
Көже жетпей бұртияр кейіп іні.
Шешей ылғи ырыс қып тосатұғын,
Қырда жатқан әкейдің мейірімін.
Ораққа да орылмай, төске түспей,
Әз наурыз көнеден көшкен іздей.
Көзімізді көктемде тырнап ашып,
Көппен бірге көшке еріп өскеміз ғой.
Жыл келгенде жылғаға бұлақ келді,
Біздің елге Ақбастау суат болды.
Қара қазанда асылған аппақ көже,
Қара ұлдың бойына қуат берді.
Ескі жылдар ескегін қағыпты енді,
Шәр Алматы шақырды, жарық берді.
«Көже жасап берем» деп,
Көшкен кезде,
Қалаға анам қазанды алып келді.
Ырыс келді қазанмен әулетке бұл,
Ұрпағына тілеген дәулетті өмір.
...Қызыр-кәрия қазаққа дос бол мәңгі,
Алақанын жайсе тек сау кетпегір.
Жүректе мәңгі қалар ізгі жыр бұл,
Көңілім бала күнге жүз бұрып жүр.
Немере-шөберені жинап алып,
Шешем бұл күн жерошақ қыздырып жүр.
Өмірдің өр, ылдиы, тасы мәлім,
Шашымның ағын кейде жасырамын.
Наурыз келіп қалған жоқ па екен деп,
Әр күн сайын анама асығамын.
Жалаңаш
Ықтасынын қоршап жатқан тал, ағаш,
Қырқасының қызығы бір тарамас.
«Кесіріңнен сақтай гөр» деп Жаратқан,
Бесігімнен шешіп алған, Жалаңаш!
Сәби шақта жалау болған құт-мекен,
Топырағың әруақты екен, құтты екен.
Қалбалақтап қай қиырда жүрсем де,
Таңдайымда дәмің қалған сүт-мекен!
Көмейіме бүлкілдетіп ән берген,
Келген жанға кілкілдетіп дәм берген.
Жағың семіп қалмасын деп тіл берген,
Жолаушысын төрге оздырып, хан көрген.
Аруына мүсін берген, сән берген,
Баласына бармақпенен бал берген.
Шақалаққа бесік етіп талды өрген,
Азаматқа мыңды айдатып, мал берген.
Көк аттыны басынбаған Жалаңаш,
Басынан сөз асырмаған Жалаңаш.
Жылқайдаров Мұқатайдай мұңданып,
Аралдайын ашылмаған Жалаңаш.
Тартсаң дағы тағдырдың сан ауырын,
Тәкаппар ғып өсірдің сен тау ұлын.
Мына сені сүйер мендей жан бар ма,
Жалаңашым – бірге туған бауырым
Самғағын деп қанат бердің, ат бердің,
Сағат сайын аламанға сап келдің.
Көмбеңді мен сан шаң қылдым,
Көңілін,
Табу үшін Жалаңаштай бапкердің!
Жалау алсам батыр болдым, бас болдым,
Қажет кезде үйілген бір тас болдым.
Қасқа туған Қасқасулық досыма,
Ауылымды айта-айта мас болдым.
Тезге түскен кезін көріп текті ұлдың,
Таспен емес достарменен шеп құрдым.
Қазығұрттың төбесіне шыққанда,
Жалаңашым көріне ме деп тұрдым.
Топырағын сатқандардан безіндім,
Атырабым өзіңді ойлап көз ілдім.
О, туған ел сені сүю арқылы,
Бар қазақтың қасиетін сезіндім.
Айтпа маған бүгінгі ауыл дерегін,
Естіледі бөлек дауыс, бөлек үн.
...Жұдырықтай жүрегімді қолға алып,
Жұмыр жерден жұртымды іздеп келемін.
Қылбұрау
(Қайыршы үндiстiң монологы)
«1996 жылы АҚШ-та Қаһарлы Қызыл Бұлт есімді кісі қайтыс болды. Ол - жергілікті үндістердің сиу тайпасының соңғы өкілі екен. Көз жұмар алдында байғұс Смитсон университетінің өнертанушыларына өз тілінің ерекшеліктерін, ғұрыптық әндерін жаздырып кетіпті».
Сәкен Сыбанбайдың мақаласынан.
Ұқсап бiр кеттi-ау «Ағажайыма»,
Зарлы әнiң зарпы жазған-ау!
Амстердамның әуежайына,
Қай жақтан келдiң қарғам-ау!
Сарқыншағыма ең сұрапылдардың,
Қылыштай бейне қияғы.
Қапыда сенi жылатып алдым,
Тарихтың соңғы тұяғы.
Қайыршы үндiстiң қарлыққан даусы,
Құлақ түбiмде тұр әлi.
Кәрi құрлықта қаңғырған басын,
Тоқпақтап сонда жылады:
«Даланың тарлан тағысы едiм ғой,
Тайпамның аты – ұраным!
Өркениетiм – тау iшi едi ғой,
Жақпар тас, лашық – тұрағым.
Шiрене тартқан адырнам қайда,
Жебесi желмен жарысқан.
Қауырсын таққан қабырғам қайда,
Жайратқан жауын алысқан!
Мұңсыз жанарын мұхит тербеткен,
Қыздарым қайда қылықты?
Арғымақтардың жалын терлеткен,
Ұлдарым қайда құрықты?
Қайысқан қалың қолдарым қайда,
Жаужүрек бата алмайтұғын.
Жондарға түскен жолдарым қайда?
Ешқайда апармайтұғын.
Аспаным шайдай ашық едi ғой,
Иесi күннiң мен едiм.
Найзаға iлiнгенi – асым едi ғой,
Еркiн бiр соққан жел едiм.
Отырушы едiм сыйдырып көзге,
Ғаламның шетiн, шегiн де.
Ел болғаны ма бiзден де өзге,
Осынау жердiң бетiнде!
Бау-бағы абат, өзенi мөлдiр,
Тауымды неге шақтыңдар?
Қай жақтан келдi келмеске кеткiр,
Қайығы суға батқырлар!
Алтын һәм күмiс тиындарыңды,
Танымаушы едiк тегiнде.
Шарап ұсынған бұйымдарыңның,
Түбiнде кеткен кегiм бе?..
Мисисипидiң арнасындағы,
Сұрапыл едiм тулаған!
Қылқанды орманның қалқасындағы,
Қаңқа болдым ба қураған?..
Қабiрiме менiң қала салдыңдар,
Тiлiмдi турап тастадың.
Дiлiме өшпес жара салдыңдар,
Тарихтан кеттiм қас-қағым.
Еуропада жаңғырып қалсын,
Қауашағыма сыйған сөз.
Ұрпағың мәңгi қаңғырып қалсын,
Атаңа нәлет жиһангез!»
Санамда сонау ғапыл ғасырдың,
Сұңқыл қағады байғызы.
Ұйқымды менiң неге қашырдың,
Қайыршы үндiстiң қайғысы.
Көмiлген қоса бейiтiңе кегiң.
Қызылтәндiлер қырдағы.
Түскiм келмейдi кейпiңе сенiң,
Ункастың сорлы ұрпағы!
Шекарамды жауға шендестiрмеймiн,
Түскенше жерге келте иек,
Даламды саған теңдестiрмеймiн.
Молада тұрған өркениет!
Байтақ далам-ай далиып жатқан,
Кiрмеге толы құшағы.
...Қабағына сол қан ұйып қалған,
Үндiстен зәрем ұшады...
Алғашқы қоңырау
«Еңбектеп ендiм өмiрге,
Шалқалап әкем шықты үйден»
Қасым АМАНЖОЛОВ
Соғылды алғашқы қоңырау,
Құлыным, мектепке дайындал!
Құр аттай құйғисың өмiр-ау,
Бойымда бiртүрлi уәйiм бар...
Мән берме шуына қаланың,
Бойыңда рухы бар даланың.
Тастақ жол мектепке бастайды,
Құт болсын алғашқы қадамың,
Дайын ба әлiппе, қаламың!
Келе ғой аяғың талмасын,
Жанымның тiп-титтей бөлшегi!
Сән сезiм сыйлайды жанға шын,
Тап-таза сәбилiк өлшемiң.
Көшелер қиылысы – қанбазар,
Құлдыраң қағып сен кiрерсiң.
Жалғанның сыны да сан тосар,
Бiр тұрып, бiр жүрiп түлерсiң.
Жанарың кетпесiн қарығып,
Сәтiмен жетерсiң асқарға.
Сүрiнiп кетпегiн, жарығым,
Шашылған қиыршық тастарға.
Дәл осы есейткен талайды,
Алғашқы қоңырау сыңғыры.
Соғылған қоңырау, алайда –
Қағылған өмiрдiң күмбiрi.
Бұл өмiр талайды сынаған,
Қол созып жүргенде арманға.
Қарғам мен соңғы рет жылағам.
Әкесiз мектепке барғанда...
Соғылды алғашқы қоңырау,
Құлыным, мектепке дайындал!
Құр аттай құйғисың өмiр-ау,
Бойымда бiртүрлi уәйiм бар.
Беу дүние...
Тоздырып тонымның жағасын,
Аздырып адамдар арасын,
Бетке алып бақидың сағасын,
Тайдырып сақидың тағасын,
Сыздатып жанымның жарасын,
Сақпанның тасындай сал-дәурен,
Сабылып қайда алып барасың!?
Тазқара ұшырған тауымнан,
Бүлдірген ұсынған бауымнан,
Кіндігі байланған бауырдан,
Түндігі жайланған қауымнан,
Үйірден шалма сап шәр заман,
Иіріп әкеттің ауылдан.
Көлсайдың көкала қазындай,
Керілген сұлудың назындай,
Жайқалған Алтайдың жазындай,
Найқалған Хантәңірі басындай,
Сантүрлі құбылған сал-дәурен,
Талғаттың сыбызғы сазындай!..
Төкеңнің «Салтанат» күйіндей,
Арбаған Құлжа-қыз биіндей,
Шебердің қандырған иіндей,
Ханға да, қараға иілмей,
Тұрып-ақ тозарсың сұм жалған,
Су жаңа киімдей киілмей,
Ескі үйде үрленген бүйендей.
Жаралған бозкөде, жусаннан,
Сүлдемді бұл күнде у сорған,
...Самарқан тасындай бусанған,
Жалыңнан сипатар ма екенсің,
Беу дүние бес атпен қусам да!
***
Адалдығы – пәк сәбидей, баладай,
дархандығы – далиған кең даладай,
ақ көңілі – анам жайған өредей,
тектілігі – төрде отырған төредей,
бағбандығы – бал жинаған арадай,
маған адал дос керек!
Күн туғанда ту түбінен ту алар,
арғымағын жер шетінен суарар,
Арал болсаң – ары бірге қуарар,
тек жеңістен тұрмайды ғой бұл жорық,
сәтсіздікте сабырына жұбанар,
маған асқан бауыр керек!
Адырнасын ту сыртымнан атпайтын,
алдаспанын тек жорыққа сақтайтын,
есерлігін ерлігімен ақтайтын,
шибөріше ши түбінде жатпайтын,
жекпе-жектің кіргізетін шырайын,
қан майданда қас жауын да сатпайтын,
маған текті жау керек!
Жасын ұрса жар таба алмай тығылар,
жүргендердің көздерінің сұғы бар,
уысымда жүргендердің уы бар,
туған елдің тұмасының суы – бал,
жарым көңіл жалшының да бақыты –
босағадан еркін еніп жығылар,
таңбасы бар, картасы бар, Туы бар,
маған бүтін Отан керек!
Кешіріңдер...
О арулар мен сендерге асыққам,
Тағдыр келіп ін қазғанда іргеден,
Сұлулардың жанын сонда қажытқам,
Тағдыр жайлы жырлар оқып мінбеден.
Екі иіннен дем ала алмай тұрдым мен,
Сұм жалғанды суреттеуге тіл жетпей.
Сүйретіліп келді қанша құр сүлдем,
Босағаңа басты сүйеп бірбеткей.
Ана жайлы, ару жайлы жыр жазбай,
Аламаннан аты озған ба ақынның?
Білте шамның жарығымен сыр қозғай,
Көкжиектен талай таңды атырдым.
Сонда мені құтқарған сол сұлулар,
Сұлулардың жанарында жылу бар.
Мәті дәурен сәл аялдап тұрыңдар,
Аруларға ақтармаған сырым бар.
Сәтті өлеңге қайырма боп құралсам,
Тәтті әуеннің ырғағында барсыңдар.
Анам менен жарыма арнап гүл алсам,
Қауыз жарған сендерсіңдер, Аршындар!
«Мен өмірге ғашықпын» деу – жалғандық,
Сұлуларға ғашық болу – дұрысы.
Өмір саған біз қаншама алдандық,
...Қызды алдаған арамзалар құрысын.
Пандур, шонгур, сырнай, шаған, сыбызғы,
Сан аруға сызылтып ән баптадым.
Қымсынып қап ұсынатын қымызды,
Өз ұлтымның аруларын мақтадым.
Шығарайық аруларды төрге еппен,
Теңеу таппай теңселейік жер-көктен:
Есіктегі кебінге кеп енгенше,
Бесіктегі босап шығып жөргектен.
Үш оғылан
Жарас СӘРСЕККЕ
Асқақ едік, такапар ек өркеуде,
Қарғып өткен қиядан да, өрден де.
Балаң мінез балғындарды қарсы алған,
Үш оғылан көрінбейтін төрлерден
Алғаш біздер Алматыға келгенде.
Жарас ақын ұсынған-ды жүрегін,
Нәмарт Марал аралатты жыр елін,
Жорықтарға жол бастады сұрапыл,
Әмір қаған Элладада жүретін.
Үш оғылан жапырағы тоналған,
Медеу күтпей мейманасыз қоғамнан,
Ботпановты іздеп бара жататын,
Өлең атты планетадан жоғалған.
Айылдарын жимай бара жататын,
Қалашықты қимай бара жататын.
Өлеңменен өрнек салып КазГУ-ге.
Алматыға сыймай бара жататын.
Үш шайырға ілесем деп жаны ізгі,
(Қаншама ақын сабағынан қол үзді).
Сынаптайын сырғып сынақ келгенде
Қожакеев сорамызды ағызды.
...Жылдар озды, өтті уақыт қас-қағым.
Алатаудан естілді үш асқақ үн,
Жетісуға үш өзен кеп қосылды,
Ал үш өзен үш теңізге бастады.
Жаңылмады дей алмаймыз үтірден,
Алла жазған адасқан жоқ үкімнен,
Бөзге бола дай-дай болып жатқанда ел,
Бұл үшеуі сыйлықтарға түкірген.
Маусым, мамыр, сарша тамыз, ақпанда.
Соларға еріп талай түстік сақпанға,
Шалыс бассақ сол үшеуін даттаңдар,
Алысқа ұшсақ сол үшеуін мақтаңдар.
Бірін бірі тастамайтын қақпанға!
Сәлем жетсе Қазығұрттан, Жайырдан,
Көңіл шерін «Сары бидаймен» қайырған,
Алматыны неге сүйді сол ақын,
Әке-шеше, бауырлардан айырған.
Өргізетін өзегінен түнде өлең,
Жан жарасын жалап жазған жырменен.
Алматыдан тауып алды ол өзін,
Өзін іздеп кетіп еді Сүмбеден.
Сол қалашық, көз де қалған байланып,
Сәл жүдеулеу.
Сәкіде отыр ойланып.
Кенет ақын ағыл-тегіл төгілді,
Өзі өлеңге, өлең оған айналып.
Найзағай... Топ бала
Жалған дүние – ылди, қия, еңіс, дөң,
Бар сапардан оралар деп жеңіспен.
Біз жолыңды күтуші едік қарғам-ай,
Бүрлеп тұрып, гүл жармаған періштем.
(Құлпытастағы жазу)
Сары ала үйрек, жоқ әлде қара ала аспан...
Бейуақта сапар шеккізді-ау далама дастан.
Күре жол бүгін, сен мені қайда бастадың?
Жалауымды менің ауылға сан ала қашқан,
Мына бір таңды көжиек шала қырқыпты...
Жаныма жалған дүние жара бүркіп тұр.
Ауылға шықсам атқақтап қоя беретін,
Жүрегім неге бұл күні алабұртып тұр?
Апатай, жазып тұрмысың жауырынды айға,
Қалдырдың неге қамкөңіл қауымымды ойға?
Құйғытып келіп тау жақтан қарсы алатын,
Дариға-ай, сол бір дәулескер бауырым қайда?..
Сабыла көшіп кеткен бе сауығың сайға?..
Тобылғы теріп өр жақтан топ бала өрді,
Жасаурап жанар тау жаққа оқтала берді.
Ән салып шауып өтетін Әлибегім жоқ,
Топ бала менің кеудеме шоқ сала келді.
Сұм дүние мынау зыр қаққан сынап па еді?
Сырғытып тіреп қойған-ай сынаққа тегі...
Түксиген таулар, қыраттар, бұлақ та мені,
Бұлғаққа салып дәл бұлай жылатпап еді...
Кетті ме жәудір жанарға ғасыр елестеп,
Қарғам-ау, біздер шалдардың жасыны емес пе ек!
Қақпанға түссе аяғын шайнап кететін.
Кім айтты сені намыстың ғасылы емес деп?
Тана көзіңе танабау Қасымдар таққан,
Өзің көшкелі борап жүр басымда ақпан.
Құсымнан туған құмайым сені іздеп жүрем,
Қаймана жұртты ұрылар басынған шақта.
Жалыңнан ұстатпадың-ау қалаға мынау,
Ғашық боп өттің шың-құзға, далаға қырау.
Ұлтымның кеткен ұпайын түгендер деуші ем,
Жауырыны жер иіскемеген бала нарым-ау...
Шабандозым-ау, шәлкестеу жорға ұстатпайтын,
Соңымнан жүрсін дедің бе сорға ұқсап жай күн,
Торайғырдың анау жазығын құрлық көрмейтін,
Қарагер дүл-дүл сен неге қолға ұстатпайсың?
Құнан шағыңда-ақ төрге озып жарап едің-ау,
Ат қосқан шалдар тұлпарға балап едің-ау.
Жас парлап кеткен шағыңда жанар сүртетін,
Шабандоз қайда күліктей қарагерім-ау?
Балапаным-ай,
Жалғанды жаңылдырған сен қайрақ едің ғой,
Атан шағыңда бәйге алған тайлақ едің ғой.
Тәңір тауының басынан томағаңды алып,
Қабір тасының төріне қоймап едім ғой.
Қолымда болса қозғар ма ем дәуірді бермен,
Қауыштырар ма ем содан соң бауырды елмен.
Тас қалада өстіп беймезгіл тасырқап қалам,
Тау ұлын ойлап он үш-ақ сәуірді көрген.
Тобылғы теріп өр жақтан топ бала өрді,
Жасаурап жанар тау жаққа оқтала берді.
Ән салып шауып өтетін Әлибегім жоқ,
Топ бала менің кеудеме шоқ сала келді.
Ауылға хат
Қалай бауыр, ауылда шал аман ба,
Ағашты ат қып мiнген бала аман ба?
Торайғырдың төсiнен қар кеттi ме,
Сал Қапез әнге қосқан дала аман ба?
Сенi ойласам бөлiнiп санам мыңға,
Отырамын күбiрлеп ар алдында.
Топырағын өзгенiң жерсiнбейтiн
Қолды болған торыңды таба алдың ба?
Тағы қандай шаруалар еңсерiлдi?
Ала алдың ба даярлап жем-шөбiңдi?
...Сендерде ғой адалдық, бекзадалық,
Жiгiттерi-ай ел жақтың ең сенiмдi!
Ауыл жақтан ән жетсе құлағыма,
Байыз таппай кетемiн тұрағымда.
Бақұл болсын... бiраз шал кетiп қапты,
Әлдилеген бiздердi тұмағына.
Жалаң жiбек жамылған қыздарымды,
Қылыш мiнез сағындым ұлдарымды.
Шалдарымды сағындым, бауларымды,
Солар едi киесi түзгi ауылдың.
Ауылда ғой гүл көктем, жайдары күз,
Құрақ ұшар атты да, жайдағыңыз.
Кер бестiнi сағындым, кең даланы,
Кеттiк достым, ауылға, сайланыңыз!
Нарынқол, Жалаңашым – дала мекен,
Жаралы екен, осы өңiр жаралы екен.
Заманақыр зауалы таяғанда,
Бұл ел де жер түбiнде қала ме екен?..
Аға, сiз айтыңызшы пәтуәнi,
Туған ұл жерсiнбеп пе жат ұяны!
Құлағыңа жете ме бақи әнi?
Бiз топырақ iздеймiз.
Кiм iздейдi?
Жолбарыс ұл ұл жоғалса қапияда.
Опырылып отырам осыны ойлап,
Қонбады ғой тәңiрi, басыңа-ай бақ.
Тас-талқан қып кетедi аспанымды,
Кенеттен күн құбылып, жасын ойнап.
Жалаң жiбек жамылған қыздарымды,
Қылыш мiнез сағындым ұлдарымды.
Шалдарымды сағындым, бауларымды,
Солар едi киесi түзгi ауылдың.
Болмады ғой тiптi де өмiр – бұйым,
Үйiрiп тағы әкеттi жемiр-құйын.
Алматының аспаны ағыл-тегiл –
Тiк тұрып құлап түстi көңiл-күйiм.
Үрей
Көкжиектiң көбесi әне тұр сынып,
Сәлден кейiн басталады тiршiлiк.
Ал, сәт сапар, қамданыңдар ертеңге,
Тұл жалғанға тұрғандарың құлшынып.
Құшағында күнәсi көп манағы,
Қақырады қара түннiң қабағы.
Замананың дауылымен тағы да,
Ақтарылды уақыттың парағы.
Қия тiлiп құба жонды даланы,
Жер бетiне жарық сәуле тамады.
Түн қойнынан суырылып табиғи,
Тағы бiр таң шеру тартып барады.
Кешкен дәурен ұнамасын, ұнасын,
Жиып алып күллi әлемнiң күнәсiн,
Бұл шеруде, ей ақындар сендер де,
Елеусiздеу бұрышқа кеп тұрасың.
Қайнап жатқан бес күн дәурен базары,
Тiптен сiзге аудармайды назарын.
Бұл жалғанның келешегi кескiнсiз,
Ал мазары... қирап жатыр мазары.
Мына атар таң былай қойып ар iсiн,
Тәмсiл қылмақ тәкаппарлау тақ үшiн.
Әлдекiмнiң жылтыраймыз алдында,
Байыз таппай баяны жоқ бақ үшiн.
Мiнәйiсiз мiнезi сол тас ғалам,
Тас ғаламда естiлмейдi асқақ ән.
Сосын, сосын сөресi жоқ жалғанның,
Жарық күнiн қарсы алудан жасқанам.
Тарих шашқан ғасырларды белес қып,
Әр таң сайын тағдырыңнан кеңес күт.
Әрбiр күнiң әдiл батса, әсiлi,
Таң қарсы алу қорқынышты емес түк.
Бiр-бiрiнен аумай туған адамдар,
Запыранын шашып кеттi заманға әр.
...Көз ұшында тағы бiр таң келедi.
Талаңдар...
Тырналар
Төбемнен өттi тырналар легi,
Есiме түстi сол әуен.
Сол әуен неткен мұңлы әуен едi,
Ұрлап алған-ай көк әлем.
– Жадыма қайта түсiрiңдершi,
Ол менiң ғана мұңым ғой, –
деп едiм сол сәт бұлтты аспан қапты,
Тырналар ғайып қарап ем.
«Тырналар легi қайда жол тартты,
айтып жiбершi күз дала?», –
деп тiл қатып ем ләм-мимi жоқ,
Жұтаған ағаш сыздана.
Тырналар ғана түсiрер еске,
Сол мұңға қатты ғашық ем.
Менiмен қоса қайғырып жатты,
Тал, терек, емен... жыр-нала.
Жанарым менiң қанталап тұрса,
Мұңайып тұрсам күз дегiн.
Ақ қайың-қызға сүйенiп тұрып,
Сыр айтып тұрсам күз дегiн.
Тағдырымды менiң күзге ұқсатыңдаршы,
Сары алтын емес – сары уайым.
Сары уайымнан сары дала тұнса,
Бағынайын ба, нағылайын...
Көзiмнен жасым көл боп ағады,
Оқысам мұңлы тектi өлең.
Тырналар салған сол iздi көрсем,
Жаныма қайғы бөктерем.
Баяғы сол шық тырналар легi,
Тiзбекке қосып ап кеткен,
Мұңымды менiң қайтарып бермей,
Күз мәңгi сенi жек көрем.
Күй
Дәуiр ағып барады жанарымнан,
Сәуiр сырғып ағады сабағынан.
Тұрлауы аз дүние тұра қашты-ау,
Қондырып ап қаралы қабағына ән,
«Балбырауын» жылатты шанағынан,
Ғазиз жылдар құлатты қабағынан.
Қара өлең неге ғана елес бердiң,
«Аққудың» алаңғасар сағағынан.
Қыз-жалған ойлы, қилы қыратты екен,
Көбеюде күн сайын сұрақ бөтен.
Қобыз шалып отырған қоңыр қызды,
«Қоңыр қаз» неге ғана жылатты екен.
Уақыттың қомағай қылығы да,
Аруларды үйiрдi құрығына.
Құмыра бел қыздардың төгiлмейдi,
Қазанғаптың «Көкiлi» бұрымынан.
Сартоқа сайран салған сардалаға,
Бөкейден Дәулеткерей паң қараған.
Соны ойлап Алматыда мен жүремiн,
Жанымда сабаз күйшi, сардар ағам.
Санам жаңа сезгендей көкте iз барын,
Қырмызыға дүние төктi ызғарын.
Тағдыры теңбiл-теңбiл арулардың,
Жанарынан оқыдым қобыз зарын.
Дәуiр ағып барады жанарымнан,
Сәуiр сырғып ағады сабағынан.
Тұрлауы аз дүние тұра қашты-ау,
Қондырып ап қаралы қабағына ән.
Уақыттың кәрiнен ықпайды арман,
Бұл да бiр шер екен ғой шыққа айналған.
Жүрекке күй боп кiрiп ақырында,
Сұм жалған сырыңды ашам құсқа айналған.
Кеңсай. Кентаврлар көшi.
Тiрiлердiң жетсiн деп жетесiне,
Бақидың уын iшкен кесесiнен.
Жесiрлер жарын iздеп келе жатыр,
Кеңсайдың көңiлсiздеу көшесiнен.
Жаңғырып жатады ылғи санам қырдан,
Байыз таппай жүргенде жарам жырдан.
Қара қобыз ысқышы мұң ағызса,
Қаралы иiс қаптайды қалампырдан.
Талмаусырап кеткенде сыз боп денем,
Күрең белге қарайлай күздi өткерем.
Алматыдан таппаған әулиенi,
Кең пiшiлген Кеңсайдан iздеп келем.
Мұқағали сиреньнен мұрап киiп,
Меңдекештiк мүсiнде мұрат биiк.
Жұматайдың тағдыры тасына ұқсас,
Елеусiздеу жерде тұр құрақ сүйiп.
Тосылуды бiлмейтiн, жосылуды,
Жан бiткенге осы дөң босын үлгi.
Түсiмде ылғи түнерiп кезiп жүрем,
Алматыдан асқақтау осы қырды.
Оралхан – Кербұғы, Алтай, атырап па?
Мына еңiс қой Жарасқан жосып аққан.
Бердiбек қой көнерген мына қоршау –
Мекен-жайы жазылған топыраққа.
Дүн-дүние дүрбелең ала шапқын,
Сана сатқан ордасы сан азаптың.
Пешенесi аласа пенде-өмiрде,
Кетер екен жүрекке жара сап кiм?..
Тiрiлердiң жетсiн деп жетесiне,
Бақидың уын iшкен кесесiнен.
Жесiрлер жарын iздеп келе жатыр,
Кеңсайдың көңiлсiздеу көшесiнен.
Мен сағынар бұл қырат, сен сағынар,
Патшалар да жол берер кең жарыла.
Беткей жаққа бет алған ұлы көште,
Алтын жалды, ай тұяқ Кентаврлар.
Мылқау тағдыр
Бiздiң көшеде Райхан есiмдi қыз бартұғын.
Құдай оған тiл бермедi. Апасының тiрi шағында
Райхан хан қызындай болып жүрушi едi...
Төрт мүшесi сау адамға жоқ дауа,
Балалық қой... ауласында топтала,
Үйiлiп ап тiлiн тартып ойнаушы ек,
Жазған қызды ортаға алып көп бала.
Мылқау тағдыр ермек болып бiр мезет,
Қылықтарын қызықтаймыз кимелеп.
Мұңлы тағдыр мың бұрала бергенде,
Қуалайтын мұң жамылған кимешек.
Ақ кимешек жұбанышы болатын,
Ақ кимешек қорғанышы болатын.
Апасы оның қызыл тiлi болатын,
Апасының қолғабысы болатын.
Жарық сәуле жайған кезде қанатын,
Қалың бала мылқау қызды табатын.
Қуанышты баяндаса жанары,
Қайғысы да жанарынан ағатын.
Ақ көңiл жан апасына көмек боп,
Масақ жиып келетұғын кенеппен.
Тағдырының күнi батып тал түсте,
Ақ кимешек ғайып болды кенеттен.
...Сан жыл өттi, елес болды бал жылдар,
Райхан гүл қауыз шашты сан қырға.
...Кеше кеште жұпынылау көшемен,
Тiлсiз бейне таратып жүр тандыр нан.
Аттанғанда
Арнасын бұзып көпшiлiк ашытқы-ойдың,
Ойынды таста дегендей, асықты қойғын.
Дәу қала жақтан естiлген даңғаза үндер,
Ауылдың жап-жас тұрғынын ғашық қып қойды.
Арманға бөлеп жүректiң бөктерiн балаң,
Аттанып едi болмай-ақ өткенiне алаң.
Ақсақалдарым аспанға алақан жайып,
Шығарып салған ауылдан шеткерi таман.
Ақ бата тiлеп ағайын жорамалыма,
Ақ құртын орап ал анам орамалына.
Аттандырған едi бар ауыл тiлекшi болып,
Сәт-сапар тiлеп томпиған молалары да.
Тыныштық орнап сол сәтте дала көгiнде,
Көздерiн қадап бәйшешек жаңа көрiнген.
Ер-тұрман жайлы елдерге ертегi айтар,
Даланың ұлы аттанды алакеуiмде.
Қолғабыс емей немене өскенi ердiң!
Тәңiрдiң әсте тәлейге кескенiн көргiн.
Қалаға солай аттанды болашақ жайлы,
Көп ойлайтұғын бiр ұлы көшпелiлердiң.
***
Әлiптiң артын ұрпақ бағып келiп,
Өткен жайлы сыр шертiп қайран қылды.
Бiр боздағын Тәңiрге таңып берiп,
Одағыңның ошағын ойран қылды,
...Бой көтердi сөйттi де бiр мұнара.
***
Тағдырлар тоғысы
Табандары тайып кетiп оқыстан,
Бұл қалада сан тағдырлар оғысқан.
Әкiмдерi сөз алғанда сарайда,
Ақындары көшесiнде табысқан.
Бұл қаланың кереметi көп әлi,
Тұрғынының шенi мүлде жоғары.
Шайырлары қаламменен алысып,
Әжiмдермен әспеттеген сананы.
Шайтандардың арбауынан тазалар,
Аллам өзi кесетұғын жаза бар.
Ауыл жақтан шақырылып асылдар,
Нән шаһарда шығарылған қазалар.
Түн түңдiгiн төбеден кеп жапқанда,
Айдың өзi сөз таба алмай мақтарға.
Жұлдыздар да жамырайды жырына,
Ақындары бас қосқанда бақтарда.
Майдан жайлы санамызда ұғым көп,
Сөздер мұнда шайқасады, ұғын тек.
Мәңгi майдан өлең дейтiн өлкеде,
Жауынгерлер жүрмесе екен шығын боп.
Құдайдың да жықпай кейде көңiлiн,
Күрт тоқтатып айғыз-айғыз өмiрiн.
Мұнда ақындар мәңгiлiкке ұйықтайды,
Өлеңменен қоршап қойып өңiрiн.
Көктегiлер басып қалса түймесiн,
Жаңғырып кейде естiледi түнгi есiм.
Жұлдыз ақса бетiңiздi сипаңыз,
Аққан жұлдыз ақын болып жүрмесiн...
Аққан жұлдыз
Төлеген Айбергеновке
Өлең оқып ләзәт алған қайыңнан,
Ғасыл жасын қыршынынан қайырған,
Шайыр өткен бұл жалғанға таңдана,
Отызында былай қойып орданы,
Қара жердiң қыртысын қақ айырған.
Болашаққа табыстап бар тапқанды,
Ажалына күлiп қарап аттанды,
Тiршiлiктiң қолын қысып соңғы рет,
Жарық күнмен қош айтысты мәңгiге,
Маңдайынан сүйiп тұрып ақ таңды.
Жырларының әрбiр жолы өткелi,
Ақсүйектiң тұқымындай тектi едi,
Жұмақтың төрiн берiп ұлына,
Күнәсi жоқ уақытты сiмiрiп,
Жылжыды әрi отызыншы көктемi.
«Ей, сұм ажал! Белiң сынып қалғыр-ай!..»
Көкте солай күңiрендi тарғыл ай,
Маңдайына ақ байлған бозғылт күн,
Ұлын қимай қабiрге ұзақ қарады,
Қапелiмде қалғып кеткен тағдыр-ай.
Таң қылаңы бiлiнбейтiн мұнда түк,
Содан берi жанарында түн батып...
...Көктен қарап тұрған шығар,
Кiм бiлсiн?
Қасидасын қалың жұртқа тыңдатып.
Қаройда
Дендерде, Барат тауда, айдалада,
Қазық таппай қаңғырды-ау қайран арман.
Қапелiмде қызғышын қиып түскен,
Қарой жатыр қамығып қайманаға.
Дұшпанын Бекетайға жаймалаған,
Рухын Едiлiне шайған адам.
Екi кез есiгiне қалай сыйды?
Шығында Жайығыма бойламаған.
Дулығалы һәм бассыз Қаройдағы –
Қос күмбез – Махамбет пен Майлайсары.
...Емен жарқын жүретiн ел екенбiз,
Найзасын қара жерге қадай салып.
Орның болған Орданы орай тарттың,
Хан Жәңгiрдiң жасағын жанай тарттың.
Едiл үшiн егесiп, Жайық үшiн,
Он екi тұтам жай оғын жарай тарттың.
Сағыз, Жем, Қиыл, Ойыл – орғығаны,
Тайсойған, Нарын, Жайық – қарғығаны.
«Хан ордасын сүңгiнiң ұшына iлем», –
деп жүрiп қалғып кеткен хан қыраным.
Шәйi орамал сетiнеп жарының да,
Мүкаммалың шашылды Нарыныңда.
Исатай жоқ, қаңғырды-ау қайран басың,
Белдеулi Бекетайдың сары құмында.
Куәсi кезеңдердiң сан адасқан,
Түнерiп тұр Қаройда қаралы аспан.
Ықыластың ындынсыз ырымын да,
Дауылдар дәуiрлерге ала қашқан.
Жебесiн жырмен буған ұлы ақынды,
Жүз толғатса алты Алаш туа алар ма?!
Қарт қабылан иығыңдағы сызатыңды,
Қарт Каспий алты толқып жуа алар ма?!
Қыс
Жүрегi суық дауылдан сұсты қалқалан,
Әлемнiң мынау қақпасын теуiп шалқадан.
Кiрпiгi – қырау, алақан толы – ақ күмiс,
Ақ iшiк киген ұрлана кiрдi қарт адам.
Ақ қайың қыздың жапырақтарын жайратып,
Талдардың шашын ағартып, қанын қайнатып.
Сақ-сақ күлiп төрiме озды қарт баба,
Аса таяққа ақ орамалын байлатып.
Мiнезi қатал, мазасыз едi шал аздау,
Сол үшiн мұны ұнатататұғын жан аздау.
Қазымырлық қой татулық жiбiн қиысқан,
Күз бенен көктем көршiсiмен де араздау.
Табалау болмас дұшпаннан тiптi бетер ғып,
Жылнама қылар шалдың да жәйi жетерлiк.
Көк мұзға жазған тағдыры менен тарлығын,
Ақ қардай аппақ пәктiгi де бар өтерлiк.
Алғыстар ағып аспаннан, жерден, алыстан,
Сәлемiн жолдап жатады жұлдыз ғарыштан.
Он екi айдың еншiсiн берiп, себебi,
Үтiрiн алып, нүктесiн қойған данышпан!
Аға
Өмiрдiң өгей қолаттарында,
Жалғанның жайсыз жолақтарында,
Жапырақтарымды тонатқанымда,
Ақпаным ақ қар боратқанында,
Сарша тамыздың сор, аптабында,
Ұмайды iздеген қолақпан ұлға,
Құмай қондырған бекзат жан!
Ауылдан кеткенiме өкiнгенiмде,
Тағамды тасқа ұрып кетiлгенiмде,
Берiштей болып бекiнгенiмде,
Бес аттай алмай бесiнге мүлде,
Қара ноқатқа тесiлгенiмде,
Иiрiлiп қайта есiлгенiмде,
Жүрегiн жайған бекзат жан!
Тауымды ұлар тастап кеткенде,
Бауымды бүрге жасқап кеткенде,
Қылтамды қырқай қақпан қауып қап,
Аяғымды шайнап асқақ кеткенде,
Шежiре шалдарым тастақ беткейде,
Ажал жастығын жастап кеткенде,
Басуын айтқан бекзат жан!
Алдамшы дәурен алқымдағанда,
Бiлте-өмiр түбi жалпылдағанда,
Қоғамым кенет салқындағанда,
Бекзат жандарды ән қылып жүрем,
Әкелер мейрамы жақындағанда.
Түрікпен әуендері
Замандарда сая таппай үріккен,
Оғыз еді аттың басын іріккен.
Қорқыт бабам қыл суырып күліктен,
Қобызымен зар-мұңыңды иіткен,
Сеңсеңдері сеңгірменен жарасқан,
Тегі – Нұхтан, нәсілі – нұрдан түрікпен!
Қызыр кәрия жүріп өткен қырларды,
Қауыс ұшып өткен сонау шыңдарды,
Қияс құлаш ұрған толқын суларды,
Аңызақ жел, аңқа кепкен құмдарды,
Жырға қосқан – Нұрмұхамед Әндәліб,
Ал Гарибтен аңыздар мен сыр қалды.
Маңайында ақ бидайы жайқалған,
Тақымында ахалтеке найқалған,
Иесі ғой Алабайы шайқалған,
Қара-Мазы қалы кілем жайыңдар,
Келді Әндәліб жырмен аңыз қайтарған.
Түрікпеннің бағы болған – Әндәліб!
Күліктердің бабы қонған – Әндәліб!
Әулие Аршак Парфиянға қалдырған,
Рыцарлық сәні болған – Әндәліб!
Кеминенің тағдырынан таптым сыр,
Мақамына ғашық етті Мақтымқұлы.
Күллі түркі ұран қылған Қорқыттың,
Қобызының ысқышынан жақтым жыр.
Қос өкпеден қызылбасты қысқанда,
Оғыз ханның алты ұлы түсті алға.
Күллі түркі бассыз қалды иықтан –
Көрұғлы басың сенің ұшқанда...
Қадым заман қанша ханды қылғытты,
Сырғақ уақыт сынаптайын сырғыпты.
Чардағлы Чандыбилдің қамы үшін,
Жығалыбек жылдарды алға жылжытты.
Қыпшақ пенен Ашхабадтың қалқасынан,
Немесе сол Ғират таудан қан сасыған,
Қол бұлғады Тоғрул бек, Алп Арслан,
Солтан санжар сақилығын таныдым,
Селжүктердің тасқа соққан таңбасынан.
Аққойлыны қарақойлы сатқан түн,
Хазар жақтан жанжал отын жаққан кім?..
Тартысында патшалар мен шаһтардың,
Қарпысында тайпалар мен таптардың,
Әннің орын зар басқанда
Әндәліб,
Түрікпенді аңыздармен ап қалдың.
Әмірлік тақ тайған кезде тақымнан,
Көне Үргеніш аңыз болып оқылған.
Кілем болып жетті бізге сол шаһар,
Мерв пенен Нұсайда да тоқылған.
Ұлыстарды қырық ру боп үріккен,
Тасқа жазып, тарих етіп тірілткен,
Түрікпеннің өз үнімен айтқанда –
Енді қайтып Нұрмұхамед туылмас,
Көк семсерін көршісіне суырмас,
Бұлбұл ақын –міне нағыз түрікпен!
Кеминенің шапаны-ІІ
Жоқшылықтың шоғы түскен шашырап,
Жүрегіңдей,
Шапаның да жүз жамау!.
Қадыр Мырза ӘЛИ, «Кеминенің шапаны».
Бырт-бырт үзіп көңілімнің шектерін,
Жалынға орап өткені мен бөктерін,
Өтті Қадыр... өлең қылған өлмейтін,
Кеминенің қырық жамау шекпенін.
Сол шақта да запыран құсып, зар иелеп,
Жазған ақын тұрса керек жар үйде.
Бір кебіске жарымаған Кемине –
Түрікпендегі ең ұлы ақын әрине.
Төрелерім төрін дәйім босатып,
Қара жолдан Қадекеңді тосатын.
...Үркер әлі үріккен жоқ, үкі ояу,
Үргеніште еске оралды қос ақын.
Низамиді, Гинжауиді, Жәмиді,
Ұлықпанды ұстаз тұтқан жаны игі.
Тағдыры оның таспа тіліп етінен,
Қу жоқшылық жонарқадан қариды.
Қайыр сұрап ағайыннан, бауырдан,
Бәдәуи боп кеткен солай ауылдан.
Бір көрініп мұнардан,
Бір көрініп сағымнан,
Ақырында құм астынан табылған,
Алтын адам жыртық шапан жамылған.
Аспаныңды қанша дәуір желдетті,
Тарпаң жылдар тағдырыңды келте етті.
Құм да көшті, жылдар өшті, жер кепті,
Оғыз баба алтын шашақ жамылған,
Дүр сілкінтті түрікпенді телпекті.
О, түрікпен мен сені енді таныдым,
Таныдымда намысымды жаныдым.
Күллі рухын күндіз-түні күзеткен,
Тумаса да туғандайын, жарығым!
Уа, дутар! Саз ұшыршы сағаңнан,
Түрікпенге түбірімен жаңарған.
Қайта оралды Рухың тоналған,
Кеминенің шапаны да жамалған.
Құрлықтарды құрлықтарға қосатын,
қуаты – кең, суаты – кем тосатын.
...Үркер әлі үріккен жоқ, үкі ояу,
Үргеніште еске оралды қос ақын.
...Абызым-ай Алаш жұрты басты иген,
Таланты тау қопарып, тас түйген.
Ташауызда түсіме енді Қадекең,
Көңілсіздеу... көнетоздау костюммен...
Атамұрат Атабаевқа!
Жырларыңа дей алман қанық едім, Атамұрат!
Сәлем жолдап ағадан танып едім, Атамұрат!
Әуежайдан атыңды жар салғанбыз, Атамұрат!
Қарақұман қарғып кеп қарсы алғансыз, Атамұрат
Тағдырыңды таныдық маңдайыңнан, Атамұрат!
Жырларыңа жарыдық таңдайыңнан, Атамұрат!
Тар шеңберде зар шегіп, зарыққанда, Атамұрат!
Түрікпендер тартты алып тамұқтан да, Атамұрат!
Тасқайрақтай шағыңды шер ғып айттың, Атамұрат!
Кілеміндей түрікпеннің зер ғып айттың, Атамұрат!
Ахалтекең Хантауда жабулы тұр, Атамұрат!
Тілдей хатың тұмардай жазулы тұр, Атамұрат!
***
О, Оразгүл, ару қызы Оғыздың,
Ауылыңда мейман болдық тоғыз күн.
Зерлі көйнек, тұрбан тағып қатырма,
Тарихыңды тізіп шықтың ең ізгі.
Копетдагдың белдеу жағы күреңдеу,
Күрең белде шалқұйрықты күреңдер.
Сол күреңдер рухың екен, түрікпен,
Ал қызыңның ар-иманы – кілемдер!
Ару қыздар күн көзінен қысылған,
Жер қозғалар желпіп өтсе тұсыңнан.
Бұл арулар періштесі осы елдің –
Гелдімұрат, Бердімұрат ұшырған.
Чарджоу, Мары, Моллақара, Хиуадан,
кілем тоқу думанына жинаған,
шеберлердей кестелесем бір өлең,
қызыл тілден таңдайыма сыймаған...
Арман, қиял күнде алысқа кетеді,
Айрыбаба шыңына да жетеді.
Сегізінші кереметің осы екен -
Молланепес, Мағырұпы мекені.
Ән мен жырға тұнып тұрған құндағы,
Қызы – ұяң, ал бөрікті ұлдары.
Өшірмейтін ел екен бұл шамдарын,
Құмырадай құжыралар құмдағы.
Ал Ашхабад мәрмәр қала, ақ қала,
Ораз қыз да тарих сызды тақтаға.
- Алматы да осал емес - дедік біз,
Сәл жалғандау, дарақылау мақтана.
Біздің сәулет сіздікінен басқарақ,
Бөлек және рух, ұстын, қас-қабақ.
Құмсағаттай мың құбылып қайтейін,
Келер сапар айтам бәрін Ашхабад!
О, Оразгүл, Оғыз қызы қош-аман,
Адам да бір жел айдаған ошаған.
Екі ағамды ап Алматыма қайтайын,
Көңілдерін демдеп қойып босаған.
Аққан жұлдыз
(Рүстем Есдәулетке)
Белі бекем бес атпенен қусам да,
Алып ұшқан арманға сол жетем бе?
Бұлдыр жалған «бұлт» етіп бір бусанған -
Алматыдан Алтайға сен кетерде.
Бота күйде жүрген шақта болдырып,
Сан тағдырды қолтығынан демедің.
Шартарапты жанарыңа қондырып,
Ортамызға от сыйлаған сен едің.
Сөлі – солғын, ойы – шалғын күндерде,
Қазанаттың көрдік қанша жарауын.
Алматыдан ай қабақты ұл көрсем,
Оразбайдың оғыланы деп қаламын.
Өмір деген – шаңқай түс пен кеш екен,
Өзге дәурен басталатын ертесі,
Көңілсізеу жабылатыны несі екен.
«Тағдыр» атты театрдың пердесі.
Жанарымнан жас парлатып қоярдай...
Болмас па еді Жаратқан-ау жебесең.
Биігіңді қайтем сенің, ей, Алтай?!.
Иінімді түсіресің неге сен?
Жұлдыздайын ағып түсіп алыстан,
Бір жалт етіп зарын айтқан заманға.
Өр Алтайды алты айналсам,
Ғарыштан,
Рүстемдей бекзатымды табам ба?..
***
Бұлың да бұлың, бұлың күн,
Бұлдырап кетті-ау бұрынғым,
Ұрынбас жерде ұрындым,
Бұрылмас тұста бұрылдым,
Жанарыңа кеп тығылдым,
Құлдыраңдаған құлын-күн.
Керуен де керуен, көш керуен,
Қозғалған көшті қош көріп ем,
Қоңсы қонғанды дос көріп ем,
Бөдене басқан бөктерім ең,
Бөктерден кетпеске серт беріп ем,
Басымыз кетті-ау қаңғырып,
Бес күн жалғанның «өк» деуімен.
Қайран да қайран қайран күн,
Қайран күн саған қайранмын,
Жақсыны көріп жайландым,
Жаманды көріп қайралдым.
Оқпантауымда ойранмын,
Тәңір тауымда қайғы алдым.
Жорыққа салдың сан рет,
Тобыңды жарып бәйге алдым.
Қайран да қайран қайран күн...
***
Балалықтың артта қалып өткелі,
Торайғырдың топ шеңгелі, бөктері.
Ұзатып сап қалған еді, беу достар,
Есіңде ме 93-тің көктемі!
Әлсіз ғана сермеп қойып құлашты,
Құрдастарым белден асты, қыр асты.
Жалаңаштан алып шыққан соқпақ жол,
«Өмір» атты ұлы даңғылға ұласты.
Ер жігіттер ай мүсінді қыздарын,
Жүруші еді көрші ауылдан қызғанып...
Әп-әдемі, ақ бантикті арудың,
Әр қиырдан бұйыртыпты тұз-дәмін.
Ер жігіттер бірге құрған жоспарды,
Бағындырды сан белесті, асқарды.
Қолтығында бір бәйбіше бұл күні,
Жортуылға бірге шыққан достардың.
Бүп-бүтін боп кеттік солай ауылдан,
Аман өттік десек те сан дауылдан.
Өкіндіріп кеткен кездер болды рас,
Көз жазып қап бірге өскен бауырдан.
Замандастар, асыл достар, сырластар,
Жиырма жыл өзінше өткен бір дастан.
Өткен күнге «қанағат» деп қанеки,
Туған жерге ту тігейік құрдастар!
Қоңыр
(Бауыржан Халиоллаға)
Жатаған үйден ашылып шошала қақпаң,
Жол шеккеніңде қол бұлғап Қособа жатқан.
Алатау абыз сол шақта алдыңнан шықты.
Бос орын сұрап келгенде босаға жақтан.
Толқыса Жайық, сенің де қозғалады іргең,
Оралдан өттің Қасымдай қозғала күнмен.
Шоқтай көзіңе Тоғанас от салып беріп,
Отарба сені ап қашты бозбала күннен.
Кімдерге опа сірә бұл сөресіз жалған,
Сынақ қып неше тосады көресіңді алдан.
Қоңыр көзіңе қондырып қоңыр жандарды,
Қоңыр қозыдай жүрдің сен енесіз қалған.
Алақанға сап қарт КазГУ жанашырдайын,
Құлдыраңдатып бәйгеге салатын дәйім.
Жылдармен бірге есейдің,
Еркелеп жүрдің,
Алматы шалдың алғашқы баласындайын.
Шәр ақын болдың жырыңды сырғаға соғар,
Мінезің де бар сәтінде бұлдана салар...
Білмеймін қайдан үйрендің өмір сүруді.
Ғашық болуды үйретті бұл қала саған.
Есігін тіпті ілмейтін ескі адам ба едің?!.
Бектерге сірә жуымас бес қадам тегі...
Жүгенін алып жүгірген мәреге қарай,
Аты сүрінген жан көрсем еске алам сені.
Осы бір жанның өр даусы өлеңде білем.
Қыратта, кейде дөңесте, белеңде жүрем,
Ақ Жайық жақтан мамырлап ақ бұлттар ұшса,
Бауыржан келер ме екен деп елеңдеп жүрем.