Тұрсынбек БАШАР: Мендік көңіл сыбызғы ғой сыбызғы, Үн шығады бір ұлы...

Түс
...Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда!
Доспамбет жырау
Өткен күннің ерлігі, айқасы аңыз,
Мен өзімді көремін ат үстінен.
О,дариға, армансыз шайқасамыз,
Жауларыммен бетпе-бет отыз түмен!
Маң даладан мол дүбір есіткен күн,
Мен майданда өлуді армандаймын.
Бұл өмірге он ғасыр кешіккенмін,
Жауға шабар аты жоқ...сормаңдаймын.
Жылқы көрсем кешірім өтінемін,
Мүлгіп тұрар ол-дағы аласұрмай.
Кеш келгенге өмірге өкінемін,
Алматыны жүремін қаласынбай.
Сап түзейді артымда отыз түмен,
Мен түсімде көретін ұрысым көп.
Жекпе-жек деп айқайлап ат үстінен,
Атып тұрам ұйқымнан...
Қылышым жоқ!!!
P.S Әжуалар сиқымды ақымақ күз,
Көңлі толмай бүгінгі қалпыма түк.
Қолымды аяп қор болған ақинақсыз,
Сосын тұрам балконда бұрқыратып!

***
Сен келгенде

Бұрымыңда мақпал, мамық түн ұйып,
Жанарыңда өмір күліп, жымиып,
Пейіш нұры кірпігіңе асылып,
Періштенің алапасын қашырып,
Сен келесің!
Сен келесің тық-тық басып, тық басып,
Саған күнә өмір сүру пендеменен жұптасып.

Арналса деп саған айтар бір әнім,
Ту сыртыңнан көзім қадап тұрамын
Мөлдір жаның - орны екен жұмақтың,
Балғын тәнің - орны екен күнәнің!

Жанай өтсем жаныңнан жұпарыңды жұтамын,
Мың-мың бүрлеп кетеді жүректегі бұта-мұң
Түннің түріп түндігін!
Айға отырғызып өзіңді,
Келбетіңе тамсанып, сосын қарап жатамын.

Қырда өскен бұлғақтап, ерекше бір гүл едің,
Жұпарыңмен жанымды тыныштыққа бөледің.
Сабағынан сындырып сұлулықты пенделер,
О, қасірет соңынан бүлдіреді білемін.

Р.S. Тұнығыңды лайлайды пенде біткен құнығып,
Соны ойлап отырам гүлге қарап қамығып.
...Сен келгенде бұрылып аққуларда қарайтын,
Сұлулыққа сұқтанып, сұлулыққа сұғынып!

***
Кездесу 

Бейуақта кездесіп қап...дір еттік,
Мына түнді махаббатың түні еттік.
Сөйлесе алмай сезімдердің тілінде,
Көңілге әкеп үнсіздікті түнеттік.

Арымыз да, жанымыз да былғанбай,
Сүю жайлы сырласатын түн қандай!
Мына түннің ғажабы мен киесі,
Сенің ғана жанарыңа тұнғандай.

Сөйлемеуден қос жүректі мезі еттік,
Сосын біздер ақын жайлы сөз еттік.
Тілдің емес ділдің сөзін айта алмай,
Құрып қалды өзімдегі өжеттік!

Күрмеліп тұр жүрек дейтін тіліміз,
Білдірмеуге тырысамыз мұны біз.
Жатырқаймыз бірімізден біріміз,
Жабырқаулы өтіп жатыр түніміз.

Мұның бәрін қалай айтып таусамын,
Ұзын, аппақ, сүйрік сондай саусағың.
Сол "мамықтан" қысып тұрып қоштастым,
Үндемеуден, сөйлемеуден шаршадым - 
Енді кездеспейікші!!!

***
Бесінде...
Іңірде...
Ақшамда...
Қалалар жарығын жаққанда,
Өзегің өртеніп, дерт еміп,
Жылама өтінем ақ таңда!
Қараша...
Қантарда...
Ақпанда...
Белгісіз меңіреу шақтарда,
Тырс етіп топырақ дымданар,
Көбелек-көзің
қанатын қаққанда!
Оңаша...
Қашқақтап алысқа,
Жақындау отырып ғарышқа.
Жүрегің өксиді білемін,
Ешкім де елемес бұрышта.
Жалғыздар жылайды түнімен,
Өкси бер Тәңірдің тілімен.
Жүректі қозғап ап, боздап ап,
Бәрі де кетеді жөнімен.
Боздаса көңілің боздасын,
Сыздаса жүрегің сыздасын.
Жылама...
жылама өтінем,
Аспаннан ауыр ғой көз жасың!

***
Тағы да түн!
Қар жауып тұр...
Қараша...
Еске түстiң отырғанда оңаша.
Жұлым-жұлым болады екен бұл жаның,
Жапырағыңды есер жел кеп тонаса.
Көңiл-бақтың жапырағы тоналды,
Жүрек шiркiн сенi ойлайтын боп алды.
Қарашада!
Былтырғыдай тағы да,
Қар жауып тұр таң алды.
Былтырғы күй қайталанды тағы да,
Бiр таттi мұң ұялады жаныма.
Жапырағын кеткенен соң жел тонап,
Қар түстi кеп көңiл дейтiн бағыма.
Аппақ қ кездеспеймiз бiз ендi,
Менде төзем,сенде жаным төз ендi.
Естелiктер ескiредi осылай,
Ескерткiш боп қалар бiзге күз ендi.
Қар жауып тұр!
Көше кезiп барамын,
Алғаш жауған қардай едi жамалың. 
Қарашада, Алматыда қар жауса,
Беееу,Жансая!
Сенi есiме аламын.

***
Шынайы Алматы

Алматы...мұржалар...темекі түтіні,
Қазақтың қызындай тартады шылымын.
Мұндағы адамдар көңілі жұпыны-
Қазақтың қызындай қысқарған бұрымы.

Тек түнді сүйетін көбелек бар мұнда,
Құмырсқа жолындай созылған көшелер.
Бес тиын бағасы,құны жоқ ардың да,
Сенбеңдер Алматы пәк қала десе егер!

Тек түнде ашылар шынайы келбеті,
Сыланған сұлулар масайып жүреді.
Үйреніп қалады,тірілмес енді еті,
Менің де келгенде арманым тірі еді.

Арлы қыз қалады аңдамай алданып,
Жүрегі о,сосын жылайды түнімен.
Тәнімен жан бағып,ақшаға малданып,
Ішінде дос болып қап-қара жынымен!

Даурыққан өмірі,дарақы күлкісі,
Ізгілік дәні жоқ дәл мұнда сен себер.
Алданып қалады қырдың қу түлкісі,
Кепілдік беремін осында келсе егер!

***
Бала махаббат

Шегіркенің шырылы,
Шыр-шыр еткен, шыр еткен.
Жан қалқаның бұрымы,
Жуан еді білектен.

Сол бір түн ед пейіштей,
Қойнында түнеткен.
Ерініміз сүйіспей,
Сүйіскенбіз жүрекпен.

Жұлдыз күлер алыстан,
Жымыңдаудан талмайтын.
Қолдарымыз табысқан,
Қос жүректі жалғайтын.

Сезім исі аңқиды,
Сол бір түннен, сол айдан.
Бастан кешіп әр күйді,
Табыспадық алайда.

Бір сәттік бір дір еткен,
Жарқ еткен бір жасындай.
Сүйісетін жүрекпен,
Біздің сезім осындай –
Баяғы... бала кездегі.

***
Деген екен
(Өткен шақ. Емханадағы естеліктерден)

Дәрігердің айтуынша өледі екем,
Емделмесем бір күні сөнеді екем .
Омыртқамды опырып обыр-ажал,
Адым санап маған қарай келеді екен.
Дәрігердің айтуынша өледі екем...

Палшы айтты: «өмір жолым ауыр» екен,
Бар сырқаттың бір себебі бауыр екен.
Емделмесем болмайды екен жөнделмесем,
Тыныш жерден тауып алып тәуір мекен.
Палшы айтты: «өмір жолым ауыр» екен...

Емші айтты: «бұл сырқат өтіп кеткен,
Шынын айтам сен өзі бекіп кеп пе ең?!-
Ажал сені торуылдар...»
«Шынымен бе-ей...»
«Енді ше! Өтірікті көкіт деп пе ең!»
Емші айтты: «бұл сырқат өтіп кеткен...»

Досым айтты: «мен өзі ауру» екем,
«Дәрігерге,дәріге зәру» екем.
Дұрыс жолы: «жамандықтан тыйылып ап,-
Жақсылыққа өз-өзімді баулу» екен,
Досым айтты: «мен өзі ауру» екем...

Шешем айтты: «ештеңе де болмайды» екен,
Ана жақа мен әлі бармайды екем.
Ажалға ара тұрар анам барда,
Ол кеп мені оңайлықпен алмайды екен!
Шешем айтты: «ештеңе де болмайды» екен...

***
Қазақ

Мен деген –
Сырты сарғайған кітаппын.
Мен деген –
Жапырағы сарғаймас бұтақпын.
Мен деген –
Жүзі кетілген қылышпын,
Мен деген –
Жақын тартсаң туыспын!
Мен деген –
Сақ сілтеген семсермін,
(Бес ғасыр мұңды,
Бес-ақ жылда еңсердім)
Мен деген –
Батысқа тартқан ұлы көшпін,
Мен деген –
Көк Тәңірге ұлып өстім.
Мен деген –
Тереңнен де тереңмін,
Салмағы –
Ғарыштан ауыр өлеңмін.
Мен деген –
Толғамалы балта қолға алып,
Топ бастаған батырмын.
Мен деген –
Боз жусанның бүріндей,
Жаны жұпар ақынмын!
Мен деген –
Жауға атылған жебемін.
Мен деген –
Тәні болат, жаны қайыс көбемін!
Мен деген –
Ғасырлардың жүрегіндегі сызатпын!
Мен деген –
Бұғауға басы көнбеген –
ҚАЗАҚПЫН!
Ол аз десең...
Азатпын!!!
Иә, Әруақ!!!
* * *
О, менің кермиығым, кермаралым,
Қайтейін қалмады ғой енді амалым.
Жұлдыздай жүрегімді жайып тастап,
Көзіңе ғашық болар Мен ғанамын!
Күнде ойлаймын, түнде ойлаймын ессіздік,
Ойымызды сайтан суға ішкіздік.
Мына әлем сан түстерден тұрады,
Сен жоқ жерде - түссіздік!
Қап-қара, қара тұман төңірегі,
Бір құрт бар!
Миымды әбден кеміреді.
Құралған тәтті-тәтті өтіріктен,
О,неғылған өмір еді!
Одан басқа күш-қайратым қалмаған,
Күнде соны жалап қойып...
Малданам!
Арқамнан қанат өсіп шығатындай,
Болашаққа алданам!
Не қалды мына өмірде сенетіндей,
Болмасты болатындай көретіндей.
Түн сайын әр таңымды күзетемін,
Ажал кеп арамызды бөлетіндей!


***
Қорым

Жетісайда,жол бойында Қарақыр атты қорым бар. Ол жердің тұрғындары Мені Алматыдан әр келген сайын күтіп алып, кетерде шығарып салады. Оларды көрген сайын тылсым күйге түсіп, жүрегіме мұң ұялайды. Сосын дұға оқимын...

Қарақырда қорым бар,
Қорым барда өлім бар!
...Әлі талай жүретін,
Шиырланған жолым бар!

Қарақырда мола бар,
Мола барда нала бар.
Жаман әдет жоқ онда,
Адамдарды алалар.

Қарақырда мазар бар,
Мазар барда ажал бар!
Қарақырда қара қыр -
Бітпей қалған ғазалдар.

Қарақырда оба бар,
Оба барда тоба бар.
Күндейтіндер жоқ онда,
Бірін-бірі табалар.

Қарақырда бейіт бар,
Бейіт бар да шейіт бар.
Қарақырға қара ұл,
Келіп алып ой ұрттар.

Қарақырда қорым бар,
Қорым барда орын бар!
Жазылмаған жырым бар,
Қазылмаған көрім бар!

Қарақырда мола бар,
Мола барда нала бар.
Түнде тұрар тұнжырап,
Шырағы жоқ қала бар!

Қай кезде де,қай уақ,
Жетім көңіл жарымақ?!
...дұға оқып қайтайық,
Аунап түссін әруақ!

Жүрші достым...

***

Күз келсе
Сары күз!
Сені сондай ұнатамын,
Қайтқан құспен көгімді шулатамын.
Көңіл-бақтың патшасы – жүрегімнің ,
Жапырағын сен келсең құлатамын.

Тұмшалайды күз келсе мені бір мұң,
Мен білмеймін не көрдім, нені білдім.
Сағыныштың самалы сарнайды кеп,
Кәрі таудай өз-өзімнен жемірілдім.

Періштеммен ішімде дос боламын,
Ішімдегі жыныммен қас боламын.
Данышпандай кетемін ойға батып,
Рухым сонда шырқайды аспан әнін.

Жаратқанды сағынам баласындай,
Туған жерді сағынам анашымдай.
Кереметті аңсайды алдағы бір,
Алматыда жүрген ұл бағы ашылмай.

Күз...
Сары мұң...
Жапырақтар...
Сағыныштың исі аңқыр атыраптан.
Зарығу ма, аңсау ма...
Қойш әйтеуір,
Бір сезім бар кеудені қақыратқан!

***
Алматының аспаны жылап тұрды,
Тал-жапырақ жамырап құлақ түрді.
Сағыныштың көз жасы...кім біледі,
Ол да мүмкін сағынар,
Бірақ кімді?!

Алматының аспаны көлдейді екен,

Әлденеге ол да бір шөлдей ме екен.
Саратанда шөлдеген сергелдеңге,
Сол көз жасын сусын ғып бермей ме екен!

Алматының аспаны бұлайды екен,
Тәңір жақтан мөлдір мұң құлайды екен.
Мөлдір мұңға балконнан бетің тоссаң,
Көңіліңде бір сезім тулайды екен. 

Алматының аспаны себелейді,
Мұны бірақ тұрғындар елемейді.
Адамдарды аяймын қолшатырлы,
Мендік сезім оларды бөлемейді. 

Көктен жауған жаңбыр ма, сезім бе екен,
(Еске түсті еліктей кезің көкем)
...Алматының аспаны жылап тұрды,
Алматы ма, жылаған өзім бе екен!!

***
Жапырақ

Мен сені мың жыл іздедім ғарыштан,
Шексіздіктен сұрадым дерегіңді.
Дауысың естіліп алыстан,
Жұлдыздарға оқып бергем өлеңімді.
Келген-кеткен ғасырлардан сұрағам,
Сенсіз мына миллиард таңды атырғам.
Сағыныш боп Тәңір жақтан құлаған,
Жанарыңа өлең болып жұтылғам.
...Сені алғаш шаһарында шығыстың,
Кездестіріп құлай ғашық болғанмын.
Кесірінен бір сұрапыл соғыстың,
Қапияда айырылып қалғанмын.
Ескі мекен бізге болды туған жер,
Жапырақ ед сонда сенің есімің.
Есте бәрі қала...
Дала...
Думанды ел...
Есте бары – мен қағатын есігің !
Менің жаным егіз бе еді күзбенен?
Сағынышқа оранар атырабым.
Мен сені мың жыл іздегем! 
Мен сені мың жыл іздегем! 
Менің мәңгі жасыл жапырағым!

***
Орайда борай қар жауып,
Бұйығып жолдың шетінде
Біреу кетті сандалып,
Белін буып бекінген.
Аппақ-аппақ жұлдыздар,
Қалықтайды аспаннан.
Бойын алып түнгі ызғар,
Жүрегінен жас тамған!
Жар болсын деп Жаратқан,
Жолға шықты білерім.
Ит-өмірге талатқан,
Жанын, арын, жүрегін!
Қайда, қашан басталған,
Сапарын тек түн білген.
Жалғыздықпен дос болған,
Көкрегінде күн күлген.
Тағдырымен қарыспақ,
Қанша уақыт... ойладым.
Кетті солай алыстап,
Қайда екені беймәлім.
Орайда борай қар жауып,
Бұйығып желдің өтінде
Біреу кетті сандалып,
Белін буып бекінген.

* * *
(Ақберен Елгезекке)

Біз, бәлкім, ақымақ шығармыз,
Ақылды басқалар...
Ғайыпқа сіңетін мұнармыз,
Артында мөлдіреп жас қалар...
Артында мөлдіреп жас қалар,
Тұмадай – Өлеңі!
О, мұны ұқпайды қасқалар,
Білмейді ел оны!
Өтінем сөкпеңдер ғарышты,
Құс жолы – ауыр ғой!
Егерде былғанса жер үсті,
Ақынның өлеңі жауын ғой.
Өтінем сөкпеңдер ақынды,
Тұз жалап күн кешер...
Өтінем сөкпеңдер ақынды,
Аспанмен тілдесер.
Бұл әлем – жалғыздың майданы,
Ол кетті, сен қалдың...
Бүгінгі ғасырдың ойлары - 
Опасыз уақытты жеңді әлгі...
Біз, бәлкім, ақымақ шығармыз,
Ақылды – Қасқалар! 
Ғайыпқа сіңетін мұнармыз,
Ех, мұны түсінбес басқалар...

* * *
Шуынан мезі боп қаланың,
Жұпарын сағындым даланың.
Жусанды сағынсам түнде Мен –
Жұлдызды иіскеп аламын!

Қалада ағылған мың көлік,
Тіршілік қызады түн келіп.
Қаңғырып көшеде жүрсем мен,
Темекі сұрайды жын келіп.

Күнде бір қайталап тірлікті,
Өрмекші тіршілік...
Тор мықты!
Бәрі де тамша...
Тек қана,
Уақыт жүр қоя алмай ұрлықты!

Қалада тіршілік...
Не керек...
Бәрі де керемет...керемет!!!
Өлілер түнімен тіріліп,
Перілер аңдиды көбелек!

Бәрі де жат маған...жат қала,
Шамдары жарқырар... от қала!
Елеусіз бұрышта отырам,
Жанымды түсінер Хақ қана.

Шуынан мезі боп қаланың,
Ауылды сағынған баламын.
Айды құшақтап түнімен,
Мауқымды басып аламын.

* * *
Несіне қарғам маған қызығасың,
(Ары барса өлең боп жазыласың)
Мендік жүрек Тәңірдің көз жасы ғой,
Кермек дәм...тұзы басым...

Мендік тағдыр жапырақтың дірілі,
Ғарыш жақтың даусы жоқ шырылы.
Мендік көңіл сыбызғы ғой сыбызғы,
Үн шығады бір ұлы...

Иығыма үнсіз кеп асыласың,
Айта алмай бірдеңе тосыласың,
Кездеседі бір күні жолығады,
Теңіңе қосыласың!

Сенбейсің бе білмеймін сенесің бе,
Алып таудай мені бір көресің бе?!
Мен дегенің жай ғана өлеңшімін,
Қалып қояр ел есінде.

Түсінші ...
Мына өмірге тойып барам,
Солай-солай бір күні ғайып болам.
Найзағайдай жарқ етсем, жоқтар сонда,
Екі қолын жайып ғалам!

***
Жарқанат
Тек екеуміз...
Түн іші...
Саябақта...
Не жетсін дәл осылай аялы уаққа?!
Сенің демің, сендік үн от секілді,
Сосын ағаң құшағын жаяды отқа.

Түн іші...
Тек екеуміз...
Түн самалы...
Жұлдыз-достар жымыңдап қарсы алады.
Түсініксіз тілдерде күбірлесіп,
Жарқанаттар төбемізде ән салады.

Баяғыда қадірлі болған аты,
Біреуге сор, біреудің қолғанаты...
Қиналғанда қол беріп қарманатын,
Мен-ақ сенің болайын Жарғанатың!

Қалмайын деп арасында түсіп көптің,
Белгісіз бір белдеуді кесіп өттім.
Жүрек көзім көреді алаңдама,
Жарғанатың болдым да ұшып кеттім!

Сезім қалды сетінеп, селдіреген,
Бұл жүректі қайтейін елжіреген.
Қоштасарда қадалып көп қарадым,
Ғарыш қалды көзіңде мөлдіреген!

***
Күз. Мен және жалғыздық

Аспанда ай...
Көлеңкем көлбеңдеген,
Сұп-сұр жолдар,сол баяғы жолмен келем.
Қарашықтан сырғып түссе тамшыларым,
Өзім емес қарсы тұрған желден көрем.

Әнші-боран,ызыңдаған әнмен келем,
Жалаңаш тал сыйдиып ербеңдеген.
Жабырқаулы жанымды мұңға орап,
Серік етіп жалғыз айды түнмен келем.

Сұп-сұр жолдар...
Әзірге жүре берем,
Жүрек-ұям ұшады түлеп өлең.
Өксігенге өзегім өкінбейді,
Өксіп тұрып кей уақытта күледі ерен.

Кешкі қала!
Бүгін және кетіп барам,
Айналаны тағы да қоқыт боран!
Жапырақтар сыңсиды табандағы,
Көздерінен «қоштасуды» оқып барам.

...Күйкі тірлік құрысын тірнектеген,
Бұл өмірге кім келіп,кім кетпеген?!
Ұры-уақыт тонап алса байлығыңды,
Ана-а-ау талдай боламыз дірдектеген.

* * *
Мені ешкім іздемейді,
Мен де ешкімді...
Өлі күндер қайталанып күн кешкірді.

Менің жарым көңілімдей ой, Алла-ай,
Қар астында көктем жатыр оянбай.

Айнымас дос, қасымдағы көлеңкеммен,
Төрт қабырға ішінде күнелтем мен.

Жалғыздықтан қапаланып азаптанам,
Ал көлеңкем мені әжуалап, мазақтаған.

Сосын, барып жарықты сөндіремін,
Тереземнен сығалап түн күледі.

Іш пысқанда көлеңкеммен тілдесемін,
Мен осылай өз-өзіммен күн кешемін.

Мені ешкім іздемейді,
Мен де ешкімді...
Өлі күндер қайталанып күн кешкірді.

Телефоным сұлық жатыр безектейтін,
Уақыт бейне тоқтап қалған тез өтпейді.

Мені ұмытып,менен үміт үзбеңдерші,
Қайдасыңдар достарым?
Іздеңдерші!
 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста