Сәкен ИМАНАСОВ: Дәл басып таба алдым ба жүрек қылын...

Сәкен ИМАНАСОВ: Дәл басып таба алдым ба жүрек қылын...

Биыл көрнекті ақын Сәкен Иманасовтың туғанына 80 жыл!

Сәкен Иманасов 1938 жылы 2 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талапкер ауылында туған - 2012 жылдың 10 желтоқсан күні Алматы қаласындағы үйінде қайтыс болды. Қазіргі Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін теміржол құрылысында қатардағы жұмысшы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болған. Аудандық, кейін «Лениншілжас» газеттерінде, облыстық партия комитетіне, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған. «Балдырған» журналында, «Қазақ мемлекеті» газетінде, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында істеген. «Жазушы» баспасында редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор қызметтерін атқарған. Алматы облыстық әкімшісінде жауапты қызметте болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Алғашқы өлеңі 1956 жылы, содан бергі кезеңде: «Туған ауыл», «Ақ айдын», «Ақ дариға», «Жайдарман », «Ғашық дүние», «Алтын аймақ», «Ғашықпын саған», «Бел-белес», «Адырна», «Жебе», орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітаптары, 1993 жылы шығармаларының екі томдығы жарық көрді. 1998 жылы бір томдық таңдамалысы, 2001 жылы «Қаламдастарым мен замандастарым» атты эсселер, пайымдамалар, арнау өлеңдер кітабы шыққан. 2003 жылы «Елор-да» баспасынан соңғы оншақты жыл ішінде жазылған өлеңдері «Өткірдің жүзі», естеліктері «Жазушы» баспасынан «Қалам мен Заман» деген атпен жарық көрді. «Жазушы» баспасынан 2007 жылы шығармаларының екі томдығы, 2008 жылы таңдамалы шығармала-рының 5 томдығы, балаларға арналған «Жәнібек пен атасы» атты кітабы шықты.
Көркем аударма саласында оның тәржімасымен Шығыс шайыры Жалаладдин Руми, орыс ақындары А.Кольцов, В. Маяков-ский, ангола ақыны А.Нетто, саха М.Ефимов, қырғыз А.Рысқүлов, С.Жусуевтердің кітаптары басылып шықты.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006), Алматы облысының және Алакөл ауданы мен Үшарал қаласының Құрметті азаматы.

 

БАРЫМНЫҢ ӨЗІН БҰЛДАУҒА

Барымның өзін бұлдауға
Базарын қимай барлық түн,
Айналып көмей құрғауға,
Қалайы татып, қарлықты үн.

Таңдатпай даңғыл жолды да,
Құр кеткен күндер құн даулап,
Көл-көсір көңіл орнына
Құралай ішпес тұрды-ау қақ.

Желігім отқа семірмей,
Желпінуге де жетпей дем,
Бедері кеткен өңірдей,
Безере түсті бет-бейнем.

Керегім болмай түр елге,
Қай жаққа барып оңалам?
"Қой, енді, - деймін, күлем де? -
Тып-тыныш жатып... демалам!"


КӨЗДЕДІҢ...
Көздедің...
көздеп тұрып...
тез атпадың,
кідіріп, сонша неге созақтады -
Тұрдың ба
білейін деп, апыр-ау, сен
ішінде ібілістің не жатқанын.
Біз үшін осы болып барлық үлгің, -
алдында қанды қырғын... сәл кідірдің.
(Куәсі болып ек-ау біз де талай
қапысыз құламерген
- дәлдігіңнің!)
Түбіңе жете жаздап сол кідіріс,
ақыры,
айта жүрер болды бір іс -
(Бұл дағы
әлдекімнің есебінше
әйгілі азаматтың ерлігі-мыс!)
Түңіліп тумаласы,
ұлты боқтап,
жауынды жамандай
ма жұртың оттап.
Мақтасын,
мақтамасын,
атпағасын -
кісіге керегі не
мылтық оқтап!

 

ҮНДЕМЕЙСІҢ...
Жоққа бола тағы да ерегестік,
Енді осылай ұлғая бере ме өштік?
Өлтірсеңші айтып-ақ, үкімімді
Біржолата кетейін сенен естіп.
Әдірә қап адал ант, ақ тілегім,
Аяз болып арқама батты менің,
Сызданасың, жоқ-бардан қызғанасың,
Қалай ғана бәрінің таптым емін?!
Кісідей-ақ қайдағы мейірімсіз,
Іштей ғана жүргенің кейіп үнсіз,
Қалай өмір сүрмекпін,
Тіршіліктің
Селтеңі жоқ,
серуені, сейілінсіз!
Көптен бері жұғыспай екі көңіл,
Тіл қатпадың
Тік келіп бетіме бір,
Жазығымның бар-жоғын біле де алмай,
Күле де алмай барады өтіп өмір.
Өшіргені белгісіз отты кімдер,
Түндер өтті үн-түнсіз, өтті күндер,
Жүрек шіркін сыздаумен тыпыр қағып,
Қызығы мол
Қыз дәурен жоқ бүгіндер.
Қасарысты көктем де күле келмей,
Жанымды да жасыған кім елердей,
Қарғасаң да көнер ем,
Арбасаңда,
Іштен тынып,
үн-түнсіз жүре бермей!..
Көкірегіме тұтқиылда кеп кірген,
Қылыштасып кара құйын - көп мұңмен,
Қуанышқа жету үшін бүгінгі
Қаншама бір қан майданнан өттім мен.
Алқымымнан алды келіп қанша мұң,
Айқасам деп әлсіредім, шаршадым.
Жау қолында жалғыз қалған сарбаздай .
Шуақ күнді, қуатты үнді аңсадым.
Жеті атасын көріп қайғы,
Кектің де,
Өтті бастан теперіш те, тепкің де,
Күйрей жаздап тұрғаным да есте жүр:
"Бұл өмірдің қажеті не?!"- деп бірде.
Кездерім бар қырға сыймай сенделген,
Қайда кете қоям бірақ елден мен,
Асыл досты аңсайтыным болмаса
Қысылғанда қолын созып, дем берген.
Достар еді айбыным да байлығым,
Жіпке тізіп айта берем қайбірін.
Жора-жолдас арқасы еді-ау, тегінде,
Бұйым ғұрлы болмайтыны қайғы-мұң.
Жас ұлғайып бара жатыр,
Ескі арман,
Кең сабадай көңілім бар бос қалған.
Сөйте тұра шуақ іздеп өмірден,
Қуат күте берем әлі достардан.
Ауыр тиіп өмірдің өткелдері,
Арғымағым арыды,
Көп терледі,
Жетпей
қалып жүреді созған қолым
Тиіп тұрған гүлге де бөктердегі.
Батып-шығып үнемі
тұңғиыққа,
Жүре алмадым өзімде ылғи ықта,
Пенделікке бұрғызбай
Ақ періштем,
Қашан болсын,
Қалғымай,
Тұрды иықта!
Қайда барсам
Қалғымай ақ періштем,
Қорғап келе жатады жат керістен.
Қорғап келе жатады ұшқанда да,
Құшқанда да аруды тәтті өбіспен.
Қыр соңыма түскенде жау ысқырып,
Тілеуімді тілейді тау ышқынып.
Көзімді де ілмеген күндерім бар,
Атымды да мінбеген ауыстырып.
Алдарқатып мені де, арбай күліп,
Қарсы алдымнан кезіксін қандай бүлік,
Жеме-жемге келгенде
Жүзі тайқып,
Қалатынын байқадым сәл қаймығып.
Түгім жоқ-ау десем де тарығатын,
Баяғыдай желмейді арып атым.
- Солай енді, жұрағат,
Отыр тағы
Ақтарып caп алдыңа барын ақын.

 

АЛМАТЫМ
Ақын біткен үзілдіре жырлаған
өрлі қалам, нәрлі қалам, нұр қалам.
Бүлкілдейді бұлбұл көмей бұлағың,
аспаныңда, тастарың да тұнған ән.
Асыл қалам, жасыл қалам, асқағым,
көңіл сенен ажырамас қас-қағым.
Бала жастан бауырыма басқаным -
Басарығың, Көкбазарың, Тастағың.
Жерұйығы,
жұмағына балап ұл
бас қалам деп бағаланды дара бір.
Ақордасы, Бақордасы қазақтың
Абай тұрған,
Жамбыл туған қала бұл!
Атынды да әлем танып, ел білген,
сен дегенде көңіл өсіп, жел кірген.
Өнегем деп, дөдегем деп қашанғы,
қала біткен бір әзіңе телмірген.
Жұмбақ
қалам, қымбат қалам - Алматым,
саған қарап сұқтанбаған
бар ма түн.
Сазынды да, назынды да көп тындап,
Жүрегімде жазылды да қалды атың ...

 

ТІЛ
Мін тағып ес білгелі "достың" көбі,
Барымды басқаша етіп кескіндеді.
Бермесем өзім жайлы өзім айтып,
Білсем деп жүрген де жоқ ешкім мені.

Жатпай ма ел: "түсі игіден түңілме", - деп
Бір жанмын білім де көп, мінім де көп,
Кетер ем баяғыда бақытты боп,
Келеді жібермей-ақ тілім бөгеп.

Туғалы тура сөзден іркілмеген
Дерт болып жабысқалы бұл тіл деген.
Жамандап мені біреу оңған емес,
Ешкімнен болған емес күлкім де кем.

Болған да жеріміз жоқ елден ығыр,
Өтуде ертелі-кеш төрде ғұмыр,
Қызыл тіл ақиқаттың ақ жолынан
Ауытқып,ала қашып көрмеді бір.

Бәрі де еркінде ғой бір алланың,
Мен оны басқа жаққа бұра алмадым.
Сұм десе, сұмырай десе иек қышып,
Тұрады көре сала ұрандағым.

Түгі жоқ демеңіздер қызығарлық,
Жарасып жақсы жердің қызын алдық.
Ермедім ырқына да майда тілдің,
Көрмедім "ой, кәпірдің" ізін аңдып.

Сөзіме құлақ түріп жүрген бала,
Сен неге жалт қарадың күлмең қаға.
Ол рас, сорымды да, бағымды да
Тапсам мен - тауып жүрмін тілден ғана!

 

КӨКТЕМ
Қызыл-жасыл жалауын желбіреткен,
сел ғып өткен айнала,
келді көктем,
"Шыр айналған дүние өмірімде,
Тәңірің де менмін, деп, ендігі өктем!" -
Қолына алып патшалық бар билікті,
аспаннан да асқақтау ән-күй күтті.
Жартастарға жан бітіп,
кетті-ау дейсің
арғымаққа айналып жал-құйрықты.
Қолтығына тығыла көлді ұрғылап,
бұлдана ма, қайтеді, мөлдір бұлақ.
Шөккен түйе секілді жоталардың
желкесінен жатқандай жел бұрғылап.
Әлі қыза қоймаған құмдарды аяп,
алдияр күн артады шындарға аяқ.
Еркін еді көңілім,
Желпінеді
көктем болып кетсем деп тұрғандай-ақ!

 

БАРЫМДЫ БІР ТҮГЕНДЕП

Күні-түні жүрем деп сөз қамында,
қатарымнан оздым ба,
озбадым ба? –
Келем бе әлі, туған ел,
дем бере алмай
делебесі дүбірге қозған ұлға?
Көп еді ғой көкейдің тындырмағы,
өз басымнан аса алмай жүрмін бе әлі?
Бес ешкі ме баяғы айдағаным,
байлағаным, апыр-ау, кімнің бағы?
Бір жадырап тірлікте,
бір түнеріп,
кеттім бе әлде көбірек күлкіге еріп?
Емешегін үздіріп кімнің ғана,
дүбірлерде діңкесін құртып едік!
Кетірмеуге бекініп сөздің құнын,
Туған жердің қайырлы кездім қырын.
Ез құрбының өзін де емексітіп
қатарымнан қаншалық оздым бүгін?
Шала ғана бүлініп шамалыға,
шамдандырып шалдуар ағаны да.
Жүрмін бе әлі,
төмендеп тілдің мәні,
шартарапқа бөлініп сана мына?
Тұманына тап келіп мұңның қалың,
сайрамай ма кеудемде бұлбұлдарым?
Сындырмадым демеспін бұта басын,
ел қатарлы болып та тындырғаным?
Іркілмейтін тұстарда
іркілем деп,
татып бара жатыр ма күлкі кермек?..
...Алды-артымды бүтіндеп осындайда,
алсам деймін барымды бір түгендеп!..


* * *
Сыртқары сәл ығысып, алыс тұрып,
Өзімді өзгелермен салыстырып,
Қараймын бөтен көзбен өз ісіме,
Үңіліп суретшідей сөз ішіне.
Өнерім құдіретіне дір етті кім,
Дәл басып таба алдым ба жүрек қылын.
Бояуын қалыңдатып алмадым ба,
Бар ма екен жұрт танырлық таңба мұнда.
Ой көп пе, үміт көп пе, сезім көп пе,
Әлсіреп қалғандығым сезілмеп пе?
Тартады тосын шыққан дүбір қайда,
Тыңдаса тұла бойың шымырлай ма.
Айтпағым аңсарыңды қандыра ма,
Өртей ме, еліктіріп жандыра ма,
Өзендей асау ағын гүрілдей ме,
Ғашықтар қыз-қыз қайнап дірілдей ме.
Жан бітіп жоталардың өзіне де,
Ырғалып, ыңыранғаны сезіле ме,
Болғандай мың риза, сірә, маған,
Сәл жұмып ойлы көзін тұра ма адам.
Шабыттың шалқуында нұрға балқып,
Сезімді жібердім бе сырлап артық.
Ілесіп кетпей сезім жетегінде,
Елімнің бір қажетін өтедім бе?!
Жанарым жалынына шағылысып,
Соған бір қарап алам сәл ығысып,
Содан соң ойға батам ғұрпыма тән,
Тағы да темекіні бұрқыратам...

 

БІР АҒАҒА
Сізге деген пейілім бөлек еді,
түсінбей-ақ қойдыңыз неге мені?
Үрпиісіп қаламыз кезіккенде,
үркіп ұшып көңілдің көбелегі.
Арандатар антұрған кім екенін,
біле де алмай,
жүректі жүдетемін.
Жақсы ағамен жауығып жүрем бе деп,
жүзіңізді көргенде...
дір етемін!

Арамызды ашуға даяр тұрған,
айтыңызшы,
апыр-ау, қай антұрған?
Сіз білмейтін менде қай сыр бар еді,
мінім де аян,
мінезім...
аян тұлғам.
Аян еді бәрі де өзіңізге,
Қарай алмас кінәм жоқ көзіңізге.
Тойға барған қазақтар емес пе едік,
бұдан да жұпынырақ кезімізде.
Түсініңіз,
тұрғам жоқ шенегелі,
түсінбей-ақ келесіз неге мені?
Елге біткен ерсілеу пенделікпен
ағамыз «ауырмауы» керек еді!

 

БАРЫП ҚАЙТСАҚ ҚАЙТЕДІ ҚОЙЛЫ АУЫЛҒА
Отыр дейді, Ойжайлау қойнауында,
барып қайтсақ қайтеді қойлы ауылға, –
жөн болады жігіттің ел көргені,
сергелдеңі сөз бе екен сойдауылға!
Қарамайық басында қар барына –
қарлы шыңдар –
жігіттің арманы да!
Аңғарына жайғасқан Аршалының
сәлем беріп шығайық шалдарына.
Сәлем беріп сондағы елге біздің,
қымыз ішіп қолынан жеңгеміздің,
Өскен жерін,
кіндігін кескен жерін
көріп қайтсақ осынау пендеңіздің!..
Сарқытындай
сабырлы кешегі елдің,
сары майын шайқатып шешелердің,
бауыр төсеп жатқанда баурайында,
ән де жетер астынан неше белдің...
Болып па едің шыңырау құзда бұрын?
Қызығына батамыз біз бәрінің, –
жауыны бар малшынар,
дауылы да,
сауығы да бар шығар қыздарының.
Қарамастан дауылы, жауынына,
барам десең,
малшылар ауылына,
ат басымен біраз күн алыстырып,
таныстырып қайтайын тау ұлына!

 

ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДАҒЫ ОЙ
Өзен ағып өзінің арнасында,
Ойға батып мен тұрмын жар басында.
Ықты-жарды білмейтін асау ағыс
төте жолын тірліктің таңдасын ба!..
Елеместен өріңді, алға асыға,
сыймай ағып барады арнасына.
Қарамайды көлденең көк тасқа да,
жүз иіліп-бүгілген тал басына.
Енді бірде лағып, далаға ағып,
Сәл іркіліп, соңына қарап алып,
Мың бұрала бұлқынып,
бұрылып кеп, –
өз арнасын қайтадан табады анық...
Тоқтамасын сездіріп, талмайтынын,
барады ағып алқына, алмай тыным.
Жағаға атып тастайды шөп-шаламның
шалғайына жабысып, қалмайтынын...
Еліктіріп ерке су мені мүлде,
бір ой тұрды бейуақта көңілімде:
Бұраң-бұраң өзеннің арнасына
ұқсамай ма өзімнің өмірім де?..
Шеңберіне тірліктің шектелмей де,
шығып кете бергенмен шектен кейде,
тура жолдан таймаппын,
тайдырам деп
жүргендерге кектенбей, жек көрмей де.
Жұлып жеген өзендей өз арнасын,
Қиянатқа, белгілі, төзе алмасым!
(Оңға кеттім, біресе солға кеттім,
оған бола ұсқының бозармасын!)
Қырға қашып, біресе сай құлаппын,
(Шөп-шаламнан кейде сәл қаймыға ақтым!)
Осы өзендей тасыппын,
тартылыппын,
тура жолдан, тек қана айнымаппын!
Қаншама қырын келсін тағдыр, мейлі,
қиналған кездерімді жан білмейді! –
Ешкімге шағындырмай, табындырмай,
өмірдің өзі-ақ мені әлдилейді!
Бұралаң тіршіліктің сан дүрмегін,
шыдаған көтеруге балғын белім,
Жылаған (жасырынып) шақтарда да
басымнан сипамаған тағдыр менің.
Өзгенің өтесі жоқ, сірә, маған,
ешкімді оған бола кінәламан!
Келгенше осы жасқа, шынымды айтсам,
көрмедім жанашырлық бір ағадан.
Әйтеуір өрге сүйреп өз басымды,
ешкімге көрсетпедім көз жасымды.
Сезуші ем тағдырыңның тәлкегінен
тулақтай түгі түсіп, тозбасымды!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста