Қастек Баянбай: Ақ жауын болып басылмай кейде жылайсың...

БІЗДІКІ ЕМЕС

Біздікі еді мынау қала,
Анау бақ,
Бұлдыр тартып бара жатыр бәрі аулақ.
Жатырқайды бұрынғы аялдамалар,
Өзің күтіп тұрмағасын алаңдап.

Бақ та бүгін жабырқау ма,
Ойлы ма,
Шақырмайды бұрынғыдай қойнына.
Жас бұтақтар білектерің секілді
Асылмайтын енді менің мойныма.

Талай рет құшағына жасырған
Жасып өтем осы бақтың қасынан.
Жапырақтар саусақтарың секілді
Сипамайтын енді менің шашымнан.

Біздікі емес осылардың бәрі енді,
Тек ғашықтар билей алмақ әлемді.



МҮМКІН ЕМЕС

Сен сүйесің,
Мүмкін емес сүймеуің.
Көзің айтты
Сендіретін сол мені.
Мүмкін оны әзір өзің білмеуің,
Мүмкін оны мойындағың келмеуі.

Мүмкін кейде нандыруың өзіңді
Сүйген емен,
Сүйе алмаймын деп оны.
Бірақ жұмып жүрмегесін көзіңді,
Бәрібір ол бір белгісін береді.

Сәл уақытта тына қалар тыныстай,
Мүмкін оны тұншықтырғың келуі.
Ал махаббат қыннан шыққан қылыштай,
Мүмкін емес бір жарқ етпей өлуі.



СӘЛЕМДЕСУ

Көңілі пәк ескі досым менің бір
Автобуста жүргізуші болып жүр.
Мен кіргенде бас изейді күлімдеп,
Қол бермейді,
Айтады ылғи:
- Қолым кір.

Бір танысым аш бөрідей жалақтап,
(Арам десең, алу қиын алу оны ақтап),
Қолын ала жүгіреді көргенде,
Ал көңілін құдай білсін,
Қолы аппақ...



СЕНІҢ БЕЙНЕҢ

Қос жанарыма толтырып алып бейнеңді,
Жамбыдай сақтап жүрейін деген ой келді.
Жолымды қырқып кетсем де кейін оралдым,
Махаббатыма менмендігім де бой берді.

Алтынды көрген аш көздей саған қарадым,
Өзіңмен ғана шып толды менің жанарым.
Осынау мөлдір бейнеңді шайқап алардай,
Деміңді тартып,
Кірпігімді әрең қағамын.



СҮЮ МЕН КҮТУ

Сүю - заңым,
Сүю - және арманым,
Сүю - менің қиялымның шарлауы.
Сүйе алмасам ештеңені, ешкімді,
Жүрегімнің онда соқпай қалғаны.

Күту - заңым.
Тағат таппай күткенім -
Келер күннің құпиясы,
Бүккені.
Күте алмасам ештеңені,
ешкімді,
Онда менің өмірімнің біткені.

Махаббат бар мұңаю мен күлкімде,
Мен күтусіз батқан емес бір Күн де.
Қара жерге ноқат болып түскенше,
Сүймей, күтпей өмір сүру мүмкін бе?!



КҮДІК

Аспанымда айналып жүр бір бақыт,
Күлімдейді күнде маған тіл қатып.
Кейде менің маңдайыма қонардай,
Жібереді жүрегімді тулатып.

Көптен бері түспей жүрген қолға түк,
Шынымен-ақ қонар ма екен сол бақыт.
Әлде әншейін жанарымды жарылқап,
Кетер ме екен үмітімді сорлатып.



АҚЫЛ МЕН МАХАББАТ

Махаббаттан ақыл биік дедің бе?
Биік шығар,
Таласым жоқ менің де.
Ақыл деген - бір әулие қария,
Жер бетінде мың жасаған кемінде.

Махаббат – жас.
Ес тоқтатқан жоқ әлі,
Ол жыл сайын он сегізге толады.
От басады,
Су кешеді,
Сол үшін
Оған бәрін кешіруге болады.



АЛМАТЫДАН АУМАЙСЫҢ

Алматымысың?
Әлде сенбісің?
Бұ қайсың?
Әйтеуір маған екеуің бірдей ұнайсың.
Ақ жауын болып басылмай кейде жылайсың,
Ақ жалын болып, күйдіріп кейде сынайсың.

Кей күні жақын,
Келесі күні шалғайсың,
Кей күні ащы,
Келесі күні балдайсың.
Сөйтсе де саған демеймін өзің қандайсың,
Алматы сенен,
Сен Алматыдан аумайсың.



ҚИЯЛИ КЕМПІР
(Баллада)

Болса да таза жаулығы,
Болса да бүтін көйлегі.
Болса да берік саулығы,
Қияли кемпір дейді оны.

Қияли-кемпір шаруасын
Бір әйел ғұрлы біледі.
Аядай үйін,
Ауласын
Сыпырып
Сүртіп жүреді.

Ойлайды өзі үнемі
Майданға кеткен бес ұлын.
Аяттай жатқа біледі
Олардың ұйқас есімін.

Шақыру үшін біреуді
Бес ұлын атап шығады.
Апыр-ау, атың кім еді,
Деп аңырап тұрады.

Көрмеген әсте иланып,
Бес ұлың шейіт дегенге.
Қалса да кейде сұрланып,
Сенімі жатты тереңде.

Шырағым, қалай нанайын,
Бес ұлың өлді дегенге,
Өзімдей талай ананың
Жалғызы тірі келгенде.

Тәңірдің бар ғой есебі,
Бақытты бірдей бөледі.
Келмесе келмес бесеуі,
Төртеуі анық келеді.

Қисыны берік дәлелге.
Құлады өзі имандай.
Әділдік болса әлемде,
Осынау сөзге сыйғандай.

Сұрайды біреу әзілдеп:
Нешеуі тірі ұлыңның?
Біреуі кетті жазым боп,
Төртеуі тірі, құлыным.

Сырласып үміт желімен,
Есікке қарар елеңдеп.
Төрт ұлы үйге тобымен
Сау етіп кіріп келер деп.

...Жеті жыл өтті.
Әлі оның
Төрт ұлы бірақ келген жоқ.
Дегенмен кемпір дәлелін
Далбаса деуге көнген жоқ.

Асылық етсем мен тегі,
Кешірер,
Тәңірім кең еді.
Келмесе келмес төртеуі,
Үшеуі анық келеді.

Сұрайды біреу әзілдеп:
Нешеуі тірі ұлыңның?
Екеуі кетті жазым боп,
Үшеуі бар ғой, құлыным.

Сырласып үміт желімен,
Есікке қарар елеңдеп.
Үш ұлы үйге тобымен
Сау етіп кіріп келер деп.

...Он бес жыл өтті.
Әлі оның
Үш ұлы бірақ келген жоқ.
Дегенмен кемпір дәлелін
Далбаса деуге көнген жоқ.

Рақымы әлі-ақ түседі,
Тілекті тәңір береді.
Келмесе келмес үшеуі,
Екеуі анық келеді.

Сұрайды біреу әзілдеп:
Нешеуі тірі ұлыңның?
Үшеуі кетті жазым боп,
Екеуі қалды, құлыным.

Ананың аңқау сезімі-ай,
Есікке қарар елеңдеп,
Жарасып егіз қозыдай,
Қос ұлым кіріп келер деп.

... Жиырма жыл өтті.
Әлі оның
Екі ұлы бірақ бірақ келген келген жоқ.
Дегенмен кемпір дәлелін
Далбаса деуге көнген жоқ.

Тәңірім рақым етеді,
Көзімнің жасын көреді.
Келмесе келмес төртеуі,
Бір ұлым кәміл келеді.

Сұрайды біреу әзілдеп:
Нешеуі тірі ұлыңның?
Төртеуі кетті жазым боп,
Жалғызым қалды, құлыным.

Отыз жыл өтті.
Әлі оның
Жалғызы бірақ келген жоқ.
Сонда да кемпір дәлелін
Сандырақ деуге көнген жоқ.

Кешірген бастан талайды
Қурайдай кемпір ол бүгін.
Көшеге ұзақ қарайды
Сарыла күтіп соңғы ұлын.

Бес ұлдың көрмей біреуін,
Қалмақшы емес көміліп.
Ананың әлсіз жүрегін
Соқтырып тұрған сол үміт.



ҚАЙТЕРСІҢ

Өткіздім ойға батып күндерімді,
Өткіздім ояу жатып түндерімді.
Сездің бе,
Сезбедің бе,
Білгенім жоқ,
Өзіңе тіл қата алмай жүргенімді.

Жалын жамап іштегі лапылдаған
Қару жаман кезінде атылмаған.
Дүңк еткіздім бір күні сүйемін деп,
Осылайша тіл бітті ақыры маған.

Қайтерсің,
Күлермісің,
Жылармысың,
Бұл қандай келеңсіз деп сынармысың.
Ойлашы,
Аяқ асты тілі шықса,
Мылқаудың не дейтінін құдай білсін.



ҮМІТ

Талпына бердім күні-түн,
Жүз рет қате жібердім.
Жүз рет өліп үмітім,
Қаралы болып түнердім.

Сарғайып өзен басында,
Бір балық ұстап көрмедім.
Осылай жеті жасымда
Үмітті алғаш жерледім.

Бір қызды сүйдім қылықты,
Тауымды шақты ол менің.
Он сегіз жаста үмітті
Осылай тағы жерледім.

Қуаныш еттім өлеңді,
Жанбады бірақ еңбегім.
Оныншы рет мен енді
Үмітті және жерлелім.

Түн ұзақ міне толғанып,
Тағы бір іске бекіндім.
Жүзінші рет қорланып,
Үмітті жерлеп отырмын.

Жүз рет жерне көміліп,
Тірілген қайта жүз рет,
Ақ балық болып сол үміт,
Алдымнан менің жүзіп өт.

Жүз рет жерне көміліп,
Тірілген қайта жүз рет
Шаңғы боп енді сол үміт,
Алдымнан менің сызып өт.

Жүз рет жерге көміліп,
Тірілген қайта жүз рет
Алдымнан өтші сол үміт,
Қазақтың сұлу қызы боп.

Жүз рет жерне көміліп,
Тірілген қайта жүз рет
Жыр болып бүгін сол үміт
Бөгеттің бәрін бұзып өт.

Жүз рет жерге көміліп,
Жүз рет қайта тіріліп,
Жұлдызым болған сол үміт,
Алдымда тұршы құбылып.



ТОРСЫҚ

Жол шеккен кезде қиырға
Жаяудың жалғыз сенгені -
Толтыра сусын құйылған
Торсығы ғана белдегі.

Сол жаяу құсап бүгін де
Келемін жылжып жүріп мен,
Белдегі торсық түьінде
Сақталған тәтті үмітпен.

Батса да тастақ табанға,
Бөгемек емес бұл мені.
Үміттен ұрттап алам да,
Ұмтыла түсем ілгері.

Қалғанда сусыз жапанда,
Жібітер торсық таңдайды.
Шықсаң да қанша сапарға,
Сарқылып,
Кеуіп қалмайды.

Таусылса егер үмітің,
Тағдырмен нең бар таласар.
Қайтесің сүйреп,
Жігітім,
Торсықты теуіп жара сал.



БІР ҮЙДЕ ТӨРТЕУ ТҰРАМЫЗ

Бір үйде төртеу тұрамыз:
Өзім,
Ар,
Шындық және Арман.
Аумайды арман баламнан,
Ар - жардан,
Шындық - анамнан.

Қорласам егер баламды,
Жақсылық күтпен жарымнан.
Тәңірі сақтап табынған
Айырылармын арымнан.

Қорласам егер жарымды,
Естірмін сөгіс анамнан.
Төгеді жасын жанардан,
Жаяды шашын ағарған.

Қорласам егер анамды,
Көрмеспін қызық баламнан.
Қарағым қаны қарайған
Алуы мүмкін жағамнан.

 

qalamger.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста