Оңайгүл Тұржан: Бөрілердің бесік жырын естимін...

Оңайгүл Тұржан: Бөрілердің бесік жырын естимін...

*  *  *

Қиылыстар мен құйылыстардың кезеңі,

Цифрлар бізді көрмей тұрып-ақ сезеді.

Жапырағымен желпіген болып жанымды, 

Ормандар менің ой-қиялымды кезеді.

 

Заманым – осы, мысы басады жаһандай,

Сыртында жүрмін, кіруге әлі бата алмай.

Сезімдер – ол да жат болып, суып барады,

Көпірген сөздің кептелістерінен өте алмай.

 

Қурайлар өзін құдыреттердей қайта ашып,

Инстаграмның көшелерінде байқасып,

Азаттық үшін қырғындар болған даламда,

Бүгінгі күні брендтер жатыр шайқасып.

 

Қалаға келсем, әрбір қадамың сынақ-дүр,

Құл-темір тұрар сым-сөздерімен сынап бір.

Далаға келсем, қобызы сынған күйлердің,

ырғағы әлі жылап тұр.

 

Соларға қарап сан тарау жолды кесе өтем,

Елу жыл өтті, ел жаңа деген – осы екен.

Бүгінгі күні жайнап тұрса да,

адамның

Баяғы күнін сағынатыны несі екен?

 

Қара түндерді қақ жарып өткен оттарша,

Көңілде мына сезімдер гүлдеп, бақ қонса.

Айтар ем мен де сағынышымды жеткізер,

Бір жұтым сөйлем тап болса!

 

 

АЛЛАҒА МАДАҚ АЙТҚАН ҚҰСТАР СЫНДЫ

 

Анау қырдан көшетін құм аттанып,

Әуені естілетін шұбап барып.

Жер бетінде әлі де ән жоқ кезде,

Тастардың ән салғаны сияқтанып.

 

Ақша бұлттай сағына құшқан шыңды,

Жүрегім сансыз сазды ұстар сынды.

Тоқсан түрлі тараптан  ұшып келіп,

Аллаға мадақ айтқан құстар сынды.

 

Төбелер жатыр үнсіз сақ-қамалдай,

Тұр десең, қазір тұрып аттанардай.

Жер шарын шыр айналып желіп жүріп,

Біздің ауыл тұсына тоқтағандай.

 

Жел соқпай, ит үрмеген түні бар-ды,

Жусанның небір көркем һүрі бар-ды.

Қып-қызыл сонау күнді айналып кеп,

Жер шары осы жерде тынығар-ды.

  

Ауылда еркіндіктің көш-күреңі,

Ойдың да жаңарады ескілері.

Азаттық деген сөздің әр әрібі,

Ән салып тұрғандай боп естіледі,

ауылда!

 

 

МЕН САҒЫНДЫМ

 

Жылдар мынау – жасыңды санай келген.

Күндер мынау – боз қырау самай берген,

Көңіл мынау – жастық шақ келер ме деп,

Жүз бұрылып артына қарай берген.

 

Гүл-Көктемді аймалап күлетінбіз,

Тек ойлы еді бәрін де үзетін Күз.

У-шу боп, жұлдыз санап,

түнгі аспанда

неше жұлдыз барын да білетінбіз.

 

Құйттай-құйттай адыммен алшаң жүрген,

Моншақ тағып алатын сан-сан гүлден.

Бала күннің дауысы естіледі,

Жүрегімнің түбінде ән сап жүрген.

 

Сіздерге де дәл солай естіле ме?

Кей күндерің дәл солай кешкіре ме?

Армандарды артып ап келе жатқан,

Түстеріңе жаһұттай көш кіре ме?

 

Озған сайын оралар ойға дәйім,

Көңілімде бәрі тұр айнадайын.

Енді бізге келмейтін сол күндерді,

Мен сағындым, ал сен ше, айналайын?

 

 

ТАУДАЙ АМАЛДЫ ҚҰРАП АЛ!

 

Қарай да қарай гүлдер де өскен,

Үмітсіз жерге үмітпен.

Бұл дүниядан пірлер де көшкен,

Тас шайнап таңдай жібіткен.

 

Ұсынып өзін мас-тілді үндер,

Сынайды бізді заман-дем!

Түлкілі заман, қасқырлы күндер,

Таласа жүрер адаммен.

 

Не керек мына сары уайым-ән,

Мүмкіндік деген – мың амал.

Сәттіліктердің тарыдайынан,

Таудай амалды құрап ал!

 

 

БӨРІЛЕРДІҢ БЕСІК ЖЫРЫН ЕСТИМІН...

 

Дауыл тынды. Айқай-шудан түк қалмай,

Ағаштар тұр төбелестен шыққандай.

Дауыл тынды, қары қалды ақ бұйра,

Жерде жатқан бұлттардай.

 

Қыстың айы – мен туған ай таранып ,

Біздің көңіл – қалада да далалық.

Ақ боранның алас-күлес ішінде,

Ойнақ салып жүрген сынды балалық.

 

Жапандағы жаңғыз үйде ес түйдім,

Әке жыры – көркі еді кешкі үйдің.

Әлі күнге ақ боранның даусынан,

Бөрілердің бесік жырын естимін...

 

 

ОЙПЫР-АЙ, БІЗ ӨЛЕРМЕН ЕК НЕ ДЕГЕН?!

 

Бұл заманға іліккенбіз шаршап кеп,

Армандарды асырадық ән сап-бек.

Сан ғасырлар сахарада жүрдік біз,

Қасқырдан да ақылдырақ болсақ деп.

 

Жаз туралы өлеңдерге қыстап кеп,

Қол жетпеген армандарды құшсақ-бек.

Тоқсан таудың тасын басып жүрсек те,

Қыран бақтық, одан биік ұшсақ деп.

 

Жер бетінен бір кеттік те, бір келдік,

Сыбызғы боп сағынышқа үн бердік.

Сатырлаған ақ жаңбырға шомылып,

Қыр басынан обалар боп түрегелдік.

 

Бұл адамзат – бар адам мен жоқ адам,

Мен де кейде тас ғасырдан оралам.

Сонда маған ұғынықсыз мына өмір,

Жетпіс тісті жебірдейін қараған.

 

Жебір деген – уақыт екен!

Кенерең,

жүз жылатып, жүз күлдірген. Тебеген!

Қатал өмір сонысымен ұнап тұр,

Ойпыр-ай, біз өлермен ек не деген?!

 

Біз – адамбыз, бәрін бастан өткерген,

Соны түгел көрейінші деп келген.

Бәрін көріп, сосын бәрін қия алмай,

Сағыныштан өлейінші деп келген.

 

 

ҚАҒАЗ. МЕН және ТАҢ

 

Арман қуып жүр әлі бағы аздар да,

Тату таулар таңқалып араздарға.

Өлең болып көшеді біздің арман,

Сүйегі сықырлаған қағаздарға.

 

Жасытса да іштегі толған мұңым,

Ұмыттырмас Рухтар арландығын.

Қағаздар да ешқашан ұмытпайды,

Өзінің бір кезде ағаш болғандығын.

 

Мен қағазға, ал қағаз маған қарап,

Егіліп отырамыз жалаң қабат.

Сағыныштар сарғайтқан екі ортаға

Қара сия тамады қаламнан ақ.

 

Тіршіліктің базарын аралатқан,

Тағы аттың ба арайлап, саламат-Таң!

Мені тағы сен көрдің  – өңім күліп,

Жандүнием егіліп бара жатқан.

 

 

ПОРТРЕТТІҢ ҚИМЫЛСЫЗ ҚИМЫЛДАРЫ

 

Шақырғандай шыңдардың тұйғын-дәмі,

Қыл қалам-ай, жанға сән құйдың-дағы,

Көзімді арбап барады мына жерде,

Портреттің қимылсыз қимылдары.

 

Мен де, шіркін, сала алсам!

Саумал кешіп,

бара жатса қаламнан баулар да өсіп,

Киіктердің киесі қарай қалса,

Ақ қағаздың бетімен таулар көшіп.

 

Сонда оны жазсам бір қыл қаламмен,

Ол ғаламды жайнатып бұл ғаламмен.

Гүл термеген даламды кескіндесем,

Темір де жұмсарар ед, сынбағанмен.

 

Сәнге құмар баяғы кезім болса,

Төзімдейін қолымда төзім қалса.

Мұхиттай ғып мұхитты көрер едім,

Жүректе теңіздейін сезім болса.

 

 

САҒЫНАРДАЙ НЕ БАР СОЛ УӘЛІДЕ? [1]

 

Мұнда келсем, өлең-жыр туады не,

Аңыздары тасымен куәлі де.

Уәліні сағынам бала күнгі,

Сағынардай не бар сол Уәліде?

 

Жатыр мұнда кішкентай тас-балалар,

Ғасырдан ғасырларға асқан олар.

Ал қазір құмартардай осы жерде,

Сары мұң, сағыныштан басқа не бар?

 

Ештеңе жоқ! Қарар тек өрі, белі,

Шырамытқан секілді сені, мені.

Отыз шыңырау – мен көрген, олар да жоқ,

Кепкен шөлін бұталар кеміреді.

 

Екі-ақ үй, ескі қамал өтінде едік,

Сонда өстік, ес білгенше кекілденіп.

Қасқырлар топ-топ болып жүретін-ді,

Үстірттің әскерлері секілденіп.

 

Бұл күнде дерек те аз, мысал аз қап,

Тұрса да, мына бізден құсалы аздап,

Қарауытып обалар қарар саған,

Соңыңнан қанат қағып ұша жаздап.

 

Осындай далам еді ала бөтен,

Біз кеттік қоныс болып жаңа мекен.

Шыңыраулар, обасы, сары мұңы –

Енді олар мені еске ала ма екен?

 

 

[1] Уәлі – Маңғыстаудағы көне қамал атауы. «Сонау ықылым замандардан тіршіліктің тамыры іспеттес болған Уәліде ескі керуен соқпағымен катарласа бүгінгінің даңғыл жолдары жатыр». Көшбайұлы О.

qalamger.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста