Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ: ...Жұпар иiстi Сөз iздедiм

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ:  ...Жұпар иiстi Сөз iздедiм

КӨКТЕМ
...Жұпар иiстi Сөз iздедiм.
– Табасың,
Жазғытұрым шыға кеп танауыңды жарғанда
Хош иiсi бұрқырап, –
дедi бiреу.
Оны күтiп кiм тұрат?..
Аяз сынып, күн шыққанда көшеде
Өлең шiркiн ой кешет.
...Десе де,
Менiң жырым – сонау ерте көктемде
Қасат қарды теуiп шыққан бәйшешек...
ЖЕЛДІ КҮНГІ ӘУЕЗЕ
үууілдеп
үу-уі үу-уі үууілдеп
үуілдейсің нені жоқтап, қайран жел
сарыуайым сарын салып сақарада түр үрлеп
сандал таудан, сайран бел

еңселім,
уайым емес, жел сенім
әкелмей ме, қайталанған жәйт неше
бұ жалғанда екі туып бір қалғаның мен сенің
неге келдім әйтпесе!..

сол жаққа
алып кетші сол жаққа!..
жел-ағатай, мені жалғыз тастама
мен сенбеймін алдамшы күн, арзан өмір, оңғаққа
сеніп қалсам – масқара...

асқарым,
асыққан жел – асқақ үн
әлденеге шөлдеп келеді қу өмір
жер бетіне жерік күндер - қас-қағым сәт, қас-қағым
сол сәттерді сүйе біл

әуез деп
әуезе, әуез, әуездеп
самал желге жанымды ашып тастадым
үуілінен ырғағы мен уәзінін және іздеп
тауып алдым асқағын

өмірлім,
нені ұға алдың, не білдің
апырай, ә, сенейін бе шынында:
сабасынан ақтарылған асқақ мына өмірді
сүргендеймін бұрын да

жай табар
көңілімде байтақ ән
жолаушы боп келдік, сәулем, екеуміз
екеумізге жолығу жоқ жер бетінде қайтадан,
қайта нұр боп кетерміз

жек көрме
салауат айт өткенге:
кешіппіз-ау бақыт суын ең тұнық
сені жоқтап екі көзім өксіп-өксіп кеткенде
жел де жетер ентігіп.

... ал содан соң...
...құржаңдап
нұржан, нұржан, нұржандап
жел-бауырым омырауымнан аймалар
тұңғиығында көк аспанның өзім сүйген бір жан бар
деп көңілім жай табар

таңғалсын:
мына адамзат аңғарсын
тек өзіңнің бар екенің, еңселім
...өмірден тыс, уақыттан тыс сен барсың ғой, сен барсың –
көңілімді жұбатпай ма сол сенім?!
....................................................................................................
өмірімді уатпай ма сол сенім...

АСПАНДАҒЫ ӘУЕЗЕ
...ұзақ түн...
салоны ұшақтың
алқынған көңілді тұсап мың
сезімді жасаулап асыққа ұзаттым,
ұзақ түн

салоны
ұшақтың, әлемі
аспанның түннен де әдемі!
сыңсуын айтқанда сезімім әуелі
нау еді...

арман-ай
шіркінді алдамай
көңілге сенбей-ақ алғадай
берсемші, батамды, беу, бағын байламай
әй, бала-ай...

жолықтық,
көңілдің жарықтық
емес пе қонағы, жаңа ұқтық,
аз күндер өткізді сезімім сауық қып...
соң ұқтық

сақтар ма
дәл со бір шақтарда
түнге де қой дейтін дәт бар ма:
көзінен мөлт етіп бір жұлдыз аққанда
...ақтар ма?

жалғанда
ұғатын жан бар ма
қанаты ұшақтың талғанда
жүк болмай, шіркін-ау, ұшар ма ем арманға –
сол жанға

асықтық
мұң шіркін жасық қып
ұшақпен жетпессің, рас, ұқтық
сезімдер қосылса, қос көңіл нәсіп қып
...ғашықтық

ұсақ мұң
жөні ме ісі ақтың:
ақ таңға асыққан ұшақты
жеткізбей жүйткіген не деген ұзақ түн!..
...жаным-ау, ұзақ тым

* * *
...Қиянатқа шыдаңдар
Тағы, бауыр.
Батпан-батпан күнәм бар –
Жаныма ауыр.

...Iзгiлiкке не жетсiн,
Iзгiлiкке.
Жанды күйтте бөлек, шын,
Күздi күтпе.

Атақ, байлық... – таппадым
Еш тәуiрiн.
Ден қызығы – баққаным,
Кеш, Тәңiрiм...

ОЙ
– Бауыр-ой,
Қорғасыннан ауыр ой
Терең Түнге шолп еттi.
Шолп еттi де шым батты...
Жетер ме екен түбiне,
Жетпес пе екен түбiне –
Түн ағысы тым қатты.
Жағада отырым үңiле.
...Ой өзегi құрғақ-ты...

* * *
...Дыбыс қалғып, маң бозарып,
Солық басып көлеңке,
Сап тыйылып даңғазалық,
Сабыр тапты кең өлке.

Ай аспанның сырға құсап
Әшекейлеп өңiрiн.
Балқығанда күнбатыс жақ
Байыз таппас көңiлiм...

Мұң түсiрiп қызылiңiр,
Мұрсат бермей жалғанға...
Дүниенiң қызығы мың
Бiр сәт тынып қалғанда,

Қызыл нұрға боялғанда
Күн сәулесi әлсiреп,
Селк етiп жан оянғанда
Ұмсынбай ма сау тiлек!..

Беу, iңiрiм, сенен өзге
Берер ме екен сабыр, мұң,
Құйылшы бiр дәл со кезде
Тереңiне жанымның.

Қу жанымның жұтын бiлген
Ал не дейсiң сезiмге...
Өзiңдемiн бүтiннiң мен,
Бүтiн менiң өзiмде!..

Жойылудың дәмiн татып,
Жолығуға билетшi,
Тыныш кешпен дамылдатып,
Тыныстауға үйретшi.

Көңiлiмдi өткен сұз қып
Сiлкiп тастап ауырды,
Дүниемен кеткен мызғып
Араластыр жанымды...

ЖАУЫР ДИАЛОГ
– Заманымның сiлекейi ағып тұр,
Сүрт, сүртпе – бәрiбiр.
– Сен оны әпсанамен жалықтыр,
Әпсананың тәттi үмiтпен жаны бiр...

– Тас қабырға сорғылайды жүйкемдi,
Ол немене, түпсiз бе екен,
Ал айтшы,
Арманымның бұратылған итi өлдi!..

– Азайтшы...

Е, бауырым, қара пиғыл қабар құм,
Не шара бар жұлынтұта кепкесiн,
Мыйға сiңiп шаршап жатқан заманның
Тепкiлеме өкпесiн.

– Аяр орта аяғымды тұсады,
Қолға тимей екi тiзгiн, бiр қамшы...
– Әй-и... Не ол сонша...
Қу өмiрдiң мысалы –
ен далаға еңiреп түскен бiр тамшы...

АЙҚҰЛАҒАН
– Қаланың кварталдары
Қызыққа құмартады әлi...
– Қайдағы-ы!

Жанғанда неон шамдары
Қамығып сүрен салмады
Ай тағы...

Түннiң мөрi – мөңiреген Ай,
Мөңiремей ендi бола ма,
Жұлдызды тiзiп желiге былай,
Жұтынып тұрды қалаға.

Iшiнен боздап жарық шыққанда
Терезе бiткен шыңғырып.
Қала кварталдары талықсып қанда,
Жүйкеге шапты қым-қуыт.

Неон-жарнама қалаға қаптап,
Ниетке қарай дескенi,
Прожекторлар ғана тықақтап,
Ал мөрi түннiң... Өшкенi!

Кiм жыламайды кеткенде қадiр,
Қара аспаның да қайғырат...
Шаһарға түнде жеткенде дамыл
...Дүңк ете түстi Ай құлап!

Асфальт алаңға Ай құлағаны...
Тағдыры сол ма, не дерсiң.
Қала кварталдары қайғырады әлi,
Қайғырады әлi,
Көрерсiң...     (2002.)

МӨЛДIР ТАҢ
Көзiм суретке түсiрдi
Жазғы таңның мөлдiрiн.
...Көңiлдегi құсымды
Үркiттi де келдi кiм...

Кiм келдi екен, қарашы,
Нұр ма, жыр ма,
Желiк пе...
Сезiмiмнiң жарасын
Емдеймiн деп келiп пе...

Таң – ғаламат адал-ау!
Түсiнбеймiз,
Әй, бекер...
Таңы таза адам-ау,
Жан тазасы қайда екен?...

...Жарық келдi тығылмай.
Күн жарықтық ол да асық:
Балға батқан шыбындай
Кiрпiктерiн зорға ашып.

Күншығыс жақ түрiлiп,
Мамыражай үн тұрды.
Жаным соны ұғынып
Жас сәбише ұмтылды.

Ендi жетем дегенде
Қанат жайып желкенi,
Күн өрмелеп төбеге! –
...Мөлдiр таңның өлгенi...  (2002.)

ӘЙНЕК
Дымқыл ма, әлде құрғақ па,
Көңiлiмнiң әйнегiн сүртiп тұрды
Бiр мақта.

Өтiрiк пе, шын ба әлi,
Аялаған әйнегiм салдыр етiп!..
Сынғаны...

Садағасы, ей, ненiң?!.
Көзiн жасын бұлады мөлдiреген
Әйнегiм.

Көрешегi аз ба әлi,
Быт-шыт болып шағылу –
Маңдайына жазғаны?..

Не болды ендi, ойлап көр:
Сырын берiп мақтаға,
Сынып кеткен әйнектер.

Беу, сыбағам...
Сау бола ма құраған –
Сол әйнектiң сынығын
Жинай алмай жылағам...

АҚ КӨБIК ТОЛҚЫН
...Ақ көбiк толқын, қай жерде тудың,
Тереңiнде ме теңiздiң?..
Елжiреп жатқан жағаны жудың
Елесiн таппай көп iздiң.

Жалғызсыраған жағаны жоқтап,
Толқыным менiң, алыстың.
Үздiге шыққан қаралы топтан
Үнiңде жатыр таныс мұң.

Қорғасын түстi теңiзден шауып,
Шағалаларды шулатып,
Шарқ ұрып келдiң жанымды тауып...
...Қайтесiң оны жылатып.

Ақ көбiк толқын, жартасты соғып,
Жартасты соғып өксiдiң.
Қараша күздiң ажары солып,
Қайғырып соған дертсiдiң?..

Жоқтадың ба әлде жастық шағымды,
Жастық шағымды, қалқам-ай,
Булыққан жасты, бастыққан мұңды
Ояттың тағы байқамай.

...Ап қашып едiң теңiзден шығып
Ноқтаға сыймас басыңды.
Мейiрiмi жоқ жартасты ұрып
Тас-талқан болып шашылдың!..

ТҮН. ТАКСИ
Ей, таксишi, тоқташы,
Мен бiр шерлi адаммын арқалап ап боқшасын
Тастап шыққан клубтың тарғыл-тарғыл поп-сазын.
Қайда апарам дейсiң бе... Бiлмей тұрмын оншасын...

Ей, тоқта ендi, тоқташы,
(Есiктi ашып отырам сықырлатып топсасын)
Үй жоқ, үйге кетер ек... Өзенге тарт шулаған!
Дымқыл үндi көрсiн ол әз жанымды сулаған.

Такси ұшты. Таксиге берiп едiм жалға мұң:
Еңiредi салонда электроорганым.
Прожектор тiлгiлеп бұйра түннiң жүрегiн,
Зар илейдi мәшине, тауып бершi бiр емiн...

Алматының бетiне аш плакат жабысып
Қанын сорып жатыр-ау (жарнаманың табысы...).
Содан қала күйзелiп. Өмiр ұлып iшiмде
Мен отырмын сыр бермей ескi қола мүсiндей.

Демiл-демiл ескен жел, есер ойды құтқарма,
Демiмдi орап қара түн, дегбiрiмдi жұтқанда.
Тартып қалған асығыс сиясындай қаламның
Ағып түстi бiр жұлдыз көмейiнен ғаламның.

...Ендi нөсер жауса ғой, шатырлатып нажағай,
Жылар едi мына түн ағыл-тегiл... Ғажап-ай!
Шiркiн, нөсерлетсе ғой, салқындар едi шоқ қала.
...Бас, бас газды тағы да! Ей, таксишiм, тоқтама...

МАЛТА ТАС
Көзiңнiң тұнықтығынан
Түбiндегi малта тастар көрiнет.
Көкiрегiмдi көктей өткен жарық нұрдың себiмен
Көре аламын оны тек.

Жел тұрмасын, қамыс кiрпiк, ай қабақ,
Жел тұрып, дүлей дауыл жал толқынды көтерсе,
Тұнықтығы лайланат.
Түбiндегi малта тасым көрiнбей
Ол қалат...

ТЫНЫШТЫҚ
...Ұңғысында мылтықтың ұйықтап жатты тыныштық.
Электр сым аспанға тарс жабысқан. Күн ыстық.

Табиғаттың бойында тәттi дiрiл жүгiрiп
Балбырайды жарықтық. Не ұғамыз, не бiлiп...

Гуiлдейдi ток сымы, уайымы жоқ – шыны,
Жер бауырлап қарлығаш ұшар iздеп жоқшыны...

Шашып тастап шырылын шалғын шөптiң iшiне,
Шегiрткелер көрiнбес шеттен келген кiсiге.

Ерiп барады көлеңкем ыстық өтiп басынан,
Қиық аспан шолп еттi тоқтау суға жасыған.

Маясындай қу шөптiң бу шығарып дем алам...
(Аңға шыққан джиптердi қоршап апты топ адам)

Үндер үнге соғылып, сылдыр етiп тастармен,
Бұлттың дәмi таңдайда татып тұрды аспанмен.

Қара судың жүрегi қандай таза, қарашы,
Сай табаны маужырап, есiнейдi даласы.

Әукесiнен сипатып ерке желге жүгiрген,
Пысылдайды құба дөң құлағымның түбiнен.

Тамырында дүниенiң дiрiл барын бiлсек-тi:
...Тыныштықты шыңғыртып шуда түтiн гүрс еттi!..

СУЫҚ
Кисем де былғары етiк,
Табанымнан ызғар өтiп
Барады.
Жүрiп едi үскiрiк қатты,
Сары құдайдың бүрiсiп қапты
Сабағы.
...Дүние қандай суық ед,
Құдырет...

БҰЛТ
...Е, менiң ұлпа бұлттарым,
Уызынан аспанның ұялмай-ақ ұрттадың...
Тараттың да жұртқа мұң,
Тау мен тастан сырттадың.

Бұлдан жұмсақ пейiлiңдi бұзып жүр-ау бiр түпкi ой,
Бiздi қойшы, бiздегi көңiл шiркiн жыртық қой,
Сен одан да сенделмей, күллi әлемге ынтызар
Көңiлi бос анамыз – Күннiң көзiн сүртiп қой...

САРЫ ЖАПЫРАҚ

Қыстыгүнi тереземе
Сары жапырақ кеп жабысты.
Жарықтық өзi елегiзе ме
Сағыныш құсап сары жұртындай алыстың.

Әлде...
Хаты ма екен, бауырлар,
Жүрiп келген неше күн
Қалың қар басқан қияндағы ауылда
Сарғайған әке-шешемнiң...

ҚОЛШАТЫР
Шайдай ашық көк аспан –
Қолшатыры ғаламның.
Көк аспанға жол ашқан,
Бәсiн қара шамаңның...

Қолшатырдың шегi жоқ,
Тiреуi жоқ, тiреуi!
Жарық барда көбiрек
Шайдай ашық нұр өңi.

Нұрлы өңiнiң сынына
Зорға жүр-ау жан шыдап...
Күннiң қарашығынан
Жарық үндер тамшылап.

...Ай ұшырып тағынан,
Күндi суға батырды.
Қараңғы түн,
Жалынам,
Жинамашы шатырды...

ТҰМАР
Алқалы жиын, алалы топқа кiре алмай,
Емексiп көңiл егiзден қалған сыңардай,
Қиыннан өсiп, қияға бiткен шынардай,
Қағынан жерiп қиянға кеткен құландай
Маза кеткенде майданға бастым өлеңдi –
Абайдан қалған тұмардай.

АСЫЛ СӨЗ
– Қап, мына сөз!..
Бұлдырап ұстатпады-ау сағым құсап,
Тұрсам да ескi бише барымды сап.
– Бұртима, құлыным-ау, құлдығым-ау,
Бұл емес уыстап шашар алымды шақ...

Асыл сөз – зәмзәм судың тамшысындай,
Таптырмас Доспамбеттiң қамшысындай.
...Iздедiм бабам айтқан сол бiр сөздi
Iз кескен баяғының аңшысындай.

Бабамның даусы сонда күңгiрледi,
Асыл сөз көкiректе күмбiрледi:
Шамындай Аладыңның* үңгiрдегi
Жарыққа алып шығар бiр күн менi.
* «Мың бiр түн» кейiпкерi

ЖЕР ДАУЫ
...Бебеулеп қырда ақ селеу жылады тағы,
Құбыла жақтан қалың бұлт қылаңытады.
Қыстауын тастап қалың жұрт, жайлауын берiп,
Баяғы жұрт ендi әрең шырамытады.

Еңiске ендi қарама: өлексе маңы,
Екiлене бiр сөйлесе «ерекше адамы»,
Ұлтанқұл құсап той жасар қысталаң күнде,
...Ұлтарақ жерiң – бiреудiң керек-жарағы.

Басынғандарды заманның ағыны санап,
Балаға ұқсап кiм бұлай жаңылыса алат?
Әмiрсанадай* өз елiн талауға берген
Әмiрлер бiзде көбейдi әмiрi шолақ.

Томаша бектер, туғанда дауылды күнiң
Тояттап, толтыр тағы да қарынды бүгiн.
Дауысы хаққа жеткенде, дабысы – елге,
Даңғазаларға жүгiнбес дарынды ұлың.

Замана шаңын көтерген тұяқтар қанша...
Зауалда абыз, әулие сияқтанғанша,
Ұлтарақ жердi бермесең – ұлтыңның бағын,
Аз иман жүзге үйiрiлiп, ұяттар қалса...
* Тақ үшiн таласып, Қытай әскерiн елiне кiргiзген Жоңғардың соңғы әмiршiсi

КҮН КӨЗI
Сiркесi су көтермей тұрды көктiң райы...
Сiрнеленген ажары, сiрi болған шырайы.
Сiлтiдей боп тынады жасыннан соң ұдайы,
Сiлесi қатты бейшара, жазмыш қылып құдайы,
Бiр жылайды-ау, сыңайы.

Жыла, жыла, ей, аспан, ағыл-тегiл еңiреп,
Жылымшы су секiлдi жыны қысқан төңiрек.
Жылдағыдан шер-налаң көбiрек-ау, көбiрек,
Жылағаннан тазарар жан дүниең, тегi, көп –
Жылашы бiр еңiреп.

Бергi дүние жалған деп белгi берсе бiр құдай,
«Рас, рас...» – бас шұлғып шыбындаған жылқыдай...
...Шып-шып жылап тұрғанда, шамырқанып бiр мезет
Шығыс беттен КҮН КӨЗI
Шырайын бiр ашпаққа
Шыға келсе... шiркiн-ай!

КӨЛ ЖАЙҚАҒАН БИДАЙЫҚ
...Қанатынан қайырылып, топшысынан қиылып,
Жатыр қамыс iшiнде шырқау Көкке сыйынып
Көл жайқаған бидайық.

– Көк алқаған бидайық!
Көл-көсiр мұң қамалап нау жаныңды қинайды.
...Күлкiсiн iздеп қуаныш, ұйқысы қашқан мый – қайғы...

Шағала көлдi шулатқан,
Шаршы бiр топты дулатқан,
Шүрегей үркiп сасқаны, қаңқылдап қазы қашқаны –
Арманда кеттi-ау сол күнiң!

Үкiлi қамыс түбiнде уiлдеп соққан жаңағы
Бидайық-мұңың жәудiреп, ұмсынып Көкке қарады.
Әуеде ұшқан сымпылдап,
Әупiрiмдеген құс iлiп,
Әуек болды елiне бөктергiнiң талабы.

Бөстi келiп әлiнше иесi де әзiлдеп:
– Бөгiп жатыр құс етi,
Бөктергi де жарайды, бiздiң құлқын – аз үй деп.
Бәрiн де көрдiң, айт, айтпа:
Бөктергiге қор болды бөлектенген қаз, үйрек.

Көл жайқаған бидайық!
Қиюын таптың қиыннан, шеңгелдi алып шиырдан,
Ұша алмай тұрсың, бейшара,
Өлең құсап киелi топшысынан қиылған...»

ТЕБIНДЕ
Ықтасын болмай тау iшi,
Ызғарын ұлытып.
Сары аяз қарып бет-жүзiн, мұз қатып кiрпiк,
Қайың құрығын сүйретiп қайқаңға шықты
Жылқышы малға «һай-һайлап»,
Түз-тағы үркiп.

Елтiрi тымақ кигенi, қасқырдан iшiк –
Суықтан қамсау.
Сары аяз – қас қылған күшiк.
Алашабырланып қоян жон беткейдiң қары –
Ажырап қалған бейнебiр басқұрдан үзiк.

Иiнiнен өтiп құлама, иiрлi жардың,
Тебiндеп кешке шыққаны үйiрлi малдың.
Төсiнде қырдың тебiсiп құлын мен тайы,
Сергiтер бойын, қандырып иiн құмардың.

Үйiрдi мынау үйiрген айғыры күштi,
Шау тартса дағы әлiгүн айбыны сұсты.
Қарагер құлын қалқиған шалынып көзге,
Тегi бiр айғыр есiне тай күнi түстi...

...Аршып тастады айғырдың тұяғы қарды,
Жылқышы көзi жiтiрек –
Қияны шалды.
Бетеге, жусан белде жоқ,
Қыр астын қармап,
Жұғын да болмас жұмырға қияғы қалды.

Қараңғы iңiр қара шат төрiнде жатқан,
Бiр сүйкем жұлдыз шаңытты көгiнен аққан...
Тобықтай оймен толғанар жылқышы шалым
Көп малға қарап қырдағы тебiнде жатқан.

Шыңылтыр аяз алмайды-ау тызақтап тағат,
Сiңiп барады қойнауға түсi аппақ алап.
Әлiмсақтан-ақ тектi мал,
Әлi кеткен бе,
Әйтеуiр қаны сұйылып ұсақтап барат.

...Бұзылып күнi,
Бiлiндi үскiрiп алдан,
Борасын жаяу жүгiрдi – ұшқыны қардан.
Кешегi белдi жылқының ұстыны қалған:
Дәмелi көптiң жылқыдан мiнiп кеткенi –
Ау жетпес шабан,
Алдаған түс қылып арман.

Жылқышы шал да айтып қап iлкiде шынын:
– Жыға танымас кей тантық жылқының сынын!..
Жүйрiктiң сойын бұзғаны бөтен жұрт келiп,
Ұға алмай ұрпақ бұрынғы үлгiнiң сырын.

Қазақы жылқы азайған,
Арғымақ қайда?
Дүйiм жұрт жатыр даурығып, дау құрап ойда.
Рысактардың буданы – ел сүйген тұлпар,
Жүгiртiп мәз бол...
Сабаумен салғылап, қойма!..

...Мал бағу қиын – ес кетiп, жан шығарасың...
Тебiнiп атын жылқышы, қамшыға басып.
Тұлпар шығатын құлын бар,
...Тұғыр да болар,
Жабысы келiп тайына қанжығаласып...

...Жүйрiгi жауыр болды ма, тұғыры – тұлпар?
Дем-күшi еске алынбай: тығыны шырқар.
Озбаса тұғыр –
Иесiнiң сезiгiн секем
Көтерме сүйрер деген бiр ұғымы қымтар.

Көтерме қалмас тоқ үмiт, ұзын дәмемен...
Қарагер құлын ақ қарда қызынған денең!
Тақымға басып құрықты,
Көңiл түбiнен
Жылқышы сонда суырда шыжымдап өлең...

ҚҰМАР ОЙЫН
...Қызып жатыр ойынның жел-көрiгi,
Жайына қап көңiлдiң еркелiгi,
Ұғып кетiп жатады бiреуi кеш,
Тұрып кетiп жатады ерте бiрi.

Бұл сұстанып, бiреуi сырдың күлiп,
Келетiндей бәйгеден мыңнан бiрi.
Ойын алды картаның неше атасы:
«Тринкасы», «Азиi», «Жиырма бiрi...»

Алдын ойлап, ұмытпас өткендi анық,
Арпалысқан, апыр-ау, неткен халық.
Жалбарынар –
Байбөрi* бәйбiшесi
Сұрағандай бiр ұлды көктен барып.

Аса байлық таба ма, өте табыс,
Құйтырқымен әйтеуiр жете таныс.
Ол да ойналды: баяғы Шоқан бiлiп,
Әрең қойған «ақсүйек преферанс».

Мыйда маза жоқ екен, қолда тыным,
Жүйке деген – шиыршық ол да бүгiн.
Бұра тартар ойыны келе қалды
«Бура» деген орыстың ворларының.

Даурығысып дауласар
Дауы – шабыт,
Кейбiрiнiң басына қаны шауып.
Құмар ойын, құмарың қашан тарқар,
Бәрi – майдан жұрт үшiн, бәрi – сауық.

Бiрi – құла, бiреуi тарқылкөктей,
Аңдысады әлiнше әркiм де ептей.
Ойланады баз бiрi мың теңселiп
Атамзаман данасы Архимедтей.

Бiр сәт тыншып.
Бастайды бұрынғы әнiн,
Кейiсiнiң көрсеңiз жұлынғанын.
Дүние-мүлiк түк те емес, дүмдей ақша,
Тапсыруға дайын тұр шыбын жанын.

...Маған не жоқ: бiр ысып тұла бойым
Бiр суыйды.
Тереңде тұнар ойым:
Жәдiгөйдiң жадысы жетпейтұғын
Бiр сыйқырды тығады-ау құмар ойын.

Қу ойын,
Құлқыны кең құмар ойын.
...Қу тiршiлiк!..
Ол дағы – құмар ойын.

* Алпамыс батырдың әкесi

БАЛА ҚОЙШЫ
Құланиектенiп.
Қу әтеш шырқыңды алғанда
Құлазып тұрып... бiлмейсiң ұйқың қанған ба,
Түзелiп, бiр сәт керiлiп, ұйқылы-ояу
Түзге шығасың, барып кеп қи тұрған маңға...

Бар ма екен осы топалаң, кемiске тойым,
Ағытқан судай сусылдап өрiске қойың.
Апыл да ғұпыл сәре ашып,
Атыңды әкеп,
Төмпектен мiнсең... жетпейдi тегiсте бойың.

Басында қойдың тұра ма тағылым айтпай,
Бас-басына шал-шауқан тағы нығартпай.
Қызыл изен мен боз жусан, көкпекке жетпей
Отарың бұл кез аяңдар арыны қайтпай.

Түстену ойда: анаңа ас қамын артып,
Iлестiң қойға.
Қалбатау баста мұнартып...
Қалың шалғынға қой құлап.
Құласаң сен де
Қалың қиялға «Абайды» жастанып жатып.

Ұйқыңды шайдай ашатын ауасы керiм,
Дәрiсi – лебi көңiлiмнiң, дауасы – желi.
Арқан бойына күн көзi көтерiлгенде
Мамырлап қойың...
Бiр рахат тап осы жерiң.

Ту өлең сонда туласа тусырап қанда,
Әлесер ме екен ол шiркiн, қусақ, аттанға.
Әкiмiң түгiл батырың мазаңды алмас
Қойыңмен бiрге ойың да жусап жатқанда...

КҮЗЕУДЕ
Қараша болды. Ауаша қонды қойшы ауыл,
Қаласа, көндi, қамауда сақтап ой сабыр,
Қарасаң ендi қараша үйге қой баққан,
Күзеудi жудеу есiңе алшы ойша бiр.

Қара суығы өңменнен өтiп күздiң бұл,
Қараптан қарап қабағын, түсер сiздiң бiр.
Жайлауда жағаң,
Жадырап жүрер кеткен уақ:
Жабырқау ауыл жаз тезек жағып, күз жыңғыл.

Желпiлдеп сонда қараша үйдiң жабуы,
Желкiлдеп өскен шалғынның кетiп қанығы,
Желөкпе құйын сүрлеуге түсiп мөңкiсе,
Жетекте атың құлағын тiктеп, анығы.

Жабырқау тартып жанары анау көгiмнiң,
Орылып бiтiп, орыны қалған егiннiң,
Дүздегi мынау дүбiрден үрiккен отарға
Дүрлiкпе деп пе, дүрегей төбет, көп үрдiң...

Қырдағы селеу, ойдағы қопа уiлдеп,
Тарқатып шерiн, тақымға басты бүгiн кеп.
Атандай жiгiт атарба артып, шөп тиеп,
Қожалық басы қожаңдап елге, дiгiрлеп.

Қашқан ба оты қырдағы анау Сарыбелдiң,
Қашаған малды ұрысы аңдып әр белдiң.
Сайманын iздеп трактiр деген шiркiннiң
Сарсылған елге соншама қарап, сан көрдiң.

Ұжым боп жер ап, «уыздан iшер» қожалық,
Ұйлығып қалды жерi жоқ кедей аза ғып.
Жарымай отыр жанар майы жоқ аз ауыл,
Жаратқан өзi бiреудi бiрге қожа ғып...

ҚАНСОНАРДА
Көбiк қар басып,
Көк аспан ашылып тұрды.
Қансонар түсiп саяттың басын ұқтырды...
Ұмсынып көңiл,
Ұмтылдық ұмар да жұмар
Көзбенен шiркiн көруге асығып қырды.

Аппақ кар жатыр алаңсыз елең-алаңда:
«Қансонар» дейдi тұрмаймын деген адамға.
Аттарды ерттеп,
Аттандық әбiгер болып –
Аңшылық қалған iз едi көне даламда.

Бұлт та жоқ бүгiн,
Бұл да бiр базына дедiк.
Екпiндей соғып енгемiз жазыға келiп.
Құмай жоқ,
Көп ит ередi көбейтiп қара,
Бүркiтiң қайда, азайған тазы да кемiп...

Қасат қар қалың елтiрi тон жағасындай.
Қиялмен алған көңiлде олжа басылмай,
Қиялап шықтық төбеге,
Белесте көп iз –
Абай атамның шиырлы қолжазбасындай.

Тебiнiп шығып,
Табақтай күн ауытқығанда,
Түлендей желiк ойнайды-ау бiр ауық қанда.
Қарай да қарай әйтеуiр қарасын шалдық
Бауыры аттың бусана қырауытқанда.

Жүгiрдi иттер. Бiз артта шоқырақтаған.
Малтығып қарға,
Алғызбай атырап табан.
Алдырмай барат қу қызыл көлденең шауып –
Ержекемнiң де жете алмай аты мақтаған...

Айқайлап қусақ – бұл дағы бiр кештiң жыры,
Арманда кетпес дәл бұлай түлкi естi күнi:
Қыржыңдап, сорлы жалп еттi ұйтқытып қарды,
Оздырып оғын, «Дүңк!» еттi винчестр үнi...

...Аңшылық солай
Атамнан сарсылып келдi...
Елең де қылмай ербиген паң шiлiктердi,
Еңсенi жазып,
Еңiретiп мылтықты атсақ –
Өзiнше ол да, құдай-ау, аңшылық болды...

ДИIРМЕН ЖӘНЕ БIЗДIҢ БУЫН
«...Уай, меңiреу, тас Диiрмен!
Көктей қиып, жаншыма жас күйiмнен».
Қызыл өңешiңе де әкеп тықты-ау
Қызыл қырман дән жиып, астық үйген.

...Қызыл қырман жоқ бүгiн,
Қызыл өңеш.
Өңеш, өңеш... япырмау, қызық Елес.
Жарамаса көк бидай,
Қызыл өңеш
Жазғытұрым жаңбырдың сызы демес.

Биiк қайғы, қалың шер, аласа мұң...
Селеу бидай түрткiлеп дала шабын...
Бөз алдайды жамылып мата даңқын,
Көз алдайды бұлдырап Сана-сағым.

Жарнама уақ – жадыңды арбап алат,
Дорбалап-ақ әкетер, арбалап-ақ.
Сол Сананы әспеттеп,
Елестердiң Кебiнiне
қояйын жарнамалап.

...Бидай бiткен жас едi, жақын аға...
Атына да қанықпыз, затына да –
Ұйып алған Сөз айтып,
Иi қанған
Игi жақсы ойнап жүр Сахнада.

Сүйек балқып тiрi үшiн, ет – өлiге,
Ғасыр шалдың күлемiз жетелiне.
Жәдiгөй Сөз жүгiрдi Бидай-Көшке
Күн көзiнiң түспеген өтеуiне.

Үн шықпаса, басынар ынжық та аса...
«Көктемедiк, бабыңнан дым жұқпаса.
Көктемедiк! Қайтесiң ала жаздай
Сары белден сарғайып күн шықпаса», –

Бидай кеттi бетке алып майдан шебiн,
Күннен көмек болмады, Айдан себiл.
Жарымаған уызға марқа құсап
Жетiлмеген, жетпеген қайран көңiл.

Астық деген – ұлы Көш.
Қара да тұр,
Диiрмен де бола алмас заманақыр.
Ұлы-қызы шуылдап ұлардайын
Ұлы Көшi жарықтық бара жатыр...

Қай итақай үредi, қай барағы
деп жүрмеңiз,
Жаңғыртып айналаны,
Сөз бергесiн әншейiн бiздiкi бiр –
Қыз қашырған жеңгенiң байбаламы.

Қырманыңда сыз қабақ, тыйым көрдiң,
Апаныңа мезгiлсiз, қиын келдiң.
...Бiз – дән едiк
ырықсыз түсiп кеткен
Мейiрiмсiз тасына Диiрменнiң.

ШАХМАТ ПЕН САЯСАТ
Шахматтың тақтасы – шаһ шiркiннiң мекенi емес,
Шаршы топтың ойыны.
Бәленбай мың кiтаптың жазылуы бекер емес,
Бәле толы қойыны.

Шахматың қиын-ау, қиын, қиын...
Қиыны:
Жолдары көп ұтыстың.
Не шешедi күнi ертең теоретик ұйымы –
Артын ғана күт iстiң.

Ұтылғанда бұл ойын қайтарасың өтемiн сен,
Ұға ма екен ел күйдi.
«Қара жолдар «ұтысқа» жетелейдi, жете бiлсең», –
Қара Макиавеллидi.

Пидаларын пида еткен пашаттауға ете ме –
Маңдай тұстан мат алды.
«Алдап-сулап тобырды, жөнге сал да, жетеле», –
Қара Абай атанды.

Құрбан пида, құрбан ат,
Құрбан емес хан бүгiн –
Құрсаулы нар қомында.
Кәлләсiнде кәпер жоқ пидалар-ай,
Тағдырың
Шаршы топтың қолында...

АҒАЙЫН
Бауырымен ұйыса алмай,
Жығасы да қисаймай,
Iшi бiлiп бiреулер,
Бiреулер жүр иiс алмай.

Құтаңды салып,
Би салмай,
Ескiден қалған қиссаңдай:
Түйiскенмен бөлiнiп,
Бөлiнгенмен түйiсе алмай,
Ағайын жүр сыйыса алмай.

АҚЫН МЕН ШАҺАР
Жын-қаланың шаршатып тiршiлiгi,
Жүйкесiнiң үзiлiп бiр шығыры,
Ақын отыр кафеде,
Өңi сынық,
Демi шығып аузында тұр шылымы:

«Терең сөздi тiлеме, тегi, менен,
Көңiл алаң қалада, өмiр елең.
Қайран мына тынымсыз тiршiлiкте
Қайдан шықсын күмбiрлi қоңыр өлең.

Сирек келер сезiмнiң күйреуi көп,
Қамсыз жүру бұл жерде сирегiрек.
Зуылдаған көлiктей ары-берi
Шуылдаған шаһардың күйбенi көп.

Дала менен қаланың ара жiгi –
Аттатпайды моральдың ала жiбi.
Қытайлардың кептiрген кеспесiндей
Нәр татқысыз болады-ау қала жыры.

Ақындардың шаһарда табатыны –
Ақау түсер өленге – ағат үнi.
Түрткiлеген төрге оз деп кондукторша
Ұйқыңды да қашырар қала түнi.

Бұ қалаңа түкiрдiм – еремiз деп
желемiз көп» –
...Тектiлер елегiзбек –
Жоқ қараған малшыдай белес асып
Ақын кеттi ауылға өлең iздеп.

СОҒЫМСЫЗ ҚЫС
(әзiл)

«Аш қарын тоғая ма майлы ас жемей»,
Ашығып кәртүшкенi жайлы ас демей
Айтып ек, айыпты деп таппаңыздар...
(еттi де өлең қылып сайраш, көмей...)

Бет бар ма ет дегенде, ет дегенде,
Ет күшi жетпей тұр-ау от-денеңде.
Қаланың қымбат етi кейде тиер
Қалтаны азын-аулақ ептегенге.

Тегiмде жатыр ма әлде «епсiздiгiм»,
Тереңнен түсiнiңiз тек Сiз бүгiн.
Қапыда қамау түсiп аласұрған
Қасқырдай болады екен етсiз күнiң.

Ет сұрап қойғанда бiр қарын талап,
Ерiксiз қалмайды екен сабыр-тағат.
Етсiреп баяғыда атам қазақ
Жау малын әкелiптi-ау барымталап.

Десе де айлық күтiп жүретiн деп,
Қарадық, бұл шiркiннiң ретiн көп.
...Жә, бауыр,
Соғымбасы тимесе де,
Қайтайық қырдағы елдiң сүр етiн жеп...

КӨҢIЛ МЕН КӨК ДӨНЕН
Құлдилап түссең қырқадан еңiске төмен,
Ылдилап су да ағады егiске көбең,
Қызылiңiрде жiберсең тоқымын алып,
Кiсiнеп алып жөнелер өрiске дөнен.

Өрiске дөнен жөнелер кiсiнеп алып,
Шылбырын үзiп көңiлдiң...
Кiсiге анық.
Шегiртке түнде шырылдап,
Шақырып байғыз,
Көк дөнен кiрер кiсiнiң түсiне маңып.

Елегiзiп жатам, естiлсе текiрек тағы,
Көбейер жылқы ашылып жетiмек бағы.
Ұры-қарыдан сақтаса, ит-құстан аман,
Жайылым бермес жоқ қазiр өкiмет малы.

Өкiмет малы жоқ бұ күн,
Өрiс те кеңiп,
Жайсаң да көрiп ойланды, кемiс те көрiп.
Бұрынғы заман белгiсi – маңқиған қора,
Кешегi күннен қалқиған егiс – теберiк.

Көк дөнен жүйрiк, қобалжып емiнбе, көңiл,
Сойында сойқан жатыр-ау, тегiнде де бiр...
Көңiлмен құйрық тiстесiп, жануарым-ай,
Нең бар ед сонша, Онсыз да ебiл де дебiл.

Ебiл де дебiл екеуiм, егiлме тiптi,
Ауырдың күшi ендiгi жеңiлге бiттi.
Көптiгiн iстеп көрсетер итақай-заман,
Көк дөнен үркiп осыдан,
Көңiл де күптi.

...Үнi де сазды даланың, түнi де сылқым,
Шақырып байғыз көрсеттi-ау күнiне сыртын!
Әлмисақтан-ақ өзiне кiсiнiң ұлын
Iңкәр ғып қойған қайтейiн, дүние шiркiн...

* * *
...Жайлаудың төсi жайқалып көкпен құлпырса,
Шапағын шашып шалқар бiр көкте күн тұрса,
Саладан бұлақ сайға жете алмай бұлқынса,
Шыбынсыз жазың шынында жұмақ тым құрса..

Самалдың лебi сағынып жүзiң өпкенде,
Саумалдың исi сарайыңды ашып кеткенде,
Тайыңды мiнiп, тайпалта шықсаң бөктерге,
Артыңнан күшiк арсалаң етiп жеткенде,

Қызғалдақ тұнған қырлармен бiрге таласа,
Үйiрлi жылқы үйеңкi жалды әрi аса,
Жотаға шығып, жорғаға салып балаша,
Қиық көз сонда қиыла, шiркiн, қараса,

Тұмсықтан түсiп, тұманы ашып тұрғанда,
Тұманың көзi тұншыға шығып тұрғанда,
Сылқылдап күлiп, сыңғырлап бiрге сырғаң да,
Сыр айтатындай сымбатың бұрып кырларға,

...Өзекке түсер өзгеше болып жаралса,
Қарақат терiп, қалыңға кiрiп жоғалса,
Тұтанған сезiм тұмадан тұнық жаралса,
Жайнаған көңiл жарасымдарын таба алса...

КIСI БАЛАСЫНЫҢ ДҮНИЕГЕ НАЗАСЫ
...Беу, Дүние –
Фәнидегi жеткiзбейтiн қашықтық...
Жарығыңа соншалықты ғашық қып.
Жас баладай қорығанға өш болған
Бiздегi бiр асықтық.

Беу, Дүние,
Мәңгiлiкке қойдың Жанды сыңар ғып,
Безбенiнде шеңбер бойлап сыналдық.
Сұлулыққа сұқтанғанда мейiрiмiң қанбайтын
Бiздегi бiр құмарлық.

Дүниеге шөлдеп келдiк қаталап.
«...Алладан нұр, пайғамбардан шапағат...»
Жалғандықты қойған қазiр сүйгiзiп
Жалған бiздiң махаббат.

Беу, Дүние кесiмi жок,
Тыңдап тұр.
Құдыретiң шешiмi көп жұмбақ бiр.
Мәңгi-Баки тамшы суды аңсаған
Таңдайымыз құрғап тұр...

ҚАЙРАН КӨҢIЛ
Қайран көңiл,
Ажарыңнан өр тайып,
Ел аманда, жұрт тынышта алданып.
Ер көңiлi жылы сөзге марқайып,
Ел көңiлi жалған сөзге малданып.

Жат көңiлi сүймен ұрсаң,
Сынатын
Қазандағы қара жердiң тоңындай.
Дос көңiлi қалады екен бiр атым
насыбайдан.
Әй, көңiл-ай, көңiл-ай!..

Қасқыр алған қалмай ма екен далада
Өзiң жерден жетi қоян тапқанда.
Көңiл жүйрiк сонда жүйрiк болады, ә,
Шын қиялға мiнiп алып шапқанда...

...Үйде отырмыз.
Емiс-емiс коңыр үн... –
Жетi қырдан желдiң демi жеткендей.
Жан бауырым, неге отырсың көңiлсiз,
Серпiлшi бiр ерте шыққан көктемдей!

Шам жамырап. Түңлiк жауып шаңырақ,
Ызғырық жел тап iргеден аңырап,
Қайран көңiл қабырғасы құлаған
Ескi жұрттай қаңырап...

БIЗДIҢ ҚОҒАМ
Адыра қалғыр Бiреуiн басынан теуiп,
Айналып кеткiр Бiреуiн асыға көрiп,
Жақсылар бiлiп лабиринт құрылымдарын,
Құрақтай ұшты мойнына асыла берiп.

Еншiсiн алып, ел ақтап, өбектеп көптi:
«Бәрiне пiтiр-садақа берем» деп кеттi.
Пәлсапа қуған ақынның өлеңiндей боп
Әлеумет заңы соншама тереңдеп кеттi.

Жарнама-қоғам үжiке, әжiке десiп,
Бастарын шұлғып тобыры, азы кеңесiп,
Саудагер қызша базарда бетi ашылған
Билерi Алтын сарайда тәжiкелесiп.

Шындықты шырмап, өресiз өтiрiк аттай,
Өркениеттi ниетiн, өтiмiн мақтай...
Кiрпiш-дүниенi қалайша суқаның сүйер –
Сынык кiрпiштер кетiлдi кетiгiн таппай.

Әлiңе қара. Әл бермес әлектi iздедiң:
Жұмбақ ортаның таба алмай дерек-тiзбегiн.
Қайшысы өткiр қоғамның қатты шешiмi –
Керегiн алып, кескiлеп керексiздерiн.

(Қарайды қалың жұлдызды қадаулы байрақ...)
Қалғаны қарап, қауым деп қалаулы ойлап,
Кесiндi болған жамағат шарасыз күйде,
Табақтай қағаз қажетсiз, алаулы қайрат.

Рухы түсiп, ризығы қуандалғанда,
Арық та арманда,
Өзiнше жуан да арманда.
Жұғын да болмас жуанның пiтiрi жұртқа
Жұмыссыздықтың жұлыны жуандалғанда.

...Жетi жұрт көрген жәреуке, желексiз қоғам.
Бақытты-ау мына дүниядан дерексiз бабам.
Кетiгiн таппас кiрпiшке отыра берiп,
Кеткiсi келдi қоғамнан КЕРЕКСIЗ АДАМ...

ЕРТIС
– Көкала үйрек, көк үйрек,
Көктi жапқан көп үйрек,
Қайда кетiп барасың
Қара Ертiсте жоқ үй деп.

Үйiм басқа демешi,
Көк айдынның кемесi!
Қалдырдың ба суынды
Көктемге шек келесi.

«Жат сөзiне ергiш пе-е
Бойдағы әлде ер күш пе-е?
– Жоқ. Келемiн,
Өйткенi
Өзен жетпес Ертiске!

ЖАС ДӘУРЕН
Жайраңдап көздiң жауын алатындай,
Шыққанда қыз-бозбала, қала тынбай.
Жас дәурен, қандай сұлу едiң шiркiн,
Құлпырған қырғауылдың қанатындай.

Өмiрiм алып ұшып көңiлiмдей,
Көңiлiм алабұртып өмiрiмдей
Балқиды,
Өткен-кеткен еске түссе,
Ұстаның отқа салған темiрiндей...

БАЯҒЫ ҚАЛА
Базары болды ажары мына қаланың,
Мазағы болды азабы құба баланың,
Қаламның көркiн қашырған қатал заманды
Кiнәлап тұрдың, қарағым.

Әбiгер жұртым әйтеуiр тағы отықты-ау,
Шулаған базар, кесiлген тоғай, кетiк тау,
Баянды болмай базына сөздер баяғы...
...Баяғы қала, базарың тарқап кетiптi-ау...

* * *
Талай-талай кештерден
Таң атырып қайтушы ек.
Тату жандар хош көрген
Тамаша әндi айтушы ек.

Тату жандар бiз едiк
Тамам жұртқа белгiлi.
Тамаша әндей түзелiп,
Таза ұғатын ел мұны.

Төрт мерзiмi қос жылдың
Талайыңнан алынбас.
Төрт мерзiмде дос жүрдiң
Төрт тараптан табылмас.

Таңғы шықтай мөлдiреп,
Тап-таза едi күлкiң де.
Табысқанша шұрқырап
Тұра алмаушы ек бiр күн де.

Күндер қанша бiрге өткен,
Түндер қанша сырласқан.
Таңырқайды күн кеткен,
Таң болады түнгi аспан.

Сыңарынан қалмастай,
Сынға берiк көргенде.
Тете аға-қарындастай
Соншалықты сенгенде.

Шiркiн екi көңiлдiң
Адалынан айналдым.
Мағынасы өмiрдiң –
Маған берген жайдарлым.

Сондай-сондай күндердiң
Сом алтынға бермейсiң
Соншалықты тәуiрiн.
Соны да бiр көргейсiң,
Соңнан жүрген бауырым...

БАҚ-БӨРIК

Сенсең бөрiк, сең бөрiк!
Мол пiшiлiп, кең болып,
Алшы түсiп,
Бiреудi
Алшайттың ғой өң берiп.

Сеңсең бөрiк, сең бөрiк!
Тең пiшiлiп жөнделiп.
Қашанға шек жүресiң
Бiздiң басқа кем болып?!.

ЕНДIГI ҰЛҒА ЕМ БОЛДЫ
Ежелгi дұшпан ел болды,
Етектен кесiп жең болды,
Тең, тең болды, тең болды,
Тең-тең жүгiң жем болды,
Тентiреген өң болды,
Тоқтышағың кем болды,
Тоғышар ағаң тоң болды,
Алалы жылқы кiсiнеп,
Ақтылы қой маңырап,
Сыңсыған мал жем болды.

Кен-казына – барымта,
Сөз-базына – сыдырымта,
Саясаты – қоламта,
Ал алаңда, алаңда!
Қараша үйiң ауылда,
Аласа үйiң қалаңда.
Көзiң тiрi тұрғанда
Не көрмейсiң ғаламда.

Тәңiр берген өлшеммен
Боқ дүниенi белшеңнен
Кешiп жүрiп бiр күнi
Жарық күннiң түңлiгi
Жабылмай ашық тұрғанда,
Қолжетпеске жетем деп,
Жарқыратып өтем деп,
Жалпағынан басып жалғанды
Опа тауып кетем деп,
Кәнеки, бiзге көрсетшi
Жұмақка сүйтiп барғанды?

Кейiме, бауыр, кейiме,
Кейiнгi жұртың бiлiп тек,
Кететiн шығар жiлiктеп.
Айтып-айтпай не керек,
Етектен кесiп жең болды,
Ежелгi дұшпан ел болды,
Егiл де тегiл жылай бер –
Ендiгi ұлға ем болды...

БАЯҒЫ АУЫЛ ЖОҚ
Баяғы ауыл жоқ: бәденi кеткен,
Бәрi де басқа, өзгеше.
Дәмi де қашқан, дәнегi кепкен...
Дәнекер көңiл – таз көше.

Бұрқырап жатқан қазаның қайда,
Шұрқырап жатқан мал көрмей...
Таба алмай дертке қазағың айла,
Танаурап қалды балгердей.

Ошаққа ұқсап жұртында қалған
Моладай суық қыстақтар.
Сүтiң де – арман, құртың да – арман,
Тоқтықты ендi ұстап қал.

Жұқарған жүйке, жүдеген көңiл,
Жүнжiген қайран ауылым.
Аты да желдей үдеген өңiр
Үдере көштi-ау, бауырым.

Оразды жұрт жоқ – ойға құлаған,
Орманды ел жоқ – оралмас...
«Ел қамын жеген» – пайда құраған
Елiн де ендi таба алмас.

Теңге де көрмей, өңге де көрмей
Тебiнге шықты қалың ел.
Құрық та бермей, емге де көнбей,
Қымбатшылығым, тағы кел...

Ауылға кептi алыпсатарлық
Ауы мен бауы бiтпейтiн...
Заман-ау, неттiк, салып қаталдық,
Зауалың төнiп үптейтiн?

Ағалар ата шариғатыңды
Қыстырмай тiптi көтенге.
Бөрлiктiрiптi жамиғатыңды
Бөрiдей тиген бөкенге.

Түсiрсем деп ем өңiрдiң шерiн
Түсi қашпас сөзге кiшiрек,
...Үзiп жiбередi көңiлдiң iшегiн
Көк айғыр сонда кiсiнеп...

Ырымға жаман тына ма бұл iс,
Ыризық қайда санаулы,
Құдағи тыныш, құда да тыныш,
Құдай-ау, қайда сол ауыл?!. (1995.)

ТҮНГЕ МАДАҚ
Ән салып әйбәт жұлдыз ағып өттi...
Әнеки, тағы кеттi, тағы кеттi.
Аспанда Ай жарықтық ақпаймын деп
Соншама үһiлептi, аһiлептi.

Түнде сақ шабыт шiркiн, күндiз керең,
Теңедiк жаздың түнiн үр қызбенен.
Бiр ұшын мәмiленiң алшы күрмеп:
Әдемi Айдан гөрi Жұлдыз деген.

Тереңге Темiрқазық сенiм артқан,
Кезеңде ел көрiнiп, бел мұнартқан.
Шабытты шiдерлеме, обал болар,
Жетiқарақшыдайын желi тартқан.

Кiсiнеп Ақбоз, Көкбоз тыншымады,
Бәйгедей келген болар бiр сынағы.
Үрпиiп Түн-сұлуға арнау айтсам,
Үркердей үркiп қашқан жыр шумағы...

Таңшолпан – таң жұлдыздар мұзбалағы,
Көңiлде Құсжолындай сыз қалады...
Ажарын Жұлдыз-қыздың жымыңдаған
Ежелден Ай-бәйбiше қызғанады.

Бiр ұшын мәмiленiң алшы күрмеп:
Бiртiндеп көк бетiне қан жүгiрмек.
Қызығып сұлу түнге қарап тұрсам,
...Мәссаған, атып қапты-ау таң сiбiрлеп…
Қайран сұлу!..

ҚАРА КҮЗ
Қаңбақ сорлы қаңғалақтап барады,
Қар жауардай түнерiп көк қабағы,
Бұрын көрген көктiң солып сабағы,
Уiлдеген уытты жел соғады.

Қыл аяғы бедiрейiп қара аңыз,
Абыр-сабыр қызыл қырман, қараңыз,
Шаңы шығып, сырдан тартып ала дүз,
Бiр машақат әкелiптi-ау қара күз.

Ел-жұрт ойлап қыстың қамын, бiр азық.
Бiз жүретiн сарала бақ тұр азып.
Бықсып жанып қазан-ошақ қоңырсып,
Ел көшкендей шiркiн көңiл құлазып.

Әспенсiген қара жел де қырсықты-ай,
Қалың бұлттан мұнарланып күн шықпай.
Көшеге ендi оқыралап бұзауша
Қара құйын үйiрiлiп ұршықтай.

Бұралқы иттер таласқаны – ақ сүйек...
Қопа-шидiң ызыңы бiр – «әптиек»...
Қыбыр-қыбыр күн-көрiстiң қамымен
Отағасы отын артып, шөп тиеп.

Намаздыгер – намазшамы қосылмай,
Құбылада қара бұлт қосындай.
Қара шалдай бiр көргенге ызғарлы
Қара күзi бiздiң жақтың осыңдай...

* * *
Дүлей өмiр дүрмегiнен аса алмай,
Нас басқандай нәумез шақтан қаша алмай,
Көпшiлiкпен жүрген жанбыз,
Айналаң
Мазаны алар Ертiстегi масаңдай.

Алатау тұр басы iсiп көнектей,
Алқымынан аждаһадай жел өтпей.
Мына шырша сая бола алмайды-ау
Бiздiң үйдiң жанындағы теректей.

Шағыр көкке өзен қарар шалқалап,
Шақырады сегiз қиыр шартарап.
Салып ұрып кетейiкшi, тұрса егер
Салқын желек қақ шiлдеде қолқалап.

Қызыл-ала сөз шiркiндi қотармай,
Құжырада отыра алмай, жата алмай...
Қолтығына Алатаудың тығылып
Қала жатыр иiрiлген отардай.

Самарқаулық басып кетiп ойды сақ,
Тұра алмай-ақ үйелеген қой құсап.
Не шара бар оразды жұрт, орманды ел,
Не фатиқа – қуаныш жоқ, қайғы ұсақ.

Шабынбай-ақ: «жанға жайлы, жай тәуiр»,
Шара-көлге ат шалдырса қайта бiр.
Бұл күн де өтер, бұл уақыт та бел асар,
Бұлдыр сағым көз алдамай әйтеуiр...

* * *
Ызғырық-ау, ызғырық,
Ызаға бөрттiк бiз құрып.
Ыздиды шуақ сәскеде
Ындыны құрып, үздiгiп...

Қыстығып аяз сызһдемi,
Қыс емес мынау түздегi.
Қысылтаяңда сiз менi
Қысымға тастап қалсаң да,
Қыстан да суық болсаң да,
Қысылған көңiл iздедi...

Бiз бiр тұлыпқа мөңiреген сиырдай,
Көр-жердiң бағы бұйырмай.
Көрiнiсiң – шет көкжиек,
Көлеңкең дағы қиырдай.

Тамақты шiркiн тас кептеп,
Тарылғаныңда жас кетпек.
Талақ қып көңiл кетсе де,
Табынып жүрдiң әспеттеп.

Мойынды мынау тескен жүк.
Мойынсұнып, кеш көншiп.
Мойылға ғашық құс едiң,
Әспенсiп кетпе,
Әспенсiп...

Құрдымда қалған тынысым,
Құрақ та құрақ жүрiсiм,
Құралақан болған бiр iсiм...
Алапат сезiм атам заманғы,
Құрысыншы ендi, құрысын...

***
...Кiреукеленiп күн көзiнiң кiрпiгi.
Жiптiктей нұрға ұмтылар бозқараған бүртiгi,
Бозала таңға боз көде қарап...
Бозарған күннен өзге қанағат
Менен дағы, сенен дағы үркiдi.

Бұл шақшабас қанға тойған сүлiктей,
Бұла сезiм там айналған ұры иттей,
Боп-боз таңға қарай-қарай бозарып,
Сен туралы сыр суырып, сөз алып,
Отырамын имамға ұйып қалған мүриттей.

Кеттiң, кеттiң, кете қалдың, қайдалап
Мен аңырдым, аңырады Ай қарап!
Тұнық көлдi аманында ай-күннiң
Ұйқы-тұйқы құйын ұрғандай қылдың,
Айналайын, алтын кiрпiк, ай қабақ...

...Бозала таң.
Бозөкпе күн әбүйiрiн жаба алмай...
Жалаң аяқ ойларым сиыр сүрлеу таба алмай.
Сен-сен деген сенiмдерiм бос қалып,
Сен қалдырған боз күндердi еске алып
Отырамын қоңырайып жүгi ауған қанардай.

Өзiн ұғып, бұйрығынан озды кiм,
Бәрi де өттi, өлiарадай кез бүгiн.
(Боз күндер-ай саңылаусыз)
Өткiзiппiз аңдаусыз:
Бiз сүйетiн тозды күн... (1991.)

* * *
Қайыр тiлеп Ай қарап...
Қайда, қайда, қайдалап,
Қайраңдап қалған шабақтай
Қайран көңiл алақтай,
Қайдағы жоқты қайталап,
Тағы отырмын Ой қарап.

Жастық шағым алаудай
Көзiңе тұнып қала алмай,
Кiрпiгiңе сабаудай
Қалған ба екен iркiлiп?
(Қасымда тұр Түн бiлiп...)

Түн түндiгiн тiлгiлеп,
Түнектерге кiм күлет,
Айналайын, Ай куә,
Аяқасты қайғыға
Мендегi жүрек – бiр жүрек.
Мен үшiн тек Түн жүдеп...
(Түн болмаса, кiм бiлет?!)

Мәңгiлiктен хат алып,
Мәңгi бақсы атанып,
Айналайын, күн түсiп.
Айналаны мұң құшып,
Айдай әлем маталып,
Айға отырдық бата қып!..
Айға отырдық бата қып... (1991.)

ҚЫСҚЫ ЭЛЕГИЯ
Қуыс кеуде, доң айбат –
Қу қаңтардың сұқпыты.
Қол тигiзшi абайлап –
Сынып кетер шықшыты.

Дымқыл тұман, тар ауа,
Дым көрiнбес тау жақтан.
Жетi күндей арада
Жетiсуды қар жапқан.

Жетiсуды қар жапқан,
Жебеу бар ма ел жақтан.
Сен қарайсың ар жақтан,
Мен көз тiгем бер жақтан.

Ырың-жырың күн өттi,
Ырду-дырду мезi қып.
Қалаулының тiлi өттi,
Қалғаным ба көзiгiп.

Бұл, бұл заман, бұл заман,
Бұғау салар тұқыртып.
Құтырғандай бiр жаман
Құдығыма түкiртiп.

Ей, қаңтардың қағынған
Сарышұнақ аязы!
Күн-Сенiмге табынғам,
Күле берсiн таязы.

Күн жаратқан Сенiмiм,
Құлдық деме асатпай.
Құлазиды көңiлiм
Жұртта қалған ошақтай...     (1991.)

ЖАҢБЫРЛЫ ТҮН ЕДI...
Мұнар көк мұңлы,
Жаңбырлы түн-дi.
Жүректi теуiп асау iс...
Жалаңаш ойлар қандырды кiмдi,
Жас болсын,
мейлi, жасамыс...

...Күз болып шiркiн қалармын тағы,
Жаз өтер,
Оған сенбеңiз.
– Құдайдың құлы адамның бәрi,
«Қайтемiз, бiз де пендемiз...»

Қара көз түннiң жасты көздерi,
Күнәһар болдық асығып,
Ашқарақтанып аштық өзгенi,
Өзiмiз қалып ашылып.

Тамшы-сезiмiң жылап ағады,
Жылап ағады әйнекте.
Жаңбырдың соңы – бiр-ақ алаңы:
Жерде бiз,
әне, Ай көкте... (1990.)

АҢСАУ
Пай, пай, бiздiң кең дала!
Иен дала, ен дала.
Киесiне бас ұрған
Иесi емес,
Мен ғана.

Кентте жүрiп мауықтық,
Қырға шықтық – сауықтық.
Жусан исi бұрқырап
Жусап жатыр жарықтық.

Белес те белес таусылмай...
Жатырқамай, жаусынбай
Кеудеңдi аш!
Жел өпсiн,
Әлдекiмше қаусырмай.

Пай, пай, шiркiн кең дала,
Еншiм болған ен дала.
Қарайсың-ау паңдана...
Қарамашы паңдана,
Аңсап келген басқа емес,
Аңқам кепкен мен ғана! (1990.)

* * *
Сандалып кеттiк кек қысып,
Сарысу болған жүрекке
Сарыны жаман от түсiп,
Сақа төбет – бiреуi,
Саяғы – әлсiз көк күшiк.

Жуылмас кiрге баладық,
Жаратқанның ырқымен
Жаһаннамға қамалып,
Жалғыз тосып, айқасып,
Жан берiсiп, жан алып.

Бiлемiсiң, аяулым,
Бiреу ғайбаттағанда
Бiр жүректе қаяу-мұң.
Күлiп-жылап өзiм де,
Күл боп жанған кезiмде
Күллi әлемге жаярмын.

Бiреулермен бiр биiкке жеткенбiз,
Шығырыққа оралған,
Шырғалаңға шырмалған
Шынжау едiк неткен бiз?
Күнiмiздi ойлаумен
Күнге өртенiп кеткенбiз...

...Күнге өртенген көк күшiк
Күннен-күнге кек кысып
Күн сыйлаған от құшып,
Көзел болар, апырмай,
Көздегенi дөп түсiп! (1990.)

* * *
Кемерiн көңiлiмнiң науалап тұр...
Кетейiн кең дүниемдi жағалап бiр.
...Телмiрген терезеден жас баладай
Тентек ай бұлт iшiнен сығалап тұр.

Сүттенген айдың нұры, алыс кеттiң,
Күптенген бұл жалғанды жарыс деппiн.
Әйтеуiр әлпетiңдi, әдемiлiк,
Iздеймiн елесiнен таныс көптiң.

Iздеймiн көп iшiнен, бұлт iшiнен,
Iлкiде бiреулердiң түр-түсiнен,
Қорбайып қопа қардай сыр бермеспiн.
(...Қонағын дүниенiң бiр түсiнем).

«Дүние қайтып келмес» – ызғын салып,
Дүрмекпен өте шығар бiздiң сауық.
Қимастық шiркiн неткен түсiнiксiз,
Қитығып шыға келем мұз құрсанып.

Келерге кем көрiнбей асыламыз,
Өткенге өкiнiшпен бас ұрамыз...
Бағысқа құстан қорып шыт тартқандай,
Байырқап қимастықты жасырамыз.

...Бармаспын ендi қайтiп сол маңайға,
(Бақ шiркiн бiр сәулесiн жолдамай ма?)
...Қауғаның шелегiндей суға батқан
Барады бұлтқа сүңгiп толған Ай да ... (1990.)

КӨКЖИЕКТIҢ КЕМЕРI
Көкжиектiң кемерi,
Көзiмдi менiң алдама.
Шетi бар жердiң деп едi,
Шексiз екен-ау, жалған, ә?

Көкжиектiң кемерi
Көзiме қарар сұғына.
Жалықпай-ақ ел сенедi
Жалғанның жалғандығына.

Көкжиек тағы қайда бар?
Көзiме айтшы, сыр бүкпе.
Диiрмен құсап айналар
Дүниесi де, тiрлiк те.

Кемерiн iздеп жүрмелiк,
Уәһәм дүние жасырар.
Уайымшыл деме бiр көрiп,
Уақтылы бәрi бас ұрар.

Келешекпенен жалғама,
Керексiз етсең көненi.
Сағым ойнатып сәл ғана,
Көзiмдi менiң алдама,
Көкжиектiң кемерi... (1990.)

* * *
Сiре, сiре, сiре қар,
Сiре қарда кiм оңар.
Сiрi қалған мына бiз,
Сiз табыңыз бiр амал.

Қара түннiң қаймағын
Айғай бұзбас, ай бұзар.
Орманды сөздiң аймағын
Омбылаған Ой бұзар.

Бозғылт шаңыт далада,
Боз қырауылдың ұлпасы.
Көпке салмақ сала ма
Көңiлiмнiң бiр тасы...

Сақылдаған сары аяз,
Айдың нұры сүттенiп.
Түйген нәрсе қалай аз,
Түк көргем жоқ, түк көрiп.

Қар тозаңы бұтақта –
Көк айғырдың шашасы.
Өз-өзiңдi жұтатпа,
Өзге өлеңдi қашашы...

Жаз бiр шығып, ақ қарды
Қыр асырмас демеңiз.
Көңiл шiркiн тапталды,
Бiр ашылмас демеңiз.

Қу далада сынар мұз,
Құлпырса бiр құндыз көк.
Құла түзге шығармыз,
Құшақтасып сiз, бiз боп.

Көк мұз, ақ қар, ақ боран,
Көңiл қайда, хал неде?
Күн туғанда ақтарам,
Алла де! (1990.)

ӘТКЕНШЕК
...Е, бақалшым,
Күнiм сенен асып кеткен жоқ:
Жылдарым бар көткеншек.
Бiр қалаға байландық,
Тiршiлiгi – шиқылдаған әткеншек.

Жанарыңда қызыл iңiр лапылдап,
Қала үйлерi тұр-тұрлап.
Сымша тартқан жүйке iшiнде
Әткеншек тұр шиқылдап.

ЖӘ, бақалшым!
Қайғырмаймын өткен менен кеткенге.
Қақалса, өзi қақалсын...
Мәз боламыз-ау сонда да
Әткеншектi тепкенге... (1989.)

* * *
...Құрысын бәрi, құрысын бәрi,
Құралай көздi қыздар да.
Болдырған аттай жүрiсiм дағы
Боқыраудағы ызғар ма?

Шағыр аспанда шала лақтырған
Шағырмақ күндi-ай сырттағы.
Алматы мынау алаулап тұрған,
Бошалап кетiп бұлттары.

Жiбi босапты шаһардың тiптi,
Жiгiттер, бәрiн қоялық.
Зая кететiн зәһар тiрлiктi
Зәһар жұтып-ақ боялық...

Айта алмаймыз iсiнбей ненi,
Сусын өткесiн сұм мына.
Теңеп жүрмеңдер түсiнбей менi
Ламанчалық* сол жындыға... (1990.)

* Дон Кихот

* * *
Мына бiр Ойға не дауа,
Жүзiнде мұң мен нала бар.
Елегiзгенде берi ауа,
Егескен жаудай қамалар.

Келтiршi ендi қисынын
Қиюына қылшық бойламас.
(Төбесiнде жоқ түйсiгi
Төркiнiн, сiрә, ойламас).

Қағазға түсiр қамдана,
Ары да ауа,
берi ауа.
Жүдемелете таңбала,
Жүгiнген Ойға не дауа?.. (1990.)

ЫМЫРТ
(ядролық жарылыс трагедиясы)

Қаймықпас қайқы қара қошқардың қақыратқандай қағысы
Қас қарайғанда, құдая тәубә, айғайлап кеттi тау iшi.
Құбыла жақты өртеп барады күрең күн,
Еңсесiн ерттеп ешкi үрпiлi сiлемнiң.
Талыққан көкке қарайды тақыс үрiккен дала тағысы.

Жандырып тұрды жаһаннам-оттай жаялық-тауды күн-бақсы,
Жаңғыртып қырды жалақ дүние, уа, қашанға дейiн тұрмақшы.
Шұбалтып өткен шуда бiр шаңды дөңеске,
Шылбырын үзген шұбар айғырым емес пе –
Қайшылап тастап қамыс құлағыңды, қайда қаштың сен, тiл қатшы.

Қарбалас болды қара құзғын да өлексе жүрген күнелтiп,
Қарабарқын шақта қара дауылды әкеле жатыр түн ертiп.
Көп иттен қашып кiрген тоқтыдай қораға
Тiтiркендi жер, қорқа ма, әлде тоңа ма,
Құдырет, не бұл? – Домбыра iшегi үзiлiп кеттi дың етiп...

Ұйыққа батқандай батысқа кiрген көрсеткен бе күн бiр қылық,
Қос айыл жол да жүгiрiп шықты қарсы алдымнан шыңғырып.
Бiлейiн жөнiн, бiлектi түрiп жүгiрдiм,
Жұлқынды жүрек, бұлқынды жер де бүгiн бiр.
Жүгiрдiм. Әттең... құладым келiп, шама жоқ жүрер бiр тұрып.

Құладым келiп ақ сорды қауып, аңсарып ауып ұйқыға,
Әлем-тапырық айналды дүние, қалғандай болды күй тына.
Қойнауым құлап, көшкендей болды ел кетiп,
Шым баттым түнге, дiрiлi жердiң тербетiп,
...Жылымшы тамшы... жылады жусан – жылбысқа жаңбыр сиқы ма?..  (1989.)

* * *
Бауырым,
Жоғалттың ба өрлiгiңдi,
Тағы да тоң жiбiдi, сең бүлiндi,
Балдәурен, балалық-ай кемдi күнгi,
Ойнаған соқыр теке бала құсап
Iздеймiн ендi кiмдi,
ендi кiмдi?..   (1989.)

* * *
Мейлi, сөзге бас ұрмай, күй ұқпалық,
(Қан тарқайды бойдағы ұйып барып).
Үзiлiп көп қарасаң, қалмай ма екен
Үмiтiңнiң кiрпiгi күйiп қалып...

Кеспiр кетiп, сыйластық түсi қашып,
Көгiс тартқан көңiлдiң мысы басып
Жүргеңде бiз, бiр күнi қалмадық па
Торабында тоғыз жол ұшырасып.

Шашыраған жұлдыздан өлең құрап
Шашыңа әкеп шашқанмын.
Желеңдi уақ.
Бiз өткiзген сал күндер – бақытты түс,
Бiз қыдырған тал iшi – әуендi бақ.

Құтыңды алған қу көңiл қайда барар,
Сабырым жоқ оңаша Ой да бағар.
Қызыл iңiр.
Отырмыз сөз таба алмай...
...Ай күрсiнiп қарайды:
«Әй, бала-лар...»   (1989.)

ТАЛ МОЙЫН АТТЫҢ САУАБЫ
Еңсесi биiк боз Орда,
Еңiреген ердiң ашуы мұндай қозар ма,
Дiңi де берiк, дiнi де қатал жамағат
Шiлдiң қиындай тозар ма...

Торғайы ұшқан сор далам,
Толғамалы найза толғатар ердей қомданам,
Тұтам емшектi ту бие үшiн нар бабам,
Тұттай баланың тұрмысы үшiн нар бабам
Басы қайда қалмаған?!

Салқар тарихты сайына тығып сар далам:
«Қарашы жұрттың қай сөздерiн қарманам».
Қадiрi қашқан, қаһары асқан заманда,
Қазағым қайда аумаған...

Жорық батырлары өткесiн,
Жойылып кетпес жадыңнан өшiп тектi есiм.
Апырай, ендi ақырзаманды төндiрдiң:
Абылай түсi жер қаптырып кетпесiн...

Ұрпақтар бiлмес шежiре ұлы ұғымдай,
Ұлы ұғымдардың ұлағатын бiр ұғынбай,
Құлақты түрсең, ескiден қалған үлгi сөз
Құнан бiр қойдың құнындай.

Тоғысар ма екен тоғыз жолдардың торабы,
(Кел жайқаған бидайық көрiнбей қайда барады?)
Арман-ай, арман, алаштың Орда тiгiлер –
Тал мойын аттың сауабы...   (1989.)

* * *
Кесiрiн көрген келеңсiз күннiң күздегi
Керемет сезiм күдерiн бiрақ үзбедi.
Кереге болып керiлген пенде емеспiз,
Көңiл ғой ол бiр бiздегi.

Ат қосқандардай айырылып қалған жүлдеден
Аңырып қалсам,
Алаңсыз ғана жүрген ем.
Қарашығыңды қара Ертiске малып ап,
Қайырылып тұрып қарарыңды да бiлмеп ең...

Шығандап көкке шырқап бiр кеткен жан деме,
Көлбеңдеп өтсең,
Көтерiле ме «сал дене»,
Сүрмелi қасты сүзiле қарап тұрғанда
Елеусiз түпте елеуреп қалар әлдене.

Уақыт қомы ырғалтып әкеп тоқтатпай,
Үйiрiлiп ымырт,
Үмiтсiз қалдық шоқ таппай.
Ауашадамын.
Алыстап кеттiк бiлiнбей
Қалың шiлiкте ажырап кеткен соқпақтай...   (1989.)

* * *
Сабалақ мұң,
Бауырыңды тағы да сағалаппын.
Күн шықпай оянып ап жатағымда
Ойларымды баяғы жағалаппын.

Сазанға ұқсап ақ бауыр ауды қапқан,
Немесе бiр аумайтын тау бұлақтан
Көңiлiм бар.
Содан ба, ерте тұрып
Қырға шықтым.
Не дейсiң, жәудiр ақ таң?..     (1989.)

***

Кiрпiк тiреп кеудеме мұңлы қыз...
(Кiреуке көз үмiттiң үнi нығыз)
Мұңлы қыз, тығылмақ бүгiнiмiз,
Ұғыныңыз...

Жiбiтiп жер сүйегiн,
Көк төрiнде керiлiп кекжиер күн.
Бұлдыр сағым бұлт етiп ала қашты,
Қиып алып көңiлдiң көкжиегiн.

Малта тастай көл бетiн жалап өткен
Ұшқыр уақыт сезiмдi ала кеткен.
Үлек-сезiм кеттi ғой,
Үңiле қал
Үр көңiлге жабуды талап еткен.

Тың жатқан танабымда таң сiбiрлеп,
Бәйшешек-жыр, сәуiрде жаршы гүлдеп.
Мамыра шақ маңдайдан сипап өттi
Шипа лептi қарсы алсын жан шығы деп.

Бәдәуи бұлт бәрiне билiк айтар,
Бөлек кеткен бөктерлеп үйдi қайтар.
Үйдi қайтар: үй толы қамсыз күнiм,
Түрi жоқ-ау қу көңiл күй тоғайтар...

Көңiлiме құрт ойлар тағы түсiп,
Қыңсылайды сарыуайым – сары күшiк.
Мың әуезi мұңлы қыз дiр еткiзiп
Мұнар көкке кетпесiн алып ұшып.

Мұң кернеген қорқамын мың пернеден,
Шағырмақ күн суырған сым кермеден.
Менiң ойым – ағысы бастау судың,
Мендiк дүние – бақ iшi күн көрмеген.

...Кiрпiк тiреп кеудеме мұңлы қыз...
(Кiреуке көз үмiттiң үнi нығыз)
Мұңлы қыз, тығылмақ бүгiнiмiз,
Ұғыныңыз... (1989.)

КӨКПЕКТI
(жолаушы хаттан бiр үзiк)

...Көкпектiм менiң,
Көкпектiм менiң,
Көлбеп бiр кеткен сiлемiң.
Көгiлдiр құсты жекпек те едiм,
Көгiме қарап түледiм.

Сабырды сарқып, тағы мұнартып,
Сарауыз ұлың сарсаңда.
Сар желiп жүрген шағым бiр артық,
Сағымды малтып барсам ба?

Бесiн бе мынау – күн өрлеп көкке,
Бiтпей де қалды бiр iсiм.
Бестiдей болды-ау шiдерлеп кеткен
Бүгежек мына жүрiсiм.

Қара Ертiстiң қабағындай-ақ,
Қаланың асқақ үйлерi.
Қарсы алар кейде қарағым-айлап,
Қараша тамның сирегi.

Жоқ қарап жүрген жандай боламын,
Жоғалтып сенiң исiңдi.
Жолаушы хатқа қанбай қаламын,
Жоғалған шолақ күй сынды.

Көкпектiм менiң,
Көкпектiм менiң,
Көлбеп бiр кеткен сiлемiң,
Күңсiген күнде жетпек те едiм,
Керек-ау әйтеу бiр емiң.

Көкпек, жусаның iргеңдi құрсап,
Кесiртке қашқан, е, беткей.
Күнгейдiң желi, жүргелi тұрсаң,
Көкем-ау, апар жетектей!

Кекiр күн күлер (қиямет-қайым)...
Кеудемдi тұрмын желдеткiм.
Керуен құстан сәлем айтайын
Кейiпкерiндей ертектiң.

Бетегең қайда? – Қасымда тұрса,
Бөтен көк менi «тұр атып».
...Бөздей боп оңған жасылдау шырша,
Бiрдеңе дешi жұбатып...    (1989.)

* * *
Бұрымыңды жел өрген,
Бұтағы торғын, бұраң бел,
Бұлғаңдап шiркiн белеңнен
Бұрылып кетшi құлаңмен.

Аққұба жүзiң, ақ тiсiң,
Ағын су сүйген-ау бiр кез.
Ағарып атқан таңбысың,
Ақмоншақ шықтай жәудiр көз.

Салқында көлге ат тiреп,
Салуалы өзен жүгiн бiр.
Салалы саусақ, ақ бiлек,
Сабау кiрпiгiңе iлiндiр.

Маралдай әсем, қарағым,
Мазамды алдың тағы да.
Мөлдiреп мойыл жанарың
Мөр басып кеттi жаныма.

Iлкiде көңiл басылмай,
Iшiнен көрiп көк талдың.
Iлетiн бала лашындай
Iркiлмей барып...
тоқталдым...   (1989.)

* * *
Шырпысын жағып сенiмнiң шалғайға кеткем.
Әспеттеп жүрiп,
Әйтсе де, «әй, қайда» деп пе ең.
Қарашы көк тас – көңiлге жаңғыртып тауды
Меңiреу құздан еңiреп, айғайлап өткен.

Түсiмде ғана өзiңмен айна көл кешем,
«Түсiрiп қолға, – дедiң бе, – айды әпер әсем».
Қателесесiң, қарағым, ай аңқау,
Өмiр су төгiлмес жорғадай жайлы екен десең.

Жүргем жоқ сыртта сырғақсып,
Жыр құрап жарып,
Қоңырау күндер естiлер сылдырап анық.
Естiлген бөлек, қарғам-ай, көрiнер көзге
Ақ жауын жуған әйнектей бұлдырап қалып.

Жүр едiм жалғыз жаяудай жол күтiп көптен,
Жолаушы бұлттар жаңбырын сорғытып көктен.
Отырмын ендi, артынша ойларым барар
«Жедел жәрдемдей» ойбайлап орғытып кеткен.

Алдаған гүлдi алақтап қайтемiн терiп,
Әрлемес, бiлем, келемiз әйтеуiр көрiп.
Құдай-ау, сақта, асаудай шылбырын үзген
Лап ете қалса қанымда қайта бiр желiк...    (1989.)

ЖАЗҒЫТҰРЫМ
Бұлың-бұлың күн өттi,
Бұлың-бұлың...
Серпiп тастап көңiлдiң шымылдығын,
Тарттық қырға!
Ауаша кетейiк бiр
Бақсысынша үй көрмес бұрынғының.

Жазғытұрым.
Жуаның қалың шағы.
Жайқала өскен рауағаш, сарымсағы.
Жайылма су ойдағы, көшейiкшi
Жалаң аяқ
Көңiлдiң жалын шағы!

Қоймап едi әнеугүн күркiреп күн,
Күркiреп күн! Қырда көк дүркiреттiң.
Беу, дүние-ай! Көк иiсiн сағынып ем,
Бергенi ме тәңiрдiң бiр тiлектi?!.

Аузы көкке iлiндi топ қараның –
Жiлiк майы ендiгi тоқ болады.
Қардың суын iздеген мал сияқты
Алып-ұшып қу көңiл тоқтамады...

Алты ай қысты арпалыс, ұрыс делiк,
Ұрыс бiттi, қолқаға тыныс келiп.
Ендi өлмейдi: болып ед жiңiшкесi
үзiлердей,
Жуаны жiңiшкерiп.

Сағыныпты-ау тiршiлiк күн шырайын,
Мен де тiрi! Қалайша тыншығайын –
Көкқасқаның тiзгiнiн бершi, бауыр,
Көк жотаға шоқытып бiр шығайын.

Жазғытұрым әкелдi ен даласы...
Сүгiрет қой табылмас тең-таласы.
Қырдың иiсi шiркiн-ай!
...Қырда тумай
Түсiнбейсiң-ау оны, кент баласы... (1989.)

КҮРЕҢ КҮЗДIҢ ӨЛЕҢI
Күреңқабақ мына күннiң ажары,
Күрең күздiң қайтқан ба әлде базары?
Әй, белгiсiз дәм бұйырып,
Мына ұлдың
Жiбi түзу бiр өлеңдi жазары.

Сыбағысып батпақ жолдың сүддiнi,
Көз бозартып ұңғылы мен шұңғылы.
Болмағандай жайма шуақ жаз күнi,
Болжап-барлап ұға алады кiм мұны?

Тезiн шағып ұзындық пен ендiктiң
Терiстiктiң тентек желi,
Ентiктiң.
Жаңғыз терек бой бермейдi-ау шiренiп
Қарақұстай басындағы жемтiктiң.

Жүдеп қапты жапырақсыз тал бiрақ,
Бiреу үптеп кеткендей боп жалбырап.
Салы суға кетiп көктiң.
Еңсесi
Ескi тонның етегiндей салбырап...

Қарашаңыз уытты екен әскере
(Осы өлеңдi оқимыз ба ес көре?)
Күпiнедi сарала бақ көңiлсiз
Күнi кеше болмағандай ештеңе.

Көше лайсаң,
Жер-баласын жек көрмей
Ауыр бұлт сыбағасын төккендей.
Құдайға рас,
Әлем-жәлем қу көңiл
Әлдебiреу иянаттап кеткендей.

Е, дүние,
Сен де өзгередi екенсiң,
Есерлiктi қанша пендең көтерсiн?
Жанып-сөнген оты құсап шөпшектiң
Бұл жалғаның етер шын... (1989.)

ТҮС ПЕН ӨҢНIҢ АРАСЫ
Ақ жауынды төгiлген сый десек те,
Бұлтты күнмен көңiлдi үйлес етпе.
Тәнiм мызғып, дел-сал боп кеткен шақта
Қашып шығып келiп ем шилi өзекке.

«Уiлiңнен, үлпек жел, байып кеттiм,
Уызыңмен кеудемдi шайып кет, күн!»
Қос құлақты тарс бiтеп,
Диуанадай
Өзiмдi iздеп қыр жаққа тайып кеттiм.

Уiлiн-ай даланың, уiлiн-ай,
Ән үйретiп кеттiң бе бұл ұлыңа-ай.
Тас-талқан боп төгiлген бояу құсап
Таза судың қашырған сұрын лай.

Жарау бұлтты боз таудың енесiн деу
Жарасады,
Қарасаң, сенесiң, беу.
Дөңбекшидi табақ күн көкке сыймай,
Дөңге өрмелеп шыға алмай көне сүрлеу.

Қырым кеттi бiр-бiрiн қуаласқан,
Ойым қалды созылып сығаласқан.
Шеңгел түбiн шегелеп мен отырмын
Шемен ойы iлдiрмей бұра қашқан.

Саяқ шымшық мен болсам,
Сахарам – бақ.
Шаһар көрсем шат күйiм тағаланбақ.
Жайып қойған өреге ақ малтадай
Ауыл үйi көрiнер ағараңдап.

Есiрiк жел жасап бiр ерен сүргiн,
Таз тоғайлар көрсетпес желең сұрқын.
...Ыстық судан қарайған мыс қасықтай
Өңiн берiп қойған ба өлең-шiркiн?!

Қайтем терiп құралмас сынықтарды,
Кiсiнеген қу көңiл шырықты алды.
...Көк төрiне лақтырған көз моншағым
Бөктерiнде Қалбаның тұрып қалды.

Қой...
Қайтайын тәнiме, өз қанатым,
Безгек қиял кеткен ғой – безген атым.
Мен немене?
Әлдекiм ери салып
Ақ серкенiң майындай тез қататын...  (1989.)

ҚОҢЫР КҮЗ
Сол баяғы күйкi тiрлiк бiтпейтiн,
Қара кемпiр қараша үйiн құт дейтiн,
Қара ұлы келген басып Ауғанды,
Қара көз қыз кеткен қашып күтпейтiн...

Қара кемпiр сағынады қара ұлын:
«Кұдай жар боп, аман жүрсiн жарығым,
Қан майданнан келе салып, асығыс
Қала кеттi оқимын деп нау ұлым».

Аспан көкте төңкерiлiп ыстық күн,
Ақша бұлттар түтiндей мүштiктiң.
«Өкпесiнiң дертi қысып кетпей ме?»
Өкпек желi соғып тұрды түстiктiң...

Қара жонға бiрде түсiп, бiр шығып,
Қозы-лағын iздер кемпiр ұмсынып,
Күйi кеткен коңыр күздiң күн суып,
...Күйкi тiрлiк,
сол баяғы тiршiлiк.   (1989.)

АТА ЖҰРТ
Ырдуан арба ырғалып жүрiп,
Ырғалып,
Ақтабан төбет ақ бозаң сорды бiр қауып.
Ырғын көк тұнған...
Ырықсыз бiр жол жетектеп,
Ырғалып кеттiк, құр қалып қалма, құр қалып.

Төскейден түскен төгiлiп бұлақ жырадан,
Төсенiш құсап төбенiң шөбi құлаған.
Суыртпақ жол да суырылып алда барады,
Сұраған жаққа жеткiзер,
Өзiң сұра одан...

Шеңгелдi, шилi шеткi ауылда тұрамыз,
Жолаяқ жасап,
Жолаушы шықтық мына бiз.
Тауларды жалғар тақия бейне Толағай,
Таусылмас ол да – бiраз хикая, бiр аңыз.

Саршымшық шырлап,
Сары бел мүлгiп, күңсiп қыр.
Салпыншақ өзен сар қамыстары сыңсып тұр.
Соғып қоймасаң саумалдап ұшын делбенiң,
Шыбындап жүрмес шабан торы да қырсық бiр.

Қарайған бұйрат, қара су берген түр-көрiк,
Қара орманыңды қайтайық, бала, бiр көрiп.
Жаңа сойылған терiсi құсап соғымның
Көкжиек сонау көлбең де көлбең бу болып.

Көгiлжiм сағым,
Көгiлдiр таулар,
Жетеқабылда желемiк салқын жеттi ендеп.
Сол шiркiнге кеудеңдi берiп ән салсаң,
Сол бетiңмен кiндiк жұртыңды бөктерлеп.

Ырдуан арба ырғалып жүрiп,
Ырғалып.
Ақтабан төбет ақ бозаң сорды бiр қауып.
Ырғын көк тұнған...
Ырықсыз бiр жол жетектеп,
Ырғалып кеттiк, құр қалып қалма, құр қалып... (1989.)

* * *
Әнеу-әне-е,
Сеңгiр-сеңгiр басынан қарға ұшырмас Алатау,
Қарға қонған кеудемнiң iшiнде де бар отау.
Отау деген, ой, алла, киiз туырлықты бiр,
Отау, отау нәрсенi бiр ұлынан күттi қыр.
Отау түгiл от шықпас,
Бiр көргенге шық, дүбiр.

Көрiнгенге көзтүрткi, көңiлтұтқы – өтермiз.
Жұрт көзiне жұқтай боп көрiнбейiк бекер бiз...
Солғын болсақ сырт көзге, кеудемiзде отау бар,
Сол отаудың iшiнде Алатаудай екенбiз.
Солық басқан жылқыдай тұрып қалмай бекер бiз
Өтейiк пе?
– Өтермiз!   (1989.)

ЕКI ЖИРЕН

I
Дейдi дағы:
– Әндетсек бiр, әй, бәлем, –
Науа жолға көз тастайды жайменен.
Күлiмсiреп
Мұртын сипап қояды –
(Қияқ мұртын қияға iлген Ай көрем).

Сырмақ жоннан су қашады сылтыңдап,
Шымшық үнiн шыбық пен тал тұр тыңдап.
Қасқа жирен үйездеп тұр жағада,
«Екi жирен» домбырада тыңқылдап.

Құлап түскен құс үнi ме,
Қандай үн,
Құлақ түрген қыр қағады таңдайын.
Дөңгеленген жұмыртқа үй ыстықтап
Дөңес бетте түрiп қойған маңдайын.

Ағамыздың көмейi де кең екен,
«Екi жирен» өрге қарай желе тең.
«Өй, деген!» деп қошаметтеп қойсаңшы,
Қоңыр үнiн әуелетер Ерекең.

Жусап жатқан қарап қойып қой жаққа,
Күн өткен бе –
Қыбырлайды ой шаққа.
Қара туша көзiн байлар көбiнiң...
Қап, кебенек, желдеп кеттi ой жаққа...

Жәудiр қаққан қаратар көк жүзi де,
Шөкiм бұлттар шөрегейдей тiзiле.
Құбақан тал бұралады бұтағы
Қолаң шаштың белiндей боп үзiле.

Ағаң сөйлер арқа тасқа сырт тiреп:
– Мына қасқа судай жорға,
Жұрт бiлет.
Бiр қызығым – жақсы ат ұстау жасымнан,
Тек бар болғыр қызғандырар сыртты көп...

II
Айхай, жылдар –
Жылдамдықтың өрi ме,
Сарқырама болып өттi төгiле.
Тәлкек күндер сол өңiрге тағы да
Тәлтiректеп алып келдi менi де.

Лепiрiп жан леп сағынды ерекше,
Қырға шықтық.
Қыр желi, ал сен екше!
...Жылқылар жүр,
Күрiк болған тауықтай
Саяқ жирен жайылады бөлекше.

– Ерекеңнiң жорғасы ғой бұл қасқа, –
деп серiгiм жалт қаратып тұрмас па, –
– Ол кiсi өзi қалада ғой,
Емделiп...
Аяқасты жүрек ауру ұрмас па?!

Үш ай бойы иесiз бұл саяғың,
Әулекiлер мiнiп құртты аяғын.
...«Екi жирен» құлағыма келедi
Екiңдiде айтылатын баяғы.

– Сорпасы мен суаны ендi соғымның.
(Көк үстiнен келiп түстi жеңiл дым...)
Оқыранып қасқа жирен, ойпыр-ай,
Отын алып кете барды көңiлдiң...  (1989.)

ТАЛ ТҮС
Алашабыр күн ақиып кетер,
Аңызақ соғып түстiктен.
Жауыным қайда ақ құйып өтер,
Жасырынған ба құс бiткен?

Тал-қайың тұрды таңдайы кеуiп,
Талауы шығып көгалдың.
Қаз тұрған желдiң шаужайын көрiп
Қазбауыр бұлттар жоғалды.

«Қалбаның басып шоқтығын қалың
Қабарған күнге төзем бе?» –
Iлестiрiп ап боқмұрындарын
Iнiм де тартты өзенге.

Аулақтан ауған құйрықты құйын
Аулаға енiп бiздiң кеп,
Бұрала билер бұйрықты биiн.
...Бұрышта тұрдық бiз күндеп...     (1989.)

КӨКТЕМ. ШАХМАТ ЖӘНЕ БIЗ
Маңғаз сиырдай манар көк аспан
Манаурап, маңып қарайды.
Жусанның исi-ай самал-леп шашқан,
Жуып кет iшкi сарайды.

...Далада үстел. Шахмат – үстi...
Сүйрейдi үйден мына күн.
Тоқымдай қысты тақымға қысты:
Көктем бұл күткен сынағын.

Ирек соқпақтың иегiне де
Үрпек бас, үлпек түк шығып.
Үрпетсiз байғұс ши егiле ме
Үскiрiк кеткен тықсырып.

Тыраулап тырна тiзiлiп көкте
Тiрiлтiп өттi шым-жердi.
Тiршiлiк үшiн үзiлiп кетпе,
Түз гүлiм, түстiк тым желдi.

Құлдырап кеттi қозылар қырға
Қорадан шықты-ау қой-жүрек.
Көкiрек-таспа жазып ал тұр ма,
Көктем-күй күмбiрлейдi кеп.

Iнiнен шыққан суырдай шеттен
Ербиген терек тұр ұйып...
...Пешканы қозғап күн ұдайы өпкен:
– Жүр, – дейдi әкем жымиып...   (1989.)

АЛМАТЫ ТАҢЫ
Ақ жауын жуған ақ бура басын тұр сүртiп
Алатау маңғаз қашанғы.
Ұйпа шаштарын ұйысып қалған бiр сiлкiп,
Үйелеп жатқан ұйқысын әрең ашады...

Ұялшақ ұлдай сығалап тұрған есiктен
Жарықтық күн де мойнын созды шығыстан.
Дегендей осы сұрқың-ай сенiң кешiккен
Қарасұр аспан қарайды өңмен ұрыскан.

Бұлақтың суы бүйiрi қызып биледi
Қақпақыл қылып қайраңда малта тастарды.
Құжынап кеткен құмырсқаның илеуi
Секiлдi қала тiршiлiгi де басталды.

Гүлзардың шоқ-шоқ гүлiне қапты шық тұнып,
Қызғанып оны шығармас құрақ жасырып.
...Шар еткен сағат даусымен қатар тiк тұрып,
Сабаққа кеттi студент бейбақ асығып...  (1988.)

КЕРҚҰЛА
Секiлдi Керқұласы баяғы ердiң,
Өзiңнен, тұлпар күнiм, сая көрдiм.
Болдырған жануарым жайылсын деп
Жүгенiн сыпырып ап қоя бердiм.

Өр уақыт өзегiмдi өттi басып,
Сағындым, сәйгүлiгiм, жет қыр асып.
Жаяумын,
Кезi келген салтаттысы
Үстiме шаң-тозаңды кеттi шашып...

Керқұла,
Сағынтпадық қай ұлыңды,
Жүрмiсiң жәннат жерде жайылымды?
Құранды ер қыр арқанды қажап жүр ме,
Бос тартып жiберiп ем айылыңды.

...Арық қып алаң көңiл атырабын,
Сағыныш – саумал бұлақ жатыр ағып.
Керқұла қайта айналып бiр соқсын деп
Жүгенiн сылдыратып шақырамын...  (1988.)

ТАМЫЗ ТҮНI
Күйкi тiрлiк бiткендей қансонары,
Ұйқыдағы Алматы тамсанады.
Көше шамы телмiрiп жұлдыздарға
Көрер таңды көзiмен қарсы алады...

Намыс-бұлттан жарқ етер жай табылды,
Жұлдыздарды жарамсақ жайқап ұрды.
Аңдаусызда аспанға нұрын шашып
Нәлiсiндей етiктiң... Ай қағылды.

Бәрi қалып,
Басылыпты автолар желiгi анық.
Жұлдыз күлiп секiрдi жерге қарай,
Жыртыс қылып көк жүзiн бөлiп алып.

Ай бөлмеме қарайды әлi үздiгiп...
Қараша емес, бар бiрақ сәл ызғырық.
Тәңiр берiп тамызға салқын түндi,
Байғұс жазды қойғандай қарыз қылып...    (1988.)

БАЛА КЕЗ. АУЫЛ ТАҢЫ
Бусанған белдер бұлдыр сағымға керiлiп,
Итарқа қидан итшiлеп шыққан жел үрiп.
Малын саууға мамырлай басса жеңгейлер,
Бақташы жiгiт барлыға «бол!» деп демiгiп.

Шырынға қонған шыбынша құрып көп базар,
Тоғайдың басы торғайлар келiп топтасар.
Оянып сонда ой жаққа қарай жөнелер
Қақырып қойып құманын алған қатпа шал.

Беймаза ескек белдердi асып тыншыға,
Ызғардың таңғы ырықсыз тiлi құмығып.
Қойнауда жатқан қонақжай ауыл күн шыға
Қоңыр тiрлiктiң қомына кетсе iлiнiп... (1988.)

ҚОЙ КҮЗЕТIНДЕ
Сәбидей шыға алмаған жөргегiнен,
Бұлтағы Ай көмек күттi жерде кiмнен...
Сары шалдың тарамдаған сақалындай
Ошақта от күйбеңдейдi жел лебiмен.

Сындырып сытырлата қу ағашты
Сүйедi от сұр мосыны – ұяласты.
...Мосыға бала жұлдыз үңiле қап,
Жосыла шоғырына тұра қашты.

Табиғат мүлгiп кеткен шақтарда бұл
Жан тыншып, көңiл шiркiн сақтар сабыр.
...Қарайды сырғалы аспан қырдан қашқан
Өзеннiң тау өзегiн ақтарғанын.

Ойдағы қойтастардай ошарылып,
Тоғайлы отар жатыр таса қылып.
Қасымда қойшы жiгiт «шәйт!» деп қояр,
Түнектен түнгi үндердi тоса тұрып.

Сүрлеу жол, шаршаған-ау, жүгiрмейдi,
Суатқа басын қойып күлiмдейдi.
«Таң жақын, қалғыма» деп iрге жақтан
Құба тал бiр есiнеп күбiрлейдi...     (1988.)

ЖОЛДА
Шарайна көктiң шаранасынан шыққан жаңағы
Шарбы бұлттарды шайқы жел қуып барады.
Сүреңсiз күннiң сүт қосқан шайға бiр қанған
Апама ұқсап ашылып қапты қабағы.

Асыққанымды, аңсағанымды сезер ме,
Автобус байғұс аптыға шығып кезеңге,
Қамыс пен қоға үңiлiп тұрды жапырлап
Етектi кесiп есiле аққан өзенге.

Қалбаның тауы-ай қарайтып кеткен жел өңiн,
Шоқ қайыңдарың жайқалтып жасыл желегiн.
Күн сәулесiмен көз қысып ойнап әйнегi,
Жосылған жолда тасыркап «Пазик» келедi.

Көк тұма жатыр иелiк қылып бақ сыртын,
Бал дәмiн татып бас қойса барып, паһ, шiркiн...
Бұйра бас талы бұйығы бiздiң ауылға
Төбеден қадар талыққан көзiн тақсыр-Күн.

Ауылды аңсап, сағыныш-самал басылмай,
Кеудемдi керiп, көкiрегiмдi қаусырды-ай,
Iс тiгердегi шешемнiң тесiмасындай
Баяғы тасжол барады-ау тiптi таусылмай...  (1988.)

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста