Нұржан Қуантайұлы: Көзінен мөлт етіп бір жұлдыз аққанда...

Нұржан Қуантайұлы: Көзінен мөлт етіп бір жұлдыз аққанда...

Жазушы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері НҰРЖАН ҚУАНТАЙҰЛЫ 50 жаста!

ДЫБЫС ҚАЛҒЫП, МАҢ БОЗАРЫП

...Дыбыс қалғып, маң бозарып,
Солық басып көлеңке,
Сап тыйылып даңғазалық,
Сабыр тапты кең өлке.

Ай аспанның сырға құсап
Әшекейлеп өңiрiн.
Балқығанда күнбатыс жақ
Байыз таппас көңiлiм...

Мұң түсiрiп қызылiңiр,
Мұрсат бермей жалғанға...
Дүниенiң қызығы мың
Бiр сәт тынып қалғанда,

Қызыл нұрға боялғанда
Күн сәулесi әлсiреп,
Селк етiп жан оянғанда
Ұмсынбай ма сау тiлек!..

Беу, iңiрiм, сенен өзге
Берер ме екен сабыр, мұң,
Құйылшы бiр дәл со кезде
Тереңiне жанымның.

Қу жанымның жұтын бiлген
Ал не дейсiң сезiмге...
Өзiңдемiн бүтiннiң мен,
Бүтiн менiң өзiмде!..

Жойылудың дәмiн татып,
Жолығуға билетшi,
Тыныш кешпен дамылдатып,
Тыныстауға үйретшi.

Көңiлiмдi өткен сұз қып
Сiлкiп тастап ауырды,
Дүниемен кеткен мызғып
Араластыр жанымды... (2002.)

АЙҚҰЛАҒАН

- Қаланың кварталдары
Қызыққа құмартады әлi...
- Қайдағы-ы!
Жанғанда неон шамдары
Қамығып сүрен салмады
Ай тағы...

Түннiң мөрi - мөңiреген Ай,
Мөңiремей ендi бола ма,
Жұлдызды тiзiп желiге былай,
Жұтынып тұрды қалаға.

Iшiнен боздап жарық шыққанда
Терезе бiткен шыңғырып.
Қала кварталдары талықсып қанда,
Жүйкеге шапты қым-қуыт.

Неон-жарнама қалаға қаптап,
Ниетке қарай дескенi,
Прожекторлар ғана тықақтап,
Ал мөрi түннiң... Өшкенi!

Кiм жыламайды кеткенде қадiр,
Қара аспаның да қайғырат...
Шаһарға түнде жеткенде дамыл
...Дүңк ете түстi Ай құлап!

Асфальт алаңға Ай құлағаны...
Тағдыры сол ма, не дерсiң.
Қала кварталдары қайғырады әлi,
Қайғырады әлi,
Көрерсiң... (2002.)

МӨЛДIР ТАҢ

Көзiм суретке түсiрдi
Жазғы таңның мөлдiрiн.
...Көңiлдегi құсымды
Үркiттi де келдi кiм...

Кiм келдi екен, қарашы,
Нұр ма, жыр ма,
Желiк пе...
Сезiмiмнiң жарасын
Емдеймiн деп келiп пе...

Таң - ғаламат адал-ау!
Түсiнбеймiз,
Әй, бекер...
Таңы таза адам-ау,
Жан тазасы қайда екен?...

...Жарық келдi тығылмай.
Күн жарықтық ол да асық:
Балға батқан шыбындай
Кiрпiктерiн зорға ашып.

Күншығыс жақ түрiлiп,
Мамыражай үн тұрды.
Жаным соны ұғынып
Жас сәбише ұмтылды.

Ендi жетем дегенде
Қанат жайып желкенi,
Күн өрмелеп төбеге! -
...Мөлдiр таңның өлгенi... (2002.)

АҚ КӨБIК ТОЛҚЫН

...Ақ көбiк толқын, қай жерде тудың,
Тереңiнде ме теңiздiң?..
Елжiреп жатқан жағаны жудың
Елесiн таппай көп iздiң.

Жалғызсыраған жағаны жоқтап,
Толқыным менiң, алыстың.
Үздiге шыққан қаралы топтан
Үнiңде жатыр таныс мұң.

Қорғасын түстi теңiзден шауып,
Шағалаларды шулатып,
Шарқ ұрып келдiң жанымды тауып...
...Қайтесiң оны жылатып.

Ақ көбiк толқын, жартасты соғып,
Жартасты соғып өксiдiң.
Қараша күздiң ажары солып,
Қайғырып соған дертсiдiң?..

Жоқтадың ба әлде жастық шағымды,
Жастық шағымды, қалқам-ай,
Булыққан жасты, бастыққан мұңды
Ояттың тағы байқамай.

...Ап қашып едiң теңiзден шығып
Ноқтаға сыймас басыңды.
Мейiрiмi жоқ жартасты ұрып
Тас-талқан болып шашылдың!.. (2002.)

ТҮН. ТАКСИ

Ей, таксишi, тоқташы,
Мен бiр шерлi адаммын арқалап ап боқшасын
Тастап шыққан клубтың тарғыл-тарғыл поп-сазын.
Қайда апарам дейсiң бе... Бiлмей тұрмын оншасын...

Ей, тоқта ендi, тоқташы,
(Есiктi ашып отырам сықырлатып топсасын)
Үй жоқ, үйге кетер ек... Өзенге тарт шулаған!
Дымқыл үндi көрсiн ол әз жанымды сулаған.

Такси ұшты. Таксиге берiп едiм жалға мұң:
Еңiредi салонда электроорганым.
Прожектор тiлгiлеп бұйра түннiң жүрегiн,
Зар илейдi мәшине, тауып бершi бiр емiн...

Алматының бетiне аш плакат жабысып
Қанын сорып жатыр-ау (жарнаманың табысы...).
Содан қала күйзелiп. Өмiр ұлып iшiмде
Мен отырмын сыр бермей ескi қола мүсiндей.

Демiл-демiл ескен жел, есер ойды құтқарма,
Демiмдi орап қара түн, дегбiрiмдi жұтқанда.
Тартып қалған асығыс сиясындай қаламның
Ағып түстi бiр жұлдыз көмейiнен ғаламның.

...Ендi нөсер жауса ғой, шатырлатып нажағай,
Жылар едi мына түн ағыл-тегiл... Ғажап-ай!
Шiркiн, нөсерлетсе ғой, салқындар едi шоқ қала.
...Бас, бас газды тағы да! Ей, таксишiм, тоқтама... (2002.)


МАЛТА ТАС

Көзiңнiң тұнықтығынан
Түбiндегi малта тастар көрiнет.
Көкiрегiмдi көктей өткен жарық нұрдың себiмен
Көре аламын оны тек.

Жел тұрмасын, қамыс кiрпiк, ай қабақ,
Жел тұрып, дүлей дауыл жал толқынды көтерсе,
Тұнықтығы лайланат.
Түбiндегi малта тасым көрiнбей
Ол қалат... (2002.)

ТЫНЫШТЫҚ

...Ұңғысында мылтықтың ұйықтап жатты тыныштық.
Электр сым аспанға тарс жабысқан. Күн ыстық.

Табиғаттың бойында тәттi дiрiл жүгiрiп
Балбырайды жарықтық. Не ұғамыз, не бiлiп...

Гуiлдейдi ток сымы, уайымы жоқ - шыны,
Жер бауырлап қарлығаш ұшар iздеп жоқшыны...

Шашып тастап шырылын шалғын шөптiң iшiне,
Шегiрткелер көрiнбес шеттен келген кiсiге.

Ерiп барады көлеңкем ыстық өтiп басынан,
Қиық аспан шолп еттi тоқтау суға жасыған.

Маясындай қу шөптiң бу шығарып дем алам...
(Аңға шыққан джиптердi қоршап апты топ адам)

Үндер үнге соғылып, сылдыр етiп тастармен,
Бұлттың дәмi таңдайда татып тұрды аспанмен.

Қара судың жүрегi қандай таза, қарашы,
Сай табаны маужырап, есiнейдi даласы.

Әукесiнен сипатып ерке желге жүгiрген,
Пысылдайды құба дөң құлағымның түбiнен.

Тамырында дүниенiң дiрiл барын бiлсек-тi:
...Тыныштықты шыңғыртып шуда түтiн гүрс еттi!.. (2002.)

САРЫ ЖАПЫРАҚ

Қыстыгүнi тереземе
Сары жапырақ кеп жабысты.
Жарықтық өзi елегiзе ме
Сағыныш құсап сары жұртындай алыстың.

Әлде...
Хаты ма екен, бауырлар,
Жүрiп келген неше күн
Қалың қар басқан қияндағы ауылда
Сарғайған әке-шешемнiң... (2001.)



ҚОЛШАТЫР

Шайдай ашық көк аспан -
Қолшатыры ғаламның.
Көк аспанға жол ашқан,
Бәсiн қара шамаңның...

Қолшатырдың шегi жоқ,
Тiреуi жоқ, тiреуi!
Жарық барда көбiрек
Шайдай ашық нұр өңi.

Нұрлы өңiнiң сынына
Зорға жүр-ау жан шыдап...
Күннiң қарашығынан
Жарық үндер тамшылап.

...Ай ұшырып тағынан,
Күндi суға батырды.
Қараңғы түн,
Жалынам,
Жинамашы шатырды... (2001.)

ТЕБIНДЕ

Ықтасын болмай тау iшi,
Ызғарын ұлытып.
Сары аяз қарып бет-жүзiн, мұз қатып кiрпiк,
Қайың құрығын сүйретiп қайқаңға шықты
Жылқышы малға «һай-һайлап»,
Түз-тағы үркiп.

Елтiрi тымақ кигенi, қасқырдан iшiк -
Суықтан қамсау.
Сары аяз - қас қылған күшiк.
Алашабырланып қоян жон беткейдiң қары -
Ажырап қалған бейнебiр басқұрдан үзiк.

Иiнiнен өтiп құлама, иiрлi жардың,
Тебiндеп кешке шыққаны үйiрлi малдың.
Төсiнде қырдың тебiсiп құлын мен тайы,
Сергiтер бойын, қандырып иiн құмардың.

Үйiрдi мынау үйiрген айғыры күштi,
Шау тартса дағы әлiгүн айбыны сұсты.
Қарагер құлын қалқиған шалынып көзге,
Тегi бiр айғыр есiне тай күнi түстi...

...Аршып тастады айғырдың тұяғы қарды,
Жылқышы көзi жiтiрек -
Қияны шалды.
Бетеге, жусан белде жоқ,
Қыр астын қармап,
Жұғын да болмас жұмырға қияғы қалды.

Қараңғы iңiр қара шат төрiнде жатқан,
Бiр сүйкем жұлдыз шаңытты көгiнен аққан...
Тобықтай оймен толғанар жылқышы шалым
Көп малға қарап қырдағы тебiнде жатқан.

Шыңылтыр аяз алмайды-ау тызақтап тағат,
Сiңiп барады қойнауға түсi аппақ алап.
Әлiмсақтан-ақ тектi мал,
Әлi кеткен бе,
Әйтеуiр қаны сұйылып ұсақтап барат.

...Бұзылып күнi,
Бiлiндi үскiрiп алдан,
Борасын жаяу жүгiрдi - ұшқыны қардан.
Кешегi белдi жылқының ұстыны қалған:
Дәмелi көптiң жылқыдан мiнiп кеткенi -
Ау жетпес шабан,
Алдаған түс қылып арман.

Жылқышы шал да айтып қап iлкiде шынын:
- Жыға танымас кей тантық жылқының сынын!..
Жүйрiктiң сойын бұзғаны бөтен жұрт келiп,
Ұға алмай ұрпақ бұрынғы үлгiнiң сырын.

Қазақы жылқы азайған,
Арғымақ қайда?
Дүйiм жұрт жатыр даурығып, дау құрап ойда.
Рысактардың буданы - ел сүйген тұлпар,
Жүгiртiп мәз бол...
Сабаумен салғылап, қойма!..

...Мал бағу қиын - ес кетiп, жан шығарасың...
Тебiнiп атын жылқышы, қамшыға басып.
Тұлпар шығатын құлын бар,
...Тұғыр да болар,
Жабысы келiп тайына қанжығаласып...

...Жүйрiгi жауыр болды ма, тұғыры - тұлпар?
Дем-күшi еске алынбай: тығыны шырқар.
Озбаса тұғыр -
Иесiнiң сезiгiн секем
Көтерме сүйрер деген бiр ұғымы қымтар.

Көтерме қалмас тоқ үмiт, ұзын дәмемен...
Қарагер құлын ақ қарда қызынған денең!
Тақымға басып құрықты,
Көңiл түбiнен
Жылқышы сонда суырда шыжымдап өлең... (1998.)

ҚАНСОНАРДА

Көбiк қар басып,
Көк аспан ашылып тұрды.
Қансонар түсiп саяттың басын ұқтырды...
Ұмсынып көңiл,
Ұмтылдық ұмар да жұмар
Көзбенен шiркiн көруге асығып қырды.

Аппақ қар жатыр алаңсыз елең-алаңда:
«Қансонар» дейдi тұрмаймын деген адамға.
Аттарды ерттеп,
Аттандық әбiгер болып -
Аңшылық қалған iз едi көне даламда.

Бұлт та жоқ бүгiн,
Бұл да бiр базына дедiк.
Екпiндей соғып енгемiз жазыға келiп.
Құмай жоқ,
Көп ит ередi көбейтiп қара,
Бүркiтiң қайда, азайған тазы да кемiп...

Қасат қар қалың елтiрi тон жағасындай.
Қиялмен алған көңiлде олжа басылмай,
Қиялап шықтық төбеге,
Белесте көп iз -
Абай атамның шиырлы қолжазбасындай.

Тебiнiп шығып,
Табақтай күн ауытқығанда,
Түлендей желiк ойнайды-ау бiр ауық қанда.
Қарай да қарай әйтеуiр қарасын шалдық
Бауыры аттың бусана қырауытқанда.

Жүгiрдi иттер. Бiз артта шоқырақтаған.
Малтығып қарға,
Алғызбай атырап табан.
Алдырмай барат қу қызыл көлденең шауып -
Ержекемнiң де жете алмай аты мақтаған...

Айқайлап қусақ - бұл дағы бiр кештiң жыры,
Арманда кетпес дәл бұлай түлкi естi күнi:
Қыржыңдап, сорлы жалп еттi ұйтқытып қарды,
Оздырып оғын, «Дүңк!» еттi винчестр үнi...

...Аңшылық солай
Атамнан сарсылып келдi...
Елең де қылмай ербиген паң шiлiктердi,
Еңсенi жазып,
Еңiретiп мылтықты атсақ -
Өзiнше ол да, құдай-ау, аңшылық болды... (1998.)

ЖЕЛДІ КҮНГІ ӘУЕЗЕ

үууілдеп
үу-уі үу-уі үууілдеп
үуілдейсің нені жоқтап, қайран жел
сарыуайым сарын салып сақарада түр үрлеп
сандал таудан, сайран бел
еңселім,
уайым емес, жел сенім
әкелмей ме, қайталанған жәйт неше
бұ жалғанда екі туып бір қалғаның мен сенің
неге келдім әйтпесе!..

сол жаққа
алып кетші сол жаққа!..
жел-ағатай, мені жалғыз тастама
мен сенбеймін алдамшы күн, арзан өмір, оңғаққа
сеніп қалсам - масқара...

асқарым,
асыққан жел - асқақ үн
әлденеге шөлдеп келеді қу өмір
жер бетіне жерік күндер - қас-қағым сәт, қас-қағым
сол сәттерді сүйе біл

әуез деп
әуезе, әуез, әуездеп
самал желге жанымды ашып тастадым
үуілінен ырғағы мен уәзінін және іздеп
тауып алдым асқағын

өмірлім,
нені ұға алдың, не білдің
апырай, ә, сенейін бе шынында:
сабасынан ақтарылған асқақ мына өмірді
сүргендеймін бұрын да

жай табар
көңілімде байтақ ән
жолаушы боп келдік, сәулем, екеуміз
екеумізге жолығу жоқ жер бетінде қайтадан,
қайта нұр боп кетерміз

жек көрме
салауат айт өткенге:
кешіппіз-ау бақыт суын ең тұнық
сені жоқтап екі көзім өксіп-өксіп кеткенде
жел де жетер ентігіп.

...ал содан соң...
...құржаңдап
нұржан, нұржан, нұржандап
жел-бауырым омырауымнан аймалар
тұңғиығында көк аспанның өзім сүйген бір жан бар
деп көңілім жай табар

таңғалсын:
мына адамзат аңғарсын
тек өзіңнің бар екенің, еңселім
...өмірден тыс, уақыттан тыс сен барсың ғой, сен барсың -
көңілімді жұбатпай ма сол сенім?!
....................................................................................................
өмірімді уатпай ма сол сенім...

АСПАНДАҒЫ ӘУЕЗЕ

...ұзақ түн...
салоны ұшақтың
алқынған көңілді тұсап мың
сезімді жасаулап асыққа ұзаттым,
ұзақ түн

салоны
ұшақтың, әлемі
аспанның түннен де әдемі!
сыңсуын айтқанда сезімім әуелі
нау еді...

арман-ай
шіркінді алдамай
көңілге сенбей-ақ алғадай
берсемші, батамды, беу, бағын байламай
әй, бала-ай...

жолықтық,
көңілдің жарықтық
емес пе қонағы, жаңа ұқтық,
аз күндер өткізді сезімім сауық қып...
соң ұқтық

сақтар ма
дәл со бір шақтарда
түнге де қой дейтін дәт бар ма:
көзінен мөлт етіп бір жұлдыз аққанда
...ақтар ма?

жалғанда
ұғатын жан бар ма
қанаты ұшақтың талғанда
жүк болмай, шіркін-ау, ұшар ма ем арманға -
сол жанға

асықтық
мұң шіркін жасық қып
ұшақпен жетпессің, рас, ұқтық
сезімдер қосылса, қос көңіл нәсіп қып
...ғашықтық

ұсақ мұң
жөні ме ісі ақтың:
ақ таңға асыққан ұшақты
жеткізбей жүйткіген не деген ұзақ түн!..
...жаным-ау, ұзақ тым.

adebiportal.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста