Жауын!
Жаудың ба?
Жып-жылысың.
Өзіңсің таңғы бағым, түнгі ырысым.
Көктемнің хабаршысы, қуанышы,
Тағы да сол көктемнің бір мұңысың.
Тырсылынан естіліп тойдағы ән,
Жанарымда жауын – жас, ойда – күмән.
Бал балалық шағымды байқап тұрмын
Тынымсыз тамшылардың ойнағынан.
Мұның қалай, мұңымды өршіткенің?
Жыр құмар жан алқынып, өршіп демім...
Шер толқытқан көңілімнің шарайнасы –
Шеңбер-шеңбер...шертілген көлшіктерің.
Бұлтты әкеліп, биікке асып қойған
Бұл жаңбырдан сай-сала тасып, толған.
Биші тамшы, күн көктем, жылы жаңбыр,
Өздеріңе әрқашан ғашық болғам!..
***
Бие-бұлттан жылы саумал сауып қыр,
Еріді қар, Күн демінен тауып нұр.
Елжіреген табиғат,
Жаңа жаңбыр жанарынан
Жасыл көктем жауып тұр.
Көктемде болар бүкіл әлемнің тылсымы:
Жыр сыры сонда, нұр сыры сонда, бүр сыры...
Дәл бір мендегі мазасыз жүрек дүрсілі –
Дәу тамшылардың шатырды тепкен тырсылы.
Тебілетіндей темірдің қанша жазығы?
Тыңдамады оны тұнық тамшының таза үні.
Мендік бір сезім мөлт етіп барып құлады:
«Туған күніңмен, нәзіктіктердің нәзігі!»
Сағыныш түстес көктемгі сәуле сейілі,
Сағыныш түстес мұңайған тамшы кейібі.
Кешір, қызыңның естілмей жатса кей үні,
Мерекеңмен сол, мейірімділердің мейірі!
Өзің секілді жымияды Күн, қарашы!
Жымияйын мен, жылама тек сен, АНАШЫМ!
Көктемде екен ғой бүкіл әлемнің жұмбағы:
Ана мен қыздың, аспан мен жердің арасы.
***
Аппақ жаулығын ақ таң әкеліп түнге ілсе,
Сол ақ таңменен көңілді құстар бір жүрсе,
Асығып шығып, терезеңе сенің асылып,
Ақсиып тұрып өзіңе қарап Күн күлсе,
Бұл – менің жүрегім.
Самал жел келіп, салалап сүйсе шашыңды,
Ақ нөсер келіп, айқайлап тепсе шатырды
Сол нөсер – Алла нұрына әбден сусындап,
Алқызыл гүлдер құлпыртса қуаң тақырды,
Бұл – менің жүрегім.
Көктемгі көктің жұпарын жұтса қырқалар,
Шегіртке салса мәз әнін жаздың шырқалар,
Жаңа жыл күні жаңашыл мөлдір тілекпен
Жұлдыз боп жауып, шыршаға қонса ұлпалар,
Бұл – менің жүрегім.
Күп-күрең күзді қарсы алып мұңмен қара тал,
Сырымды менің әлемге жыр ғып таратар.
Сол қара талдан сағыныш соққан жапырақ
Сылқ құласа егер, еңкейіп жерден ала сал,
Бұл – менің жүрегім...
***
Ғажайып шаттық, қуаныш болып келгенім,
Боз далам менің көйлегін киді ең керім.
«Қызым-ау, кел» деп құшағын
жайып жатқандай
Мұнарға бөккен белдерім.
Бір сәтте ғана көк майса басып жер бетін,
Көрсетті менің көркем даламның келбетін.
Аспандағы аппақ, мап-мамық
бұлттар ойнақшып
Аппақ сіңлімдей...ерке тым.
Күн сүйіп жатыр, анамдай болып елжіреп
Жеңгемдей болып аймалап жатыр жел жібек,
Қол бұлғайды, әне, қаланың ғимаратынан
Көрінбей талай діңкемді құртқан...көкжиек.
Таныс тау, міне, таныс көл, өзен, таныс бақ,
Құмарым қанбай аралап келем қарыштап.
Туған жер, сенің жауындарыңнан жаралғам!
Ал сосын, сосын...сағым боп кеткем алыстап...
***
Көктем, сені көргенде ән салмадым мен.
Бұрынғыдай...
Қырқаға шығып, құстарды қарсы алмадым мен.
Мұным қалай?
Кеудемді жарған алғашқы бәйшешек сезім
Қыстың ең соңғы кәріне ұрынбағай.
Көңілімде сыз.
Әйтеуір жылынбады-ай...
Көрмесем-дағы ешқашан шағаланы көктен,
Жыл құстарын күткем өзенде –
жағадағы көктем.
Жағады ма бүгін көңіліме, жаға алмайды ма,
Көктем келді міне, тағы да... қаладағы көктем.
Қала. Көктем. Түн.
Жасанды жұлдызы мәлім
Бастады тағы даңғаза, түнгі ұзын әнін.
Мен бардым-дағы балконнан:
«Көктем келді», – деп,
Қолдан егілген қызғалдақ гүлді үзіп алдым.
Түндегі мынау тірлікпен ұйқаспайды ойым,
Қараңғы құшақ, неліктен, түн, тастай қойның?
Мен бардым-дағы сол кезде күйсандығыма
Құстардың әні жазылған үнтаспа қойдым.
Жүрегім жалғыз. Жылусыз.
Жыр да өпкен емес.
Көңілімдегі көлеңкем – қырда өткен елес.
Көріксіз көктем болмайды, серпілейінші,
Көктем, мен сені сағындым!
Тек...бұл көктемді емес.
***
Көгілдір түн.
Көк түннің көктемі гүл.
Жұлдыз сүрер бір-ақ күн көкте ғұмыр.
Сонау алыс жұлдыздар алыс емес,
Мына түн қап-қара емес, көп-көгілдір.
Көп жұлдызға көсем ғып қадапты Айды,
Қиылған қабақтай Ай, садақтай-ды.
Біріне-бірі ғашық екі бұлбұл
Құйқылжып, махаббатты мадақтайды.
Қосылып ап, не түрлі ән салады
Қапырық түн, еспейді таң самалы.
Ай бетіндегі ару қыз маған қарап,
Мұңаяды, немесе тамсанады.
Несіне қызығасың, Ару, маған?
Тек түнде тыншиды ғой дауыл ғалам.
Ал менің сезіміме тыным бермей,
Бір адам түн ұйқымды тағы ұрлаған.
Бұлбұл үні бастайды бойды егеске,
Махаббат-ән салмайды тойды да еске.
Сол бір жан атырмастан ақ таңымды,
Мәңгілік түн орнатып қойды емес пе?
Көгілдір түн...
***
Ол кете барды.
Бұрылып қарамады да.
Өзіндей жанды
Жүрегім таба алады ма?
Шыныменен-ақ, шынайы махаббат деген
«Қарамаулардан осылай жаралады» ма?
Қызықтырмастан құбылыс мендегі бөтен,
Қарамады ол.
Көргісі келмеді ме екен?
Күлімдеп тұрғам.
Көңілім көктемдей еді.
Көктем келгенін ол сонда сезбеді ме екен?...
«Сезбейсің, жаным...» жас болып
арманым ақты.
Түн келді тағы, нән қала шамдарын жақты.
Көктем келген күн.
Қайтадан қар жауып жатты...
ҚАРАГӨЗ
Қара түн, бәлкім, қаралы сұлу құсалы?
Қара көз жабық, айқара ашық құшағы.
Қараңғыдағы соқыр көбелек жалпылдап,
Жарыққа қарай ұшады.
Қаралы сұлу көзінен
Тама алмай қалған жас ұқтық.
Күнәлі ме екен көбелек,
Қойса егер тағдыр асық қып?
Көбелек – жүрек...
Бұл әлде бір заңы ма екен өмірдің:
Біреудің бағы,
Біреудің соры ғашықтық...
Тілгілеп жатыр жүректі
түсінбес тілді түн алмас
Әкетер, болса, тілекті,
ал одан басқа түк алмас.
Қаралы сұлу қайғыдан
қарс айырар да кеудесін,
Соқыр көбелек...
бәрібір жарықсыз өмір сүре алмас.
«МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕ»
Тұнық демді дүние, алқынбаған,
Тыныш демін түннің мен жәй тыңдағам...
Сұлық түскен сонау Ай жанарында
Суық мұң бар сап-сары...айтылмаған.
Айтылмаған,
Еш аспапта күй болып тартылмаған,
Айлы түнде арудың көздерінен
Алтын түстес жас болып жарқылдаған
Сары мұң бар.
Өлшеуі жоқ шексіз бір сағыну бар,
Жалығу бар, шағыну, қамығу бар,
Жалын – у бар...
Уыңды ішіп дәміндей ән мен тұздың,
Жалыныңа күйіп,
айырылған әлден біз кім?!
Қарауылдың үстінен қарауытып,
Ләйланың лағнетіне куә болған
Лағыл түсті Ай,
Қарама!
Дәр-мен-сіз-бін...
***
Ай көзінен діріл-діріл жас тамды.
Неткен ұзақ, мағынасыз отырыс?
Мен өмірге гүл боп көзімді ашқам-ды,
Нәзік сабақ, нұрлы жанар, хош иіс.
Бөлтіріктей жалғыз қалған түздегі
Енді, міне, телміремін сары Айға.
Жапырақ қып жібердіңіз Сіз мені...
Жасыл түсі көрікті, жұпары жоқ алайда.
Аймен бірге сыңсудамын аулақта,
Маған, сірә, жолықпайсыз енді Сіз.
Тағдыр солай айналдырды қаңбаққа
Ұшар желі белгілі, қонар сайы белгісіз...
***
Ауыл. Іңір. Беймаза шақ – естегі
Азан-қазан мал қайтқанда төстегі.
Дала аспаны, түн алдында түнерген
Қызылбауыр бұлттары бар көшпелі...
Санамдағы сол суретті сарғайтқан
Алматының алтындалған кештері.
Көкте жұлдыз, жерде жұлдыз, жұлдыз – маң,
Көше күлкі, тарап жатқан мың қыздан.
Кереметін көп көресің қаланың
Айлы түнде кемпірқосақ туғызған.
Жыр болып жас, тамшы болып күй ақты,
Сәнқой қала самаладай сый апты.
Шам жарығы, Ай жарығы, әйтеуір
Алматыда түн болмайтын сияқты.
Көктем-көңіл күздің күйін кешкенде
Ерке шақтар шығып кеткен естен де.
Шырағданның жарығымен
ешкім ертек айтпайды
Ұзақ, ұзақ кештерде...
Ертектен соң тәтті-тәтті түс көріп,
Тыншығанда бар әлем
Шөп үстіне шығып алып, үйіп қойған маямен,
Жанарыммен жұлдыздарды санар ем.
Қолым созсам жететіндей көрінген
Аңқау аспан, өзіңмен бір қалар ем,
Мәңгі бірге қалар ем...Әттең?!
КҮН ИІСІ
Апаларым Назым мен Сырғаның рухына
Жазда қалған жылуы мен жақсы әні,
Бізге мәлім күздің жайы-жапсары.
Қалықтаған әне біреу жапырақ
Күн сынығы секілденген сап-сары.
Әр сынықта – бала күнім бір әсем
(Есіме алсам, ұғынарсың мына сен).
Сиыр сауып оралғанда таңертең
«Апа, сенің үстіңнен
сүттің исі шыға ма»? – деп сұраушы ем.
Таңертең-ді.
Төбет Маңғаз үретін.
Ерке қызды тұрғызатын апасы тауып
әрең ретін.
Тостағанмен сүт ұсынып,
«Тентегім, сүт иісі емес, күн иісі» – деп күлетін.
«Күн – ырысы жердің, шөптің, түп талдың
Ал адамға жылу сыйлар шыққан Күн» –
дейтін апам.
Ерте тұрған адамға
Күн иісі сіңеді деп ұққанмын.
...Қырау түсті кебегіндей ақ ұнның,
Күзгі сәуле дірілдеткен жаным – мұң.
– Қайда кеттің?
– Қара түнек әлемге.
Апа-оу, сенің күн иісіңді сағындым!
***
«Ей, самолет, самолет!
Алматыға ала кет!» –
деп жүгіріп жүргенде,
Осы біздер бала ма ек?...
Күндер сырғып, бір жыл, бір ай, бір күннен
Кездер қалды, бізбен бірге күн күлген.
Самолеттен «ала кет» деп сұраған
Алматыда жүрмін мен.
Ей, самолет, самолет!
Біздің үйге қона кет!
Жете алмай, сағынған
Ауылыма ала кет!
Ауылыма апар да,
Алматыға қайтып кет.
Балалығым сапарда...
Қай жерде екен?
Айтып кет...
***
Бұлым да бұлым бұрымым бар ед
Белімді құшып жататын.
Аналар көріп, ырым қылар ед,
Бабалар беріп батасын.
Жалғыздығым тек жырыма сыйып,
Қызықтырмайтын жай тегін.
Жусан иіс шаш жыныма тиіп,
Желкеден қидым, қайтейін?
Шашбаусыз менің сымбатым сән бе?
Қазақ ем «бұрым – мүлік» дер.
Жыныма тиген шашым ба, әлде
Шашыма ғашық жігіттер?
Әйтеуір әкем қатты да қатты үн,
Деді анам: «Түрін, жақсартып...»
Сол күні сосын солқылдап жаттым,
Сұлу болудан бас тартып.
«Жайнадың» дейді гүлдей солсам да,
Күл болсам дейді «лауладың».
Шөпжелкелердің бірі болсам да
«Қодарлардан» құтыла алмадым.
Бұлым да бұлым бұрымым бар ед
Кестім бе екен бекерге?
Біреулер содан сырымды ұғар ед,
Ұғылмай енді кетем бе?
Аңшылар әлі құрады тұзақ,
Кей ағам кетті ұсақтап.
Кештерде кейбір жылаймын ұзақ,
Кесілген шашты құшақтап...
***
Үйренемін, әлі-ақ мен төселемін де,
Сәл көңілсізбін, мұңымды еселедім бе?
Сағынып келем жып-жылы
жаз – ауылымды
Алматының қар басқан көшелерінде.
Қар болмайын деп, ел-жұрттың
алғаны шатыр,
Табиғат үнсіз. Алатау ойланып жатыр.
Абай көшесі, әнеки, Неке сарайы,
Әдеттегіше, әрине, той болып жатыр.
Той болып жатыр, аққайнар бусатып буды
Күн сәл де болса ақ қарды
жұмсартып тұрды.
Өзі де күйеу болардай сүйкімді жігіт
Неке сарайы алдында...гүл сатып тұрды.
Қарадым оған, сен қара,
қара да тұрғын
Ауылдықпын ғой, демеймін
«қалада тудым»
Үлкен көшенің шуынан құлағым тұнып,
Театрға қарай аяңдап бара жатырмын.
Алтын күзімнің ақ боран жалғасымысың,
Ақ қайың арман – ой салған алғашқы мүсін.
Алабұртқан көңілге не әкелерсің,
Алматыдағы алғашқы қысым?
***
Есіңде ме?
Көктем еді.
Көктеп еді бүршіктері талдың да,
Қызыл гүлдер қаптап еді шалғында.
Құшағына қызыл гүлді толтырып,
Сен тұрып ең алдымда.
Құстар сайрап, шыға алмастан құмардан,
Төбемізден аспан төнген жыларман.
Қыз боп алғаш бозбаладан гүл алған
Сәтім үшін өлердей боп ұялғам...
Ал сен болсаң,
Гүлдің өбіп бетінен,
Адамдайын айырылған есінен
Мені қайың тасасына қалдырып,
Жалаңаяқ жаңбыр кешіп кетіп ең.
Қалқасында қайыңның, құшағында күдіктің
Жылап тұрдым. Бұлттан шықты күліп Күн.
Мен кім едім? Дәл сол сәтте ұмыттым...
Жаңбыр менен қызды қатар сүйетін
Жынды ақынның жарты беттік жыры екем.
Оны қайдан біліппін?
...Бүгін тағы төкті жаңбыр.
Тереземді жас ұрды.
Жаңа көктем сол көктемді жасырды.
Терезенің алдындағы жырларым
Жыртылды да, шашылды.
Кіммін өзі?... Мен бар-жоғы адаммын...
Жаңбыр болып жуа алмайтын жаныңды,
Жаңбыр болып сүйе алмайтын шашыңды..
САКСАФОНШЫ
Тілсіз жылап өмірге ғашық әні,
Тәкаппар мұң табанға басылады.
Тиын тастап үлгермей тақияға,
Тағдырлылар...әр жаққа асығады.
Жалқы ғұмыр, жалқы жан, жалғыз әлем
Қолдан келсе, басқаша ән салғызар ем...
Қаланың қайғысына куә болып,
Жер астында сыңсиды жалғыз әуен.
Жалғыз әуен...
Жоғалған сенім бүгін
Жылыта алмай әуреде темір Күнін.
Саксафоннан сыңсыған сенің мұңың –
Сәуле таппай сенделген менің күйім.
ЖИЫРМА БІРДІҢ КӨКТЕМІ
«Дүниені өзгертемін деп едім,
Жиырма бір жаста мен»...
Г.Салықбай
Кешкі сегіз. Ескі Арбаттың көшесін
Кезіп келем. Он тоғызы наурыздың.
Сезімімнің бүгіні мен кешесін
Өлшейтұғын аспандағы жалғыз Күн.
Жанарыма сыйып кеткен көктемді
Парағыңа сурет қылып салғыздым.
Көздерімде мөлтілдеген әлемдей
Әйгіленсе жақұт шықтың керегі
Осы өмірге өле ғашық өлеңдей...
Бұл көктемнен бақыт күткім келеді.
Ерте оянған ерке мұңым,
Тез кеткін!...
Өз-өзімнен, айтшы, қалай безбекпін?
Дүрсілдеген ақынға тән жүрекпен
Дүниені келіп-ақ тұр өзгерткім.
Өзгермеген қала маған өкпелі,
Көк аспанның жасаурауда жанары.
Біздерге ортақ жиырма бірдің көктемі
Бұлдыр-бұлдыр жолға сіңіп барады...
8 НАУРЫЗ
Әрбір үйде асылған ет, бауырсақтар, шелпектер,
Өмір бойы сүю жайлы әп-әдемі ертектер...
Көше толы құлпырған гүл,
Гүл көтерген еркектер –
Сегізінші наурыз.
Дәл бұл күні сұлуларды мақтау – аз!
Естілмеуі тиіс сөздер: «ақшам аз».
Ілгіштегі ең әдемі көйлектер,
Кезек күту шаршататын шаштараз.
Сыйлық, қайшы, жылтыр қағаз, желімдер,
Абысындар, апа-сіңлі, келіндер
Көтеріңкі болса дағы көңілдер,
Кемсеңдеген...сүйілмеген еріндер...
Күн шуағы – жылы жазға бергісіз,
«Қарды еріткен сол ғой» дерсіз енді сіз.
Қате айттыңыз!
Ол - Әйелдің күлкісі!
...Тағдырымның не сыйлары белгісіз –
Сегізінші наурыз...
ДЕГЕЛЕК ҚАР
Түнге сіңген... ұмытып Күн ұяны,
Қыз тағдыры секілді, қиын әні...
Қар жауып тұр.
Бақыттан басы айналған
Жұлдыздар көрінбестен жымияды.
Әлемде басқа не бар ед тағы?
Бәрібір...
Қолымда менің – қай-қайдағы бір сары гүл...
Жанымда - өзің, дауысы – бұлбұл, жаны – нұр
Көктемнің соңғы қары бұл.
Алда әлі мың гүл бар, көбелек бар!
Көңіліме үмітті шегелеп қал!
Алда әлі мың күн бар, сол бақытқа
Куә боп, дөңгелей бер, дегелек қар!
Дегелек қар...
***
Бұл жаңбыр – таза су емес,
Бұл – аққан аспан кірі.
Аспанның асты – адамдар,
Бірінен қашқан бірі.
Ешкімге жетер емес
Тәңірдің тасқан нұры...
Сіз бен біз де қашамыз...
Қалған күйіп жанымызды
жасырып,
Жалған күліп шымылдықты
ашамыз.
Қарасаңыз, қос жартылық бүтінбіз,
Шын мәнінде, баяғыша –
Жартымыз.
Жолымыз – мұз,
Алдымыз – құз,
Терең жыра – артымыз.
Сонда қайда барамыз?
Сүмбіленің суығындай уілдейді арамыз.
Шалажансар шоғымызды үрлейміз,
Сөнбеген соң,
Шалажансар жанамыз,
Тек осыған келетіндей шамамыз,
Бір күндері сөнетіндей шаламыз...
Жаңа Күз кеп, өзгертсе екен бәрін де!
Жуылса екен ішкі мұңым
Мына кір-кір жаңбырмен,
Сөнетін шоқ сөнсе екен.
Қараңғыдан қорқудан да қалдым мен...
«Ару – әлем» кітабынан