Назгүл БЕРДІҚОЖА: Менің өмірім – мұңнан тұрғызған мұнара!
Менің өмірім – мұңнан тұрғызған мұнара!
Жақұтпен жуып шаң-тозаңдарын сезімнің,
Түнекке тамшы тамызып барып көз ілдім.
Шырқау бір көкке жұлдыз боп шығып алдым да,
Баянсыз,бақсыз,бақас тірліктен безіндім.
Жалаулы жырға жасымнан өстім құмар боп,
Сонда да шіркін,көңілде күпті,күмән көп
Қаламнан үркіп,қағаздан қашам кейде мен,
Ақындық деген ақырет кешу шығар деп.
Аспаннан қиып ақ көйлек кидім бұрала,
Айтпаймын саған ақыннан ақыл сұрама.
Айбаты бар да азанын ешкім естімес,
Менің өмірім-мұңнан тұрғызған мұнара!
Торсыққа құйып жанымды жырдың жолында,
Тартып бір кетсем...бағым ба,әлде сорым ба?!
Құбыла бермей,Құбыла тұсқа бұрылам
Тағдыр-тізгінім Құдайдың жалғыз қолында.
Келмейді бірақ,қапасқа менің қамалғым,
Айдыным асса.... Алашқа олжа салармын
Кірпияз дүние жанарын ашып-жұмғанда,
Кірпігінде оның үзілмей қатып қалармын!
Сынық Аймен сырласу
Тұман –сезім толқыды жанарымда,
Қасыреттің тұтқын боп қамалында.
Қорқам,бір күн шыға алмай сол қамалдан,
Сынық аймен сырласып қаламынба?!
Сынық айдың сыртынан жұлдыз күлді,
Тас қақпадан телміріп бір қыз жүрді.
Сынық айдың сәулесі сол бір қыздың
Көкірегінің сарайын «күндіз» қылды.
Тастай батса тақсырет қабырғама,
Салқын нұрын себетін сабыр ғана
Жұмаққа ыетық жаныммен жымдаспайтын
Топырақтан жаралған тәнім жара...
Еәрін бойға нәзіктік таратқанда,
Әрең жеттім алқынып абат таңға.
Тастан емес жаралған топырақтан,
Тәубе демей не деймін Жаратқанға.
Тамыры жоқ тас болып керегі не,
Тәнті болдым Тәңірдің дегеніне
Топырағым қабірге айналғанша,
Тамырымды тартамын тереңіме
Арал әке
Толқындары бір кезде есікті өпті
Үйден шыға жүруші ек кешіп көкті.
Аяқасты қадірін кетірген соң,
Арал әкем алысқа көшіп кетті.
Көшіп кетті....бір өксік жүрек керней,
Шөгіп қалды кемелер үлектердей
Әкемді іздеп боздаған дауысымнан,
Арктика мұздағы дір еткендей
Өңешінен тарылған өлі маңай,
Өңін қашан ашады төгіп арай.
Құлан мінез Көк Арал қашады әрі,
Көк ат мініп қусам ба бері қарай.
Шалқары едің шаттықтың несіптің де,
Шалғайыңа сүрініп кешіктің не?
Жар жағалай жүгірген жалғыз қыздың,
Жан дауысын жан әке есіттің бе?!
Ғасыр дерті жанымды меңдей жеңді,
Деп жүруші ем кеткенім келмейді енді.
Атланттар секілді күміс киген,
Ақ толқындар алдымнан көлбей берді.
Бір сағыныш кеудемді қалды жаншып
Кемелер жүр жағада қалғығансып.
Арал-әкем артынып келе жатыр
Атын ұстап ағайын алдынан шық
Сіз
Баянын тауып бақыттың,
Балбырап сезім ол кетті,
Жұлдыздар жауған жақұт түн
Жанымды менің тербетті.
Аңқаңыз кеуіп сағына
Аласаруға қалайсыз?
Ұялшақ қыздың жанына
Ұрыншақ көзбен қарайсыз
Сөзіңіз неткен ізгі еді...
Сескеніп қалдым жиып бой
Мендегі сезім сіздегі
Сабырсыз ойдан биік қой!
Бақытыңды арнап бұл қызға
Баябан шөлден жетіп ең..
Баянға бейіт тұрғызба!
Жаурайды ол белдің өтінен
Үңілмеңізші жүрекке
Құлап кетесіз, өтінем.
Тұрмастай болып құлайсыз,
Шыңырауын құздың мекендеп
Еңіреп сонда жылайсыз
Неге жолықтым екен деп....
Ұлтымның тілі ұрандай!
Өзгеге байлап өзімді
Өрісте жағам жыртылды
Күмілжіп айтып сөзімді
Қызыл да тілім қырқылды.
Қағынан безген құландай
Жайрадық қанша жұтап кеп....
Қазақтың тілі – құрандай
Көктен бір түскен кітап боп
Бүр жарып балғын бұтағым
Қосамын тілек-тілекке.
Киелі киіз кітабым.
Күйдіріп басам жүрекке.
Оралып келсең өткенді
Өнеге сөзді талдайсың
Тіліңмен байлап кеткенді
Тісіңмен шеше алмайсың
Ақынмын менде ... топқа сал
Бұқардай бұрқап жырлайтын
Анамның тілін жоқтасам
Абылай бар ма тыңдайтын!
Ауылым - алтын бесігім!
Дүние есігін аштым нағыз ауылда,
Қақаған қыс,қарлы боран дауылда.
Ес білгенше ортасында тербелдім,
Жүректері жыр деп соққан қауымда
Нұртуғанды жаттап өсіктік бар бала,
Нарттай жырын тыңдаушы едік таңдана
Зейнолланың отты жырын оқысақ,
Демін тартып қалушы еді- ау сар дала
Қырдың гүлі-қызғалдақтар бұрымда
Асыр салдым аппақ күміс құмында
Нағашымның ауылына барғанда
Балық болып жүздім Сырдың суында
Құба бел мен күрең жиек арасы
Неткен ыстық ,неткен әсем қарашы!
Табанымнан өткен құмның ыстығын
Самалымен желпіген Сыр даласы
Иір бұтақ ,дүмбіл-дүмбіл шүйдесі-
Жидесімін сырласамын сөйлесіп
Көкірекке әуен толып тасамын
Періштедей жұмақтағы күй кешіп
Ертегідей болушы еді бір түні;
Әупілдектің әрең шыққан зіркілі
Зерлі аспанға қол созады ұмсынып,
Жерошақтан тіке шыққан түтіні
Самал есер сипап жердің сауырын
Аялай ма туған жерін бауырын
Бейуақта еске түссе мұң кенреп
Сағынамын,сағынамын ауылым.
Сезім кегі
Пайғамбарға өтілімді жеткізіп,
Өткір ойды өңмеңіңнен өткізіп.
Жыр жазамын күзгі аспандай күркіреп
Көкірегімді көбесінен кек бұзып.
Бұл өмірде жолы болмас ғашық көп,
Сарқыламын сырлы өзендей тасып кеп...
Сөзбен емес ,көзбен айтып сезімді,
Неге саған жүрдім екен асық боп.
Сұм жалғанның қызығына тоя алмай,
Пәк махаббат кетсең етті оянбай
Бейітіңді іздеп сонда барармын,
Бірге бақи болмасам да Баяндай.
Жүрсің бүгін менен аулақ жырақта.
Жөн сөзімді жадыңа ұста бірақта.
Етектінің кешіп барып көз жасын,
Ешбір еркек кірген емес жұмаққа.
Сіз
Сіз мені баурадыңыз!
Түстікке қатар ұшқан қоңыр қаздай.
Жүректі жауладыңыз!
Жаудан беті қайтпайтын жеңімпаздай
Шалғынында көңілдің аунадыңыз,
Жанымды жүдетпей кеп...
Сонан соң...жаурадыңыз
Мұзға төсін төсеген үлектей боп
Есте жоқ бағзы көктем, баяғы күз,
Жас тұтып көзіңізді...
Сіз мені аядыңыз!
Сонан соң, өзіңізді.
Біз деген бір Алланың қалауымыз,
Сол сезім жапырақ боп өлді күзде,
Басыңнан бұлбұл ұшқан баяныңыз
Бұрылып қарамайды енді Сізге...