Бір өлең оқып берейін
Бір өлең оқып берейін!
Осы жерге кеп
Анау да сөйлеп кетті ғой,
Мынау да сөйлеп...
Бүлкілдеп алып көмейім,
Көсілерде тек,
Анау да «қой»,– деп айтпасын,
Мынау да «қой»,– деп!
Бір өлең оқып берейін,
Тыңдасаңыздар!
Өлең сүйетін Өр Қазақ,
Мың жасаңыздар!
Нөсерлеп өлең төгейін –
Құрғасаңыздар!
Ғашық боп тағы қалады-ау,
Тыңдаса қыздар!
Бір өлең оқып берейін,
Есіріп анық!
Именбей анау ағамның ескертпесінен!
Бір өлең оқып берейін,
Көшіріп алып,
Көшпенділердің ең көне ескерткішінен.
Бір өлең оқып берейін,
Махаббатымдай –
аяулы. Әдемі қызға
айта да алмаған.
Мәреден озып көрейін,
Ақан ақындай!
Құлагер жырды ерттеп бер,
Қайтадан маған!!!
Бір өлең оқып берейін,
Шөлдейтін Әлем!
Ұлылығымды мойындап,
Мақұлдағанша.
Бір өлең оқып берейін –
Өлмейтін Өлең!
(Өзімен бірге сөзі өлген
Ақындар қанша?!)
Бір өлең оқып берейін!
Жастай ұқтырып
мықтылығымды.
Төбемнен ауып күн қызарғанша.
Бір өлең оқып өлейін,
Қасқайып тұрып!
...үнсіз қалғанша!
Іңкәрім
"Келші",– деп шақырмадың,
Көргің де келмеген шығар?!.
Мен салған жараның ақыр бәрін,
Басқа жан емдеген шығар???
"Мен сені сағындым",– деп ем,
Жүрегің сенбеген шығар?
Жетім де жалғыз
жаным – мұңды өлең,
Сүйген соң өлмеген шығар...
Сүймесе, өмір де өлімдей.
Сүйгенім – ең әйбәт бақыт!
Дірілдеп еріндеріңдей,
Толқимын, сені ойлап жатып.
Құмарлық өкіндіре ме?
Барғым кеп кімдерге тағы?
Мен жалғыз отырмын, міне,
Жұбымен жүргенде бәрі.
Іздеумен білмеймін кімді,
Қаңғырып қалада мына.
Көңілім күндей тұтылды,
Қол жетпей қалағаныма.
Үйіме кеш келем жүріп,
Кезікпей алдан арманым.
Жүректе – өшпеген үміт,
Басымда – жанбаған бағым.
Іңкәрім,
Жалғыздық жастанып тағы,
Жүргенім жарамас олай!
Әдемі басталып бәрі,
Аяқсыз қала ма солай?!
Қайтарам бал шақты қалай?!
Қажытты тым алыс кезің.
Аңсатты-ау, аңсатты талай,
"Кел" деген бір ауыз сөзің!!!
* * *
Ұп-ұзақ түн өтті-ау, қамығып.
Қып-қысқа сарғайған таң – үміт.
Шоп-шолақ түсімнің иесі
өзіңді,
Оп-оңай ұмытпай, сағынып,
Там-тұмдап сабырдан арылып,
Ап-ауыр бір ойға малынып.
Шап-шағын бөлмеме сыя алмай,
Үп-үлкен әлемнен сені іздеп,
сабылып...
Жап-жарық жалғанды түрлентіп,
Жап-жасыл Бағымды бүрлетіп.
Көкпеңбек көктемгі жусанның,
Жеп-жеңіл жұпарын үрлетіп.
Тап-таза көңілмен – ұдайы жас,
Біп-биік еңсем бар – мұңаймас!
Ес-түссіз жүрегім сезімге
шіп-шикі мас бүгін, удай мас.
Тұп-тұлдыр төзімсіз қалып Мен,
Дәп-дәл сол елгезек қалыппен.
Тұп-тура жаныңа жетсем ғой,
Жып-жылдам! Жарысып жарықпен!
Қым-қиғаш жолдардан бүкіл көп,
Аман-сау жеткенге шүкір деп.
Жұп-жұқа көйлектің астында,
Нәп-нәзік Жүрегің лүпілдеп.
Тұп-тұнық жүзіңнен Ай көріп,
Жап-жарқын күлкіңде қайғы өліп.
Сұп-суық Тағдырым тоңдырса,
Ып-ыстық құшағың жай келіп.
Қап-қалың шашыңды тарқатып,
Қып-қызыл ерініңнен бал татып.
Қап-қара түн өтіп қойныңда,
Аппақ боп қасыңда таң да атып.
Тәп-тәтті қылығың ұнап қап,
Мөп-мөлдір көзіңе құлап қап.
Жап-жақын жүргенде қуансам,
Ап-алыс кеткенде жылап қап.
* * *
Маған деген сағыныштың отымен,
Мен сүйетін әнді айтып бер, өтінем,
Гитараңның пернелерін жылатып.
Қоштасарда: "Келемін",– деп кетіп ем,
Соным үшін өкінемін... Өкінем!
Қалдым кеше басқа қызды ұнатып...
Бәріне мен кінәлімін, кешірме!
Жек көріп кет, хаттарымды өшір де!
Басқа жігіт жолығады шын адал.
Ғашық болып Алматының кешіне,
Бірге жүрген сәттер түссе есіңе,
Оңашада жылап алсаң, жылап ал.
Енді мені ұмыта сал, ақылдым,
Мен осындай "иттігі" көп ақынмын,
Жан жылатып, жүрегіңді жүдеткен.
Басыңды да бекер сенің қатырдым...
Саған тағы өлең жазып жатырмын,
Саған енді ғашық емес жүрекпен...
Жүрегіңде сағынышың бүр атып,
Тілегің де бір мейірім сұратып,
Жалынышты жанарларың мөлдіреп,
Арманыңды Алатаудан құлатып,
Гитараңның пернелерін жылатып,
Мен сүйетін әнді айтып бер, соңғы рет...
Сосын хабарласпайық!
Қар жауған түн
Мынау қардың тазасын-ай, аппағы-ай!
Тұра тұршы, лас табандар, таптамай!
Ақ көйлекті қалыңдықтай, кәдімгі,
Әп-әдемі бақтар-ай!
Осындай да
Аяқ-қолды тоңдырып,
Алып-ұшып кеудеңдегі соңғы үміт.
Алматының аруымен қыдырсаң,
Әр ұлпаны кірпігіне қондырып.
Аппақ қылып, аппақ кылып алапты,
Әрбіреуі ғажайып нұр таратты.
Аспан жақтан түсіп жатыр, би билеп,
Кіп-кішкентай періштелер қанатты!
Билеп, билеп, билеп жерге қонады...
Жүріп келем... Таусылған жоқ жол әлі!
Жүрегімде Алматының жылуы,
Көңілімде Көкшетаудың бораны!
Қарға ғашық болып көрген мұнша кім?
(Күнде осылай керемет боп тұрса Түн!)
Әкем алыс, қар күретіп қояр еді,
Шешем де алыс "үйге кір",- деп ұрсатын!
Бойындағы кісілікті қаза ғып,
Белден батқан былығына, сазарып,
Адамдардан шаршап жүргем және де
Аңсап жүргем Сені, қайран Тазалық!
Арманымды орындатқан бұл түн-ай!
Әне, бір қыз келеді, еріні - құлпынай.
Қуанышты кеудемдегі бөлісіп,
Ұстап алып, жуындырсам, шіркін-ай!
Жезөкше
(Пойызда танысқан жігітің әңгімесі)
Бір ауыр мұң үйір болып басына,
Кімдер келіп, кім кетпеген қасына?!
Қойынымда жылап жатты жезөкше,
Темекінің иісі сіңген шашына.
Жапырақсыз көңілі күздей тұлданған.
(Бір жақсылық күтті ме екен бұл да алдан?)
Жанын айтам аққу құстай жаралы,
Арын қайтем? – Ақ төсектей былғанған.
Көзден ағып өмірге айтар өкпесі,
Ағыл-тегіл жылай-жылай кетті есі.
Қадірінің қашқандығы сияқты,
Жамылғысыз жалаңаш қап бөксесі.
Жылап жатты... Есіне алып өткенді.
Тағдырына, өзіне өзі кектенді.
Бұрын мені қалай сүйсе риясыз,
Бүгін мені тура солай жек көрді.
Осы қызға бұрын қанша гүлді үздім,
Сырымызды жасыратын түн біздің.
Күлімдеген көзі еді ғой жұлдыз мың,
Бүлінбеген кезі еді ғой бұл қыздың.
Қыз еді ол қылығы бал-шекердей,
Бір жігітті шын бақытты етердей.
Енді бүгін әркім кіріп-шығатын,
Жын жайлаған жалдамалы пәтердей.
Кім кінәлі?
Анасы өліп, ішіп кеткен әке ме?
Ажырасып тынған - сәтсіз неке ме?
Жалақысы жарты айға да жетпейтін,
Кінәлі ме мемлекеттік мекеме?!
Алты күндей зулап өткен алты жыл,
(Өмірінің арты – өкініш, алды – зіл!)
Алқаракөк түндер қайда кешегі,
Мен сыйлаған гүлдер қайда алқызыл?
Қап-қара боп солған гүлдер алқызыл,
Танымастай өзгертті оны алты жыл.
Көктемінен қалған жалғыз белгі еді,
Елдің қамын ойлар ма ертең жалғыз ұл?!
...Мен кетерде сұр төсектен түрегеп,
Ол отырған төмен қарап, жүрелеп.
Кенет күлді сақылықтап сайтандай:
«Мен осындай болып кеттім, міне»,– деп.
Сол бір сөзі жанды көктей солғызды,
Қоспасы анық енді қайтіп жол бізді.
Бір-екі мың артық бердім: «шайға», – деп.
Ал сен қалай жұбатар ең ол қызды?!
* * *
Мен ертең кететін шығармын
Қаладан,
Мұңнан да жанымды талаған.
Жоғалып осы бір мекеннен,
Табылмай осы бір арадан.
Мен ертең кететін шығармын,
Ауылға,
Жететін шығармын бауырға.
Адасып кетпесем тұманда,
Тап келіп қалмасам дауылға.
Мен ертең көшетін шығармын
Қайтадан.
Бөлінген рудай боп тайпадан.
Шаңырақ сияқты бақ тайған -
Қайғы мен қасірет шайқаған.
Мен ертең өшетін шығармын
Есіңнен.
Сезімдей жалғыз сәт кешірген.
Алатау басына қона алмай,
Тайсақтап өте алмай Есілден.
Мен ертең өтетін шығармын
Өмірден.
Мүрде боп кәдімгі көмілген.
Немесе балбалға айналам,
Жауын мен жегі жел кемірген.
Мен ертең ауатын шығармын
Бұлттардай.
Ең соңғы әнім де шырқалмай.
Тарихтың шаңына көмілем,
Жоғалған, жұтаған жұрттардай.
Сен ертең күтпейтін шығарсың
Хатымды.
Ұмыт боп кездесу ақырғы...
Тек бір күн оянып кетерсің,
Қайталап жатып атымды...
* * *
Үш түн болды...
Құлап бара жатамын,
Биіктен.
Қурап бара жатамын,
Күйіктен.
Өліп бара жатамын,
Сау қалмай!
Шөгіп бара жатамын,
Таулардай!
Әлдекімнен қашамын,
Күш салып.
Әлдекімге жатамын,
Ұсталып...
Қарызданып жатамын -
Жұртымдай.
Бауыздалып жатамын,
Жылқымдай!
Еш айырмам болмай қап
Қайыңнан.
Сарғаямын, сор қайнап -
Уайымнан.
Қара шашын жайып сап,
Қайқаңдар,
Бұраң белі майысқақ -
Сайтандар!
Бастырылып, түршігіп
шығам да,
Тіл ұшында тұншығып
дұғам да..!
Екеу келіп тергейді,
Ісімді.
Осындайда көр дейді,
Күшіңді.
Үш түн тусте көргенім -
қысым-ды,
Ғазиз басым төрде еді -
түсірді.
...........................................
...........
Айтпағаным жөн бе еді,
Түсімді?!
ТЕК СЕНІҢ ЖАНАРЫҢ ОҚЫСЫН...
Тек сенің жанарың оқысын,
Ешкімге көрсетпе сен енді.
Көзіңнің ойнақы оты үшін,
Өмірге келген өлеңді.
О, сендік мойылдай қарашық,
Нұрынан өлеңім гүлдесін.
Өлеңге бір күліп қарашы,
Мұңайып қалып ол жүрмесін!
Бүгінгі жүрекпен жазғанға,
Иә, ертең жанарың ие ғой.
Өлеңге сәбидей мәз бол да,
Көзіңмен сүйе ғой, сүйе ғой!
Ешкімге оқыма дауыстап,
Жұрт жаттап алмасын жиылып.
Кеткенде арамыз алыстап,
Оңаша оқырсың, жымиып.
Сен оны жасыршы.
Салсаң да
Түпсіз көзіңнің түбіне.
Е, мейлі жаттап алсаң да,
Бір оқып шыға сал күніне!
Сүйсініп, сүйініп оқышы,
Көзіңнің нұрына бөлендір.
Көзіңнің ойнақы оты үшін,
Өмірге келген өлең бұл.
Құрбың да оқымай,
Оқымай жігітің,
Кішкентай құпия боп қалсын.
О, сосын ғашық боп... күні-түн,
О, бәлкім сен мені жоқтарсың?
Осылай мен аздап мұңайдым,
Жүрекке шоқ түсіп жаңа бір.
Мен сенсіз өмірге шыдаймын,
Өлеңге көз қырын сала жүр.
Ішіне бір тамшы түн құйып,
Шабытпен жаратқан Алла шын.
Мөп-мөлдір, тұп-тұнық, тұңғиық,
Көзіңді
Өлеңім сағынып қалмасын!
Ақындар жатыр көшеде
Ақындар жатыр көшеде,
Арзан ақшаға сатылып.
Көгермей қалған көсеге,
Тағы бір мұңға батырып.
Ақындар жатыр... көмілген,
Тұншыққан шаңға көп өлең.
Бақыт таппаған өмірден,
Орын таппаған сөреден.
Ақындар! Сендер сезімге,
Лапылдап, лаулап жүз жандың.
Арманы едің кезінде,
Қолы жетпеген қыздардың.
Ақындар, сендер кезінде,
Лапылдап, лаулап жүз жандың.
О, қандай жатсың сезімде,
Аяғы астында қыздардың?!
Қап-қара асфальт үстінде,
Жату да мүмкін мәртебе?!
Есенин жатыр, Пушкин де,
Гейне де, Гете, Данте де!
Мағжан да, Сәкен, Абай да,
Қасым да жатыр көшеде...
Кітап боп маған қарайды,
Көгермей қанша көсеге!
Үйлерде бос қап сөрелер,
Адам жоқ оқып, көрем дер.
Төмендеп кетіп өрелер,
Төмендеп кетті өлеңдер!