Марфуға Айтхожина: Талқымен дидарласу

Қыран жеткен

Жетіпті биігіне қыран бүгін,
Көрсетер қыран солай қырандығын.
Туған жер мәпелеген түлек үшін
Ақын да ағыл-тегіл құяр жырын.
Шалғандай шұғылалы ұямды күн,
Мендегі қалар енді ұяңдық үн.
Сен қанша биіктесең,
Қыраным-ау,
Мен сонша ширатармын қиял жібін.
Жортқандай дүбірлетіп құлан қырын,
Дем беріп қанатыңа тұрар жырым.
Жеткізер түбі мені тілегіме
Өмірге деген осы құмарлығым!
Өмірге деген осы құмарлығым
Әлі де салтанаттың құрар мыңын.
Қиырды шалады өткір жанарымен,
Қағылез,
Менің өжет ұландығым.
Жұлдыздай сөніп бір күн құлар көктен,
Ғарышқа ақын жаны құмар неткен.
Арманым болмас еді бұл жалғанда,
Биікке жырым жетсе
Қыран жеткен!

Cарқырама қасында

Тәкаппар,
Талқы тауы көк тіреген!
Сол тауда қыран құстар кеп түлеген.
Еркесі сияқты еді,
Сарқырама,
Жартасын жата қалып тепкілеген.
Құлама басын құзар құздан алып,
Керемет,
Құбылыспен қызғанарлық,
Сарқырап жатыр ағып қыс ішінде,
Сезімін селдеткендей бізге барлық.
Бәлкім, ол —
Періштедей пәктігінен,
Талай жыл мені күтіп жатты білем.
Өзіңе созған қолым жетпесе де,
Қанатын жүрек құсым қақты кілең.
Шындарға мен шықпаған жетті ме өлең,
Білместік,
Бәлкім, талай өтті менен,
Құдіреттей құзыңнан құлап аққан,
Қалпыңды бір көрсем-ау деп тілегем.
Сезініп сырттай бәрін жүрекпенен,
Сәттілік саған дәйім тілеп келем.
Жататын құз-қойнауды көзіне ілмей,
Кеудемнен өзіңе ұқсас,
Түлетші өлең!
Бөлендім ойлап сені зарлы-мұңға,
Әйтпесе,
Мен біреуден жарлымын ба?!.
Қойнында шатқал-шыңның өскеннен соң
Алғанмын өр мінездің барлығын да.
Алғызбай жатса да алда асу биік,
Алдыңа келіп тұрмын басымды иіп.
Сарқырама сияқты тасымаса.
Жүрмейді балаң сенің жасын құйып.
Жүрмейді балаң сенің жасын құйып,
Мен де бір ауып кеткен асыл киік.
Өзіңе оралармын сәті түссе.
Жер беті жасанғанда,
Жасыл киіп.
Келіп едім ақырған ақпанында,
Көп-ақ екен жоғалтып,
Тапқаным да...
Қыстың көзі қырауда,
Сарқырама,
Алдымда ақтарылып жатпадың ба.
Толғанып қойған бабам, тасқа да атын,
Өткен ғой,
Тауларға ұқсас асқақ ақын.
Өр өмір кешіп келем өзіңе ұқсас,
Жайым жоқ қысылатын,
Жасқанатын.
Өлеңнен болмаған соң басқа жақын,
Ой сергек,
Сезімімді басқаратын.
Адасқан айдыныңнан аққуыңмын,
Қақтырған армандары қос қанатын.
Жаныңа өтсем деуші ем жара салмай,
Қайтейін,
Жете алмадым ара шалғай...
Қолымнан бар келері —
Ей, Тәңіртау!
Қалармын адам болып,
Аласармай!

Шыңдағы шопан

Жатқанда құс қиқулап енді қонып,
Көктемге бір ерекше белгі болып,
Сәйгүліктер сабылған даласында
Мәз боп қайттым баладай,
Елді көріп.
Жалғыз үймен отырған жапандағы,
Қандай берік десеңші шопан жаны.
Айыр таулар арасы,
Меңіреу, тыныш,
Жайылып жүр беткейде отарлары.
Мәпелейді,
Күтеді жаны қалмай,
Қоңыраулатқан құздарды әні қандай!
Құлағымнан кетер ме қоңыр үні,
Жүргендеймін шөліркеп әлі қанбай.
Қыран кезген тау-шыңын араладым,
Жартасқа жаңғырыққан даладағы үн.
Ұлдархан мен Сара жүр әбігер боп,
Жұмсап қойып бастауға балаларын.
Береке мол сол үйде,
Бас құралған,
Сол бір үйден басталар тасқын — арман.
Жүзі нұрлы даланың шуағындай,
Маң төбеті еріп жүр қасқыр алған.
Далада ескен бала да малға бейім,
Сен дағы әке жолын жалға дейім.
Таңнан бұрын оянар,
Бауырлар-ай!
Қырда жүріп, қатардан қалма кейін.
Туған жерге ұйғарып қойған атын,
Күнес деген ұлы бар қой бағатын.
Қысы-жазы көрмеген мектепті бір,
Сондай кезде толқисың,
Ойланасың...
Жүрсең де тау жаңғыртып асқақ үнмен,
Хабарың жоқ, қарғам-ай,
Басқа күннен...
Белдеуде тұр тыпыршып,
Оқыранып,
Күнестің бәсіресі — қасқа жирен.
Бар ма деймін балада асыл дарын,
Байқаймын,
Жанардағы — жасындарын.
Дәкен отыр миықтан күліп қойып,
Іштен мақтан еткендей жас ұлдарын!
Қанша атса да қайталап жылдар таңы,
Жалғыз үйдің жапанда ұлдар сәні.
Кім біледі, олар да оқу оқып,
Өмір сыны серпілтіп,
Шындар тағы...
Тындырымды, іскер деп,
Дәкенім деп!
Ұміт артқан ұлы екен әкенің көп,
Сертке берік өзіндей ер тұрғанда,
Қауіпім де,
Ешнәрседен қатерім жоқ!.
Біз бұл жақта,
Ал, сендер, арғы бетте,
Көңілінде білмеймін,
Қалды ма өкпе.
Хабар күтіп жаутаңдап жүрсің бе екен,
Арада жыл айналып,
Ай, күн өтсе...

Қайран, талқы таулары-ай!

Арнау
Өлеңнің өніп жатса тасқа гүлі,
Жұртына жетіп жатса асқақ үні.
Табаны аумай өтсе туған жерден
Адамның болар ма екен басқа мұңы?!

Бұл шақта ширықты ма,
Шынықты ма үн,
Таңдардың тілеп келем тұнықтығын.
Келеді бір мұңымды бәріңе айтқым,
Шыңына Алатаудың шығып бүгін.
Тілекке жетпеймін бе,
Жетемін бе,
Тағдырдың жүрген жоқпын жетегінде.
Мекендеп Алатауды жүрген жай бар,
Тусам да Тәңіртаудың етегінде.
Келсем де бір ғасырдың жартысына,
Тағдырдың түсіп келем талқысына.
Бөлініп,
Жарылудан көз ашпаған,
Қайтейін,
Қазағымның халқы, сірә.
Көңілім жүрмесе де тасып ерен,
Ойымды саған айтар ашық өрем.
Туған ел!
Өзіңе арнап өлең жазам,
Көз емес,
Жүрегімнің жасыменен!

Кешір мені

Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Сен екенсің іштегі күйік көптен.
Қарап тұрмын қасында көз ала алмай,
Бұрынғыдан кетіпсің биіктеп сен.
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Халқымның құтысың ба, үйіп-төккен.
Шуақты шындарыңа шығар мені,
Арман жоқ,
Алауынан күйіп кетсем!
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Әніңді тыңдамап ем ұйып көптен.
Шертші бір,
Күй кеудеңді күмбірлетіп,
Ғажап емес,
Нөсердей құйып кетсем.
Қайран Талқы таулары-ай!
Биік неткен,
Самалың сипап жатыр,
Сүйіп беттен.
Білмейтін қадіріңді балаң кезде,
Кешір, сендей сұлуды
Қиып кетсем!..

Талқымен дидарласу

Тартса да қаншама көп халқы қайғы,
Сыр шертпей отыра алмас Талқы жайлы.
Талқыны ауызға алмай,
Ей, халайық!
Менің де ойым биік шалқымайды.
Айналып түссе дағы аспан жерге,
Үмітім онсыз менің баспайды өрге.
Күрсінбей,
Күні өтпеген балан едім,
Байланған көкірегі жастай шерге.
Тербетіп тереңімді сонша тұнық,
Сол шерім жатыр бүгін тарқатылып.
Көрейін мен де өзімше ақтарылып,
Әсеттей жатпасам да ән шақырып.
Көрейін мен де өзімше ширатылып,
Жүрегі құштар жан ем жырға тұнық
Жүйрік қой желген аттай уақыт деген,
Жүргенді көтермейтін ырғатылып.
Ақын ем ағытылған,
Еркін үнді,
Көрейін уақыт, сенің серпініңді.
Тілеп тұр,
Күй — көкірек,
Күмбір қағып,
Армансыз осы бір сәт шертілуді.
Талқыны кетермін мен аттап қалай,
Жартасы жатыр сырды жастап талай.
Бәрін де бір басыңнан өткізсең де,
Тұрсың-ау, аласармай, асқақтамай!
Тұтасқан сабыр толы,
Тұлға қандай!
Тынбаспын мен де өзіңді тыңдап алмай.
Сарықпай сабырыңды қалай тұрсын,
Елгезек бұлттар қолын бұлғағандай.
Жетіп ем, сапарымды жылдамдатып,
Тағынып омырауға жырдан жақұт.
Тілдескен аспанменен,
Тәңіртауым,
Өзіңсің басымдағы тұрған бақыт!
Көрінбей көзге талай заңғарсымақ,
Келеді ғой төзімімді таңдар сынап.
Отыз жыл жылу беріп,
Жыр жаздырған,
Өзіңсің көкіректе жанған шырақ.
Сәл мұрсат берсе, шіркін, уақыт маған,
Туған жер!
Дәм-тұзыңды татып бағам.
Қойныңнан қойтас құрлы орын алсам,
Болар ма,
Менен асқан бақытты адам!..


Аңсау

Қарайсың жанарыңнан таралып мұң,
Болар ма алшақтығы аралықтың.
Көлбеген көк мұнарың көрсетер ме,
Іздерін аңсап келген балалықтың.
Көрейін Көлденеңсу,
Көксаламды,
Айыптама,
Көз жазған кеп баланды.
Төркіндеп келген қызың мен болармын,
Алыста жүріп білген тек бағанды.
Өзіндей өзгеше жер табамын ба,
Гүлдерің майысады сабағында.
Соған да риза болып аттанар ем,
Шыңың тұрғай,
Жүрсем де табанында...
Суық қой, болмас, сірә,
Таста сезім,
Табанға көзің қиып баспас едің.
Көңілім сергіп кетті,
Көріп сені,
Мейлі, қайда болса басташы өзің!
Қыран жүр қияныңда батыл шарлап,
Биікте жүріп кімге ақыл салмақ.
Ал менің мынау нәзік жүрегімде —
Жартасыңа барабар жатыр салмақ.

Әке жұрты

Шыққанда Талқыны асып,
Кезеңге бір,
Құйылып қолқа — жүрек, өзенге нұр.
Сайрамның жанарынан жас жаңбырлап,
Егіліп жатқандығын сезер көңіл.
Теңдессіз тап болғандай бір суретке,
Басылды көзіме оттай Күркілдек те,
Коп жылдар өзіңменен көріспеп ем,
Ұсынып тұнығыңды тұрсың көпке.
Кешірдің тентектігім аңғарылса,
Неліктен жақын едің жанға мұнша.
Маңына маржан шашқан,
Күркілдегім,
Ішейін тұнығыңды қанғанымша.
Шым батып жоғалмайтын
Тасқа,
Құмға,
Өзіңсің өзенім де,
Бастауым да.
Мен сені қалай ғана ұмытайын,
Әкемнің жұрты жатыр бас жағында.
Бөктерде,
Қарағайлы,
Көгал — шатты,
Әкемнің жұрты жатыр,
Жоғалмапты.
Кетсе де өзі өмірден,
Көзі ғой бұл,
Тұрмын мен тебіреніп соған қатты.
Мен тұрмын тебіреніп,
Еміреніп,
Жатқандай сол бір жұрттан өмір өріп.
Ескі жұрт!
Еске салар кәп жайларды,
Жатса да ойы ойсырап,
Өрі кеміп...
Оты орап өкініштің құшып жалын,
Өтті екен қимай қарап,
Тұсыңнан кім?!
Сол күндер өлең болып оралды ма,
Сол жігіт қырдан теріп ұсынған гүл.
Кім ұғар, сол сәттегі күйімді,
Алла-ай!
Ұсынған тағдыр маған күйің қандай.
Әкемнің көне жұртын көрген кезде
Бауырыма ыстық сезім құйылғандай!
Жөңкілген бұлттар дайын аспан кернеп,
Сол сезім мені ілгері бастай бермек.
Сол сезім сияқтанып тұр ғой самсап,
Мәңгі жас самырсындар тастарда өрлеп.

adebiportal.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста