Күләш Ахметова: Тағдыр – қатал, адамдарда бар ма айып?

АЗАН
Шам қаласы. Ояндым таң алдында.
Таң алдында бөленді санам нұрға.
Ғарыш жақтан ғажап саз құйылып тұр!
Құдірет бары білінді маған мұнда.
Таң шапағын көруден артық бар ма?
Періштелер ұша ма қалқып таңда?
Алагеуім кез еді , елең-алаң,
Өн бойымды ұлы әуен балқытқанда.
Дұға деуге болады, тілек деуге.
Нүрлы рухқа толғандай жүрек, кеуде.
Ұлы әуез бе,
Әуеден жіберілген
Жан әлемін адамның реттеуге.
Қайдамын мен?
Қай мезгіл?
Нешік халім?
Жүргем жоқ па жұмақтың кешіп бағын.

Жат өлкеде жалма-жан есіме алдым
Мейманхана жанында мешіт барын.
Сыры - терең. Сырты - саз. Сұсы - мықты,
Құдіретін құранның ішім ұқты.
Мешіттерге кірмеген мен жазғанға
Бола кетті мезетте түсінікті,
Таң намазы уағы-ау. Бұл әлі азан.
Қасиетті ай еді рамазан.
Құдай деген жердегі пенделерге
Құран жолы - ғұмырлық ғұлама заң.
Сүрелері аяттың жан баурады.
Рухымда, тәнімде таң лаулады.
Шам қаласы шам жаққан жүрегімде
Аллаға деген сенім мәңгі орнады!
Лә-иллаһа-ил-Аллаһ!

 

ЕРТІС БОЙЫНДА ТУҒАН ОЙ
Жасыл дала, жасыл қыр, жасыл ғалам,
Жасыл нұрмен, табиғат, асыл бағаң.
Жасыл дала төсінде ойнайды Ертіс —
Еркелігі әлі де басылмаған.
Ертіс бойын жағалай ұшар әнім,
Тұнығынан иіліп іше аламын.
Кенет... түсті есіме шөлдеп жатқан
Ауылым — менің құйттай Үшаралым.
... Құлағыма көңілсіз күй келеді,
Сарғаюда су жетпей жиделері.
Ыстық желден қураған жапырақтар
Сөйлер еді, су болса, билер еді.
Мұңаямын алам да еске сені,
Мұнша неге табиғат өштеседі.
Сұлулық та су барса, өшпес еді
Қала жаққа адамдар көшпес еді.
Жүрегіңе жетер ме бұл дастаным,
Тұнжырай ма жұлдызың, түнгі аспаның.
Біз оқыған мектептің айналасын
Қаламаймын суық-сұр құм басқанын.
Қаламаймын қалың тал жылағанын,
Құм басқанын қып-қызыл гүл алаңын.
Шынымен-ақ сен жаққа келмес пе екем
Сызылдырып бір әсем бұлақ әнін?!
Атушы еді таңдары арайлап та,
Айналатын жер еді талай баққа.
Ертістейін бір өзен керек еді.
Елі жомарт, жері бай сол аймаққа.
Үнсіз аспан тағы да үндемеді,
Қызыл жыңғыл, жас өрік гүлдемеді.
Жүрек қалай адамға керек болса,
Сондай керек далаға су дегенің.
Соны ойласам сыздайды бүкіл денем,
Таңданамын бұл қатал үкімге мен.
Туған жерге, өзендер, керексіңдер,
Қан тамыры сияқты лүпілдеген.
Күте алмаған адамға кінә артыңдар,
Болашақ бар, жарқырап туар күн бар.
Айналайын, өзендер, асығыңдар,
Менің туған даламды қуантыңдар.
Бұрын онда аққу мен қаз көп еді,
Су азайды, құстар да аз келеді.
Құс кетпесін, жапырақ таусылмасын,
Жапырақтар таусылса, жаз да өледі.
Қуантыңдар қураған жапырақты,
Құралайды, құстарды, бал құрақты,
Аралаңдар тау, орман, жазықтарды,
Қалдырмаңдар шөлдеген атырапты.
Аптап шөлден құтылып құрытқан нәр,
Су сылдырын тыңдасын тұнық таңдар,
Ұлы Отанды, өзендер, аралаңдар,
Менің құйттай ауылымды ұмытпаңдар!

 

* * *
Жарасатын еркелік бұла айдындарға,
Көздерінде көлдердің бір айбын бар ма?
Көңілсіз-ақ.
Сендер де,
шынарларым,
Үнсізсіңдер,
күз келіп,
мұңайдыңдар ма?
Мұң не керек,
әсем ән — шығармаң барда?
Қол созу керек, әрдайым ұлы армандарға.
Өмір қымбат
сан рет сыналғандарға.
Қыс та қызық
қадірін біле алғандарға.
Күннің нұры оятып қоңыр ауланы,
Қызыл гүлін тағармыз омырауға әлі.
Сылдыр-сылдыр қағылар
жапырақтар —
Табиғаттың тамаша қоңыраулары.
Таң арайлап,
бұлбұлдар қайтарғанда әнін,
Жасыл киіп,
жасарар қайта ормандарың.
Шынарларым,
шынайы бақыт шығар
Туған жердің төрінде жайқалғандарың.
Табиғаттың талантты әмірі-ау бәрі,
Қыс та бір күн сезінер өмірі ауғанын.
Шынарларым,
сыңғырлар бір-ақ күнде
«Жаз келді!» деп жапырақ — қоңырауларың.

 

* * *
Тағы үзіліп түсті бір жапырағың,
Бәлкім, гүлдеу дәуірің өткен шығар.
Мезгіл — өзен,
жұлқиды батыл ағын.
Мұңайма, гүл.
Қайтадан көктем шығар.
Алдың — ақпан.
Ол сені аямас-ты.
Сабағыңды сап-салқын қар басады.
Бірақ өзің қалсаң да аяқ асты,
Ұрпағыңа ғұмырын, жалғасады.
Дірілдейсің.
Үрей бар жүрегіңде,
Намыс қані?
Ән салған дауыс қані?
Ағын судай асыққан бұл өмірде
Ғұмыр деген осындай
ауыспалы!
Қысқалықты адамдар қас қағым дер,
Нәркес көзің мөлдіреп
жылама, гүл.
Көктем келер, жайқалар басқа гүлдер
Басқа гүлдер үшін де қуана біл!

 

* * *
Heгe бүгін тау жаққа жүр демедің,
Тәкаппарлық біздерге не береді.
Айтқың келіп тұрдың да, үндемедің,
Тау баурайы жылда бір көгереді.
Жазды ұзарт деп тілеп ем мен тәңірден,
Жаз қызығын бірақ сен молайтпадың.
Тамылжыған тамыздай сентябрьде
«Қыдырайық, жаным!» деп неге айтпадың?!
Көп ойланып екеуміз отырғанда,
Көк орамал жамылған жаз өтеді.
Самал сезім сананы сапырғанда
Тауды аралап қайту-ақ қажет еді!

 

* * *
Екеуміз қандай баймыз?
Ертегілер елінде қалғандаймыз.
Бәрі бар екеумізде,
жалғыз ғана
Осылай отыруды армандаймыз.
Даланың қара орманы,
қара суы,
Жолдары,
төбелері,
бар асуы —
Біздікі —
батар күн де,
ақша бұлт та,
Ешкімнің мүмкін емес таласуы.
Менікі —
атса қанат жайып таңың,
Менікі —
мейрам көңіл, байыпты әнің.
Менікі —
барлық қызық,
қандай жақсы
Бір күнде осыншама байытқаның!
Көзіңнің жақұты үшін,
жалыны үшін,
Даланың самалы үшін,
сағымы үшін.
Рахмет!
Сүймеуге қані күшім,
Сүйкімді азабым мен сағынышым!

 

* * *
Қар жамылды ескерткіш биік мүсін,
Шаңқан аппақ шапанын киіпті шың.
Аққу мамық әлемнің құшағында,
Жаным, сен сүйкімдісің, сүйіктісің.
Қар астында самғауға тым құмар ек,
Көңіліңе қаймақ-ой тұрды ма көп?
Алғаш жауған ақ қарды ұнатушы ең,
Ақ түйіршік қонды әне мұрныңа кеп.
Жып-жылысың, лезде еріп кетті,
Айналаны ақша қар көрікті етті.
Кірпігіңді күміс нұр ылғалдады,
Мен сені сүйіп алғым келіп кетті.

 

* * *
Басталды дауыл бораған,
Кетеді ұшып ес кей күн.
Ғашық боп қалдым мен оған,
Жапырақтар-ау, не істеймін?!
Сендердей нәзік сезімді
Баса берсін бе жойқын қар?
Қатты аяп тұрмын өзімді,
Қайратты ақыл айтыңдар.
Жүрегім дертті, сеніңдер,
Сендерге ортақ сырым бар.
Жүрекке ұқсас едіңдер,
Тілектес болып тұрыңдар!
Әп-сәтте басар еңсеңді
Соққанда өмір құйыны,
Айтайын деген нәрсеңді
Айта алмау екен қиыны.
Сурылып талай құмдар да,
Таусылар талай думандар,
Мүмкіндік барда,
үн барда
Шулаңдар,
тынбай
жырлаңдар!

 

ШІЛТЕР
Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән,
Жүгіреді жылдар шашып шаңға шаң.
Жырларымды көп адамдар тыңдаған,
Ана, сен ғой естімедің ешқашан.
Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған,
Ал мен болсам, тозбайтұғын сөз бағам.
Here адамды сақтау қиын зат құрлы?! -
Дейді менің бота көңлім боздаған.
Ой тоқып ем, шілтер емес, шықты өлең,
Тоқи берем, ұқпасам да түк те мен.
Уақыттан сызат түскен сандықта
Шілтер жатыр соңғы гүлі бітпеген.
Шашыраған сәулесі бар жұлдыздың,
Шашыратқы гүлдері бар қырғыздың.
Ескі торға жиі-жиі қараймын,
Ең ақырғы құрметіміз бұл біздің.
Шілтер жатыр. Ал тоқыған жан ғайып,
Тағдыр - қатал, адамдарда бар ма айып?
Саусағыңның ізі қалған ескі тор
Сағыныштан кеткен сынды сарғайып.
Мазалайды кірпігіме шық келіп,
Жан інімнен жарымаған сүт те еміп
Қысылғандай ыңғайсыздау қалыпта
Шілтер жатыр бір уыс боп бүктеліп.
Шілтеріңмен көз жасымды сүртермін,
Сүрткен сайын жанарымды бүркер мұң.
Ол үшін сен қанша көркем гүл тердің!..
Өкінішті! Апа, сенің ғұмырың
Ғұмырына жетпегені шілтердің!
...Шілтер жайлы мұңды өлеңді созбай тым,
Бітірейін. Ойды ой ғой қозғайтын.
Өмір шығар - өзі кетіп адамның,
Бір ескерткіш қалдыруы тозбайтын.
Білем, әке, сен мені сағынасың бұл күнде,
Бәлкім, сенің басқадан қуанышың, күлкің кем.
Тұсыңдағы суретке қарап жатып көз ілсең,
Түсіңе еніп жүрген де шығармын-ау мүмкін мен.
Іздейсің сен мені, әке, көршілердің сөзінен.
Маған ұқсас сіңлімнің жәудіреген көзінен.
Тұңғыш перзент тұп-тұнық қызығыңды аңсайсың,
Аңсайсың да іздейсің, айтпасаң да, сезінем.
"Әке үшін бәрі бір, ұл немесе қыз", - дейсің.
Алыста да сенесің, үмітіңді үзбейсің.
Алаң болып, мен үшін бір кесе шай кем ішіп,
Жаңа келген газеттен есімімді іздейсің.
Темекіңді тұтатып, түнде де көз ілмеген,
Көзің болса, кеше гөр, кешіксем де бір келем.
"Айналайын" деп маған сенен басқа кім айтсын,
Қадіріңді сездіріп, өтіп жатыр жыл деген.        (1977 ж.)

 

* * *
Қызығын тұңғыш перзенттің,
Боларсың, әке, тілеген.
Есейіп, бәлкім, ержеттім,
Аттанып барам, міне, мен.
Ақ бата бердің, дірілдей,
Жасымнан бауыр басқан үн.
Бұл күні қалмай бірің де
Келдіңдер, ауылдастарым.
Келдіңдер бәрің гүл алып,
Кетерде сыйлап жарқын жыр.
Мендегі наз бен бұлалық
Ескерткіш болып қалсын бір,
Ұзатып тұрып, қашаннан
Қазақтан қалған салтқа орай,
Жанарларына жас алған
Қадірмен, қайран, қарттар-ай.
Амалым басқа аздықтан
Қарадым тоймай, беріле
Атымның өзін әз тұтқан
Аяулы жеңгелеріме.
Бұл күн мен келер күн қандай,
Ойламау оны және ауыр,
Кетті-ау деп мені тұрғандай
Булыға жылап самауыр.
Тапқанмен бақыт өрісін,
Жанымда бітеу жара бар.
Ойынын қойып мен үшін
Мұңайып тұрды балалар.
Жақындар қимас пішінде,
Қоштасьіп қолым соза алам,
Қамығам бірақ ішінде
Болмағандықтан өз анам.
Қамыкда деп бір кәрі әже,
Батасын маған жаудырды.
"Тапсаң да атақ, дәреже
Ұмытпа, - деді, аулыңды".
Медет қой, әже, үміт те,
Демеймін маған енші бер.
Жанымда тұрған жігітке
Сүйсінсе болды көршілер...
Жылылық таптым көздерден,
Құйылған дерсің тек күннен.
Қимайтындарыңды сезгенде
Бақытты болып кеттім мен.
Қайтарсың. қалқам, ауылға,
Асықтыруда күндер шын.
Сұраған досқа, бауырға
Үлбіреген дүниеден
Үйлесім іздеп жүр дерсің.
Қайтарсың, қалқам, ауылға,
Қуанып досың үлгерсін.
Сұраған туыс, бауырға
Ұлыдан қалған сөздердің
Ұйқасын іздеп жүр дерсің.
Екеуіміз туған үйге өлі,
Әкеме батыр тұлғалы
Арманшыл әкең туралы
Бәрін де бәрін айтарсың.
Шаршасам, өзім кінәлі,
Кірістіремін кімді өзге?
Ізгілік болып ұраны –
Ұшырған туған ауылға
Жырларым жетер бір кезде.

 

АЗАН
Шам қаласы. Ояндым таң алдында.
Таң алдында бөленді санам нұрға.
Ғарыш жақтан ғажап саз құйылып тұр!
Құдірет бары білінді маған мұнда.
Таң шапағын көруден артық бар ма?
Періштелер ұша ма қалқып таңда?
Алагеуім кез еді , елең-алаң,
Өн бойымды ұлы әуен балқытқанда.
Дұға деуге болады, тілек деуге.
Нүрлы рухқа толғандай жүрек, кеуде.
Ұлы әуез бе,
Әуеден жіберілген
Жан әлемін адамның реттеуге.
Қайдамын мен?
Қай мезгіл?
Нешік халім?
Жүргем жоқ па жұмақтың кешіп бағын.

Жат өлкеде жалма-жан есіме алдым
Мейманхана жанында мешіт барын.
Сыры - терең. Сырты - саз. Сұсы - мықты,
Құдіретін құранның ішім ұқты.
Мешіттерге кірмеген мен жазғанға
Бола кетті мезетте түсінікті,
Таң намазы уағы-ау. Бұл әлі азан.
Қасиетті ай еді рамазан.
Құдай деген жердегі пенделерге
Құран жолы - ғұмырлық ғұлама заң.
Сүрелері аяттың жан баурады.
Рухымда, тәнімде таң лаулады.
Шам қаласы шам жаққан жүрегімде
Аллаға деген сенім мәңгі орнады!
Лә-иллаһа-ил-Аллаһ!

 

АЙША БИБІ
Күмбезін көріп анамыз Айша бибінің,
Көзіме жас кеп, кеудеме толды күй бүгін.
Сақтай алмаппыз бастапқы таза қалпында
Хас шебердің қалдырған қымбат сыйлығын.
Өрнекке қара өмірмен бүкіл өрілген,
Топырақ мықты екен ғой тіпті темірден.
Қымызға илеп, қыл қосып құйып, қыздырған
Қыштарды қатал уақыт қалай кемірген.
Жер сұлу - күзде.
Күздегі бұлттар тым кезбе.
Күздегі тірлік, күздегі көңіл мүлде өзге.
Бітпейтін мұң мен сағыныш, талант бірлігі
Биіктік берген, сұлулық берген күмбезге.
Жасайды даңққа бөленіп бөлек өрнектер,
Бас иер әлі қаншама ұрпақ, әулеттер.
Әйелдің атын қалдырды мәңгі,
өз атын
қалдырмай кеткен қарапайым бір сәулеткер.
Өткізді ме екен осында ол көктем, жазын да,
Өнер ғой майдай сазды дәл тауып қазу да.
Өнер ғой оны құю да...
Бірақ, шынында,
Өнердің нағыз көкесі анау жазуда!
Шеберлігі үшін таласпаймын да ұстамен,
Тереңдігі үшін бас ием осы тұста мен.
Ақындық қандай мұндағы:
"Күз. Бұлт. Жер - сұлу"
Оқыған емеспін осыдан жақсы қысқа өлең.
Өміршең өнер!
He деген мықты ең, шынайы ең!
Шынайылыққа табынар әлі құлай ел.
Өмірдің қысқа,
Өнердің ұзақ екенін
¥рпақтарына ұқтырар мәңгі ұлы әйел.
Әйелдің әнін қорғауға әр кез даярмын,
Мәніне қара қайсыбір жырдың, қай әннің.
Айшаға күмбез орнатқан ел ғой, туғызған -
Бейнесін асыл Қыз Жібек пенен Баянның.
Күмбезге қарап тумайды қалай шалқыма,
Ерлік пе, әлде елімнің үлгі салты ма?..
Айтайын алғыс атынан бүкіл әйелдің
Әйелге тозбас ескерткіш қойған халқыма!

 

ЖАЗЫЛҒАН ЖЫРЛАР
Жазылған жырлар! Жанымның құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің қайсы тұстарын?
Сендерді көріп сүйсініп жүр ме достарым,
Таңырқап жүр ме, табалап жүр ме дұшпаным?
Ұшырып ем ғой, шартараптарға барсын деп,
Сендерден біреу керегін тауып алсын деп.
Ғимараттардың басына емес, өмірге
Ғашық жандардың кеуделеріне ұя салсын деп.
Құйттай құстарым, жаныммен жіпсіз жалғасқан,
Сау жүрсіңдер ме ақ қанаттарың талмастан?
Қалған жоқсыңдар ма қалтарыстарда елеусіз
Ғажап саздарды тыңдаған кезде таңғы аспан?
Қона алдыңдар ма махаббатардың бағына,
Төге алдыңдар ма сағыныш толы лағыл ән?
Жанымның даусы сендерге еді аманат,
Жеткізе алмасаңдар не қылам?
Соны ойлап жиі қамығам.
Құйттай құстарым! Көмейлеріңде жыр-ән бар,
Жолдарың ауыр, арымай, талмай шыдаңдар.
Құйттай құстарым, құласаңдар да, өтінем,
Адамдардың тек жүрегіне жетіп құлаңдар!
Өмір-тағдыр, не деген тартыс еді!
Көндіреді заңы мен салты сені.
Қызық күндер орнына қиындық кеп,
Қызыл гулдер орнына қар түседі.
Балалық шақ дегенің ертегі екен,
Ендігісін қалайша көркем етем?
Жақындарым айтпаған сөздерді айтып,
Өзімді-өзім анам боп еркелетем.
Бәрін Тәңір бере ме сұрағанға,
Арман болмай тұра ма бұл адамда?
Өзіме-өзім қиналсам қайрат беріп,
Өзімді-өзім жұбаттым жылағанда.
Артық емес мен үшін алтын ардан,
Өмір - қымбат, шықпайсың бар құмардан.
Бақытым жоқ менің де басқалардан
Тартып алған немесе артық алған.
Өзіме-өзім сүйенем, о, расында,
Өзіме-өзім жол салдым борасында.
Өзіме-өзім жете алмай отырамын
ЬІдыстар мен дыбыстар арасында.

 

ҚАЗАҚСТАНЫМ
Өзіңсің, Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар
Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.
Паң далам - Қазақстаным!
Сен барда ғажап шебер, ғажап ұстамын,
Түсінем өзендердің саз - ағыстарын.
Қырандар қанатында даңқы кеткен
Ғазалым - таусылмайтын таза нұсқалы.
Ән далам - Қазақстаным!
Сен менің шұғылаға толған даламсың,
Жасампазым, сан асу жолдарды аларсың.
Бабамның көздерінің қарашығы ең,
Баламның бақытына да қорған боларсың.
Жан далам - Қазақстаным!
Керемет өріледі гүл өңірде өлең,
Кезің қандай өрік пен шие гүлдеген!
Дарқандығын сезініп, еркін басып,
Өмір сүргім келеді, ұлы Елімде мен!
Кең далам - Қазақстаным!

 


ЖАН ДАЛА – ЖӘННАТ ДАЛА
Өзіңсің , Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар
Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.
Гүл дала – Қазақстаным.

Сен үшін бар сөздіктен сөз таңдайын көп,
Сен барда басылмайды жез таңдайымда от.
Мен сенен кете алмаспын, амалсыздан
Бір кетсем, оралармын бозторғайың боп.
Ән дала – Қазақстаным.

Сен барда ғажап шебер, ғажап ұстамын,
Түсінем өзендердің саз ағыстарын.
Қалай ақын болмайын, мен түгілі
Ұшады көгіңе жыр жаза құстарың.
Қырандар қанатында даңқы кеткен,
Дән дала – Қазақстаным.

Сен менің шұғылаға толған даламсың,
Жасампазым, сан асу жолдарды аларсың.
Бабамның көздерінің қарашығы ең,
Баламның бақытына да қорған боларсың.
Жан дала – Қазақстаным.

Керемет өріледі гүл өңірде өлең,
Кезің қандай өрік пен шие гүлдеген.
Жүрегіме сыйғызып бар бейнеңді,
Қалсам деп ем өзіңнің жүрегіңде мен.
Кең дала – Қазақстаным.

Керегі жоқ даңқ дейтін маған сөренің,
Жетер біраз есіңде қала алса өлеңім.
Халқым маған сенеді әлсіз демей,
Үйткені мен, туған жер, саған сенемін.
Жасай бер , Қазақстаным.

 

АЛТЫБАҚАН

Тамаша дәстүрімді халқыма тән,
Жоғалтпай, аялашы, алтын Отан!
Орны боп шын достықтың әуелесін
Үстінен жұлдыз жауған алтыбақаң.
Осында қыз танысса жігітпенен,
Жас жүрек сезімдерін ірікпеген,
Жүректен жүректерге жетіп жатқан
Бір ғажап дүние ғой үміт деген!
Табылмас жан байлығы сатып алса,
Арулар сәнденеді тотытларша.
Басына алтыбақан жиналады
Кімде-кім жүрегінде оты болса.
Жұлдыздар, сонда айрықша жанушы еңдер,
Бұлбұлдар, үнсіз тыңдап қалушы еңдер.
Ән төккен кемпірқосақ секілді еді
Айналған алтыбақан - карусельдер.
Жайқалса жапырағы жанып тоғай,
Байқалса жалғыздықтан жабыққан Ай,
Мүмкін бе пәк сезімді бастан кешу
Биікте осылай бір қалықтамай?!

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста