Келіс Рахымжанов: Ғашықпын өмір өзіңе, қайтейін оны жасырып

Келіс Рахымжанов: Ғашықпын өмір өзіңе, қайтейін оны жасырып

Түсесің ғой түсесің күнде өмірдің тезіне
Кейде соны жүресің жан-тәніңмен сезіне.
Сыбыр-күбір әңгіме айтылады не түрлі
Құлақ қойып байқасаң әркімдердің сөзіне.

Алаң боп жүр көңілі талай адам сөзге еріп
Жеме-жемге келгенде сөз кеткен соң өзгеріп.
Қазір мақтап тұрғанын жамандайды ертең кеп
Қиракезік қу тілді сенделгенге кез келіп.

Қудың сөзін құнсыз жүр қостап қойып сөзге ерген
Түбі шикі абайлап тіл тауып жүр ездермен.
Бірақ оны көзіне де ілмейді-ау
Білімділер көз көрген.

Қулық сөзді көркемдіп жеткізсе де білгенге
Өрісі оның тарылып сала берер бір демде.
Қисық сөздің құрығы жете алатын жер алыс
Сөзі жуан ортадан сәл қашықтау жүргенге.

Өтіріктің кей-кейде озып кетіп заманы
Адалдықты аңдаусыз жағасынан алады.
Сәл нәрседен сезікті желкесімен сезетін
Қу боп алған қисапсыз бұл заманның жаманы.

Арпалыса беретін күнімен де түнімен
Алысуда адамдар әз заманның сұмымен.
Айналаңа кей-кейде жалтақ-жалтақ қарайсың
Қауіп төніп тұрғандай көп залымның бірінен.
10.05.2012

 

Алматыда бір үй бар

Алматыда бір үй бар ел білетін.
Көп нәрсеге көңілді сендіретін.
Қаншама ұрпақ алмасып жатса-дағы
Уақытпен аяғы тең жүретін.
Аяулы жан осы үйде тұрыпты-ау деп
Сағынғандар көруге кеп жүретін.
Алматыда бір үй бар ел білетін.

Күн суытса қоймайтын ықта қалып.
Қазақ атын биікке шыққан алып.
Заманынан зар шегіп запы болған
Осы үйде тұрыпты Мұхтар алып.

Кешкенменен ғұмырын ұлы адамның
Жүрегіңде оның да жылаған мұң.
Тірлігімен қып-қысқа бір кісілік
Кетті әйгілеп тағдырын мың адамның.

Сөзі келіп шындық пен туралыққа
Ырыс болған данышпан бір халыққа.
Қырын жүріп қадамын баққан заман
Ор да қазып бағыпты-ау шын алыпқа.

Запы қылған адам ба заман ба екен.
Айтар едім ол дәурен маған бөтен.
Баласы боп қазақтың қарасам да
Өзгешелік адамнан табам ба екен.

Алып болып анадан туған алып.
Шырақтайын жағылған шыңға барып.
Қалың ойға бөлепті-ау туған халқын
Шабыт буған шайырдай жырлап алып.

Құрлық кезіп, теңіз бен таудан асып
Тарихпенен кетсе де араласып.
Жүз жыл өтсе нешеме мың жыл өтсе
Тапқан сырын жан емес болар ашып.

Шебер қазған құдықтай шегенделген.
Көрген сырын өлмес жан өлеңге өрген.
Бөріліден басталған балалықты
Астастырған теңіздей тереңдермен.

Қолбасшы еді қолыңа ту ұстаған.
Ой кенішін алтыннан уыстаған
Мәскеудегі отаға аттанам деп
Осы жерде соңғы рет тыныстаған.

Айтуға да болмайтын көрсетуге
Жүрді ме екен жете алмай ой шетіне
Тұрды ма әлде, армандап бостан елді
Қыймай қарап қазақтың өлкесіне.
14.09.2012.

 

Бекер ғой жаным бәрі де бітті дегенің.
Сергелдең болған жүрекке сыйлы ем едің.
Күрмелген тілмен айта алмай кеткен сөзімді
Айтсам деп енді асығып тағы келемін.

Асығып келем өзіңді тағы көруге
Жұлдыздай жанған үмітім шақ қап сөнуге.
Шақырымдарды жалғаған сағыныштарым да
Жалғайды жолды жетелеп саған келуге.

Сарғайған жүрек, санам да қазір ағарған
Бетімді жуып ағылған жас та жанардан.
Кетер ед құрғап бір ауыз жылы сөзіңді
Естісем қалқам көңілдің кілтін таба алған.

Келемін іздеп, жоқ болсаң бәлкім келмес те ем.
Тағатсыз жанның тағдыры құрсын жол кешкен.
Сен үшін енді ұзартып қысқа ғұмырды
Ғасырлап өмір сүрсем деймін өлместен.

Керегі қанша жалынсыз күндер жанбаған.
Махаббат қана мәңгілік бітпес арман-ән.
Өршіл ғып мені оятты даңқы ақынның
Екен-ау менде атақ та тіпті болмаған.

Сезімім менің сергелдең болып сен жоқта
Жолаушы жандай қыдырып кеткен аулаққа.
Бағыма біткен берекем болған сен кетсең
Көктемім менің бұлбылсыз гүлсіз болмақ па.

Барсың ғой қалқам, сені іздеп келем бар ғой деп.
Аламын тауып болса аман егер жер мен көк.
Көркіңді мақтап көсемсіп жүрген талайдың
Бірі де мендей өзіңді сүйіп көрген жоқ.

Айтса да жұрттар мақтауға шебер тілменен
Сезімнің сырын өрнектеп шаттық күйменен.
Бәрінен соның асқақтау тұрып қол берсең
Әлемге сені ап кетем ешкім білмеген.
10.10.2012

 

Залымдық ойлап жүретін
Жан емен мысық тілеулі.
Ақшаны ғана білетін
Заманға көңіл жүдеулі.

Ақыл мен білім болса да
Қалады-ақ көңіл құлазып.
Беріліп амал-айлаға
Адамдар шын-ақ жүр азып.

Жүректе дейтін әділет
Айтылып жылы сөздермен.
Қанағат, ар мен қабілет
Ақша деп бәрі өзгерген.

Әркім де басын қамдап жүр
Сайлап ап төрден орынды.
Отан деп бүгін сайрап тұр
Ойлайтын жандар қарынды.

Аңсайсың кейде жарықты
Тұрған соң көріп айтасың.
Ойлайтын жандар халықты
Қағып жүр елдің қалтасын.

 

Тағы да міне қыс келді

Қыс келді міне тағы да
Шаттыққа толды құс кеудем.
Суретші қыстың қолында–
Картина тұрды істелген.

Өзгеріп көше түрлері
Аспаннан төккен ақ қармен.
Қоштасты күздің күндері
Бақтағы қоңыр шақтармен.

Қараша қарға боянды
Бұталар тұрды ақ болып
Қалғыды қала оянды
Оянған жандай бақ қонып.

Қыс келді міне аяңдап
Ақ нұрдай қары тұр жауып.
Барады бір қыз аялдап
Аяздан беті нұрланып.

Алатау жақтан ауып кеп
Түскенде таудан ақ тұман.
Түнімен ақ қар жауып көп
Ашылса соңы деп тұрам.

Қысқы күн шығып тау жақта
Қызық-ау күлсе елжіреп.
Отырам солай сен жоқта
Кездесер шақты белгілеп.
19.11.2012

 

Әдемі жырлар жаздым мен
        Әзіл орнына

Атақты болсам деуші едім
Бәрін де атақ берердей.
Атақты болып кетер де ем
Атақты сүйсем өлердей.

Мақтанға еріп мен-дағы
Атақты ақын болғым кеп.
Өнерлі жанға сондағы
Жас күнде сонау ердім көп.

Түк бірақ одан таба алмай
Жақсы өлең туды сол жерден.
Атақты ақын бола алмай
Басылды солай өр кеудем.

Айтатын еді білгендер
Ақыл-ой құтты мекен деп.
Атаққа жетіп жүргендер
Алаяқ көбі екен деп.

Естідім көрдім мен де көп.
Өлеңге қостым талайын.
Айтпайды шіркін ел не деп
Жасырып несін жабайын.

Сыйғызбай кейде бөтенді
Қызғанып қызмет ортаны.
Тантады дейді көкеңді
Салғызбай кеңге арқаны.

Ортасына оның жағам деп
Кететін кейде тарылып.
Атақты сондай болам деп
Адамды небір таныдық.

Жақсы жыр болды арман сол.
Сағына жаздым өлеңді.
Ел білген адам болған соң.
Ұмыттық атақ дегенді.

***
Арды ойлап кез көп қиналар.
Атақты ондай сүймедім.
Жетерлік көпке сый да бар.
Ортасы құрмет күйлі оның.

Мақтанның беріп есесін
Мақтайды кейде қорқасың.
Сағынып сонда кетесің
Достардың шулы ортасын.

Қыртты да кейде мақтайды
Мылжыңды несін аясын.
Айтқызып барып тоқтайды
Ашқызып елдің қоясын.

Жабыла келіп мақтайды
Көрінсе біреу жылт еткен
Ұлы деп барып тоқтайды
Қарайды сосын құрметпен.

Мақтатып сосын өздерін
Дуалы сөздің буымен.
Жүреді жұмып көздерін
Мақтанның жалған уымен.

Мұқатам десе жақынды
Атағын оның жер етіп.
Мұқтаж ғып қояр пақырды
Ашырмай аузын қор етіп.

Көп естіп сондай сындарды
Өттік-ау сынбай көбінен.
Сор болған сонау жылдары
Атақтан сөйтіп жерігем.

Қиын ғой ол да мұншама
Өтті ғой небір білместік.
Дақпырты күшті ортада
Дамылдап солай күн кештік.

Атақты болып кетпедім
Атымды жұрттар білді аздап.
Артынан біліп жеткенім
Қатырды атақ бізді алдап.

Бойдағы қызу жалынмен
Құр сөзді қалмай малданып.
Ақылды жырлар жазыппын
Атақпен қалмай алданып.
20.11.2012

 

Кешір мені қарындасым сүйкімді
Ренжітсем өзің жайлы жыр жазбай.
Көңілімде ойнап тұрар күй түрлі
Мына өмірдің ойландырар сыры аздай.

Кешір мені қарындасым сол үшін
Берсін саған өмір тәтті жемісін.
Көгершіндей көңіліңді көтер де
Қызықташы көріп өмір жеңісін.

Жақын тұрған шын бақыттың бары анық
Солған гүлдер қайта өнгенде жаңарып.
Көп ұзамай көктем келер далаға
Аспаныңнан айың туар ағарып.

Жұлдыздарға қарауды сен ұмытпа
Түнгі аспанды таң атқанша қызықта.
Танып тұрған жұлдызыңнан жаңылмай
Сүйгеніңді есіңе алып ұйықта.

Ерке едің ғой жүрші солай еркелеп
Жүзіңді мұң торламасын ертерек.
Құрбыларың айта жүрсін өзіңді
Ерке біздің ерке еді ғой, ерке деп.
20.11.2012

Көбейіп жүр көсемсіген менмендер
Жалғандықтан жорға мініп желгендер.
Не жақсылық, не жамандық шықса да
Салпаң қағып дүние үшін ергендер.

Көбейіпті көргені жоқ көсемдер
Не беріпті кенеуі жоқ шешендер.
Тыңдамаңдар дүниеде ондайды
Иманымды жоғалтпайын десеңдер.

Ермеңдер де тыңдамаңдар ондайды
Ешбір жерде елді алдаған оңбайды.
Ақиқатты оймен танып еңбек қыл
Мінажат қыл күнге тосып маңдайды.

***

Маған біреу сенсе өзіндей ол сенсің
Сезіміңмен әсемсің де көркемсің.
Күле қарап бас игені болмаса
Саған ешкім таға алмайды еркем сын.

Кейде сынап мені білу үшін жұрт
Сөзбен алдап сені көрер түсініп.
Ұнап жатсаң жібереді сол жаққа
Көңілінің көгершінін ұшырып.

Сен барыңда аулам менің гүл жайнап
Музыка да тұрар сырлы күйді ойнап.
Түсінбестік есігімді аша алмай
Шулы жерде жүрер сырттан айғайлап.

Гүлдер сәнмен ырғалмайды сен кетсең
Жарқылдаған ақ жүзіңді өзгертсең.
Күн де көзін жасырады ақ бұлтқа
Ашылады әсем әнмен тербетсең.

Саған қарап ішем қызық шарабын.
Айтылады айтам деген бар әнім.
Алыстайсың сонан кейін елес боп
Өзіңді іздеп қиырларға барамын.

Қиялыммен кезсем елді аралап
Үлкен-кіші жатады ылғи ағалап.
Қарсы алады көптен күткен адамдар
Қызыл гүлмен күтіп тұрад бар алап.

Сен де сонда көп құрметтен құр қалмай
Бүкіл әлем сені күтіп тұрғандай.
Сүйем дейсің адамдарға сендерді
Қалай шыдап қалам сонда қызғанбай.
21.11.2012

***
Аға неге хабарласпай кеттің деп
Қызық шығар ағасынан хат күтпек.
Бірақ ол жан айта алмайды қарағым
Хат жазуға біз есейіп кеттік деп.

Білсе де ол айта алмайды көп жайды.
Сағынғанда тек өлеңін арнайды
Кейде өмірде ғашық болған жанға да
Арманыңды сездіруге болмайды.

Жатар бәрі жүрегіңде сақталып
Жылдап жазған жырларыңмен хатталып.
Хат жазбасаң кінәлі боп қалардай
Өз-өзіңнен отырасың ақталып.

Күндер деген зулайды кеп білінбей
Ерте солған күзгі бақтың гүліндей.
Қайтқан құстың сағынышы тәрізді
Хат келеді ерте көктем күніндей.

Көктем өтіп бірде сосын жаз келер
Жайнап жатқан жасыл өңір өзгерер.
Бір көрсем деп сол бақытты кездерді
Жиі-жиі еске алатын кез келер.

Сағынып мен хат жазамын сол шақта
Сәлем жолдап өзің жүрген аймаққа.
Мені білген туыстарға қол беріп
Жүрегімен жақын адам болмаққа.

Жырларымды оқып сонда қабыл ал
Іздегенге көп қазына табылар.
Оны оқып өзге емес біреулер
Жүрегі ыстық жазған жанды сағынар.

Солай-солай сағыныштан жыр өріп
Хат жазысып хабарласып жүрелік.
Ғұмыры ұзақ сезімдердің біз кешкен
Ең сәулелі сәттеріне сүйеніп.
5.12.2012

 

Аякөз жырлары

Кеттік ұшып сенің жылы ұяңнан
Өмір шіркін қаталдау ғой қиялдан.
Арман мені алыс жаққа жетелеп
Жыр мұратын іздеттірді қияннан.

Кім біледі таптым оны таппадым
Қадам басып биіктерге аттадым.
Жылдар өтіп қалалық боп кетсем де
Сендей тыныш жайлы мекен таппадым

Даңқы да зор, дүрмегі мен шуы көп
Тұр Алматы құшақ жая күлімдеп.
Сұлу қала көшесінде көп жүрдім
Сүйінді ол ұлым деп те күнім деп.

Көрдім оның ой-қырын да биігін
Атақ-даңқын асқақтатқан иығын.
Тойдым одан келді іздегім бір күні
Алыстағы ауылымның тынымын.

Ақбас тауға жиі қарап таңдағы
Батты жанға сағыныштың салмағы
Аяқ жетпес асқақ шыңның атағы
Заты сонда шоқы құрлы болмады.

Қалғанда анам ауылымда жол тосып
Тағдырыма бал салушы ед ерте ашып.
Ол да қайтты қара бұлтты қақ жарған
Найзағайша қара түнмен айқасып.

Әкем айтып өксігенде ерте өлген.
Бұдан жақсы болды деп ертең мен.
Кейін сездім мықтылығын жас күннің
Тағдыр жүгін жұлып алған желкемнен.

Ғашықпын өмір өзіңе

Жібітіп қыстың қабағын.
Көктем де келіп қалыпты-ау.
Ақ бұлттан ашып жанарын
Мөлдіреп аспан алыпты-ау.

Наурызда жауған ақ қар да
Ызғырып қыстың демімен.
Айналып қимас шақтарға
Қоштасып тұр-ау менімен.

Қырау деп қыстың көзіне
Көктемге жеттім асығып.
Ғашықпын өмір өзіңе
Қайтейін оны жасырып.

Ақ түтек орап жаныңды
Соққанда боран кеудеңде.
Солдырып болып тәніңді.
Тоқтар-ау бір күн өлгенде.

Шуағы күннің түсті-ау деп
Көктемнің күттім келуін.
Айтатын көзден ұшты-ау деп
Өмірім менің, өмірім.

Күзетіп күннің қабағын
Іздетіп нұр мен шуақты.
Желпіген жаздың жамалын
Бақытым– өмір сияқты.

Анам жоқ сүйер маңдайдан.
Бетімді тостым самалға.
Ерке жел тартып шалғайдан
Келем мен туған даламда.

Көктемгі самал, қыр кеші
Құшағын ашар сағына.
Еркелеп күннің сәулесі
Тиеді жылы жаныма.

Ақ таңда бұлбұл сайрайды
Құстары туған жерімнің.
Ешкімді тыныш қоймайды
Шаттығы айдын-көлімнің.

Салады тағдыр тезіне
Жүректе жанған сезімдер.
Ғашықпын өмір өзіңе
Тәңірім аздап төзім бер.
4.03.2013
***
Өмір маған қарызға берілмеген
Берілмейді ол өкіммен, әмірменен.
Қалауымен Алланың жаратылып
Жүрміз жерде не қилы тағдырменен.

Бірақ рет берілген өмір маған
Жүрек берген жансын деп жалындаған.
Осы өмірде армансыз өтсінші деп
Басқа өмірді жан қылды сағынбаған.

Болып көрдім адамы осы өмірдің
Көп жұмбағын тағдырдың шеше білдім.
Есептеймін өзімше шотқа салып
Дұрыстығын кім білсін есебімнің.

Дұрыс шығар жақсы ғой дұрыс болған
Дұрыстыққа не жетсін ырыс болған.
Су түбіне кемесі кетер шақта
Шайқалақтап қиын ғой дұрысталған.

Өмір өзі тұр дара билік құрып
Иілместі қоятын иліктіріп.
Бәйге бермей біреулер топ жарып жүр
Жаратқан соң тағдыры жүйрік қылып.

Күре жолдай жер бетін шиырлаған
Өлкелердей шет жерді қиырлаған.
Себебі көп септескен дүниеде
Өмір бізге тектен-тек бұйырмаған.

Қысқа қыпты өмірді жетпесін деп
Жол сілтеген адасып кетпесін деп.
Біреуді бай біреуді кедей қылып
Белгі қойған араға өтпесін деп.

Қысқа өмірде бақ іздеп бақыт кешіп
Тіршіліктің бар мәні осы десіп.
Ұрпақ жалғап, еңбек қып барады өтіп
Керуені заманның алға көшіп.

Бұл өмірді әкем мен анам берген
Періште мен алладан аян келген.
Бір жарығын құдірет сыйлай салып
Дүниені сәбимін аман көрген.

Сенімімді сайтандар ұрлап алып
Ойға барып басты ұрдым қырға барып.
Адамдардан алыстап кетпейін деп
Қаламымды жыр жаздым мұңға малып.

Жүрек берді, жан салып тыныстауға
Бағыттады бір алла дұрыс жолға.
Періштемді күзетіп қорғайын деп
Түстім талай майданда ұрыстарға.

Қателестім кей-кейде жаза басып
Ақ ісіме сайтандар араласып.
Күнәм болса жасаған кешір өзің
Жүрегімді алдыңа барам ашып.
5.03.2013
***
Жазғы таң ағарып келеді
Жұлдыздар біртіндеп сөнеді.
Әлемнің жарығы молайып
Ақ сәуле тарала береді.

Біртіндеп қараңғы сейілді
Алыстан таулар да көрінді.
Сарыарқа төсінде қап қойған
Сағындым мен туған жерімді.

Со жерде туғанмын шыр етіп
Со жерде өскенмін ер жетіп.
Ойыншыл балалық кезімді
Келемін жүректе тербетіп.

Сол жерден әкем де нәр алған.
Анам да көз тартып таранған.
Табанға бататын тікені
Шөңге боп маңдайға қадалған.

Со жерден сапарға аттанғам
Тұлпар боп со жерде бапталғам.
Бойымда дәл қазір не қалды
Керемет арманшыл шақтардан.

Оқи ма мен жазған өлеңді
Адамдар мен жайлы не дейді.
Туған жер сағым боп бұлдырап
Көзімнің алдында көлбейді.

Сауықшыл, арманшыл, жырқұмар
Жүр ме екен сүйкімді құрбылар.
Үзіп ап сыйлаушы ек қыздарға
Баурайда өсетін гүлді бар.

Олар да кім білсін ұмытты
Кездерді қыймастай қызықты.
Туған жер ойымда жүрсің-ау
Балалық шағым боп қылықты.
29.05.2013

Біздің ауыл Алматыдан сұлу ед
Келгендерге бейілі кең даладай.
Соны айтқанда кейбіреулер сүйінед.
Туған жерге еркелеген баладай.

Ағайын жұрт не десе де көтеріп
Керек жерде жәрдем беріп қолдайды.
Шенеунікті қойса-дағы әкеліп
Қазынаны тонау мұнда болмайды.

Ел мұраты мұнда биік саналып
Малдас құрып төрде отырар даналық.
Қыс соңынан көктем келген сияқты
Өмір өзі отырады жаңарып.

Өзгертем деп мына кәрі дүниені
Мұнда адамдар бәлсінуді білмейді.
Ел мұратын елемеген пенденің
Ел ішінде айтқан сөзі жүрмейді.

***
Біздің ауыл Алматыдан көп үлкен
Арман қуған әуес тірлік жөнімен.
Не ғажапты өзге жұртта болмайтын
Бала шақта ауылымнан көріп ем.

Менен ауыл сұрамапты бергенін
Ертегідей келешек-ті сенгенім.
Басқа жаққа бара қалса бас шайқап
Ауыл жайлы айтатын жұрт көргенін.

Өзгеше еді ауыл жұрты сыйымен
Жұпыны да жеріне ұқсас түрімен.
Аумайды ғой құшақ-құшақ лебіздер
Көктемдегі қырдың қызыл гүлінен.

Құбылмайды онда жиі күн деген
Көшелерін көмкерсе де гүлменен
Біздің ауыл Алматыдан қораштау
Сұлу бірақ сыпайылау түрімен.

Жүректердің сүю болса қалауы
Тазалықтың мәртебесі жоғары.
Басқа жерді қанша жақын тұтсаң да
Туған жерің одан ыстық болады.
31.05.2013
***
Қуанушы ем мен ауылда өскенге
Балалықпен лай суды кешкенде.
Бабын тауып қалып қоймай мәңгіге
Өкінуші ем қалалық боп кеткенге.

Қол жетсе деп армандаумен қаланы
Айтылғанда жастық шақтың бал әні.
Жұтып кетті сол қызықтың бәрін де
Тоқ қаланың тойымы жоқ араны.

Қала жайлы мен де көп ән шырқағам
Фонтандары көкке атылып бұрқаған.
Гүлзары мен хош иісті бақтардың
Қызықтары тұрған шақта бір қадам.

Солай-солай мен қалаға үйрендім
Бұдан артық мекен жоғын білгенмін.
Шіркін көңіл жадау тартты сезген сәт
Басқашалау болатынын сүйгеннің.

Мен ауылды жиі аңсаймын бұл күнде
Күлсем-дағы шаттық аздау күлкімде.
Осында өскен балалықтың бір сәтін
Айырбастап берсе шіркін мың күнге.
31.05.2013
***
Қызық екен бала күннің арманы
Қисынды екен сан қиырға салғаны.
Ауыл жаққа тартады ылғи содан да
Тіршіліктің тарам-тарам жолдары.

Жолыққанда тумысыңды көрмеген
Айтқаныңа қаперін де бермеген.
Қайдан білсін топырағыңның қадірін
Көрейін деп ауылыңа келмеген.

Сүймеген жан сағынуды білмейді.
Сұлулықты солып қалар гүл дейді.
Келешекті ойламайтын адамның
Ауыл деген түсіне де кірмейді.

Білместікті кешу қиын жылатқан
Солар үшін бір мейірім сұратқан.
Туған жердің ағып жатқан қойнында
Татсаң болды қайнары мол бұлақтан.

Мұнда бәрі табиғи да тап-таза
Мұндағы өмір қас-қағым бір сәт қана.
Жарияға жар салсаң да жетті деп
Туған жерін ұмытқанды мақтама.

Бақытсыз ғой сүймегендер ауылын
Жүрегі жоқ, жылуы әлсіз жанының.
Отсыз жандар отаным деп сайраған
Қайдан білсін туған жердің қадірін.
6.06.2013
***
Айтылмаған сыр қалмастай көрінген
Серт қылғандай сенімі мол көңілден.
Жүрекжарды достығымыз үшін де
Басқалардан биік қоям сені мен.

Сезімі асыл сенімі мол жан болсаң
Өмір қызық достар жайлы толғансаң.
Қиын күнде қатерге де бас тігіп
Қиналасың достың сырын аңғарсаң.

Көп ішінен түсініскен септескен
Дос тапсам деп сүйеніскен серттескен.
Ескі достар майдангерге ұқсайды
Денелерін шұрық-шұрық оқ тескен.

Достар барда құшақтасқан қолдасқан
Жат күдікті ойыңа да алмастан.
Ортасында ойнап-күліп жүресің
Өзге жаққа көзіңді де салмастан.

Өзге ұқпаса досың ұғар сырыңды
Сол түсінер жат ұқпаған мұңыңды.
Қиындыққа тап келгенде досты іздеп
Табысасың бірің аңсап біріңді.

Қымбат тұтқан жақыныңдай дос сенің
Мәлім оған жанғаның да өшкенің.
Досың биік мәртебеге жетсе егер
Сенің-дағы бір асудан өткенің.

Досыңа арна шын жүректен сый берсең
Ризасың разы ғып үлгерсең.
Шынайы дос қолдап жүрер бір-бірін
Бұл өмірдің қысқа екенін білген соң.
7.06.2013
***
Өткізіп оймен ай-күнді
Жасырып ішке қайғымды.
Езілед жаным еске алып
Елдегі туған баурымды.

Қара жер тартып кетердей
Басымды жерден көтермей.
Қозғалсам болды сұм ажал
Артымнан қуып жетердей.

Күбір де күбір маңайым
Ақ селеу болды самайым.
Езілмей есті жиып ап
Жігерге қолқа салайын.

Сатпадым елге сөзімді
Шындықпен аштым көзімді.
Аялап келем әйтеуір
Аяулы достар өзіңді.
***
Бәрі де аян өмірге не бергенім
Көктегенім, қуарған, көгергенім.
Алып Отан аяулым сен болмасаң
Көресіні басқадан көрер ме едім.

Бәрі де аян шыр етіп көз ашқаным
Бала болып болмасқа таласқаным.
Есім кіріп, ел біліп, азамат боп
Бақыт бер деп тағдырға бал ашқаным.

Анам мені мәпелеп аялаған
Туған Отан бағыңда саялағам.
Отаным да, анам да, ауылым да
Баласы үшін түгін де аямаған.

Бәрі сенде отаным болсын деді
Дүниені көз берді көрсін деді.
Алдамайтын өмірде сенім беріп
Өзгелерге өзіндей сенсін деді.

Арай көріп жүзінен анам дедім
Өкпем болмас о өмір саған менің.
Тауға шығып самалға бетті тосып
Сыбағамды өмірден алам дедім.

Жігер берді сол шақта отан маған.
Бақыт берді байлық пен қатарлаған.
Тарихына телегей бойлаймын деп
Толғанғанда төсекте жата алмағам.

Сөз алғанда отан деп мінбелерден
Тілегімді түйткілсіз тілге бергем.
Түн баласы төсектен шошып тұрам
Тарихты ойлап атасы тілден өлген.

Мен кім болам отаным тілім өлсе
Су қараңғы аспанда күнім өлсе
Күн сөнгенше отаным сен тұра бер
Мен жырлаймын тілім деп тілім келсе.

Үн естимін ыңырсып апалаған.
Суға шөлдеп бір тамшы қаталаған.
Әлсіз дауыс сол сен ғой мұңын шағып
Тілге зар боп жылаған отан анам.

Артқа салған ардагер сан ғасырды
Асыл тілім білемін тозбасыңды.
Тайраңдаған тексізден арашалап
Сүрткім келеді өлеңмен көз жасыңды
15.06.2013
***
Қара жер дүниені арқалап
Әнеки ай туды шалқалап.
Ертең-ақ күз бітіп қалады
Қыс келсе қызығын ортаға ап.

Суығы қараша айының
Суығы сүйектен өтеді.
Біткендей күз ойнап ойынын
Ойыны біткен соң кетеді.

Тұрғандай біреуді шақырып
Жұлдыздар аспанда шашылып.
Жарқырап жақұттай әр тұстан
Әкетер шексізге батырып.

Қараша айының түні еді
Қалың-ды даланың түнегі.
Қап-қара қырларды жел ұлып
Иенде жын кезіп жүреді.

Қорқыттың өлімі, елесі
Әлсізді құл етіп қоймаққа.
Көз салып мына түн әлемі
Қарайды шарасыз аймаққа.

Ұйқыда даласы түн басқан
Ауырлық иықта зіл батпан.
Өксікпен ұлиған көк бөрі
Қырқада жортады тынбастан.

Ұйқыда қазақтың даласы
Оянды қазақтың баласы.
Сырттандар күзетіп қораны
Көк бөрі кезеді даланы.
13.11.2013
***
Сыртқы көзге сұлу болып көрінген
Шалқып күлген топ ішінде мен жоқпын.
Көңіліңнің орын іздеп төрінен
Ұнау үшін барды салып көрмеппін.

Қаражаяу, сол қоңырқай қалпымда
Патша көңілім санамай-ақ өзін зор.
Неменеге қарайлайды артына
Жұрт білмесе қалатындай болып қор.

Басқа жұрттың не ісі бар біздерде
Сенің қымбат көз алдымда жүргенің.
Көрсем-дағы көрмеген боп жүргенде
Саған солай ұнайтынын білгемін.

Бөтен көзге көрінбейтін қараса
Бар құпия тек екеуміз білетін.
Өзің жоқ боп қалған сәтте оңаша
Ойларым бар сен деп толғап жүретін.
9.10.2013.
***
Қимас жанға тірлігінде балаған
Бөтен емес мені өзім деп санаған.
Қоштасқанда, табысқанда сағынып
Маған өлең жаз демепті жан анам.

Айтылған сөз көкейінде тұратын
Жандар көп-ау ұқпайтын да, ұғатын.
Адамдарды түсінсем деп ойлаудан
Болмапты ғой менің басқа мұратым.

Қайтқанымша бұл өмірлік сапардан
Көрдім бәрін қалмай жүріп қатардан.
Күндерімді қайтып барам орталап
Жолдарыммен қия-құзға апарған.

Талайларға ұнамаған-ұнаған
Жер бетінде жүрді осылай бір адам.
Төзіп бақты сан иттікке түрімен
Тағдырының талқысына шыдаған.

Айнала жұрт ұқсын мейлі, ұқпасын
Нықтай алса қадамдарын нықтасын.
Азапты өмір сүрмеу үшін адамдар
Ақымақпен алыс жолға шықпасын.

Қысқа өмірде осыны ұқтым, соны ұқтым
Талай-талай ақылдымен жолықтым.
Талай-талай ақымақпен жолықтым.
Жүрген сайын алға тарта беретін
Қысқа өмірді бітпейтіндей көріппін.
5.01.2014

***

Қазақтың қара көздері

Әлем ғой бір-бір өздері
Жүректе айтқан сөздері.
Өтерміз жырлап сендерді
Қазақтың қара көздері.

Асқақ та асау жүрекке ем
Салмақ қой заман сөздері.
Арман да ізгі тілек те ең
Қазақтың қара көздері.

Сендерсіз тұлдыр тірлікте
Мейірім отын кім жағар?!!
Мейірге шөлдеп тұрғанда
Менменсіп жүрген тұлғалар.

Жұпары гүлдей аңқыған
Әрқайсың бір-бір отсыңдар.
Тазарып тағдыр-талқыдан
Күнәдан әйтеу, пәксіңдер.

Толқыны сендер сезімнің.
Сендерді ойлап көз ілдім.
Тағдыры жүр ғой қолыңда
Болашақ қара көзімнің.

Ертеңі солар елінің
Өмір ғой бір-бір өздері.
Қорғаны сүйген ерінің
Қазақтың қара көздері

Құнары салт пен дәстүрдің
Сақтаңдар сезім байлығын.
Қазақтың қара көздері
Аяулы менің ай-күнім.
Біз үшін сендер білмеңдер
Не екенін әсте, қайғының.

Қылықпен небір алдаса
Қызық қой жаттың сөздері.
Айыра білер оны да
Қазақтың қара көздері.

Күн үшін алдап кім жемей
Түгендеп берер есесін.
Бүлкілдеп күнде мың көмей
Таптап та жүр ғой көшесін.

Қазақтың қайран намысы –
Намысы оның өздері.
Жүріңдер аман қашанда!
Қазақтың қара көздері.
17.02.2014
 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста