Ислам-Ғали Үркімбайұлы: Даланың қара жолынан, Сені іздеп жүрмін балалық

Ислам-Ғали Үркімбайұлы: Даланың қара жолынан, Сені іздеп жүрмін балалық
 

Қызыр шалған бесігімді киелі
Туғызған сан көсемдер мен батырды,
Оқыды ма ел тасқа жазған хатымды.
Бір шығады деп үмітін үзбеген,
Шыңырауда жатқан ақиқатымды.

Сол күнге де жақындадық жарқыным,
Зұлымдықтың сезінумен салқынын.
Жарылғанда шындық атты жанартау,
Жасыра алмас енді ешкім жарқылын.

Қызғанса да қырсық өмір тағымды,
Тәуелсіздік қыздырады қанымды.
Күмілжумен күте-күте сан ғасыр,
миымдағы сол Жанартау жарылды.

Жарылды да жиып алдым есімді,
Тарих өзі кемім болса кешірді.
Тұрғанымда құл боп кету алдында,
Ғұнның ұлын қоламтадан өсірді.

Ғұнның ұлы, тумысымнан текті едім,
Тектіліктен бүгінге аман жетті елім!
Сақтауменен тазалығын қанымның,
ырысымды ысырап қып төкпедім.

Күнім туды тәңірі өзі қолдаса,
Өкпелі емен ырызғым сәл толмаса.
Бағым таудай, саным аздау болса да,
(орындалмас арман емес ол да аса).

Қызыр шалған бесігім бар киелі,
Аман болса төбем көкке тиеді!
Қазақ деген халықты әлем мойындап,
Маңдайымнан күн күлімдеп сүйеді!

ОСЫНДАЙ ЕЛМІЗ...
Тәубәшіл жұртпыз тегінде,
бағымыз бәлкім сорымыз.
Жүреміз мәз боп өмірде,
сәл неге жетсе қолымыз.

«Қанағат қарын тойғызар»,
деген де мәтел біздікі.
Атына мінсе бой қызар,
қолдағы бары түздікі.

Серіге серік ән мен жыр,
басқасы қолдың кірі деп,
Жұмақтан бізге келген бір,
қыз бен гүл көңіл нұры деп.

Қызыққа сылтау көп деген –
құс ұстап, тұлпар баптаймыз.
Қонақты сынап, сөкпеген,
жақсысын айтып мақтаймыз.

Пұл жиып сарай салмағам,
өз үйім – өлең төсегім.
Қазақтай жайсаң бар ма адам,
жайлауға қамсыз көшемін...

Осындай елміз тегінде,
алаңсыз өмір кешеміз.
Күн күліп тұрса көгімде,
ертең-ақ қаулап өсеміз.


ЖЕТІСУЫМ – ЖЫР ӨЛКЕМ!
Жерұйығым Жетісу, сен деп келем,
Сен дегенде жанымды тербетті өлең.
Ұйық десе жаннатым, ұйықсың-ау,
Өңіріңді жеті өзен өрнектеген!

Шығысыңда Алакөл айнадайын,
Көз арбаған көркіңнен айналайын!
Батысыңда Балқашым – Көкше көлім,
Келбетіңді суреттеп толғанайын!

Хантәңірі оң жақта көк тіреген,
Сәлем-назың Жаркентке жетті Ілемен.
Арқас тауым бұлтпен аймаласып,
Еліме ырыс бере гөр деп тілеген.

Өлең-жырда өзімнің салмағым бар,
Ілияс пен Сарадай саңлағым бар.
Әбілхан мен Дәнешті кім білмейді –
болған емес өнерде жан-жағым тар...

Тізе берсем дарынға толы аймағым,
Ой жеткенмен, тіл жетпес,
соны ойладым.
Мұқағали өлеңнің Хантәңірі –
мұра қылдым мұратқа толы ойларын!

Жетісуым, жанымда қалған сырым –
Тамшыбұлақ секілді тамған жырым.
Әулиеағаш әне тұр арса-арса,
топырағы киелі... толған ырым.

Жетісуым – жыр өлкем, жаһұт мекен,
Іздемеймін өзіңнен артық мекен.
Тасыңның бір түйірін тұмар қылып,
Сенде туып, сенде өстім – бақытты екем!

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
Өмірдің көп өткелі,
өзіңдікін табу- сын.
Таба алмай көбі өкпелі,
тер төкпей қалай табылсын?

Өмірдің жастық – көктемі,
көктемде гүлдеп көктесең,
жемістің кәміл жетпегі,
ысырап қылып төкпесең.

Өмірдің берген тәлімін,
өрнектеп миға жинасаң,
санаңа түскен жарығын,
кейінгілерге сыйласаң.

Жазың да жетер жайраңдап,
тамырың бойлап тереңге.
Саяңда ұрпақ сайрандап,
өнеге алар сенен де.

Керегең бекіп кеңейсе,
әулеттің басы боларсың.
Немерең өсіп көбейсе,
ернеулеп ертең толарсың.

Күз келіп қызыл қырманың,
астыққа толып, төгіліп.
Масайрап шалқып тұрғаның,
көңілің өсіп, семіріп.

Сақал-мұрт қыста қыраулап,
ақсақал жасқа жетерсің.
Тырнадай өмір тыраулап,
жылы жақты іздеп кетерсің.

СУ ПЕРІСІ
Алакөлдегі айлы түн еді,
су перісімен шомылғам.
Су шашып пері күледі,
сүйрелеп көлге қолымнан.

Алакөл жатыр шалқалап,
айнала тылсым көрікті.
Ай нұры бетін аймалап,
қонаққа бүгін келіпті...

Ертегісі бұл, перінің,
құлағыма айтқан сыбырлап.
Сүйіп ем тәтті ерінін,
өнбойым кетті шымырлап.

Содан соң естен таныппын,
аржағы күбір... бұлыңғыр.
Өртеніп күйіп-жаныппын,
көргендей түсте бұрын бір...

Ертегі өмір осы ма?!
Дегенім еміс есімде.
Берілдім көңіл хошына,
қолдарым қыздың төсінде.

- Келдің бе менің бағыма,
еркімді тағы билеші!
Қайтам деп келген жағыма,
балық кебіңді кимеші.

Деймін мен жиі күбірлеп:
- жанымда болшы тағы да.
- Қайтамын дедің күлімдеп,
жүргейсің мені сағына.

Дейсің сен күліп:
- кетемін,
тағдырға үнсіз көнгейсің.
Алакөл мәңгі мекенім,
сағынсаң іздеп келгейсің...

Кеудемде менің жанды үміт,
келемін, дедім, біл күнім!..
Есімде қалды мәңігілік,
перімен болған бұл түнім.

***
Қиялмен қума бос елес,
деген де сөздің жаны бар.
Жұрттың да бәрі дос емес,
ішінен дұшпан табылар.

Алыс та, жақын боп кетер,
сырыңды жетік білгесін.
Шашыла берме көп бекер,
туыстан шығар күндесің.

Шешенге талмас жақ берер,
өнердің қусаң, түрі көп.
Домалап жатқан доп та өнер,
түсіне білсең «тілін» дөп.

Байлар да кейде «жылайды»,
жыламай байлық қонар ма?
Тірнектеп дүние құрайды -
қамбасы бекер толар ма?

Бабын біл істің батырым,
баппенен бірге бақ шабар.
Маңдай тер менен ақылын,
қосқанда ғана ақша бар.

Қолыңды жайып қор болма,
еңбекпен келер ырыс-бақ.
Тайғанап кетпей тар жолда,
жүре алсаң егер дұрыстап.


Ақылың болса басыңда,
аңқылдап текке шашылма.
Жұрттың да бәрі дос емес,
дұшпаның жүрер қасыңда.


КІТАП – ҒҰМЫР
Даналармен сырласқым кеп, білгім кеп,
кітаптарын оқи бердім бір-бірлеп.
Ғасырлар мен тағдырлар кеп тоғысып,
үні тұрды құлағымда күмбірлеп.

Үні жетті әр заманның жаңғырып,
шертіп кеткен ғұламалар ән ғылып.
Тауарихтың керуені үзілмей,
өмір солай жалғасады мәңгілік!

Тауарихтың керуенін ғаламат –
көргім келді кітап бетін аралап.
Том-том кітап, том-том тағдыр секілді,
ой жіберсем мазмұнына саралап.

Том-том тағдыр, тағдыры ғой адамның,
тағдыры ғой дәуірлер мен заманның.
Жаңғырықтан, отырғандай боламын,
үнін естіп бәленінші бабамның:

- О, ұрпағым,- дейді маған,- бармысың?!
- Деймін мен де,- уа, баба, армысың!
Тауларымда қалған мәңгі сақталып,
баяғыда өзің көрген қарлы шың.

Тау өзгермес, өзгерсе де далам мың,
өзіндей боп, көзіндей боп бабамның.
Сондықтан ғой тау ұлымын дейтінім,
сарқытындай соно-оу өткен заманның...

Даналармен күндіз-түні сырластым,
жүрегіме содан туды жыр-тасқын!
Кітаптарым қалсын зерек ұрпаққа –
бұл өмірде мен де мәңгі тұрмаспын.


УАҚЫТТЫҢ БАС-АЯҒЫ
Уақыттың бас-аяғы бар ма екен?
Деген сұрақ көкейімнен кетпейтін.
Өмір деген өлшеулі бір тар мекен,
арманыңды аяқтауға жетпейтін.

Жас кезімде желпініп көп желіктім,
кеудемді бір от қыздырып тұрғандай.
Өтпейді деп уақытқа сеніппін,
енді бүгін жүректегі мұң қандай?

Уақыт шіркін өтпестей боп көрінген,
сағат санап қызды күтіп тұрғанда.
Сағат тілі қозғалуға ерінген,
қыз келмесе, уақытта құн бар ма?!

Деп ойлаушы ем...
Қайран ғана есерлік!
Ысырап қып жүріппіз-ау алтынды...
Арқадағы түсті аман-есен жүк,
жүкті тартар әл-қуат та сарқылды.

Ешкім енді бола алмайды-ау араша,
жүрген бізге,
алқам-салқам, жөрмелмей.
Ұзақ-ұзақ ойға батам оңаша,
уақыттың бас-аяғын көргендей.

Қайратыңды байқаса да қас танып,
таусылмайды тіршілікте жеке дау...
Уақыт та туғаныңда басталып,
өлгеніңде аяқталады екен-ау...

ОРНЫҢДЫ БІЛ
Тапқан адам бақытты ғой орнын шын,
бап та керек, бақ та керек ол үшін.
Қариялар қағидасын тыңдасақ,
тектен дейді адамдардың болмысын.

Біреулерге баға берсек, көбіне,
тартқан екен деп жатамыз тегіне.
Көнекөздер сыртымыздан сынайды,
бәрімізді... досым сені, мені де.

Солай, қағып сынаса да арқаға,
мінез шіркін қалыптасар ортада.
Бар қылығың әшкере боп тұрады –
зат емеспіз салып жүрер қалтаға.

Орта, сені бұзатын да, сақтайтын,
Орта, сені қаралайтын, ақтайтын.
Шектен шықса заң орнына тапсырар,
біреулерді өз орынын таппайтын.

«Орныңды біл» деген сөзде салмақ бар,
(салмақ барын санаң болса аңдап қал).
Тағдыр сені қай талқыға салса да,
өміріңе түспесін ақтаңдақтар.


ЕСІҢДІ АЛАР...
Өмірден өткен қаншама шерменде дана,
Өзгенің айтқан сөзіне сенген бе сана.
Адаммын деп айтарсың ауыз толтырып,
Басқаларды да өзіңдей көргенде ғана.

Сол дәрежеге неліктен жете алмай жүрміз?
Кесірліктен өзімшіл өте алмай жүрміз.
Хау-Анамыздан тудық па кертартпа болып,
Таңқаламын, осынша о тоба-ай, кімбіз?!

Бірін-бірі пенделер тірідей сойып,
Өмір шіркінді әп-сәтте жіберер жойып.
Адамды-адам қинайды хайуаннан бетер,
Өзіңді соның ойлашы орнына қойып.

Ондай иттікке бара алмас ойлаған адам,
Тойғанын ғана, болмаса, тойлаған надан.
Десіңді басып, орнына есіңді алар,
Адам біткенді еркіне қоймаған заман.

Есірік ойды жандар бар жатып ап қуар,
Жөн емес мұның дегенге шатынап тұрар.
Сондайлардан бір-бірін тірідей жейтін,
Аң болуды да аңсайтын ақымақ шығар...

Мына жұрт қайда барады тыйым болмаса,
(тыйым салуға кеш қалып қиын болмаса...)
Өмір сүрудің құдай-ау, керегі бар ма,
Мысқалдай мынау ортада сыйың болмаса?!

АҚША
Айлакерлер көбейді боқша баққан,
ырызғыңды аузыңнан допша қаққан.
Заман туды бауырым, білесіз бе,
бақ пен баптың орнына ақша шапқан.

Бұл сөзімді қалмаңыз шетін* көріп,
көп нәрсеге кетті ғой етің де өліп.
Ақшаң болса аласың бас бәйгені,
(кім береді құдай-ау «жетімге» ерік),

Ақшаң болса алмайтын қамалың жоқ,
періште де кетеді өз адамың боп.
Ақша беріп өмірді ұзартар ек,
ажал ақша алмайды-ау, амалың жоқ.

Солай боп тұр дүние, не дері бар,
(құдайдан соң елдің өз сенері бар).
Дәреже де саудада сатылады –
ақшалының ат жығар беделі бар.

Шындық шіркін назардан таса қалды,
күзетеді күшіктей босағаңды.
Ешкімге де таң емес осы күні,
қылмысың да ақшаға жасалады.

Билерді де сол ақша билеп алды,
жығып берер аяққа сүйреп нарды.
Әділеттен дәметпе, әлдеқашан,
адалдықтың сарайы күйреп қалды.

Қысқа өмірде қойшының таяғындай,
Адам атты пендеңді ая құдай!
Арманым жоқ, ақшаға сатылмайтын,
Бақ пен бапты көре алсақ баяғыдай.

 

Өзімді жүрмін жеңе алмай

Жетегінде жүріп топ қыздың,
Жастық дәуренді өткіздім.
Достардың көңлін қайтармай,
Шарапқа шалқып көп қыздым.

«Саятқа» шығып «құр» атып,
Бір кеште бірін құлатып,
Бокал ұстаумен өтіпті-ау,
Қалам ұстайтын уақыт.

Дүниеқорлықтан жеріндік,
Көңілге ғана «семірдік»,
Қызуы бойдан тарқамай,
Қырықта жас боп көріндік.

Сіңгендер жастық терім көп,
Сыйлады қайран серім деп.
Додаға кіріп кетуші ек,
Еркектің жасы – елу деп.

Үйренген көңлі асқақтап,
Ақының қалай бас тартпақ?
Алпысқа келіп, бас та аппақ,
Дүрмектен жүрмін қашқақтап.

Жастарға жақын келе алмай,
Өзіме-өзім сене алмай,
Қарттыққа тізгін бере алмай,
Өзімді жүрмін жеңе алмай.


ТІЛІМЕНЕН ТАС ЖАРҒАН...
Шүкір дейін, тіл деген қолда мұрам,
Тілмен бірге ділді ата жолға бұрам!
Төле, Қазыбек, Әйтеке билерімнің,
Сыр түймесем, кім болам, толғамынан.

«Түгел сөздің түбі бір» деген бабам,
Түбіміз бір өтсе де нелер заман.
«Түп атасы Майқы би» - сөз мәйегін,
Іздегенде індетіп, сенен табам!

Бүгінгі ұрпақ, шыққан сол мекеңді ұғын,
Арқаңдағы мың жылға жетер жүгің.
Санаңнан бір шығарма қайда жүрсең,
Түгел сөздің түбі бір екендігін.

Соны білсең тілің де сорлы болмас,
(Ауыздағы азығың қолды болмас).
Заман желі жан-жақтан жұлмалаумен,
Жүдегендей азырақ болды рас.

Тілімнің де, жанымның жараларын,
Жеткенінше шамамның жамағамын.
Аруағыңмен қолдай гөр әр уақытта,
Тіліңменен тас жарған бабаларым!

Сен қолдасаң тағы да өрістеймін,
Сәл кешігіп жетсең де жеңіс мейлің...
Өмір өшер талқаның таусылғанда,
«Тіл өшеді» дегенге келіспеймін!!!

НАМЫС ОТЫ СӨНБЕСІН!
Таң секілді арайланып жаңа атқан,
Ғұмырды Алла уақытқа санатқан.
Адамдарды өлмесін деп ез болып,
Намыс деген түйір отты жаратқан!

Намысты елді тәңірі өзі қолдаса,
Ер атанған елін жаудан қорғаса.
Сатқын болар
бір шыбындай жаны үшін,
Жүрегінде намыс оты болмаса.

Жігіттерге намыс берген құдірет,
Мынау бес күн дүниеден күліп өт!
Қорқақ болып күнде өлгенше,
жалын боп,
Жанып кеткен оты барлар бір рет...

Өлеңі үлгі ғасырлардан ғасырға,
Әрбір сөзі баланар шын асылға!
Дантеспенен жекпе-жекте көз жұмды,
Ұлы Пушкин отыз жеті жасында.

Ғашық еді ол Наталья жарына,
Алыс кетсе сағынатын сарыла.
Дантеспенен әуейі еді деген сөз,
Күйе жақты ұлы ақынның арына.

Александр сын сағатпен беттесті,
Бұл өсектің дерті естен кетпес-ті.
Жүз ойланып, мың толғанып ақыры,
Намыс үшін өлу керек деп шешті.

Ал, француз, Ресейде күйленген,
Әскери жан, қару ұстап үйренген.
Ақын соны біле тұра бас тікті,
Жұрттың улы сөздерінен жиренген...


Өлді ақын қорғап асқақ намысын,
Қор болуға көнбеді қу жаны үшін,
Еске алады Әлем жұрты жыр сүйер,
Мақтанышпен, Поэзия арысын!

Ерді намыс өлтіреді... Езді емес,
Намыс үшін бас кетерлік қозды егес.
Аңыз болып,
дастан болып, жыр болып,
Сан ғасырлық сахараны кезді елес...

Өткен күннің өзегіне үңіл де.
Жаның үшін жау алдында бүгілме.
Отты жандар жүрегінде алаулап,
Намыс оты жетті сөнбей бүгінге!


Жолдасың мен досыңды
айыра алмай...

Тәңірі өзі дейміз де қолдаса екен,
Жолда оқыс бірдеңе болмаса екен.
Басын тігер қатерге қысылғанда,
Дос дегенім, әншейін жолдас екен.

Жолдасың көп деуші еді әкем марқұм,
Түсінбеппін сол сөздің жете парқын.
Жолы бірге болған соң жолдасың көп,
Арасынан дос іздеп өте ме әркім?

Бақ та таңдап адамын қонар деген,
Бақ қонған соң көңілің болар көбең.
Қызғаныштан жолдасың жау болғанда,
Түспесе де «салқ» етіп, босар шегең.

Бар болғанын жолдасың көре алмайды,
Кедей болсаң ет кесіп бере алмайды.
Жолы бірге болған соң, жолдас деген,
Жолдан өтіп кеткенше көп алдайды.

Алданған соң жүргенің айыға алмай,
(айықпаған адамның жайы қандай?)
Өтеміз-ау, өмірден көбіне-көп,
Жолдасыңнан досыңды айыра алмай...

Бақ та таңдап адамын қонады екен,
Бағың тайса жағың да солады екен.
Бұл өмірде әке мен ана жалғыз –
Дос та жалғыз дәл сондай, болады екен.


СУЫНБАЙТЫН ҚҰМАРЛЫҚ
Жанымның сәуле шашқан жарығысың,
Төрт бөлдім түн ұйқымды табу үшін.
Жанарымда тұрсаң да жарқыл қағып,
Сен менің басылмайтын сағынышым.

Сен менің көгілдірім айдындағы,
Саған ұштым қанатым жайдым-дағы.
Енді мені шығарма құшағыңнан –
Аққудың ажалы ғой – айрылмағы.

Сен менің ерте келген көктемімсің,
Сен болып нұрын төкті көктегі күн.
Тағдырдың ызғары мен аязында,
Өзіңді аңсауменен өткенім шын.

Сен менің жүрегімнің сыңарысың,
Көңлімнің суынбайтын құмарысың!
Әлдеқалай бірер күн көрмей кетсем,
Сағыныштан өртеніп тұрады ішім!

***
Бердің ғой, берші тағы тілегімді,
Үзбеймін бір өзіңнен күдерімді.
Өмірдің көбі кетіп, азы қалды,
Жаратқан жылатпашы жүрегімді.

Құмармын жабырқамай, шаттануға,
Барымды өлеңменен ақтаруға.
Өмірде тек сәттілік болмаған соң,
Айып па анда-санда батсам мұңға.

Құмармын мына жұртты күлдіруге,
Күлкінің тәтті екенін білдіруге.
Жәндікті де аяймын жыбырлаған,
Әуестігім болған жоқ бүлдіруге.

Табиғаттан тағылым сыр ұқса көп,
Құштарлыққа құнықсын құнықса деп,
Тілер едім құдайдан, адамзаты,
Қиянатшыл мінезін ұмытса деп.


ДАЛА МҰҢЫ
Мына өмірден бауырым, не тіледің?
Жүрек деген шырылдап жетімегің.
Астанаға жеткен соң, жолың болып,
Ауылыңды ұмытып кетіп едің.

Есіңе алмай көз тартар қамыс-талын,
Алқам-салқам көшеңнен намыстандың.
Он бес жылда ат ізін бір рет салмай,
Жатбауыр боп, аулыңнан алыстадың...

Сен шығатын баяғы төбеңе кеп,
(Жаратқан да назарын бөле ме деп).
Көлік көрсе шұбалған қара жолдан,
Елеңдейтін әпкең сен келе ме деп.

Жатыр дала, екеуміз құлын қуған,
Жаңбыр да сол, көңілдің мұңын жуған.
Өркениет лебімен өркен жайып,
Ауылың да көркейген бұрынғыдан.

Салмағына өмірдің сана көнген,
Көлік көрдік шаңдатқан ана белден...
Мәйітіңді әкепті-ау, өзіңді емес,
Сол баяғы шұбалған қара жолмен.

Боздап әпкең артыңда қала берді,
Қасіретті көз жасын дала көрді...
Зиратыңа дұға оқып қайту үшін,
Келіп-кетіп тұрса екен балаң енді.


Шындықты айту оңай емес,
бауырым!

Жүрегіміз шындықты аңсап ширықты,
Десек-дағы, шындықтан не сый күтті?
Болып жатқан дүиеде тоқтаусыз,
Естімей-ақ қойған жақсы-ау, сұмдықты.

Шындық дейміз...
білгің келсе шындығын –
қанжоса ғып қырып жатыр кімді-кім?
Аналар мен балалардың әнеки,
Жанарына жаспен бірге тұнды мұң.

Көбейуде бір-біріне өшпенді ел,
Көбейуде үмітін оқ кескендер.
Жарып жатыр киіп қарғыс қамытын,
Өзін-өзі, өмірден баз кешкендер.

Өз тағдырын өз ындыны жұтқандар,
Ақиқаттан бас сауғалап бұққандар.
Бірін-бірі өлтіруде кескілеп,
Түрмелерден кек арқалап шыққандар...

Шырылдаған шындығы осы қоғамның,
Білгің келді қайсысын сен солардың?
Қай-қайсысын қозғасаң да осының,
Қанды жас пен жүрегіңе толар мұң.

Адалдығың пұшайман боп қорлықтан,
Аласұрды ақиқат та зорлықтан.
Әділетті кінәлаймыз түсінбей –
Шындықты айту оңай емес сондықтан.

***
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»,
(Жүрегімді оқырман сенде түсін).
Армандаған, ұмтылсам биіктерге,
Қанатыңды қаттырақ серме құсым.

Құс боп ұшқан қанатты өлеңдерім,
Қызғанбасын құдірет сенен төрін.
Абайдан да пенделер кір іздеген,
Табары хақ іздесе, менен де мін.

Өрмелемес қорыққан шың басына,
Тұтанған от қояр ма жанбасыңа.
Алауымен жүректің алға ұмтылып,
Үмітпенен күтемін таңды асыға.

Өзімді-өзім қажаймын таң атқанша,
Жауап беріп, болса да талап қанша.
Қажыдым деп ешқашан айтпас едім,
Таң атқанша құстарым қанаттанса.

Көк төсінде содан соң шарықтаймын,
Биіктерді бетке ұстап қалықтаймын.
Жапалақ пен жарқанат түннің құсы,
Аяғымнан шалар деп қорықпаймын.

***
Өзегі – күн, өмірде талғамы мың,
Көрінбейтін майданның сардарымын.
Өлеңдерім – жанкешті сарбаздарым,
Туын көкке көтерген арманымның.

Әр сарбазым тамшысы қанымның бір,
(Соларға тән жайнауы жанымның гүл).
Әр өңірден қол бастап жиналғанда,
Поэзия аулында – қалың дүбір!

Сол майданда келеміз ұран салып,
Саңқылдайды көгімде қыран-шабыт!
Түлкі-сезім жылт етсе, құйыламын,
Арқастаудың шыңынан қыранша ағып!

ӨЛЕҢ ҮШІН...

Қандай атақтарыңыз бар?- деп
сұраған тілшіге жауап.

Қаламгерлер жазамын деп терлейді,
Биліктерден шапағат көп көрмейді.
Атақ үшін жазбаймыз...
Дегенменен,
Беріп жатса ішіміз жек көрмейді.

Ауылдағы ақынның саяғымын,
Көріп келем өмірдің бай ағынын.
Бір сөзі үшін ақынын қошеметтеп,
Ат мінгізген байлары баяғының.

Ат мінгізген, оқалы шапан жауып,
(Салт-дәстүрім болса екен Отанға құт!)
Көпшіліктің мерейі көл-көсір ғой,
Жалғыздарға жатады батаң дарып.

Сол батамен батыр да, ақын да өскен,
(Жұрт ақынын түсініп, мақұл дескен).
Ғасырлардан- ғасырға керуен боп,
Сәнімен де, әнімен салтым көшкен...

Лайық деп ұсынған жиыла жұрт,
Ағаларым атағын, сыйын алып.
Қазағымның беделін көтеруде,
Шоқтығы көк тіреген дүйім алып.

Ағаларға ұқсасақ ісімізбен,
Тарлан шығып солардай ішімізден.
Жазғанымыз жаһанға жария боп,
Танып жатса шіркін-ай, «күшімізден»...

Жүргенге мәз жандармыз бата ап тойда,
Сыртымыздан сөге бер атап қой да.
Өлең үшін жазамыз, өмір үшін,
Ауылдағы ақынға атақ қайда...


ЕЛ ІШІ
Былайғы елге көңіліміз көл-көсір,
Жабық ұстар аржағына пенде сыр.
Ішінде ит өліп жатса білдірмей,
Сақтап жүрер кептіргендей желге сүр.

Сен дегенде ақтарылып тұрғандай,
Шүбәң болмай, сенесің-ау имандай.
Ішіндегі «сүрін» асып бергенше,
Жүргенің сол біреу айтса иланбай.

Саясатшыл болып алған бұ халық,
Тастағанын сездірмейді-ау бұғалық.
Күтіп жүріп құстырады «сүр етін»,
Ауызың мен мұрыныңнан шығарып...

Осындаймыз о ағайын, ойласам,
Бәрін табам мінезіңе бойласам.
Көл-көсір сол көңіліңе не жетер,
Иттігіңді шәуілдетіп қоймасаң.

КӨКЕК – КӨҢІЛ
Ананы да іренжіткің келмейді,
Мынаған да ар-ұятың көнбейді.
Өсек-аяң жетіп жатар құлаққа,
Көзбен көрмей көңлің тағы сенбейді.

Солай іштей сарсаң болып жүргенің,
Мына жұртқа не дерімді білмедім.
Өзіме де ұмыт болған бұл күні,
Есепте екен ойнағаным-күлгенім.

Әрбір сөзің туғызғандай жеке дау,
Жіпке тізген жансыздан да бетер-ау.
Саяқ шығып кетсем бе екен тау кезіп,
Ел ішінде еркіндік жоқ екен-ау.

Жатқым келед жасырынып тасада,
Қалқан болып қала алар ма босаға.
Анаған да, мынаған да бас изеп,
Көкек-көңіл болып кеттік, не шара!

ЖАС ДӘУРЕН
Жас дәурен өмірдің көктемі,
Мезгіл ғой ол да бір өтпелі.
Жүресің жалындап, арындап,
Жұлдызға қол созып көктегі.

Жүресің желкілдеп, желігіп,
Оқуға, жазуға ерініп.
Үлгірем дейсің де қоясың,
Жастық шақ өтпестей көрініп.

Ғашық боп күйесің, жанасың,
Көрмесең есіңнен танасың.
Ләйлі мен Мәжнүн боласың –
Емдеумен жүректің жарасын.

Үлкендер айтатын жабылып,
Ақылға бағынбай «қағынып».
Бір бейне қиялмен жасап ап,
Жүргенің үнемі сағынып...

Өйтпесе жастық шақ болар ма,
Арнасы арманға толар ма!
Алаулап тұратын мәңгілік,
Ол үшін қызықтың бәрі алда!

Гүлге орап, нұрға орап төскейді,
Көктемсіз көк шыбық өспейді.
Жас дәурен жаққан сол отыңның,
Жалыны ешқашан өшпейді!

АНАНЫҢ АТЫ – АЛЛАНЫҢ
ХАТЫ

Ана туған алыпты,
Қайратты, әрі батыл да.
Қара күш те қауіпті,
Бағынбаса ақылға.

Ана туған жасықты,
Жауға қарсы бара алмас.
Басын алып қашыпты –
Жасық лаулап жана алмас.

Ана туған асылды,
Жұртты аузына қаратқан.
Өрге сүйреп тасыңды,
Жыртығыңды жаматқан.

Сол Анадан туыпты,
Қаныпезер, залым да.
Жолға қақпан құрыпты,
Үнсіз жүріп жаныңда.

Сол Анадан «іңгәлап»,
Бәріміз де туғамыз.
Көкте құдай тұр қарап,
Иманнан бет бұрмаңыз!

Өмір болса көрерміз,
Бәрі де Алла қолында.
Күшті сарқып берерміз,
Игіліктің жолында.

Берген адамзатына,
Тәңір сыйын ақтайық!
Анамыздың атына,
Қара күйе жақпайық!


Осы жұрт Ер Бағайды
білe ме екен?!

Алаңмын, атыңды ұрпақ біле ме деп,
Соғып ед Ер Бағайдың жүрегі ел деп!
Қорқамын бүгінгі ұрпақ бабасының,
Тарихын білмей өмір сүре ме деп.

Сен білмесең, мына мен кінәлімін.
Болса да білсем деген сұрағың мың,
Жауап беру міндетім деп ойлаймын,
Білгенімнің өзгертпей бір әрібін.

Болмасын деп қазағым, айтары ұмыт,
Саналыға сабырлы, артады үміт.
Ғасырлардан ғасырға ел тарихын,
Жеткізген ғой ауызша айта жүріп.

Жадын шыңдап осылай ұрпағының,
Санасына тапсырды ұлт тағдырын.
Жыраулардың аузымен таңнан-таңға,
Шертілетін шежіре-жыр тағылым.

Жырмен бірге жүрекке шер тарайды,
(Ертеңіне үмітпен ел қарайды).
Ерліктерін үлгі етіп көзі көрген,
Бұхар абыз жырлапты Ер Бағайды.

Айтыпты ол белінің бекемдігін,
Қара күштің иесі екендігін!
Ел тағдыры түскенде таразыға,
Заманыңның мойныңмен көтер жүгін!

Дейді абыз ағызып тілдің майын,
Бірді айтып, қозғайды мыңның жайын.
Қара сөзбен халықты қайрағанмен,
Ар жағында ақынға бәрі уайым...

Аңыз болып жайылып даңқы көпке,
Бағай батыр сыналған жекпе-жекте.
Мұқырыдай қалмақтың бас батырын,
Шақырар ма майданға тектен-текке!

Қорлаған ол қор етіп талай жанды,
Алсам-ау деп кегімді сан ойланды.
Қан майданда қолыма түсерсің деп,
Тісін қайрап, қаны да қарайған-ды.

Қанқұйлы жау талайды жылатыпты,
Жылатқанды жүрегі ұнатыпты.
Текеліде сол найсап Мұқырыны,
Басын шауып, атынан құлатыпты...

Жылдар өтті жылыстап содан бері,
Жазылар ма жүректен заман шері?
Жауға басын имеген жаны үшін,
Қазаққа да бұйырды ғалам төрі.

Бүгінгі ұрпақ Бағайды біле ме екен?
Деген сұрақ көкейде жүреді екен.
Қазағым деп жас жанын құрбан еткен,
Ер есімі болады неге бөтен?

Соны ойлап көңілің жасымай ма?
Қалды екен қайран ердің басы қайда?
Төрдегі төрелері бүгінгінің,
Назарын бұрса екен осы жайға.

Араға жүрші жырым жаршыдайын,
Ұрпақтың ар-намысын қамшылайын.
Атаусыз қалған осы ерлерімнің,
Қаны бар тамырымда тамшыдайын.

 

АНЫҒЫ СОЛ...
Кең дүние мен үшін тар секілді,
Арты мұнар, алды құз-жар секілді.
Менікі деп жүрген өз тағдырымның,
Менен басқа қожасы бар секілді.

Орындалмай қойды бір ойымдағым,
Отыр деймін басқарып мойында кім?!
Оңға жүру орнына солға кетем,
Осы болды ең басты бойымда мін.

Оң дегенін біреудің, теріс деймін,
Теріс іске ешқашан келіспеймін.
Қыңыр дейді біреулер, қырсық дейді,
Қыңырлықты білмеймін неге істеймін?

Өз ойым бар, бар аздап ақылым да,
(Одан өзге түк те жоқ ақыныңда).
Жалпақ шешей жалпыға болып жүрген,
Жат көрінер кейде ет жақыным да.

Анығы сол, әзірше тірі екенмін,
Тірі болсам өмірді жыр етермін!
Ие бола алмай өз тағдырына,
Жүргендердің жер басып, бірі екенмін.


ӨМІР САБАҒЫ
Бермей-ақ қой танылам деп барыңды,
Танымаса қарайтпа да қаныңды.
Терді аямай, еш алаңсыз еңбек ет,
Еңбек өзі танытады дарынды.

Деді бірде қарт ұстазым сабырлы:
Ұлы халық ұлы өнерге табынды.
Біреулердің өнері емес, атағы,
Абыржытып, сындырмасын сағыңды.

Еш бүкпесіз болсын елге көңілің,
Іздеме де жетістіктің жеңілін.
Есіңде ұста бір ішекпен күй тартқан,
Паганини Никколоның өмірін.

Ұлы күйші өнерге өзін арнапты,
Шебер екен салмақты, әрі жанжақты.
Үш ішегі үзілгенде аспаптың,
Еш бөгелмей бір ішекпен жалғапты.

Жалғыз ішек... сыңар аққу секілді,
Сарнапты кеп, боздапты кеп не түрлі.
Тыңдаған жұрт көзін сүртіп тұрыпты,
Елестетіп шырылдаған жетімді.

Жетім ішек шырылдап кеп боздапты,
Тыңдаушының ішкі дертін қозғапты.
Ішекті егеп қойған көре алмастар,
Қызғаныштан өліп кете жаздапты.

Зағипты да жылатыпты жанарсыз,
(Өмір ғой бұл, кімге кінә тағарсыз?)
Ұлы дарын тұрғандығын алдында,
Дұшпандары мойындапты амалсыз...

Қарт ұстазым кездесе қап бағыма,
Жарқын жүзбен шуақ төгіп жаныма,
Өзегімді өрнектейтін өмірлік,
Өнегелі сабақ берді тағы да.


ДАНАЛЫҚ ЖЫРЫ

«Балқан, Балқан, Балқан тау,
О да біздің барған тау...»
қазақ әпсанасы

«Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде...»
Деп бастайтын анашым ертегісін,
(Ертегі, балаға жыр шертемісің?)
Балқанның түбегінен басталатын,
Эллиндердің өмірі ертегі шын.

Эгей теңіз жататын шалқып, тасып,
Ойнайтындай аспанға көбік шашып.
Эллада елі ежелгі теңізшілер,
Болған жандар теңізге сеніп ғашық.

Шеттерінен ержүрек, алып екен,
Қиындыққа төзімді, бәрі бекем.
Дегендейін Посейдон қолдаса егер,
Аргонавпен теңізді жарып өтем!

Адамзаттың қолынан не келмейді,
Ерлігіне ешнәрсе тең келмейді!
Алтын бөрте түскенше қолдарына,
Кавказға да барудан бөгелмейді.

Темір етік қалғанша теңге болып,
Тарта берер теңізге, шөлге қонып.
Көкте Зевс қолдаса, жерде Антей,
Титандар да қалады пенде болып.

Гераклдың ерлігін кім білмейді!
Ерлік үшін жер басып жүрдім дейді...
Үш мың жылдық тарихтың бетін ашсаң,
Кифарасы Гомердің күмбірлейді.

Күмбірлейді «Илиада» жырын айтып,
Одиссейдің зарлата мұңын тартып.
Жүрегіме тамшылап құйылады,
О Даналық, ғажайып нұрың балқып!

Бастан кешкен Эллиндер көп қызықты,
Заман желі бүгінге жеткізіпті.
Әбунасыр бабамыз ұстаз тұтқан,
Аристотель өмірін өткізіпті.

Өркендеумен адамның ақыл нәрі,
Құдайдың да өзіне жақындады.
Жүрегіңді ерлікке шақырады,
Аңыз болған Эллада батырлары!

Ертегі боп шындықтың нұры тамған,
Сол ерлер де өтіпті-ау, дүние жалған!
Кеткенімен өздері Олимп жаққа,
Соңдарында «Даналық жыры» қалған!

О Р Ф Е Й
Тәңірінің туған шапағатынан,
Тірі өлген сен ең адамзатынан.
Кифараңнан мұңды әуен тарады,
Эвридикаға деген махаббатыңнан!

Сүйіктіңнің өлгеніне көне алмай,
Көнбек түгіл, көңіліңмен сене алмай.
Жер үсті мен жер асты да естіді,
Дегеніңді: неге оны алдың, мені алмай?!

Зарлы әуен кифараңнан төгіліп,
Зарладың сен, боздадың сен егіліп.
Қайран қалды Зевс құдай,
Өлімнен,
Махаббаттың ұлылығын сезініп.

Қайран қалды әуеніңе, жырыңа,
Қайран қалды махаббаттың «құлына».
Эвридиканы қайтаруға келісті,
Сен жырлаған зарлы әуеннің құнына...

О, Музыка, басын иген қара аспан,
Құдіретің құдаймен де таласқан!
Өлілердің патшасы Аидтың,
Өзі сенің Ұлылығыңмен санасқан!

О, Музыка, махаббатпен біргесің,
Бұзып шықтың өлілердің «түрмесін»!
Екеуіңнің достық жырың мәңгілік,
Тірілердің жүрегінде гүлдесін!

К Ү Й Қ Ұ Д І Р Е Т І
Күй төгілді шанақтан,
Сөйлеп кетті домбыра!
Беріпсің-ау Жаратқан,
Адамзатқа мол мұра!

Деп қария күрсінді,
Ойлап өткен өмірін.
«Па шіркін!» деп құлшынды,
Шабыт кернеп көңілін!
Билеп кетті саусақтар,
Лағындай еліктің.
Жұтқандай-ақ тамсап бал,
Мен де іштей желіктім.

Неткен ерке күй еді!
Еліктірді, елітті.
Бірде қыз боп сүйеді,
Баурап мүлде ерікті.

Сезгендей ақ білегін,
Мойныма кеп асылған,
Аунап түсті жүрегім,
Толқып кетіп тосыннан.

Енді бірде еркелеп,
Қытықтайды сезімді.
Ерте, әлі ерте деп,
Тауысқандай төзімді.

Күйден ескен тәтті леп,
Ләззәт нұры секілді,
Жүрегімді тапты дөп,
Сипап өтіп бетімді.

Құс боп ұштым қалықтап,
Төзім-салмақ қалмады.
Көңлім көкте шарықтап,
Аққу сезім баурады...

Дүр еткенде шапалақ,
Құс қанаты секілді.
Отыр екем шалқалап,
Қиялыммен не түрлі...


ҒАСЫР ЖАҢАЛЫҒЫ
Болашақта болатын бұл ғаламда,
Таң қаласың ғажабын тыңдағанда.
Кетеді екен тырнақтай «чипке» сиып,
Қағаз кітап, жүздеген, мыңдаған да.

«Тыңдағанда» деймін-ау, көріп жүрміз,
Компьютерге құдайдай сеніп жүрміз.
Электронды поштамен үйде отырып,
Алматыға хат-хабар беріп жүрміз.

Жеттік бұған ғылымның арқасында,
Жаңалыққа құмарлық тарқасын ба!
Сіріңкедей қораппен енді әркімнің,
Кітапхана жүреді қалтасында!

О адамзат, шынымен данасың-ау,
Туғызбайтын ақыл мен санасы дау!
Ажырамас серігім болып едің,
Қағаз кітап сен де енді қаласың-ау.

Жаңалыққа көрген соң сенесің де,
Сенесің де кетесің, енесің де...
Қағаз кітап, болашақ мұражайдың,
Тұрасың-ау, көрме боп сөресінде.

Жаңа ғасыр өзіңмен қауышамыз,
Өткен күннің болады әр ісі аңыз.
Сіріңкедей қораптың ішіндегі,
Кітапхана, өзіңмен табысамыз...

Жаңа туған, секілді жаңа жырым,
Жеңілдетсе сәл ғана заман жүгін.
Игілікке икемді болса егер,
Қарсы аламыз Ғасырдың жаңалығын!


ҚАЗЫНА АРАЛЫ
Сый тартқанда пендеге тосын ғалам,
Сақта дейсің құдірет басымды аман.
Терең бойлап ойланып қарасаңыз,
Адам да бір қазына ашылмаған.

Ақылы бар ойлайтын, санасы бар,
Наданы бар, көреген данасы бар.
Қырық құбылып тиетін қытығыңа,
Біреулер бар қылығы алашұбар.

Бұл өмірге адамзат жаралғалы,
Әлденеше, белгілі жаңарғаны.
Жаны түгіл, тәнінің құпиясын,
Ғылым әлі түгендеп бола алмады.

Түйсігі бар, және де талабы бар,
Мінезі бар қызыққыш, жаңа құмар.
Адам баспас жанының тереңінде,
Әркімнің өз қазына аралы бар.

Жүрегіңді еткенде сезім мекен,
Күзетеді есігін төзім бекем.
Қазыналы аралдың тереңдегі,
Құпиялы картасы көзіңде екен.

АТА – ҚЫРАН
(қарт ақын Шаймерден Жаманқараұлына)

Қыран мінезді қартың болсын,
Қартыңды бағалар салтың болсын.
автор

Шау тартыпсыз секілді ата қыран,
Сіз беретін қол жайып бата-мұрам!
Арқас таудың ақ шуда бұлтындай,
Айналайын ата ақ сақалыңнан!

Өнеге алам айтқан әр мақалыңнан,
Жүз жасаңыз айбынды ата қыран!
Желкілдеген етегі түңліктей,
Айналайын оқалы шапаныңнан!

Күндер болған ер азып, ат арыған,
Жүрегіне халықтың батары лаң.
Қайран елім, еңсеңді түсірме деп,
Шаңқылдаған қиядан ата қыран!

Басталатын әр сөзі «қарағымнан»,
Мейірім нұры төгілген жанарынан.
Ата-қыран болмаса өсер ме еді,
Мұзбалақ боп, тастүлек бала қыран!

Келеді қарттық аяңдап

Бір ақын едім далалық,
Бола алмай қалған қалалық.
Даланың қара жолынан,
Сені іздеп жүрмін балалық.

Әр нені аңсап, үміт қып,
Қиялмен қырда жүріптік.
Қызды ауылдардан біз көрген,
Сені іздеп жүрмін жігіттік.

Балалығымның ізі бар,
Қырқалар қайда қызығар?
Бүлдірген іздеп кетуші ек,
Томпиған дәмді үзіп әр.

Рауғаш қайда көктейді?
Саржүрек жақта көп дейді...
Деп жүрген кездер құлдырап,
Есімнен неге кетпейді?!

Баяғы кекіл, тұлым қап,
Ержеттік қыздан сыр ұрлап.
Кездесе кетсе оңаша,
Бала қораздай қырындап.

Па шіркін дәурен, жырлаттық!
Мұң- дарияға шым баттық.
Ұрладық қыздан көп қызық,
Өзіміз сондай ұрлаттық.

Қайран да, қайран өмір-ай!
Ұмытпас мәңгі көңіл-ай!
Сергелдең қылған сағыныш,
Сертке байланған сенім-ай!

Басымнан дәурен өттің бе?
Келмеске сен де кеттің бе?
Орнықты болар орта жас,
Ордама келіп жеттің бе?

Қарасам кейбір қатарым,
Шапанын киіп атаның.
Ақылын айтып жастарға,
Қамына кірген батаның.

Қарасам кейбір тұстасым,
Түгендеп өткен қыс-жазын,
Қалам ұстады қолына –
Айтылмас осы тұста сын...

Бет бұрып бірі «қауғаға»,
Береулер кіріп саудаға,
Өткенін айтып өршітіп,
Қалып жүр кейде дауға да...

«Қыс» жетті, қолдан іс кетті,
Ауыздан отыз тіс кетті.
Осындай кезде біреулер,
«Қысатын жерді қыс» депті...

Өкінішпенен өтер күн,
Бізге де осы жетер күн.
Біріне соның қырым жоқ,
Білмеймін өзім не етермін?!

Айта алмаймын өзге деп
«Өзге жер» деп айта алмаймын қазақтың,
Қай түкпірі болса да.
Берді еркіндік, тәуелсіздік азат күн,
Берді шаттық қаншама!

Байтағымның қай жеріне барсам да,
Бағың үшін жан құрбан!
Тұрады сол қарағайым, аршам да,
Шыға келіп алдымнан.

Дастарханы мен білер сол дастархан,
Қымызы мен шұбатының тат дәмін.
Табақ келер қазы, қарта, бас салған,
Бата берер қарттарым.

Бөтендік жоқ тілінде де, салтында,
Қай ауылға барсаң да.
Бөтендік жоқ бүкіл қазақ халқында,
Салатындай сарсаңға.

Айта алмаймын сондықтан да өзге деп,
Басы бүтін халықпыз!
Шешен әрі, шертіп сөйлер сөзге де,
Ақын елміз анық біз!

ЖЕТІ АТАМНЫҢ ЖЕРІНДЕ
Арқас алатауының қасқа маңдай төрі екен,
Тау етегі толайым өркеш-өркеш бел екен.
Өзенінен Шежіннің өте қалсаң шығысқа,
Ақтекше мен Көктекше
жеті атамның жері екен.

Көзіме ыстық осынау
көз тартатын көк пен жер,
Топырағы бабамның табанынан өпкен жер.
Бүлдіргені жүректей, рауғашы білектей,
Мені өзіне тартады
көлбеп жатқан көк белдер.

Бұлақтары мөлдіреп,
сылдыр-сылдыр аққан жер,
Жеті-сегіз жасында әкем қозы баққан жер.
Өзектегі тобылғы қамшысына сап болып,
Қымыздығын қышқылтым,
тамсанумен татқан жер.

Алтынқазған, Саржүрек
сыры ішінде жатқан жер,
Бабаларым көреген алтын іздеп тапқан жер.
Жеті атамның исі бар
шыршаң менен аршаңда,
Анамыздың мойнына гүлден алқа таққан жер.

Суретші әкем Әбілхан, қиялға еріп жасында,
Отырыпты сүйсініп Бәйгетөбе басында.
Жусан иісі аңқиды бетегелі беттерден,
Жер жаннаты екен-ау, атамекен расында!

Таудың таза ауасы нұрын құйып жаныма,
Дем жұтамын құмартып, көкірегім жарыла!
Елшібек- Бағай ер бабам, рас болса туғаным,
Ұрпақтарың қасқайып,
тартпай қоймас қанына!

Көк туымды сипаттап,
күнім тұрса көгімде,
Қыран ұшса қалықтап
көк пен жердің шегінде.
Шуда-шуда бұлтқа жырымды оқып алаңсыз,
Жүргеніме мың тәубе, жеті атамның жерінде!


ІНІ СӨЗІНЕ ЖАУАП
«Сіздің ұрпақ жалтақтау»- дейді інім,
Ә дегенде ашынып, келді жыным.
Ойлап көрсем ашуым басылған соң,
Айтыпты әлгі пәтшағар сөздің шынын.

Ойлап-ойлап ақыры мойындадым,
Сізге мәлім менің сол ойымдағым.
Өткіздім де колхозға бар малымды,
Жастайымнан жарып бір тойынбадым.

Сол тойынбау аштыққа ұласты да,
Қырылып қап шұрқырап жыласты да.
Ұрпағымды аман ап қалам ба деп,
Қашқын болып жат-жұртқа қыр асты да.

Соғыс келді аштықтың ізін басып,
Құрғамаған жасым да, жүзім жасық.
Өтті ата-анам майданға, майданға деп,
Аузындағы дәмі мен тұзын тасып.

«Халық жауы» атандым жеңістен соң,
Киді деген жаламен «немістен тон».
Керіш болды көңілім, беріш болды,
Тас боп қатты жүрегім беріштен соң.

Сол берішті жібіту оңай ма еді?
Бұлай деді қу заман, олай деді.
Барды құйдық «Отанның қамбасына» -
Құрдым болып сол қамба тонай берді.

Өкіметке қалтақтап, жалтақтадық,
Қу жанымыз қуырдақ, жантаппадық.
Тілімізде билік жоқ, салтымызда,
Жалтақтамай не қылсын сартап халық.

Одақпыз деп, теңбіз деп алдап келді,
Ант ішкізіп, сиезде мандат берді.
Миллиардты құйғызып қамбасына,
Қазекемді жалшы ғып жалдап келді.

Саясатпен алдымен еркімді алды,
Содан кейін басымнан бөркімді алды.
Ата-баба тарихын теріс оқып,
Коммунизм келер деп көзім талды.

«Мұның теріс» дегенді кешірмеді,
Міне саған «өкім» мен «шешім» деді.
Алқа тағып, арқадан қағып қойып,
«Бұратана» халық деп өсірмеді...

Қазіргі ұрпақ ақылмен байқап көрсін,
У құйылған кесені шайқап көрсін.
Тәуелсіздік күніне аман жеткен,
Тағы біздің ұрпақты жалтақ дейсің.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста